Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының ғимаратында милиция полковнигі Владимир Богдановичке арналған мемориалдық тақта ашу рәсімі өтті.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев ішкі істер органдарына еңбек сіңірген қызметкерлердің есімдерін мәңгілікке есте сақтау ведомствоның игі дәстүрі болып саналатынын атап өтті. “Бүгінгі таңда Петропавлда түрлі жылдары қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің есімдері бес көшеге берілді. Төрт мемориалдық тақта орнатылды”,– деді полиция бастығы.
Владимир Богданович облыстық мемлекеттік автоинспекцияны он жыл басқарған. Еңбек жолын кіші лейтенант шенінен бастап, милиция полковнигіне дейін өсу жолынан өткен. Оған адал қызметі мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі үшін 50-ге жуық марапат берілген. Облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев пен музей меңгерушісі Любовь Осинская ескерткіш тақта орнатқаны үшін басшылыққа ризашылықтарын білдірді.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы.