Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанда кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру үшін бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру мен үнемдеу мәселесіне басымдық берілуде.
Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті осы міндеттерді жүзеге асыруға үлесін қосуда. Мемлекеттік мүліктерді тиімді пайдалану департамент жұмысының басты бағыттарының бірі болып табылады. Соңғы жылдары мемлекеттік органдардың қарамағындағы мекемелерді қысқарту, жылжымайтын мүліктерге, көліктерге, мекемелерге қызмет көрсететін штаттан тыс жұмысшылар мен мемлекеттік қызметшілерге кететін шығындарды азайту арқылы жекешелендіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде бюджет қаражаты үнемделіп, артық және мақсатты пайдаланылмаған нысандар шағын және орта бизнес субъектілеріне берілуде.
Бұл бағыттағы жұмыстар 2014 жылдан бері “Бірыңғай теңгерім ұстаушы” жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер, қазынашылық комитетінің аумақтық бөлімшелерінің 29 жылжымайтын мүлік нысаны және 22 автокөлігі облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансына өтті. Оңтайландыру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде автокөлік құралдарының бір бөлігі басқа мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінді. Ал қалғаны электронды аукцион арқылы өз иесін тапты. Нәтижесінде департамент қарамағында тек 5 автокөлік қалды. Өзге бөлімшелер мемлекеттік сатып алу арқылы бәсекелес ортадан жалға алынған көліктермен қамтамасыз етілген.
Жоба жүзеге асырылғалы бері мемлекеттік мүлікті басқару жаңа деңгейге шыққанын тәжірибе көрсетіп отыр. Қаражат бірнеше мекемеге бөлінбей, бір меншік иесіне жинақтала бастады. Бұл үнемделген қаражатты тек қажетті құралдарды сатып алуға және ғимараттар мен үй-жайларды жөндеуге, жұмсауға мүмкіндік берді. Мәселен, 2019 жылы жоба аясында Шал ақын, Ақжар, Уәлиханов және Есіл аудандарындағы әкімшілік ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл аумақтық бөлімшелердегі қызметкерлерді басқа ғимаратқа көшіріп, оңтайлы орналастыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жалпы ауданы 3324 шаршы метрді құрайтын 5 әкімшілік ғимарат босатылып, өз кезегінде басқа мемлекеттік органдардың иелігіне берілді.
Сондай-ақ, бос тұрған 3400 шаршы метр нысанды оңтайландырудың арқасында жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеуге кеткен бюджет шығындарының 17 млн. теңгесі үнемделді. Алдағы уақытта ғимараттарға жөндеу жүргізу және қызметкерлерді көшіру бойынша жұмыстарды Айыртау, Аққайың, Жамбыл, Мамлют, Қызылжар, Тайынша және Тимирязев аудандарында жүзеге асыру жоспарлануда. Осылайша, соңғы жылдары мемлекеттік мүлікті басқарудың сапалық деңгейі артып, қаражатты игерудің жаңа мүмкіндіктері пайда болды деп айта аламыз.
Біздің департамент мемлекеттік меншікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға негізделген жұмыстарды, оның ішінде “Бірыңғай теңгерім ұстаушы” жобасын жүзеге асыруды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.
Ринат НИЗАМОВ,
облыстық мемлекеттік мүлік және
жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы.