Өңірімізде мемлекеттік қызметте 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың қаншасы жаңа талапқа сай? Осы орайда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаменті брифинг өткізді.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер мансап баспалдағын төменнен бастап, осы жолда біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеуі тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары “100 нақты қадамда” осыған баса назар аударғаны белгілі. Белгіленген нақты қадамдарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң әзірлену үстінде. Ал оған дейін еліміздің мемлекеттік аппаратына жаңғыртылған жүйеде тиімді жұмыс істей алатын кадр жасақтау жауапты міндетке айналған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің бөлім басшысы Елена Степаненконың айтуынша, көлденең көк аттының келуін болдырмау үшін үш кезеңнен тұратын іріктеу ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, бос қызмет орны бар мемлекеттік орган алдымен өз қызметкерлері арасында конкурс жариялауы тиіс. Егер лайықты үміткер болмаса, онда конкурс өзге мемлекеттік органдардағы қызметкерлер арасында өтеді.
– Бүгінгі таңда мемлекеттік органдарда бір деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер жұмыс көлемінің әртүрлі болғанына қарамастан, бірдей еңбекақы алатыны жасырын емес. Әрі сыйақы да, қосымша ақы да ісіне қарап берілмейді немесе мүлдем төленбейді. Енді мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу факторлы-балдық шкала тәсілімен тағайындалатын болады. Аталған шкалада лауазым иерархиясын ғана емес, нақты бір қызметшіге жүктеліп отырған міндеттердің маңыздылығы, жұмыстың жауапкершілігі мен нақты көлемі ескерілетін болады, – дейді Елена Степаненко.
Еңбекақысы еңбегіне қарай еселенетін мемлекеттік қызметшілер үнемі біліктілігін арттырып, кәсіби әлеуетін дәлелдеп тұруы тиіс. Егер алғашқы жылы мемлекеттік қызметшінің атқарған жұмысында мін болса, онда ол лауазымынан төмендеуі мүмкін. Ал екі жыл қатарынан атқарған жұмысының сапасы төмен деп танылса, онда жұмыстан шығару мәселесі көтеріледі.
Ал осындай темірдей тәртіп пен қатаң талаптың көбесін сөгетін жемқорлықты болдырмау үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі мамандандырылған департамент құрылмақ. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшінің жаңа этикасы да әзірленетін болады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.