
Құрметті отандастар!
Баршаңызға мәлім, қазір бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде.
Дүниежүзін коронавирустың таралуы алаңдатып отыр.
Бұл індет күннен-күнге ушығып барады.
Өкінішке қарай, осы дерт біздің елімізде де тіркелді.
Менің кешегі Жарлығыммен бүгін таңғы сағат 08.00-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді.
Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады. Төтенше жағдай режимі қажет болған жағдайда ұзартылады.
Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-Министр басқарады.
Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады.
Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады.
Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды.
Көптеген азаматтарымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін.
Дегенмен, бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз.
Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз, бірақ азық-түлік дүкендері және базарлар өз жұмысын жалғастыра береді.
Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылады.
Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті.
Сондай-ақ, азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбегендері жөн деп санаймын.
Қазақстан Республикасының аумағына кіруге және шығуға шектеу қойылады. Алайда, жоғарыда айтылған шаралар жүк тасымалына қолданылмайды.
Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілді.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест-жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті.
Мемлекеттік органдар санитарлық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыру бойынша жоспарлар жасағанын ерекше атап өткім келеді.
Медициналық тексеруден өтуден бас тартқандар мен карантиндік режимді сақтамағандар жазаланады.
Бұл кезде өзің мен жақындарың туралы қамқорлықтың қарапайым тәсілдерін ұмытпаған дұрыс: қолды жиі жуу, санитарлық гигиенаны сақтау, көп адам жиналған жерлерге бармауға тырысу керек.
Бұл күндері денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне үлкен салмақ түседі.
Көп нәрсе олардың кәсібилігі мен адами қасиеттеріне қатысты болмақ.
Еліміздің өміріндегі бұл қиын кезеңнен біздің дәрігерлер абыроймен шығып және қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін барлығын жасауы тиіс.
Осы шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Мұны дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын.
Сақтанғанды Құдай сақтайды.
Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді.
Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз.
Бұл – уақытша дүрбелең.
Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек!
Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет.
Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек.
Дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет.
Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады.
Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз.
Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды.
Осы орайда, азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді.
Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді.
Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз.
Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек.
Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет.
Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады.
Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет.
Береке мен бірлік бәрін де жеңеді!
Қымбатты отандастар!
Біз коронавирустың жаһандық экономикаға кері әсерінің куәгері болып отырмыз.
Іс жүзінде әңгіме барлық әлемдік экономиканы қайта форматтау туралы болып отыр.
Қазақстан осы орасан зор дағдарыстың салдарын сезінуде.
Экономикалық катаклизмдерге қарамастан біз әлеуметтік шиеленістің, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін барлық тиісті шараларды қабылдаймыз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында еліміздің халықаралық резервтері 90 миллиард долларға жуықтады.
Бұл – біздің экономикамыздың тұрақтылығын сақтаудың және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындаудың маңызды кепілі.
Біз бюджет шығындарын жұмыспен қамту және бизнес үшін барынша тиімді бағыттарға қайта бағдарлайтын боламыз.
Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кем дегенде 300 миллиард теңге бөлінеді.
Бизнесті несиелеу деңгейін төмендетуге жол бермеу керек. Ішкі нарықты толтыру және өндірісті ынталандыру үшін “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасын қаржыландыру ұлғайтылады.
Қалыптасқан жағдайда алыпсатарлықпен бағаны қымбаттатуға жол берілмейді.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауға алады.
Мен “Мемлекет қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат мемлекеттік органдардың тиімділігін арттырып, биліктің вертикалын нығайтуға, дағдарыс жағдайында, сонымен қатар қажет болса салық саласында да барлық қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Жарлық қажетті дәрі-дәрмектер мен құралдарды негізінен отандық өндірушілерден оңтайландырылған тәртіппен сатып алуға құқық береді.
Біз осылай қымбат уақыт пен құралдарды үнемдейміз, бұл қалыптасқан төтенше жағдайда өте маңызды.
Құрметті отандастар!
Біз – тарихымызда небір қиындықты бастан өткерген халықпыз.
Сол сынақтардан, ең алдымен, береке-бірліктің арқасында сүрінбей өттік.
Бүкіл халықты жұдырықтай жұмылуға, сабыр сақтауға шақырамын.
Бұл күрделі жағдайды бәріміз бірге еңсереміз деп сенемін!
Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Біз біргеміз!