«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА ЖУЖАННА ЯКАБПЕН ЖӘНЕ…

Мемлекеттік хатшы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Якаб ханымды Алматыда ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі офисінің ашылуымен құттықтады. Гүлшара Әбдіқалықова Алматыда бұл елеулі оқиға екенін, өйткені алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі ДДҰ/ ЮНИСЕФ декларациясы тұңғыш рет 1978 жылы Қазақстанда қабылданғанын атап өтті. ДДҰ-ның Алматыдағы офисі осы ұйымға мүше 53 мемлекеттің іс-қимылын үйлестіруді жүзеге асыратын БҰҰ-ның Еуропа өңірі мен Орталық Азия аумағындағы алғашқы ірі офисі болып отыр.

Гүлшара Әбдіқалықова ДДҰ-ның Еуропалық бюросына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда консультативтік және техникалық белсенді көмегі үшін ризашылығын білдірді. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының денсаулыққа, оның ішінде бала өлімін азайту, ана денсаулығын жақсарту, АИТВ/ЖИТС-пен, туберкулезбен күреске байланысты Мыңжылдық даму декларациясының мақсаттары мен міндеттерін орындауға зор мән беретінін айтты.  

Кездесу қорытындысында Қазақстанның ДДҰ Еуропалық өңірлік офисімен арадағы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, мыңжылдық даму мақсаттарын іске асыру, сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту мәселелері бойынша алдағы ынтымақтастығының негізгі басымдықтары айқындалды.

… СТЕФАНО РАВАНЬЯНМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекеттік хатшы Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньянды лауазымды қызметіне кірісуімен құттықтап, еліміздегі дипломатиялық жұмысына табыс тіледі. Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2009 жылғы Италияға жасаған ресми сапары барысында Стратегиялық серіктестік туралы мемлекетаралық келісімге қол қойылғаннан кейін стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген Қазақстан-Италия қарым-қатынасының даму серпініне оң баға берді.

Кездесу барысында екіжақты әріптестіктің жай-күйі мен бұдан арғы ынтымақтастықтың келешегі, оның ішінде италиялық компаниялардың индустрияландырудың екінші бесжылдығына, “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жаңа Экономикалық Саясат аясындағы инфрақұрылымдық даму жоспарының жобаларына қатысуының жайы талқыланды.

Италия Қазақстанның әлемдегі үшінші сауда әріптесі болып саналады, сонымен қатар ел экономикасындағы ең ірі инвесторлар қатарына кіреді. Қазақстан экономикасына салынған италиялық инвестициялардың жалпы көлемі 6,5 миллиард долларды құрайды.

“Akorda”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp