«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ – КӘСІПКЕРЛІККЕ СЕРПІН  

Қазіргі таңда шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау кәсіпкерліктің ел экономикасын дамытудағы маңызын аңғартады. Бұған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ы облыстық филиалының мамандары ұйымдастырған баспасөз турының барысында да көз жеткіздік. Журналистер кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында бизнес-жоспарын жүзеге асырып, өз ісін табысты жүргізіп отырған серіктестіктердің жұмысымен танысты. 

Алдымен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ы облыстық филиалының директоры Мереке Сыздықов биылғы жылы мем­лекеттік бағдарламалар аясында облыс кәсіпкерле­ріне көрсетілген қолдау шарала­ры жайлы баяндады. 

– Үстіміздегі жылы “Бизнестің жол кар­тасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде об­лыста 97 млрд. теңгеге 800-ден астам жоба жүзеге асырылды. Жергілікті кәсіп иелері аталған бағдарлама­ның игілігін көруде. Сондықтан республикалық бюджеттен қо­сым­ша қаржы бөлінді. Бағдарла­ма аясында бүгінге дейін 67 жобаға субсидия және 60 жобаға кепілдік берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті жүз жобаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мереке Сыздықов.
“Қарапайым заттар экономикасы” бағ­дар­ла­масы аясында екінші деңгейлі банктер 5 млрд. теңгені құрайтын 14 жобаны мақұлда­ған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдар­ламасын жүзеге асыруға биыл 695 млн. теңге бөлінген. 55 кәсіпкерге қолдау көрсету арқылы бұл қаржы бүгінге дейін толық игерілген.
Облыс орталығындағы “ЭкоМол Сер­геев­ка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы, жас кәсіпкер Альбина Рашитова “Қара­пайым заттар экономикасы” бағдар­ламасы аясында 20 млн. теңге несие алып, сүт өнім­дерін шығарумен айналыспақ. Бұл қаржыға ғимаратты жөндеп, қажетті құрал­-жабдықтарды сатып алған кәсіпкер биылғы жылдың қа­раша айында жұмысқа кіріседі. Дені Ресейден әкелінген құрылғы­лар күніне 10 тоннаға дейін өнім өндіре алады.
Ал “Super Star Club” демалыс және даму орталығында тоғыз айлық сәбилерден бастап, ере­сектерге дейін көңілге қонымды үйірме­лерді таңдай алады. Орталық директоры Динара Қалиева алғашында ғимараттың оң жақ қана­тын жалға алған. Кейін келушілер саны арт­қасын бірінші қабатты толық жалға алуға және оны жөндеуге қажетті қаржы үшін “Банк Центр­Кредит” АҚ-ның облыстық филиалына жүгін­ген. Орталықтың бас әкім­шісі Татьяна Милюти­наның айтуынша, “Биз­нес­тің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы бес жылға 13 млн. теңгенің несиесін ресімдеген. “Даму” қо­ры қаржының 79 пайызын кепілдендіріп, 21 пайызы депозит ретінде банкке салынған. Ор­талықта бүгінде 15 педагог 150-ден астам ба­ла­мен жұмыс істейді. Олар үшін жылдам оқу, каллигра­фия, менталды арифметика, қазақ және ағылшын тілдері, вокал, фортепьяно са­бақ­­тары, шахмат, би, каратэ, тағы басқа үйір­мелер қарастырылған. Ал балаларын ертіп әкелген ата-аналар йога мен фитнеске қатыса алады.
Бұқаралық ақпарат құралдары ат басын бұрған келесі кәсіпорын – Әсел Калибасова­ның жеке кәсіпкерлігі. “Мен барлық буын өкіл­деріне ұнайтын тәтті печеньелер пісірумен айналысамын. Мемлекеттік бағдарлама арқылы банктен 6 пайыздық жылдық мөл­шерлемемен 12,5 млн. теңгенің несиесін рәсімде­дім. Қаржы­ның басым бөлігін ғи­марат сатып алып, оны жөндеуге жұм­садық”, – деді жас кәсіпкер. Бү­гінгі күні пе­ченьенің 70-тен астам түрін дайын­дайтын кәсіпкер өнімін жергілікті тұрғындарға және Ақмола облысына саудалайды.
Ал “Татаева К.Т.” жеке кәсіпкерлігінің ди­ректоры Күләш Төлегенқызы он жылдан бері сүйікті ісімен айналысып келеді. Ол ал­дымен ерлер, әйелдер мен балаларға арналған ресейлік киімдерді саудаласа, өткен жылдан бастап аяқ киім тігуді қолға алған. Бизнес-жоспарын әзірлеп, “Даму” қорына жүгінген ол 18 млн. теңге несие ре­сімдеп, оған аяқ киім тігуге қажетті құрал-жабдықтар және түрлі өлшем жасайтын алты форма сатып алыпты. Бүгінде күніне шамамен елу жұп аяқ киім тігуге мүмкіндік бар. Кәсіпкердің айтуынша, бұл аяқ киімдер қытымыр қыстың 50 градусына дейін шыдас беретін көрінеді.

 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp