Орта білім жүйесіндегі өте өткір мәселенің бірі – мектептердің тарлығы және ескілігі. Еліміз бойынша 7550 мектеп болса, 31,6 пайызы – қалалық, 68,4 пайызы ауылдық жерлерде. Әлі де 270 мың оқушыға орын жетіспейді. Осыған орай Президент кемінде 800 мектеп салуға тапсырма беріп, өзекті проблеманы шешуге жеке секторды тартуды, сондай-ақ толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауды міндеттеді.
Соңғы жылдары республикада «Жайлы мектеп» жобасы кеңінен қанат жая бастады. Биыл жыл соңына дейін осындай заманауи үлгідегі 217 білім ошағы пайдалануға берілмек. 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек. Оқу- ағарту министрлігі тарапынан қолға алынған «Білім-ALL» өңірлік жобасына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары енгізілген. Бағдарлама талапқа сай жүзеге асырылса, ауыл мектептерінде оқу сапасы 12 пайызға артатын болады. Ұлттың зияткерлік қуаты – ұстаздардың жалақы мәселесі толық шешімін тауып, енді олардың біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге айрықша ден қойылған. Өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында құрылысы басталған екі мектептің бірі іске қосылды. 2027 жылға таман тағы екеуі бой көтермек. Бір өкініштісі, озық бағдарлама әзірше облыс орталығынан әріге аспай тұр.
Республикалық статистикаға жүгінсек, соңғы 10 жылдың ішінде қалалардағы мектеп саны 1891-ден 2427-ге көбейіп, керісінше ауылдарда 5830-дан 5260-қа кеміп кеткен. Оның басты себебі – әлеуметтік жағдайлардың күрделенуінен жастардың тұрақтамауы. Тұрғындардың қалаларға көшуі салдарынан ұлтымыздың ұйытқысы, мәйегі саналатын қазақ ауылдарының қатары сиреп барады. Бүгінде өңірде 458 мектеп жұмыс істесе, оның 352-сі – шағын жинақты, 109-ы қазақ тілінде, 105-і – аралас, 244-і – орыс тілінде. Әсіресе алыс мекендердегі білім ошақтары мәдениетіміз бен дәстүріміздің рухани қайнар көзі болып табылатындықтан, өте сергек қарауды талап етеді. Соңғы 3 жылда өңір бойынша кепілдендірілген мемлекеттік нормативке сәйкес келмейтін 20-ға жуық мектептің жабылуы, 170 ауылда білім ошағының жоқтығы, 127 ауылда тек бастауыш немесе негізгі мектептер жұмыс істейтіні, апта сайын 50 интернатқа тасымалданатыны, күн сайын мектептерге 2 мыңдай оқушының жеткізілетіні көп нәрсені аңғартады. Ал республикада әрбір жетінші оқушының шағын жинақталған мектепте оқитыны, мұнда әрбір төртінші мұғалімнің сабақ беретінін ескерсек, проблемалар андыздап қоя береді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын парақтап шыққанымызда оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 16 жалпы білім беретін мектеп салу көзделгенімен, ескілерін жаңалау, қалпына келтіру мәселесі ескерілмегендей, назардан тыс қалғандай әсер қалдырады. Аудандарға іссапар барысында кездестірген, шұғыл түрде түзетуді қажет ететін кейбір олқылықтарға тоқтала кетейік.
ЖЕТПІС ЖЫЛ ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН
Көлденең көз шаруасы шалқыған Есіл ауданына қарасты Мектеп ауылы тұрғындарының ұйымшылдығына, еңбекқорлығына қызыға қарайды. Сылдырай аққан Есіл өзенінің жағасы – малға да, жанға да құт. Тек қинайтыны – негізгі мектептің құрқылтайдың ұясындай тарлығы мен көлденең көзге қораш көрінетін тым ескілігі. Мектепте білім алатын қырыққа жуық оқушының 12-сі «Уақытша отбасы» қамқорлығына алынған. Бірқатар отбасы «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасы шеңберінде қоныстанып, бала санының көбейгені қуантады. Соңғы жылдары Қызылжар ауданына қарасты Подгорное негізгі мектебінде оқушы санының арта түскені байқалады. Бос үйлер жоқтың қасы. 2021 жылға дейін таза орысша білім ошағы саналып келсе, бүгінде Монғолиядан, Қытайдан қандастарымыз табан тіреген. Сөйтіп аралас мектеп мәртебесіне ие болған. «Әттеген-айы» сол, материалдық-техникалық базаның талапқа сай еместігі. Әлі күнге дейін акт залы, шеберхана жоқ. Мұғалімдердің өздері аядай бөлмеде қысылып-қымтырылып отыр.
Жамбыл ауданы Жамбыл мектебінде болғанымызда 70 жыл күрделі жөндеу көрмеген білім ошағын көріп, көңіліміз құлазыды. Мұнда қуана келген дипломды мамандардың тұрақтауы екіталай, өрекпіген қуанышы су сепкендей басылып қала ма деп қалдық. Асхананы қалпына келтіру сияқты жұмыстар мұғалімдердің күшімен атқарылған. Ауданда кей мектептердің жөндеуіне жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе, бұларға келгенде оқу бөлімінің сараңдық танытуы ақылға сыймайды. Білім беруді ұйымдастыру ісіндегі орашолақтықтың кесірінен Ұзынкөл, Сәбит, Есперлі, Миролюбово елді мекендерінде бастауыш мектептер жабылған. Нақты шаралар қарастырылмаса, Айымжан (27 оқушы), Святодуховка (38), Бауман (28) мектептері осылардың жолын құшуы әбден ықтимал.
БАРДЫ ҚҰНТТАЙ АЛМАДЫ
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопованың 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Уақытша отбасы» бағдарламасы өз жұмысын тоқтатуы мүмкін деген мәлімдемесі талайлардың төбесінен жай түсіргендей әсер етті. Жоғарыда айтқанымыздай, өңірдегі ауылдардың кейбірінде білім ордасы жоқ. Мұндайда балалардың көрші ауылдарға қатынап болмаса интернатта жатып оқуына тура келеді. Қанатқақты жоба аясында баланы интернатта күтіп-бағуға бөлінген қаражат уақытша отбасыға беріліп, осы санаттағы балаларды мектебі бар елді мекендегі отбасылардың бірі қамқорлығына алады. Былтыр ата-ана –уақытша отбасы – мектеп арасындағы үшжақты шарт негізінде 119 үйде 132 бала тәрбиеленді. Оларға учаскелік инспекторлар, әлеуметтік педагогтар, психологтар тарапынан жүйелі тексеру жүргізіліп тұрды. Мониторинг барысында балалардың күтімі жақсы болғаны, сабақтан сирек қалатыны зерделенген. Олай болса, шенеуніктің соңғы уақытта ата-аналар «Уақытша отбасыға» қолдау көрсетуге құлықсыз деп жеті әлемге жар салуы түсініксіз.
Жамбыл ауданы Благовещенка ауылдық округіне қарасты Майбалық елді мекенінде былтыр 9 жылдық мектептің жабылып қалуы тұрғындардың арқасына аяздай батты. Енді балаларын 12 шақырым жердегі Благовешенкада оқытуға мәжбүр. Аудандық оқу бөлімі мен ауылдық әкімдік негізгі білім ошағын таратпауға тікелей ықпал жасаудың орнына «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» керін келтірген. «Уақытша отбасының» артықшылықтары мен жеңілдіктерін түсіндіре отырып, тығырықтан шығудың амалдары қарастырылмаған. Бар ауыртпалықты мектеп пен ұстаздар қауымына итере салған. Олай дейтініміз, осыдан 9 жыл бұрын Әлия Салықова, Айман Шамалова, Мұрат Шалабаев, Дунай Есенғалиева, тағы басқа қамқор жандар бір- бір баланы бауырына басып, мектепті сақтап қалған еді. Оның басқа да мысалдары бар. Мәселен, Мамлют ауданындағы 42 түтіні бар Искра ауылының тұрғындары отбасылық құндылықтарды сөзбен емес, іспен дәлелдеген. Игі бастаманы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алеся Бондаревич бастап, Татьяна Лукьянченко, Светлана Морозова, Ирина Шурупова, Надежда Быкова тағы басқа ұстаздар іліп әкеткен. Осылайша патронаттық тәрбиеге алынған балалардың есебінен мектеп оқушылары толыққан.
ҚОЛДАУДАН ҚАҒЫЛҒАН БІЛІМ ҰЯСЫ
Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласынан небәрі 15-20 шақырым жерде орналасқан, Аютас ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылындағы 1974 жылы барак үлгісінде салынып, кейін білім ошағына айналдырылған мектепте бір кездері 160-тай бала оқыды дегенге сену қиын. Сырттай қарасаң, қырық құранды ғимаратты көзге елестетеді. Іргетасы шөге бастаған. Спорт зал деген аты ғана. Дене шынықтыру сабағы көбіне далада өткізіледі. Еңбек кабинеті басқа оқу пәндерімен біріктірілген. Ең сорақысы, мұражай жәдігерлері дәлізде иін тіресіп тұр. Мектепке алғаш келген адам тұтас қабырғаға жайғасқан аяқ-киімге қарап сауда-саттық дүңгіршегі деп ойлап қалуы ғажап емес. Өзгеге қайдам, бізге солай елестеді. Қараталдықтардың жаңа мектеп салу жайын көтеріп, табандарынан тозғандарына ондаған жыл өтсе де, іс алға жылжыр емес. «Осылардан құтылайықшы» дегендері ме, талай жыл иесіз тұрып, қаңқасы ғана қалған клуб ғимаратын мектептің «меншігіне» бере салған. Оның бір жағы – спорт залы, екінші бөлігі – шағын орталық. Тиісті құжаттар әлі күнге дейін рәсімделмеген. Психологтың кабинеті айналуға да келмейді.
«Кабинеттер мүлдем жетіспегендіктен, оқушылар екі ауысымда оқуға мәжбүр. Оның өзінде талапқа сай жабдықталмаған. Биология, физика, химия кабинеттері, акт залы, шеберхана түстеріне ғана кіреді. Мұғалімдер бөлмесіне әрі кетсе 5-6 адам ғана сияды. Амалсыздан асханаға барып тынығады, сонда бойларын сәл-пәл сергітіп алады.
«Алыс ауылдардың да осындай қамқорлықтан қағыс қалмауын қалаймыз. Қашанғы шетқақпай қала береді?», – деп қараталдықтардың жанайғайын жеткізген ақсақал Орынбай Сексенов 20 баспананың бос тұрғанын, жастардың тұрақтамай көшіп жатқанын қынжыла жеткізді.
Бір кездері 3 мың бас ірі қара өсіріліп, сүт фермасы болған, екі жүзге жуық адамды қысы-жазы тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен ауылдың қазіргі ахуалы көңіл жабырқатады. 2024 жылы мектептің ағымдық жөндеуіне бар-жоғы 141379 теңге ғана жұмсалғанын естігенде сенер-сенбесімізді білмедік.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».