«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ ӘРҚАЙСЫМЫЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында баршамызға алға қарыштап қадам басу, ілгерілеу жолдарын айқындап берді. Жолдаудың атының өзінен де оны түсінуге болады, өйткені, бізде болашаққа апарар жол ортақ, мақсат және мүдде бір. Кезекті бағдарламалық құжатында Елбасы мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық салаларын қамтып, ұлан-байтақ еліміздің әр азаматы өзіне маңызды нәрселерді танып білді, әрқайсысы Елбасы айтқан “Мәңгілік Ел” идеясын толғаныспен тыңдады.

Біздің ауылдық округіміздің тұрғындары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағытын және жергілікті атқарушы биліктің ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және алда тұрған барлық міндеттерді жүзеге асыру саясатын бірауыздан қолдайды.

Шөптікөл ауылдық округінің әкімі аппаратының кезек күттірмес міндеті – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын іске асыру бойынша іс-шараларды орындау болып табылады. Біз Жолдауды ауылдық округтің әр тұрғынына жеткізуге тырысып келеміз. Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын талқылау бойынша ақпараттық-насихат тобы құрылды, жиындар мен “дөңгелек үстелдер” өткізілді.

Округтің әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесі біздің өміріміздің түрлі салаларындағы жетістіктерін дәлелдейді. Өткен жыл біздің ауылдық округ үшін нәтижелі болды. Президенттің нысаналы саясаты және іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Округ аумағында екі ЖШС және 10 шаруа және фермерлік қожалықтар жұмыс істейді. Ауылдық округ дамуының басты бағыты дәнді және майлы дақылдар өндіру болып табылады. Барлық ауыл шаруашылық құрылымдары заманауи техникамен жарақтандырылған, аграрлық сектор мемлекеттің субсидия түрінде қолдауын сезінуде. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде “Бизнестің жол картасы”, “Сыбаға”, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламаларына сәйкес 2011-2013 жылдар аралығында округтің шаруашылық субъектілері жалпы сомасы 253 миллион теңгеге жуық несие алды. Округтің барлық ірі фермерлік шаруашылықтары мемлекеттік бағдарламалар арқылы ірі қара сатып алуға қол жеткізді. Жергілікті тұқымдарды жетілдіру және де жоғары өнімді асылтұқымды мал әкелу есебінен жануарлардың генетикалық әлеуетін арттыру мал шаруашылығындағы басым бағыттардың бірі болып айқындалды.

2013 жылы “Приишимский” агрофирмасы” ЖШС АҚШ-тан 200 бас “Ангус” тұқымды ірі қара әкелді. Қараша айында “Адани-Агро” ЖШС 62 бас қазақтың ақбас тұқымды малын қораларына кіргізді. Биыл ЖШС басшылары малды шүйгін шөппен қамтамасыз ету үшін жемазықтық дақылдар егуді жоспарлап отыр. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы 5 адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтуға мүмкіндік берді.

Фермерлік шаруашылықтарда 618 бас ірі қара, 440 бас қой мен ешкі, 225 бас жылқы бар.

“Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша мәселе оң шешімін табуда. 2013 жылы Шөптікөл ауылында жергілікті сумен жабдықтау құрылысы аяқталды.

2013 жылы округ ауылдарын абаттандыру бойынша қыруар жұмыс жүргізілді: 9900 тонна қи мен қоқыс шығарылды, ағаштар отырғызылды, 8 апатты және ескі үйлер бұзылып, шығарылды. “Аймақтарды дамыту” бағдарламасы бойынша округтің орталық алаңында балалар алаңы орнатылды. Биыл Разгульное ауылында осындай алаң жасақталады. Үшайлық кезінде ауыл шаруашылық құрылымдарының күшімен жолдарды тегістеу жұмыстары жүргізілді.

Разгульное ауылында өткен жылы кадрларды орнықтыру мақсатымен “Приишимский” агро-фирмасы” ЖШС екі пәтерлі үй салып, жас отбасыларға берді. Екі шағын орталық жұмыс істейді. 1-4-сынып оқушылары және аз қамтылған отбасылар балалары “Приишимский” агрофирмасы” ЖШС және “Адани-Агро” ЖШС есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Ұлт денсаулығы – бұл қоғамдық міндет. Осы мақсатта округте саламатты өмір салтын насихаттайтын, бала жастан спортқа тарту үшін мүмкіндік туғызылуда. Мектептерде спорт секциялары жұмыс істейді, екі хоккей корты бар. Округ спортшылары жыл бойы барлық спорт жарыстарына қатысып отырады.

Елбасы ұлтаралық келісімге ерекше көңіл бөледі. Біздің ауылдық округте 11 ұлт өкілдері достық қарым-қатынаста өмір сүруде, “Туған жер” және “Жаңару” этномәдени орталықтары жұмыс істейді. Жыл бойы орталықтар барлық аудандық іс-шараларға, “Салт-дәстүр”, “Туған өлкенің алтын дауысы” аудандық фестиваліне белсене қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айтылғанындай, халықтың әл-ауқатын жақсарту барлық бағдарламалардың басты мақсаты болып қалуы тиіс. Округте әлеуметтік міндеттерді шешуге баса назар аударылуда. 2013 жылы 33 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орнына – 20, қоғамдық жұмыстарға – 9 адам, “Жастар тәжірибесі” бойынша 4 адам тартылды.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – нақты қойылған мақсаттар бағдарламасы. Мемлекетіміздің жетістіктері әрқайсымызға байланысты. Елбасы қойған міндеттерді орындау үшін бүкіл күш-жігеріміз, біліміміз бен тәжірибеміз жұмсалатын болады.

Руслан ТҰРҒЫМБАЕВ,

Шөптікөл ауылдық округінің әкімі.

Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp