«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТ БАҚЫЛАУЫНДА

Біріккен Ұлттар Ұйымы 1990 жылдың қараша айының екінші бейсен­бі­сін­ Дүниежүзілік сапа күні деп белгілеген болатын. Сапа – ел экономикасын дамыту мен тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздерінің бірі болып саналады. Мемлекет басшысының Жар­лығымен жыл сайын Президенттің “Алтын сапа” сый­лығы беріледі, “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауы өткізіледі.

Облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Василий Чепухин өңірімізде өнімдері немесе қызметі тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген бірқатар кәсіпкерлік субъектісін Алғыс хатпен марапаттады. Департаменттің негізгі міндеті өнім­дердің са­па­сына мем­лекеттік бақылау жа­сау және ішкі нарықтағы тауарлар мен қызмет түр­лері­нің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бо­лып та­былады. Осы ке­лелі міндет­те­рді жүзеге асыру ба­рысында мекеменің атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Мемлекеттік инcпекторлар нарыққа сапасыз өнім шығарғандардың жолын кесіп, тиісті шаралар қабылдайды. Бірақ осынау мерекелі күні олар жұмыстарын оң жағынан көрсетуді жөн көрді. Сапалы өнімдерімен өңір экономикасына, әлеуетіне сүбелі үлес қосып отырған тауар өндірушілерге ризашылықтарын білдірді. Солардың ішінде 2015 жылғы “Алтын сапа” сыйлығының жеңімпазы Петропавл ауыр машина жасау зауытының, биылғы “Қазақстанның үздік тауары” байқауынан жүлделі болған “Сұлтан” ұн-үгу комбинатының, С.Киров атындағы зауыттың, Петропавл құрылыс материалдары зауытының, “В.Макаров” мен “В.Левин” жеке кәсіпкерліктерінің аттары ерекше аталды.

Ішкі нарықтағы тауарлар мен қызмет түрлерінің халықаралық стандарттарға сәй­кестігін қамта­ма­сыз ету, қауіпсіз тауарды немесе қызметті тұтыну, отандық тауарлар­дың сырт­қы бәсеке­лес­тіктегі қабілеттілігін арт­тыру мә­селесі сапа көрсеткіштеріне келіп тіреледі. Тех­ни­калық реттеу, санитарлық және фи­тоснитарлық ша­ралар бойынша елімізде заңдар мен құ­қық­тық кеңістік қалыптастырылған. Олардың жүзеге асырылуына тұтынушылар құқығын қорғайтын мекемелердің қосып отырған үлесі зор. Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова отандық және шетелдік тауарлардың ішінде сапасыз өнімдердің аз кездеспейтінін тілге тиек етті. Олардың міндеті – нарықта сатылатын тауарлардың сапасын тексеру. Осы мақсат үшін мемлекеттік қор департаментке биыл тиісті қаржы бөлген. Тұтынушылардың құқығын қорғаушылар кез келген тауарды сатып алып, оған зертханалық-сараптамалық тексеріс ұйымдастырған кезде, көптеген тауарлардан сапасыздықтар анықталып жатады. Әсіресе, тауарлардың сыртқы орамалары сын көтермейтіндігі айтылды. Сондай-ақ, балалардың киімдері мен ойыншықтарынан денсаулыққа зиян келетін улы заттар жиі анықталады екен.

Дүниежүзілік сапа күніне арналған жиын сапалы тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді марапаттау рәсімімен аяқталды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp