Отбасылық құндылықтарды насихаттап, ажырасудың алдын алуға бағытталған “Менің сүйікті отбасым” байқауы өз жалғасын табуда. Жаңа жобаға қатысуға өтініш берген бес жұп түрлі шараларға қатысып, сынақтар арқылы шыңдалуда.
Петропавл қаласының тұрғыны Алтай Сәдуов пен Зарина Кәженова жобаға ұлттық салт-дәстүрді барынша жақсы үйреніп, отбасылық өмірдің тамырын басып көру үшін қатысуға бел буған.
– Бүгін біз сәбилер үйіндегі дәрігерлермен, күтушілермен және бүлдіршіндермен жақынырақ таныстық. Ата-аналардың өз балаларынан бас тартқаны өкінішті. Алдағы уақытта Зарина екеуіміз осы мекемеге жиі келіп, туғандарынан жырақта қалған кішкентай балалармен кездесіп, қолымыздан келгенше көмектесіп тұруды жөн көрдік, – дейді Алтай Сәдуов.
Бүгінгі таңда сәби үйінде төрт жасқа дейінгі 52 бала тәрбиеленуде. Жобаны ұйымдастырушылардың бірі Галина Бондаренконың айтуынша, қатысушыларды бұл ретте сәби үйіне апарып, тәрбиеленушілермен кездестірудің өзіндік мақсаты бар. Ол – болашақ ата-аналардың балаға деген мейірімін еселей түсу.
Жоба үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 8-іне дейін жалғасады. Осы аралықта болашақ жас жұбайлар психолог, сәнгер, хореограф мамандармен кездесіп, қызықты да маңызды шараларға қатысады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.