
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов Петропавл қаласында өткен “Kyzylzhar Invest – 2016” халықаралық инвестициялық форумынан кейін Швеция елінің делегациясын облыс орталығындағы бірнеше кәсіпорынға апарып, инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.
Форумға Швеция мемлекетінен ауылшаруашылық министрі Свен-Эрик Букт бастап келген топтың агроөнеркәсіпке қызығушылығы басым екендігі ескеріліп, қонақтарға өңіріміздің алдыңғы қатарлы қайта өңдеу кәсіпорындары көрсетілді. Бұл кездесудің екі жаққа да тиімді болғаны сөзсіз. Министр бастаған топ сүт және сүт өнімдерін өңдейтін “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің сүт зауытына, шұжық және жартылай фабрикаттар дайындайтын “Казмясопродукт” серіктестігіне және еліміздегі ең ірі элеватор “ТНС-Экспорт” кәсіпорнына ат басын тіреді. Инвестиция құю, табыс табу мүмкіндіктерін қарастырып, қызықтырған бағыттар бойынша келісім жасап жүрген шетелдіктер аталмыш нысандардың жұмыс үдерісімен, әлеуетімен кеңірек танысты.
Жергілікті кәсіпкерлер қонақтарға бизнестері қандай инвестиция көздерімен дамып отырғандығын айтып берді. Мәселен, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі осыдан үш жыл бұрын сүт және сүт өнімдерін өңдейтін зауытты іске қосқан болатын. Заманауи өндіріс орнының жобалық құны – 655 миллион теңге. Қаржы “ҚазАгроҚаржы” АҚ-дан 6 пайыз жылдық сыйақы мөлшерлемесімен алынған.
Кәсіпорын директоры Георгий Целых қонақтарға зауыттың ішін аралатып, жұмыстың ұйымдастырылу үдерісімен таныстырды. Оның айтуынша, 2015 жылы 11,800 мың тонна сүт және сүт өнімдерін нарыққа шығарса, биылғы жылдың тоғыз айында 11,217 мың тонна өнім өндірген. Яғни, тұтынушылар қатары көбеюде. Кәсіпорын биылғы жылдың сәуір айынан бастап Ресейдің Қорған қаласына тауар шығара бастаған. Ол жаққа ай сайын 40 тонна өнім жөнелтілуде. Бүгінде зауыттың өндіретін өнім көлемінен сұраныстың басым екені байқалып отыр. Осы жайларды тілге тиек еткен сүт зауытының басшылары алдағы жылы өндірісті кеңейтпек ойлары бар екенін жеткізді. Қонақтар зауыттың өнімдерінен ауыз тиіп, дәмі мен сапасына жоғары баға берді.
Швед делегациясы ат басын бұрған келесі нысан – “Казмясопродукт” ЖШС. 11 жылдық тарихы бар, 70-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестіктің өңіріміздің экономикасына қосып отырған үлесі зор. Тамақ өнеркәсібінде өзіндік қолтаңбасы бар кәсіпорын бірнеше рет “Global Trade Leaders Club” сияқты халықаралық жүлделерге лайық деп танылған. Әлеуеті жоғары кәсіпорынның бүгінгі көздегені – тауарларды экспортқа шығару. Кәсіпорын басшысы Серік Ілиясов қонақтарға сыртқы нарықты бағындыру үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқандарын сөз етті. Ол инвесторлық көмектің де қажет екенін жасырмады. Бүгінде кәсіпорын қақталған ет, шұжық, жартылай фабрикаттың 100-ден аса түрін шығарады. Күніне 6 тонна өнім жасалып, айына 120 тонна тауар сатылады. Соның төрттен бір бөлігімен шағын көрме ұйымдастырып, қонақтарға дәм татырды. Қонақтар кәсіпорнының жылқы етінен жасалған тауарларына ерекше мән берді. Облыс әкімі әңгіме барысында өңіріміз ауыл шаруашылығы тауарларымен Ресейдің нарығын толтыруды көздейтінін сөз етті. Былтыр көктемде Қорған қаласында өткен жәрмеңкеде ресейліктер сапа мен бағасы арзан біздің тауарларды әп-сәтте, сатып әкеткен.
“ТНС-Экспорт” – өнімділік, қуат тиімділігі және экспортқа бағдар алған іргелі кәсіпорын. Делегация кәсіпорынға қарасты элеваторға да соқты. 120 мың тонналық автоматтандырылған кешенде жұмыстың қалай ұйымдастырылатындығын кәсіпорын басшысы Дәурен Сепбосынов сөз етті. Ол элеватордың бірқатар артықшылықтарын алға тартты. Кәсіпорында қуат үнемдеу бағытында элеватор аумағындағы қосалқы ғимараттарға күн сәулесі батареялары орнатылса, элеватордың астық кептіргіш құралдары газбен жұмыс істейді. Сондай-ақ, кәсіпорын әкімшілігі қуат үнемділігін арттыратын жаңа құрылғыларға басымдық береді. Элеватордың тағы бір артықшылығы ол дәнді-дақылдармен қатар майлы дақылдарды да қабылдайды. Кәсіпорын алдағы жылы өнімділігі 600 мың тонналық май өңдейтін зауыт салмақ.
Свен-Эрик Букттің сауалына орай кәсіпорын басшысы астық қабылдау кешенінің құрылысына 8,7 миллиард теңге жұмсалғанын, элеватордың аумағындағы инфрақұрылымға “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 21 миллион теңге демеуқаржы берілгенін жеткізді.
– Біздің заңнамалық құжаттарда кәсіпкерлікке ынталандыру үшін қолайлы тетіктер қарастырылған. Ондағы механизмдер еш кездергісіз жұмыс істеуде. Мәселен, “ТНС-Экспорт” серіктестігіне элеватор салу үшін жер тегін берілді, инфрақұрылымдық жұмыстар мемлекет есебінен жүзеге асты. Енді май өңдейтін зауытқа кәсіпкер 100 миллион теңге қаржы жұмсаса, өндіріс іске қосылған соң демеуқаржы түрінде оның 37 миллион теңгесін мемлекет қайтарып береді. Сондай-ақ, кәсіпкер бірқатар салық түрінен босатылады. Жаңадан сатып алған құрал-жабдықтарына баж салығын төлемейді. 10 жыл бойы – табыс салығы, 5 жыл жер мен мүлік салығы салынбайды. Инвесторларға мемлекет тарапынан тиімді қолдаулар бар, – деді Ерік Хамзаұлы.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.