Биылғы жылдың бастап елімізде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия жүзеге асырыла бастады. Бағдарламалық құжаттың мақсаты, міндеті және оны іске асыру кезінде атқарылатын шаралар жайында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қайыпұлы Қабдоламен сұхбаттасу барысында қанық болдық.
– Шыңғыс Қайыпұлы, жаңадан құрылған ведомствоның жұмыс ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз.
– Департамент жұмысының басты ерекшелігі – мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттеу және құқық қорғау қызметінің біріктірілуінде. Ведомство мемлекеттік қызметті атқару, мемлекет аппаратының тазалығын бақылау және ұйымдастыру ісін үйлестірумен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту, сондай-ақ, жемқорлық құқық бұзушылығына жол берген адамдарды қылмыстық қудалау қызметін де атқарады.
– Елімізде осызаманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бар, арнайы өкілетті орган да құрылды. Алдағы 10 жылға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны қабылдаудың маңыздылығы неде?
– “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” деп аталатын бағдарламалық құжат ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін бұл дертпен күресте қоғам мен мемлекетті тізе қосып әрекет етуге жұмылдырады. Экономикасы және халықтың әл-ауқатының деңгейі жоғары ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу бойынша стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатында маңызды өзгерістер қажет. Сонымен бірге, жемқорлық деңгейін кемітіп, мемлекет пен қоғам өмірінің әр саласында сыбайластықты тудыратын жағдайлар мен себептерді жоя алатын алдын алу сипатындағы шаралар жетекші рөлге ие болмақ. Яғни, басты назар сыбайлас жемқорлықпен және оның зардаптарымен күрес емес, қоғам дертіне негіз болған жағдайларды жоюға бағытталуы керек.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асырудағы негізгі бағыттарға тоқтала кетсеңіз?
– Бұл әлеуметтік кеселмен күрес шараларын, негізгі принциптерін, мақсаттарын, міндеттерін халықаралық деңгейде анықтаған “БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы” 2008 жылы бекітілген болатын.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарды жүзеге асыру мен сыбайлас жемқорлықпен күресте тәжірибе алмасу мақсатында ТМД және Еуропа елдерінің құзыретті органдарымен тығыз қарым-қатынас орнатты.
Біздің мемлекетіміз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволар қауымдастығының (IAACA, Пекин қаласы), Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Стамбулдық іс-қимыл жоспарының (ОЭСР, Париж қаласы) және ТМД-ның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің мүшесі.
Сонымен қатар, 2014 жылдың 3 ақпанынан бастап Қазақстан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның толыққанды мүшесі болды. 2010 жылы БҰҰ-ның қолдауымен ашылған бұл академия сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың озат тәжірибесімен алмасу орталығының міндетін атқарады.
Алайда, бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған бағдарламалық құжаттардың нәтижесі жең ұшынан жалғасып жатқан жемқорлықтың дамуына кедергі болатындай жүйелі жұмысты жүргізудің қажеттігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия негізгі 6 бағыт, яғни мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, соттар мен құқық қорғау органдарында жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қоғамдық бақылау институтын енгізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағыттары бойынша жүзеге асырылмақ.
– Стратегияда мемлекеттік қызметтегі жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қандай шаралары қарастырылған?
– Ең маңызды шара мемлекеттік қызметшілер өздерінің табыстарын ғана емес, сонымен қатар шығындарын да мағлұмдау, мемлекеттік басқару жүйесіне білікті, әділ мамандарды тарту және мемлекеттің қаржылық жағдайына қарай сала басшыларының еңбекақысын және әлеуметтік жеңілдіктерін кезең-кезеңімен көтеру болмақ.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы “Бір терезе” принципі бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері кеңейтіле түседі. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын сырттай бақылау және тиімділігін бағалау жүйесі қалыптасты. Сараптама нәтижесі көңілге қонымды: өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызмет көрсетуде белгіленген мерзімді бұзу саны төмендеп, қызмет сапасына қатысты шағымдар азайды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін және автоматтандырылған қызметтер үлесі 2 есе артты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.
Білім, денсаулық сақтау сияқты негізгі әлеуметтік салаларда электрондық қызмет көрсету саны артып, бұл өз кезегінде жемқорлықтың төмендеуіне әкелмек.
Мемлекеттік аппарат қызметінде сыбайлас жемқорлық көріністері жиі жол берілетін мемлекеттік сатып алу жүйесі бүгінгі таңда жаңғыртуды қажет етуде. Әрбір төртінші жемқорлық қылмысы мемлекеттік сатып алу саласында орын алатыны жасырын емес. Биылғы жылдың 28 қаңтарында мүдделі ұйымдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өтіп, мемлекеттік салып алу саласында туындайтын түйткілді мәселелерді анықтау және шешу мақсатында диалог алаңы құрылды.
Бүгінгі таңда Инвестиция және даму министрлігінің аумақтық құрылымдарының жұмысындағы жемқорлық қатерін талдауға және анықтауға бағытталған жұмыс жүргізілуде. Жұмыс тобы мемлекеттік қызмет көрсетуде, бақылау-рұқсат беру қызметін жүзеге асыруда 21 проблемалық мәселені анықтады.
– Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек, жалған мемлекеттік және жеке сектордағы сыбайлас жемқорлықтың қаупін оның мемлекеттік сектордағы ауқымымен салыстыруға болады. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылуда және жалған мемлекеттік сектор деген түсінік нені білдіреді?
– Жалған мемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, сонымен қатар мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ, еншілес, тәуелді және басқа да заңды тұлғалар жатады. Бұл секторда шешім қабылдауда есеп беру, бақылауға алу, ашықтықты қамтамасыз ету рәсімдерінің ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері қажет.
Іскерлік этикасы мен бизнесті адал ниетпен жүргізудің осызаманғы принциптерін ұстанғанда ғана Қазақстан озық отыздықтың қатарынан көріне алады. Бұл бағыттағы алғашқы қадам ретінде бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясы жасалды. Онда Қазақстанның жеке кәсіпкерлік саласын жемқорлықтан қорғаудың постулаты және негізгі принциптері көрсетілді.
Ендігі кезекте қаржы-шаруашылық қызметінің әр саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқа да бірқатар шаралар қолдану қажет. Сонымен қатар жалған мемлекеттік субъектілер мен жеке сектордың азаматтарға қызмет көрсетуінде ашықтықты қамтамасыз етуге жағдай жасалатын болады. Оның ішінде банк саласында электронды технологияларды пайдалануды арттыру, табиғи монополиялар саласында тарифтерді анықтау үшін нақты критерийлерді белгілеу, құрылыс және экономиканың басқа да салаларында мемлекеттің қатысуын қысқарту мәселелері бойынша шаралар қолға алынбақ.
Мұндай мәселелерді шешуде кәсіпкерлердің ұлттық палатасы маңызды рөлге ие. Ұйым отандық бизнестің мүддесін қорғап қана қоймай, оның ашықтығы үшін де жауапкершілікті сезініп, корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қолданулары қажет. Алайда, жеке сектордағы жемқорлық көріністерімен күрес инвестициялық ахуалды төмендетпеу және кәсіпкерлерге қатер төндірмеуге тиіс.
– Қазақстан ТМД-да бірінші болып “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңды қабылдады. 2001 жылдан бастап қоғам дертімен күрестің мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл мәселеде нақты ілгерілеушілік бар ма?
– Әрине, құқықтық өріс елеулі өзгеріске ұшырады. Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапкершілікті арттырудың басты бағдары айқындалды. Елімізде жаза бұлтартпастығының ұстанымы бар. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктер атқарған лауазымдары мен дәрежелеріне қарамастан, заң талаптары бойынша жауапкершілікке тартылып келеді.
Қылмыстық-құқықтық саясат қылмыс жасаған адамдарды қатаң жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етіп отыр. Жаңа Қылмыстық кодекске сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмысына барғандарға қылмыс фактісінің ескіру мерзімі, шартты түрде соттау жазасы қолданылмайды, мемлекеттік қызметте лауазымдық қызмет атқару құқығына өмірлік тыйым салынады.
Жемқорлыққа қарсы заңнама заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеу, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін басшылықтың жеке жауапкершілігі сияқты нормалармен толықтырылды. Қылмыстық жаза ретінде халықаралық стандарттарға сәйкес алынған пара көлемінде немесе сол соманың бірнеше есе артқан мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Сот тағайындаған айыппұлды төлемеу “бас бастандығынан айыру” жазасымен алмастыруға әкеліп соқтырады.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында жемқорлыққа қатысты ақпарат жиі беріліп жатады. Сіздің ойыңызша, біздің қоғамда жемқорлық індеті қанатын қаншалықты кеңге жайып отыр?
– Қызметтік міндетіме байланысты жемқорлықтың қоғамды дендеу деңгейін жеткілікті білемін. Сөздің шынын айту керек, жемқорлықпен күрес нәтижесі біздің тұрғындарды қанағаттандырмайды. Ал кейбір азаматтарымыз пара бермесең, мәселені шеше алмайсың деген ойдан арыла алмай жүр. Бүгінде параны әкімдіктердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана емес, мектеп, балабақша директорына дейін алатын болды. Алаңсыз білім алудың орнына ақша таппай, тығырыққа тірелген оқушыларының қандай психологиялық күйзеліске ұшырайтынын елестетудің өзі қиын. Педагогтер тендер өткізу, құрылыс, мекемені жөндеу, оқушыларды тамақтандыру сияқты мәселелерді шешумен емес, білім және тәрбие берумен айналысулары керек.
Мәселе параны алушыларға ғана емес, оны беруге қаймықпайтындарға да қатысты. Мәселен, қызмет көрсетудің белгіленген 3 күндік мерзімін қысқарту мақсатында жеке мәселесін бір күнде шешіп алмақ үшін пара ұсыну фактілері де жиі кездеседі. Бұл мәселелердің барлығы қоғам санасын түбегейлі өзгерісті қажет ететінін көрсетіп отыр.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда жемқорлыққа қарсы мәдениетті және қоғамдық бақылау институтын қалыптастыру мәселесіне зор көңіл бөлінуде. Қоғамымыз бұл іске атсалысуға қаншалықты дайын?
– Біздің өңірде үкіметтік емес ұйымдар, белсенді азаматтық ұстанымдары бар азаматтар баршылық. Жақында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің құрамына “Нұр Отан” партиясы өкілдерінің, кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық ұйымдардың кіруі – өңір жұртшылығының белсенділігінің бір көрінісі.
Жемқорлыққа қарсы оқыту барлық білім беру мекемелерін, мемлекеттік органдарды және жалпы барлық азаматтық қоғамды қамтитын болады. Заңсыздықтың орын алуына көп жағдайда азаматтардың өз құқықтары мен мүдделерін қорғауда құқықтық сауаттылықтың төмендігі себеп болып жатады. Біз бұл жағдайды да бақылауға алып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз.
Тұрғындармен және бизнес субъектілерімен кері байланысты жандандыру мақсатында “СҚО бизнесті қорғау”, “СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумалаң” сайттары жасалып, іске қосылды. Интернет-ресурстарын пайдаланушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша департаментке сайт арқылы жүгіне алады.
Сұхбатты жүргізген
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.