Біздің үйдің төрінде ілулі тұрған адамның суреті маған ес білгеннен ыстық. Бұл сурет Қайрат атамның да, Болат атамның да үйлерінде бар. Бала болсам да, маған бұл бейне осы үш үйдің туыстығын сездіретін. Кейін суреттегі адамның ұлы атам екендігін ұққан кезде ол туралы көбірек білгім келді. Діттеген ойымды білген өз атам әкесі Әбу туралы көп ақпарат берді. Сөйтсем, Әбу атамның өз әулетінде ғана емес, қоғамдық ортада ойып алар орны бар екен.
2006 жылы ол туралы “Аудан атасы” атты шежіре кітап жарық көрді. Ол кітапты оқи отырып жақсы ниет, жайдары көңілмен өмір сүрген адамның артында өшпес із қалғанын түсіндім. Бұл басылымда атамның қызмет жасаған ортасы мен әріптестерінің, туған-туыстары мен замандастарының ой-толғанысы топтастырылған. Ондағы естеліктерді оқыған сайын көз алдыма ақжарқын, сабырлы, парасатты, кеңпейілді, бауырмал адамның тұлғасы елестейді. Өзімнің осындай адамның шөбересі болғаныма қуанамын.
“Жақсыда жаттық жоқ”, деген рас екен. Кісі жатырқамайтын, кез келген адамды өзіне жақын тартып, оңай тіл табысатын, шынайы пейілді адамның көпшіл мінезі кімге болсын ұнайды. Атамды көзі көрген замандастары мінезі биязы, сөзі баянды, қандай істі қолға алса да төзімділік танытатын байсалды, қиындықтың шырмауын ақылмен шеше білген жан ретінде сипаттайды. Бұл қасиеттің бәрі өз бастауын тектіліктен алады. Ол – қазақ-қалмақ соғысында елін қорғап, қылышы қынабында жүрген Жабай батырдың, халқы үшін отқа да, суға да түсіп, орыс отаршылдарымен мүйіз тірескен Сексен батырдың, әділдіктің төрінде отырып, от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жарған Тоқсан би шешеннің ұрпағы, яғни асылдың сынығы.
“Әкең өлсе де, әкеңді көзі көргендер өлмесін” дегендей, атамды таныған адамдар оның адамгершілік қасиеттері туралы көп айтқан. Оның барлығы “Аудан атасы” кітабында жақсы көрсетіледі. Қайнеттің жиені, Нағидың қызы Жасира апам ол туралы: “Нағашы атам Қайнетті көрмесем де, одан тараған ұрпақпен жақсы араластым. Әсіресе, Әбу және Болат нағашыммен жиі кездесетінмін. Ол кісілердің ақыл-кеңесін тыңдап, тәрбиесін алып өстім. Әбу нағашымның азаматтық тұлғасы қатты әсер ететін. Оның ойлы жүзі, әр нәрсеге байыппен қарайтын мінезі, ағайын-туысқа бауырмалдығы, қамқорлығы көңілге жылы тиетін. Осындай нағашым бар деп мақтанушы едім”, – дейді.
Ал әжем Мәриям Қайнеткеліні: “Құрымбай Қайнетұлы әкеден 1 жасында қалыпты. Екеуміз бас қосқанда ол 23-те, мен 18-де едім. “Үйлену оңай, үй болу қиын” демекші, жасауыңды жасап, еншіңді бөліп беретін ата-анаң болмаған соң отбасылық қиыншылықтармен бетпе-бет келдік. Міне, осындай қиыншылықты жеңілдетуге, тұрмыстың небір ауыртпалығын еңсеруге бас-көз болған қайынағаларым болды. Әсіресе, “Аудан атасының” қамқорлығы зор. Бүкіл ауыл, әулеті Әбу қайынағамды “Аудан атасы” дейтін”, – дейді.
Ұлы атам Әбу Байзоллаұлы өмір бойы аудан орталығы – Пресновка ауылында тұрған. Колхоздастыру, ашаршылық жылдары атам жеткіншек болса да, еңбекке жастай араласқаннан ерте есейеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан атамның өн бойына жауынгерге тән қайсар мінез, сөз бен іске деген жауапкершілік қасиеттер дарыған. Соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жылдары өз қызметін есепшіден бастаған ол аудандағы банк жүйесінде көп жыл еңбек етті. Жұмысын абыройлы атқара білген атамды әріптестерінің көбі тәлімгер тұтса, енді біреулер қамқоршы санады. Мәселен, Сапар Шериұлы 1953 жылы Әбу атамның көмегімен “Железный” кеңшарына көшіп келгенін айтады. Сондағы кеңшар басшысы Андрей Кухаренко: “Әбу Файзулиновичтің туысы жаман болуға тиіс емес”, – деп үлкен сеніммен, құрметпен қарайды. Оның атаммен таныстығы байдың баласы болғандықтан, қиындық көріп жүрген адамның өмірін бір арнаға түсіріпті.
Атам басқарған ұжым биік белестен көріне білген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік банкінің ауыспалы Туы аталмыш аудандық бөлімшеге табыс етілген жылдар да болған. Әріптестері атамның: “Қалай істеуді білмесең – үйретеміз, міндетті істі атқарғың келмесе – мәжбүрлейміз”, – деген ұстанымға берік болғанын айтады. Атамның басшылық, біліктілік, адамгершілік қасиеттеріне қарап, оны өзіне тәлімгер санағандар аз болған жоқ. Солардың қатарында бір жылдары Преснов аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған И. Старченко, атамның әріптестері Т. Тілегенов, Г. Шипилова, Е. Солодушкина және тағы басқалар бар.
Атам – әулетіміздің биік тұлғасы. Талпын ауылындағы Гүлшат жеңгем келін болып табалдырық аттаған кезде атамды алғаш көргенін былай суреттейді: “Жұмыстан келсем, ұлы енем Ақжан жүгіріп жүр. “Апа, не болды? Неге абыржып жүрсің?” – деген сұрағыма ол: “Аудан атасы” келеді, құлыным, дайындал”, – деді. Көп сөзге келмей, ас қамына кірістім. Қазанға ет асылып, бауырсақ пісірілді. Төр көрпелер төселіп, қонақ күтуге сақадай сай отырмыз. Бір уақытта жеңіл көлік тоқтады да ішінен алпамсадай, зор денелі кісі түсті. Қасында көрікті, жылы жүзді апа бар. Олармен амандасып болған соң енем: “Аудан атасы”, мынау менің келінім, баяғы кішкентай Әсетімнің келіншегі”, – деді. Қонақ маған ойлы көздерімен бір қарады да, ұнатқан кейіппен маңдайымнан иіскеді. Осы сәтте алыстағы ата-анама деген сағыныш өршіп, көзім жасқа толып кетті…”, – дейді.
“Асқар таудың көлеңкесі алысқа түседі” дегендей, ұлы атам Әбу Байзоллаұлының даңқы шөбересі маған да жетті. Осындай адамның ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Өзі жоқ болса да, биыл 100 жасқа толып отырған атамның үйіміздің төрінде тұрған бейнесі маған адамгершілікке, адалдыққа, мейірімділікке жол сілтейтіндей…
Сөзімді атама арналған өлеңмен аяқтағым келеді:
Әбу ата, Сізде қандай арман бар?
Өзіңізді еске алатын жандар бар.
Жүргендейсіз ортамызда елес боп,
Бірақ, бірақ, Сізсіз атқан таңдар бар.
Тіршілікте талай жұмыс атқардың,
Талай әлсіз жандарды да жақтадың.
Ұрпағыңды ержеткізіп, өсірдің,
Келіп отыр жан сырымды ақтарғым.
Мағыналы, нәрлі өмір сүрдіңіз,
Талай жайсаң, арыстармен жүрдіңіз.
Біз де Сіздей абыройлы, аяулы
Бола жүріп, келеді өмір сүргіміз!
Зарина ФАЙЗУЛИНА.
Петропавл қаласы.