Бүгінгі таңда өңірімізде мемлекеттік қызметте он жылдан астам жұмыс істейтіндердің үлесі жеті пайыз ғана. Бұған осы күнге дейін мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының төмендігі себеп болған көрінеді.
Кеше Қазақстан Республикасы жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының жүзеге асырылуы әңгіме арқауына айналды. Онда осы маңызды құжаттың бірінші бағыты – мемлекеттік аппаратты кешенді түрде жаңғырту жайы баяндалды. Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахметтің айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде 4547 мемлекеттік қызметші болса, оның 2792-сі жергілікті мемлекеттік органдарда еңбек етуде. Мемлекеттік қызметшілердің орташа еңбек өтілі 9 жыл, орта жасы 39-да екен. Ерлерге қарағанда, әйелдердің үлесі басым түсіп, 60 пайызды құраған.
Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Светлана Зайцеваның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметке орналасудың бірінші кезеңі – заңнамаларды білу жөніндегі тестілеуден сүрінбей өткендердің үлесі артқан. Егер өткен жылы олардың үлесі 36 пайыз ғана болса, үстіміздегі жылы 60 пайызға жеткен көрінеді. Көрсеткіштің бұлай жоғарылауына тестілеуден өткізу бағдарламасы сол қалпында қалғанымен, шектік мәнінің өзгеруі себеп болған сыңайлы. Ал Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Нұрлан Жахиннің айтуынша, қолданыстағы “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңға “сыбайлас жемқорлық тәуекелдері” термині енгізілген. Осыған орай Елбасының Жарлығымен сыртқы талдауларды жүргізу ережесі бекітіліпті. Есеп беру кезеңінде жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы мемлекеттік органдарда үш сыртқы талдау жүргізілген. Сондай-ақ, аталмыш басқарма бағаны қымбаттату фактісінің алдын алу үшін мемлекеттік сатып алулар сайтына мониторинг жүргізеді екен. Бүгінгі таңда медициналық препараттарды сатып алу жөніндегі лотты тоқтатыпты.
Баспасөз мәслихаты барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алып, бірқатар мәселелерге қатысты пікірлерін білдірді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.