Бұған дейін Елбасы Шанхайда көмірді кешенді өңдеу, авиациялық өнеркәсіп және телекомммуникация салаларындағы қытайлық үш ірі кәсіпорын өкілдерімен кездесу өткізіп, олармен Қазақстандағы бірлескен жобаларды талқылаған болатын.
Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың “Синьхуа” ақпарат агенттігінің интернет-сайтын пайдаланушылармен онлайн-әңгіме өткізді.
Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз брифингінде Елбасы екі мемлекет басшыларының қатысуымен жүргізілген келіссөздердің арқасында Қазақстанға келетін қытай инвестициясының жалпы көлемі 10 миллиард доллардан асатынын атап өтті.
Ал Қытайға мемлекеттік сапардың басты шарасы Шанхайда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 4-ші саммитіне 11 мемлекеттің басшысы, 1 Үкімет басшысы және 10 халықаралық ұйым жетекшілері қатысты.
Азия аумағы мен 26 мүше-мемлекеттің басын біріктіріп отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы бастаманы Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында жария еткен болатын.
Кеңестің бірінші пленарлық отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Жібек жолы” жобасының штаб-пәтерін Алматыға көшіру жөнінде ұсыныс енгізді. “ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің “Жібек жолының” инфрақұрылымдық қорын құру туралы идеясы өте маңызды. Қазақстан Азия құрлығының қақ ортасында орналасқандықтан біз “Жібек жолы” жобасының штаб-пәтерін Алматыға көшіру жөнінде ұсыныс енгізгіміз келеді. Азия мен Еуропа елдерін байланыстыра отырып, бұл бағыт әлемдегі ең ірі көлік жүйесі атанады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті әлемдік қауымдастық қауіпсіздік тұрғысынан ерекше назар аударуы тиіс салаларды санамалап берді. “Қауіпсіздік тұрғысынан баса назар аударуды талап ететін салалар аз емес. Соның ішінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесі бар. Осы елде президент сайлауының өткізілуін қолдаймыз. Ол елдегі биліктің бейбіт жолмен ауысуы тұрғысында маңызды қадам болып табылады”, – деді Елбасы. Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы жетістіктері жөнінде айта келе Нұрсұлтан Назарбаев Иранның ядролық бағдарламасы бойынша диалогты жалғастыруға шақырып, КХДР-дың кезекті ядролық сынақ өткізу туралы жоспарларына байланысты алаңдаушылық білдірді. “Бұл Азия Тынық мұхиты аймағындағы бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін күрделі салдарға әкеп соқтыруы мүмкін”, – деп атап өтті Қазақстан басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев аталған құрылым негізінде Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құру туралы бастама көтерді. “АӨСШК негізінде тиімді қызмет ететін Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құратын уақыт келді деп есептеймін. Ол ЕҚЫҰ-ға бәсекелес ұйым болуы тиіс”, – деді Қазақстан Президенті.
ҚазАқпарат.