Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітті. Аталған талаптардың 2.13-тармағында мектеп формасына қандай да бір дінге қатыстылықты айқындайтын киім элементтерін қосуға жол берілмейтіндігі белгіленген. Осыдан кейін қоғам арасында түрлі пікірлер айтыла бастады. Бірі зайырлы мемлекеттің заң талаптарына бағынуды дұрыс деп шешсе, келесі бір топ өз пікірлерін алға тартып, келіспейтіндіктерін білдіруде. Қоғамның қызу талқысына түскен осы мәселенің аражігін ажыратып, оңтайлы шешімін табу мақсатында өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.
Орта білім беру ұйымдары үшін мектеп формасына қойылатын міндетті талаптарда түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтындығы туралы орынды талап көрініс тапқан. Өкінішке қарай, жекелеген азаматтарымыз осы бұйрық діндарлардың құқығын шектеп жатыр деп қоғам арасында түсініспеушіліктің туындауына себеп болуда. Менің ойымша, бұлай даурығудың жөні жоқ. Бұйрықта мектеп формасының түсін, пішінін таңдау орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес және ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі деп көрсетілген. Бұл оқушылардың, оның ішінде қыз балалардың біркелкі киінуіне мүмкіндік береді.
Талаптар қыз баланың діни сипаттағы орамал тағуына мектептің ішінде ғана рұқсат бермейді. Ал орта білім беру мекемелерінен тыс жерлерде оқушылардың киім кию үлгісіне ешкім шектеу қоймайды. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты талаптарына түсіністікпен қарауымыз керек. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдары азаматтарға барынша кең құқықтар берумен қатар олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап беретінін ескеруіміз керек.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ата-аналар тарапынан мектеп формасына қатысты туындаған сауалдарға байланысты өз ұстанымын анық білдірді. Діни басқарма көпшілікті мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарға түсіністікпен қарауға және бұл мәселені ушықтырмауға шақырды. Өйткені, бұл талап тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған шешім екенін жария етті.
Мен еліміздің барлық діндарларын халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды” деген аталы сөзін басшылыққа алып, мемлекет заңдарына құрметпен қарап, балаларының жақсы білім алуын қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуге шақырамын.
Балғабек МЫРЗАЕВ,
теология ғылымдарының докторы.