Он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Негізі, алға қойған мақсатым ғылым жолына түсу болатын. Көңіл білдірген жігіттерді маңайыма жолатпай, менсінбей жүріп, сонау теріскейдің бір ауылына қалай топ ете қалғанымды да білмей қалдым. Иә, бұл менің маңдайыма жазылған тағдырым еді.
Енем 37 жасында қайтыс болған екен. Балаларының қызығын көре алмаған. Менің көргенім, ұлы енем, яғни атамның анасы денелі келген, нұрлы көзді, бидай өңді, үстінде ұзын көйлегі, басында кимешегі мен қақырайған аппақ жаулығы бар жетпіс төрт жастағы кемпір еді. Мені ең алғаш көргенде балпиған ернімен бетімнен сүйіп-сүйіп алғаны есімде.
Сыртқы жұрт енемді “қасқыр кемпір”, “сұсты кемпір” деп атайтын. Сол естіген сөздердің әсері ме, дастарқан басында тамақ алып жеуге қорқып, дірілдеп отыратынмын. Жо-жоқ, ол кісі маған ұрыспайтын, бірақ маған “жеме”, “ішпе” дегенді қас-қабағымен, мүмкін, олай емес те шығар, білдіріп отырғандай көрінетін. Жүкті болғандықтан, әлсін-әлсін қарным ашатын еді. Түн ортасында жұбайыма нан әкеп берші деп жалынамын, ол мені түсінбей, ашуланатын.
Жасы біразға келсе де, апам (оған “апа” дейтінмін) тыным таппайды. Алматыда оқып жүргенде волейболдан институттың құрама командасында ойнағанмын, кешке қарай жұбайым достарымен доп тебуге кеткенде, мен де үй жұмысын апама тапсыра салып, волейбол ойнап келетінмін. Менің апам сиырды сауып, сүтті салып, баланы тамақтандырып қоятын. Қайран, апам-ай!
Әрине, мен де жай қарап жүрмеймін, мектептегі жұмысымнан келе сала үй шаруасына кірісетінмін. Отбасылық өмірге дайын еместігім от жағуымнан көрінді. Дәлірек айтқанда, от жаға алмауымнан. Бастапқыда пештің көмекейіне газеттерді умаждап, тығындап, үстіне қайыңдарды салатынмын. Газет жанып кетеді, ағаш бықсып жатып, сөніп қалатын еді. Сонда апам:
– Құдай-ау, астына қабық, үстіне тамызық салмайсың ба? – деп таңғалатын.
– Қабықты қайдан алам?
– Мынау не? – деп жұлқынып барып, ағаштың сыртындағы қабығын сыдырып көрсетуші еді.
“А, осы ма?” – деймін мен де жай қарап тұрмай.
Пешке нан пісірудің де оңай шаруа еместігін келін болып түскеннен соң білдім. Көрші Өкен тәтем (шын аты – Қуаныш) мені бір шелек ұнды илеп үйреткен ғой. Содан танбаймын, апам аздап қана илеп көрсеңші десе, бой бермеймін. Бір қап ұнды бұрқырата отырып, нанның неше түрлісін пісірдім ғой! “Сағыз нан”, “жайылған нан”, “шикі нан”, “көтерілмей қалған нан”, “күйіп кеткен нан”… несін айтасыз, толып жатыр. Бауырсағым да бір көтерілмейді, сөйтсем оған ас содасын қосады екен ғой. Бара-бара тәжірибем шыңдалып, дәмі тіл үйірер нанның түр-түрін пісіріп үйрендім.
Одан соң білек сыбанып жент жасауға кірістім. Сарысуын бөлек құйып алғаным сол, ірімшігім шар сияқты домаланып, ыдыс түбіне жабысып, күйе бастады. Сөйтсем, сарысуын бөлек құйып алмайды екен ғой.
Қысқа қарай жүн байпақ тоқып үйренбек болдым. Апам қойдың әдемі жүндерінен жіп иіреді. Менің бұл бастамама мәз болған апам мені үйретуге бес сым бермесі бар ма?
Мен: “Апа, екі сыммен тоқып үйренейін”, – деймін.
– Жоқ, екі сыммен тоқи алмайсың.
– Тоқимын, мен бес сымды ұстай алмаймын, қолыма қалай сыйғызамын?
Осылайша, біраз тәжікелескеннен кейін апам жіпті де, сымдарды да еденге лақтырып жіберді. Қатты намыстандым, ренжіп қалдым. Еденде шашылып жатқан заттарды жылап жүріп жинап жатырмын. Содан соң ұлы енеме:
– Саған ерегіскенде, апа, мен саған байпақ қана емес, шәлі де, күрте мен биялай да тоқып беремін, – дедім. Апам астыңғы ернін сылп еткізді.
Шеберлігім күннен-күнге шыңдалып, апама ұнай бастадым. Уәде еткен заттардың бәрін тоқып, үстіне кигіздім. Тіпті, жататын төсегінің етегіне шілтер де тоқып бердім.
Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері әрі өзі мүгедек болғандықтан, жалғыз қызын ер баланың жұмысына үйреткен ғой. Қой сою, шөп шабу, оны жинау, шөмелелеу, арық қазу, ағаш егу, тағы да басқа ер адамға лайық ауыр жұмыс істеу маған түк те емес еді. Осы жұмыстар елуден асқанша серік болды, тек денсаулығыма байланысты ғана бас тарттым. Үй жинау, кір, ыдыс, еден жуу дегендерді де білдім, әрине.
Апам кейде қатты жөтеледі. Сонда мен: “Апа, сен осы туберкулез емессің бе?” – деп сұрайтынмын.
Апам маған ала көзімен қарап: “Жоқ, мен көксаумын”, – дейтін.
Түрлі отбасылық “тар жол, тайғақ кешулерді” бастан кешкен апам екеуміз осылайша дос болып кеттік. Үйде екі-үш алаша, екі құстөсек болатын. Апам маған оларды қалай жасағанын айтатын. Әсіресе, көл жағалап, шашылып жатқан құс жүнін бір-бірлеп жинап, сондай үлкен құстөсек жасағаны мені таңғалдыратын.
Сөйткен апам сексен жеті жасқа келіп, бір-ақ күн жатып қайтыс болды. Қазір менде апамның елу жылдан асқан алашасы мен құстөсегі бар. Жыл сайын жаздың ыстық күнінде далаға құшақтап алып шығамын. Күнге кептіріп, шаңын қағып, қайта кіргіземін. Апамның көзі. Жерде жатқан құстың бір тал жүнін көрсем, көл жағалап еңкейіп жинап жүрген апам елестейді.
Аналарының жоқтығын білдірмей, немерелерін ешкімнен кем қылмай бағып-қаққан апам менің! Кейде бір нәрсені қате істесем, көзін алартып, бұрышта маған қарап тұрғандай болады. “Қорқамын”, бірақ сені қатты жақсы көремін, апа!
Гүлшат РАМАЗАНОВА,
зейнеткер.
Жамбыл ауданы.