«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Мемлекеттік қызметшілер билік пен қарапайым халықтың арасын жалғайтын алтын көпір іспетті. Елімізде екінші рет тойланып отырған аталмыш мерекеге орай облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен салтанатты шараға өңір басшысы Ерік Сұлтанов қатысты.

– Мемлекеттік қызметшінің жұмысы білім мен біліктілікті, кәсіби шеберлікті, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, бұл саланы таңдаған адамның басты мақсаты – халыққа адал қызмет етіп, елдің сенімін ақтау, ұлттың абыройын асқақтату. Бүгінде облысымыздағы 535 мемлекеттік мекемеде бес мыңнан астам қызметші қызмет атқаруда. Отанымыздың игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет, олардың еңбегін лайықты бағалау еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бастап ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Ұлт жоспары – 100 нақты қадам” Стратегиясы мемлекеттік қызметшілерге қатаң талап қоя отырып, олардың қызмет баспалдағымен өсуіне, жан-жақты дамуына қолдау көрсетеді, – деді өңір басшысы.

Содан соң Ерік Хамзаұлы аталмыш салада жемісті еңбек етіп, өңірімізде мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға зор үлес қосып жүрген мамандарға Құрмет грамотасын және Алғыс хаттар табыс етті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарын мінсіз атқарып жүрген сала өкілдерін Алғыс хатпен марапаттады. Сол сияқты маусым айының он алтыншы жұлдызында өткізілген “Үздік жас мемлекеттік қызметші” облыстық байқауының барлық кезеңінен сүрінбей, жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлерге Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Осы салтанат үстінде Қабдөшевтер отбасына ерекше құрмет көрсетілді. Оның себебі де бар. Өйткені, олардың әулеті мемлекетіміздің өркендеуі мен гүлденуі жолында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде 133 жыл бойы аянбай тер төгіп, қызмет етіп келеді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp