
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында елімізде “Сарбаз” балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, “Жас сарбаздың” өңірлік филиалдарын құру жөніндегі нұсқауға сәйкес былтыр барлық облыстарда жаңа бірлестіктің бөлімшелері ашылды. Бүгіндері Қызылжар өңірінде де бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Кездесу барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге атсалысатынын айтты.
– Жастар жылы аясында өңірімізде көптеген игі істер атқарылды. Соның ішінде әскери-патриоттық тәрбие де назардан тыс қалмады. Солтүстікқазақстандықтар жаумен қасық қаны қалғанша соғысып, еліне қорған болған батыр бабаларын мақтан тұтады. Майдан даласында ерліктің үлгісін көрсеткен 55 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры, 11-і “Даңқ” орденінің толық иегері болды. Сондықтан біз жастарды тарихи және адами құндылықтарға құрмет көрсетуге үндеуіміз керек.
Бүгінгі таңда облыста 315 әскери-патриоттық клуб бар. Соның ішінде “Жас сарбаз” сыныптарында 6 мыңнан астам жасөспірім тәлім-тәрбие алуда, – деген Құмар Іргебайұлы өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өз кезегінде елімізде құрылған “Жас сарбаз” балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы” республикалық қоғамдық бірлестігі ел бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Қазіргі таңда еліміздегі алты мыңнан астам әскери-патриоттық клуб бірлестіктің құрамына кірсе, онда 202 мың жасөспірім тәрбиеленуде. Сондай-ақ, министр аудандар мен ауыл мектептерінде де аталған бірлестіктің филиалын ашу, оларды арнайы формамен, педагогтармен, техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету туралы ұсынысын жеткізді.
Кездесу соңында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, облыс әкімі Құмар Ақсақалов және “Жас сарбаз” балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев үшжақты меморандумға қол қойды. Осы құжат аясында тараптар жастардың әскери-патриоттық тәрбиені және әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттаудағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.
Бұдан кейін Нұрлан Ермекбаев облыс әкіміне қоғамдық бірлестіктің төсбелгісін және облыстық филиалының үйлестіру кеңесі төрағасының куәлігін табыстады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.