«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАҚЫЛАУДА

Облыстық мәслихаттағы “Нұр Отан” партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтіп, Елбасымыздың “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында көлік логистикасын дамыту және “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру жайы талқыланды. Бүгінде өңірімізде аталған бағдарлама аясында автомобиль жолдарын қайта жаңарту бойынша 5 жоба жүзеге асырылуда.

Оған республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 19 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаржы толық игеріліпті.

– Үстіміздегі жылы ұзындығы 132 километр болатын “Астана – Петропавл” автожолын қайта жаңартуды толығымен аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, “Жезқазған – Петропавл” автожолын және 11 шақырымдық Петропавл қаласының шетіндегі айналма жолды қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Осы орайда, комиссия мүшелері бөлінген қаражаттың игерілуіне тұрақты мониторинг жүргізіп, түйінді мәселелерді шешу жолдарын қарастыруда, – деді “Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту” комиссиясының мүшесі Елена Семенова.

Жиында көтерілген келесі мәселе халықты жұмыспен қамтуға байланысты болды. Бұл бағытта қолға алынған шаралар жайлы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сергей Яковенко хабарлады.

– Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын іске асыруға 6,4 миллиард теңге бөлінді. 4201 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. 115 мүгедек жұмысқа қол жеткізді. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 67 инфрақұрылымдық жобаларды жөндеу қарастырылған. Оларды іске асыру барысында жұмыспен қамту орталықтары арқылы 564 адам жұмысқа орналастырылды. Осы жылы облысымыздың 5 ауданында 135 пәтерлі 6 жастар жатақханасы салынуда. Аққайың ауданында 5 жеке тұрғын үй құрылысы басталды, – деді ол.

Тағы бір айта кетерлік жайт, үстіміздегі жылдың басынан осы күнге дейін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы 743 миллион теңгеге 309 несие берілген. Осы орайда, 175 кәсіпкер жеке ісін ашса, 134 адам кәсібін кеңейткен. Соның арқасында қосымша 401 жұмыс орны ашылды.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp