«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕНІҢ СӘБИТІМ”

“Әрі ақын, әрі романшы, әрі драматург және әдебиет тарихының зерттеушісі – Сәбиттің аты қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі”, – деп замандасы Мұхтар Әуезов өзінің жоғары бағасын берген жерлесіміз, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына биыл 120 жыл толады. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында бірдей төгілтіп қалам тербеген қаламгер жайлы талай естелік жазылды. Солардың ішінде ең құндысы – Мәриям Қожахметқызынікі. Жазушы жайлы өмір бойы жанында жүрген жан жарынан артық ешкім айта алмасы анық. Газет оқырмандарының назарына 1993 жылы “Менің Сәбитім” деген атаумен жарық көрген, кейін қайта басылған естелікті ұсынып отырмыз.

Сәбит туралы естелік айтуға мен жалықпаймын, шырағым. Бүкіл өткен өмірім алақандағыдай, ап-айқын. Санамда күн сайын жаң­ғырып, небір әдемі көріністер көз алдымнан жылжи сырғанап, телевизордан өз өмірімді өзім көріп отырғандай әсерде болам кей-кейде. Сәбит кеткелі ширек ғасырдан асса да, жатсам-тұрсам ойлайтыным – өткен өмірім. Сәбит өлген жоқ, тірі деп өзімді-өзім сендіргенім сондай, таңертең ұйқыдан тұрғанда шалым серуенге кетіп, қазір оралардай сезінем кейде. Төсегімді асығыс жинап, тездетіп шайымды қоямын.

Отбасында Сәбең қандай еді, еске түсіріп көріңізші дейсің-ау, қалқам, оны еске түсіруге несіне қиналамын, көңілімде бәрі сайрап тұрса…

Мен үшін Сәбит тірі, оның рухымен күн сайын тілдесіп отырамын. Кеудеңдегі шыбын жаның басқа болған соң, жүре береді екенсің. “Сәбиттің қырқын бергенше шыдасам жарар еді” деп ойлаған Мәриям, міне, Сәбитсіз тіршілік еткелі де 27 жылдан асты… Сонда маған қуат беріп, екі аяғымнан тік тұрғызып жүрген – осы Сәбиттің рухы. Екіншісі – Сәбиттің музейі. Өт­кен өмірдің көмескіленбей, қайта жылдар өткен сайын жаңғыра түсуі осы музейдің арқасы.

Сәбиттің жұмыс кабинетіне келіп, диванға отырып, жан-жағыма қарасам болды, осы қазір өзі кіріп келердей елегізимін…

Қайтпас сапарға аттанғалы ширек ғасырдан асып бара жатса да, әр жұма сайын басына барып, гүлімді қойып, құлпытасын сүртіп қайту мен үшін осы жылдарда бұлжымас қағидаға айналды. Мына өздерің күнде кеңсеге асығып жетесіңдер ғой, сол сияқты басқа шаруаны қоя тұрып, алдымен Сәбитке барамын. Бар жаңалығымды “бөлісемін”, балалардың тіршілі­гін сөз етемін, немере-шөберелерінің өмірге келіп жатқанын айтып, “есеп” беремін. Менің өмірімнің мәні, тірлігімнің сәні – осы.

Сәбит екеуміз 47 жыл бірге өмір сүрдік. “Мәриям, 50 жылдық тойымызды дүрілдетіп бір жасайық­шы! Баяғыда сені алғанда, тіпті, ырымын да жасай алмадым-ау”, – дейтін. Үш-ақ жыл қалып еді… Тағдыр, шіркін, сол бір аз ғана жылды да қимады-ау, бізге!

Тумысынан жетім, бірге туған туысы жоқ Сәбит төрт ұл, екі қызға әке болды. Тым жұмсақ еді, балаларға ұрсып, зекіп көрген жан емес. Қайта мен қаталмын, зіркілдеп ұрсып жатсам: “Мәке, осылардың бірін аға, бірін іні, бірін нағашыдай көріп, еркелетіп ұстайықшы. Осылардан басқа кіміміз бар?” – деп отыратын. Ал менің оларды еркелетуге уақытым жоқ еді. Өйткені, бар шаруа өз мойнымда. Сәбиттің көңілі алаң болмасын, жазуынан қалып қалмасын деп шаруашылыққа мүлдем араластырмайтынмын. Қыста жағатын отын-көмір бар ма, балалардың киім-кешегі бүтін бе, қыстық соғымның жайы қалай, мүлде шаруасы болмайтын. Екеуміз қосылған күннен бастап біз үшін ең маңызды нәрсе Сәбиттің жазуы болды. Ол кезде қолына қалам ұстағанның бәрі қадірлі еді-ау, шіркін. Жазушы деген жоқтың қасы, қолмен жинағандай еді.

Осы тәртіпке балалар да жастайынан үйреніп, әкелері жазу үстеліне отырған кезде үйде бар-жоқтары білінбейтін. Қонақ келген кезде де, баласы жоқ үй секілді, тымтырыс болатынбыз. Алты баламыз бар екенін жақын жүргендер болмаса, шеттен келгендер аңғармай да қалатын. Әлде біз тым қатал болдық па, әлде сол заманның балалары ерекше ме еді, әйтеуір, осылардың қалай өсіп, адам болғандарын байқамай да қалған сияқтымын. Балалар жайлы кеңірек тоқталсаңыз дейсің бе… Е…е, қарағым-ай, көңілі бүтін кім бар дейсің, әйтсе де “Балалардың алдында алсаң екен” деген тілегімнің де шеті кетілгендей. Сәбиттің Арыстаны, Мараты мен кіші ұлы Ботажаны бұл өмірде жоқ қазір. Алғашқы көрген немереміз, атасының мойнына сап, еркелеткен Бақытжаны да о дүниелік. Осылардың қазасын көру маған оңай соққан жоқ. Бір қауым ел едік. Селдіреп-ақ қалғандаймын…

Маратым әкесінің үміт артқан баласы еді. “Ақылды тентегіміз” қолына қалам ұстап, әкесінің жолын қуды. Елге танымал тарихшы, ғылым докторы атағын да алды. 69 жасында кете барды. Артында көп еңбектері қалды. Жалғыз ұлы Балапаны қалды. Жақында ғана келінім Мәриям (оның аты да Мәриям) жылын беріп, басына жақсы ескерткіш қойды. Риза болдым.

Ботажан 1937 жылдың төлі еді. Шілдеханасында Сәкен аға қалжындап: “Мұның атын Бұзаужан деп неге қоймадыңдар?” – деп күлгені бар еді. Ол кеткелі де алтыншы жылға кетті. Ұзақ жылдар бойы осы Алматыдағы ботаника бағының агрономы боп істеді. Ұлымның қолымен егілген қаншама ағаш жайқалып тұр… өзі болса 50-ден енді аса бергенде кете барды. Аздың көбеюі, көптің азаюы – Бо­тажанымның көзіндей боп Адай атты немерем жүр.

Сәбит балаларының бетінен қақпады. Жолдарынан да қалдырмады. Арыстан мен Маратты Мәскеуге, Алтай мен Ботажанды Ленинградқа (Санкт-Петербург) жіберді. Балалар жаман болған жоқ. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, жұрт қатарлы тіршілік етуде.

Алты бала бір төбе де, Сәбиттің өзі бір төбе еді, жарықтық. Бақшаға апаратын баладай, жұмысына барарда тамағын беріп, киіндіріп, папкісін қолына ұстатып, есік­ке дейін шығарып салушы едім. Кейін жас ұлғайған шағында: “Мәке, мені жолға салып жіберсеңші”, – деп отырушы еді. Тіпті, өзі күнде мініп жүретін мәшинесінің нөміріне шейін ұмытып қалып, екі күннің бірінде менен: “Мәке, осы біздің мәшиненің нөмірі қандай?” – деп сұрап жүретін. Мен сол кезде кәдімгідей ыза болатынмын: “Жаз­ған-ау, осы сен не білесің? Союздың жұмысынан басқа білерің бар ма?!” – дейтінмін. Ондай кезде күлетін де қоятын. Сәбиттің балаға лайық кейбір мінездерін осы күні жиі еске аламын. Оның жұрттан бір ерекшелігі – қалтасына ақша салмайтын. Жұмысқа барарда “қалтаңда жүрсінші” деп салсам да, қалдырып кетеді. “Түсіріп аламын, маған ақша не керек”, – дейтін. Күнде кешке жатарда: “Мәке, күлсалғышымның астына бір сом қыстыра сал. Таңертең қырынып келемін”, – дейді. “Оу, күнде бір сомдап жүргенше, алсайшы адам сияқты”, – десем де көнбейтін. Таңертең ерте оянушы еді. Менің ұйқымды бұзбайын дегендей сыбдырсыз орны­нан тұрып, шығып бара жатады. Мен жатушы ма едім?! Тұрып, үйімді жинастырып, шалымның ертеңгілік шайына жұмсақ нан, не ыстық құймақ пісіре қоямын. Салқын қазыдан турап, үстелді жасап қоямын. Сәбитім кешіккен соң “көрінбей ме екен” деп балконға шықсам, қасында біреулер бар, орындықта әңгімені соғып отыра­ды. Мені көзі шалып қалып: “Ал, жігіттер, Мәкеңнің шайын ішіп кетіңдер”, – деп ертіп келе жатады. Екеуден екеу оңаша қалатын кезіміз сирек еді. Кейде: “Бәлі, мен сені ұйықтасын деп үйге кірмей жүрсем, сен талай шаруаны тындырып қойыпсың ғой”, – деп риза кейіппен арқамнан қағушы еді. Мен де риза, ол да риза, керемет бір жаймашуақ, жып-жылы күндер еді ғой ол кез.

“Отыз ұлыңнан осырақ шалың артық” деген сөз біздің Сәбиттей адамдарға айтылған болар-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, шалдардың бәрі бірдей емес қой…

Қыстық соғымның да міндеті өз мойнымда болушы еді. “Соғым таңдау – ер адамның жұмысы. Өзің бар”, – деп айтып көрмеппін. Соғым түгіл, Мәриямсыз киіне де алмайтын Сәбиттен не сұрарсың?! Қалам ұстағаннан басқа өнері жоқ еді, жарықтық!

 
Мен аяқ-табағымды даярлап, со­ғымды сойғызып алып келу үшін жиналып жатамын. Менімен көбінесе Арыстан жүреді. Сәбит болса, қипақтап: “Ал, Мәке, соғымың семіз боп, көңілді орал”, – деп тілеуімізді тілеп, шығарып салады. Қашан мен келгенше орнығып отыра алмай, терезеден қарауыл қарап, жүреді де қояды екен. Есіктің алдына мәшинемен келіп, түсе бастаймын. Бірден терезеге қараймын. Сәбиттің басы қылт ете түседі. Күтіп жүргенін көріп, ішім жылып кетеді. Сол кезде үйдегі қыздарға: “Шешелерің келді. Тездетіп тамақтарыңды ысытыңдар. Шай дайын ба? Соғымы көңілден шыққан болу керек, жүзі жайдары екен”, – деп балаша байыз таппай, әрлі-берлі жүріп кететін көрінеді. Мен баспалдақпен жайлап көте­ріліп, екінші қабаттағы есігіміздің алдына жеткен кезімізде, көптен көрмеген досын көргендей, есікті айқара ашып, күліп қарсы алдымда тұрады. Қайта оралмас күндер-ай! Сол кездегі ыстық ықылас, риясыз көңілге мына дүниеде тең келер ештеңе жоқ екен-ау!

Сәбитпен бірге талай-талай алыс жерлерге сапар шектім, небір жақсы-жайсаңдармен дәмдес болдым. Балалардың жас кездерінде де Мәриям онша қинала қоймайтын. Үй шаруасын түннің бір уағына дейін жүріп, тындырып, балалардың тамағын дайындап, күндіз түк көрмегендей кинотеатрымызға барып, бақшаға барып, қы­дырып, өңкей жас әйелдер сақ-сақ күліп, шалқып жүруші едік, шіркін! Осы арада ұмытпай тұрғанымда бір қызықты айтайын. Ең кіші қызымыз Жанна 1945 жылы туған. Арыстан сол кезде 18 жаста. Жаз кезі. Алматыда футбол болады деп жұрт дүрлігіп жүр екен. Жаннамыз үш-ақ айлық. Сәбит: “Мә­риям, футболға барасың ба?” – деді. Мен қалушы ма едім, баланы еміздім де, Арыстанға тастап кете бардым. Футбол керемет қызық, таңсық ойын екен, жуық арада біте қоймады. Бала естен шыққан. Емшектің сыздағанын да елең қылмаппыз. Кешке қарай үйге келсек, баланың іші тырсиып, кеуіп кеткен. Жылаған сайын Арыстан бөтелкеге құйып, дайындап кеткен сұйық тамақты үздіксіз бере беріпті. Өзі ашулы, әбден шаршаған. Әй, жастық-ай, десеңші! Ойын-сауық десе, құлағымыз елеңдеп, тықыршып тұра алмаушы едік. “Пәлен жазушы Мәскеуге жиналысқа жүрейін деп жатыр екен” деп естісек болды, “жолың болсын” айтуға жиналамыз дуылдасып. Мәскеуден келер кезде улап-шулап қарсы алып, тағы бас қосамыз. Әйтеуір, күнде қыдырыс десем, өтірік емес. Бір-бірімізді көруге асық боп, ұшып тұрушы едік. Сағындым сол күндерді!
Сәбит көпшіл еді. Орыс болсын, украин болсын, қай ұлт болмасын бәрі де бізді құшақ жая қарсы алатын. Солардың бәрімен де тіл табысып, шүйіркелесе кететін. Түрікменмен кездесе қалса, түрікменнің бір тарихын, латышпен кездессе, сол латыштардың бірдемесін айта жөнеліп, аналардың аузын аштыратын. Ішімнен: “Қайдағы-жайдағылардың бәрін түгендеп, қай уақытта үлгереді бұл”, – деп таңғалушы ем кей кезде. Адамдармен қарым-қатынаста өте қарапайым болатын. Дүйім халықтың оны қатты жақсы көруі де содан болар. Өте қонақжай еді. Елден келген адамдардың бәрі де Сәбитті іздейтін. Кей-кейде қажып, әйелміз ғой, күңкілдеп ренжісем де, Сәбитке білдірмеуші ем. “Бәленшенің баласы үлкен қызметкер болыпты, үйіне кісі келсе жақтырмайды екен”, – деп айтар деп бар қонағын қабақ шытпай күттім. Сол әдеттен әлі де арыла алмай келемін. Аяқ астынан біреу Сәбиттің үйін іздеп кіріп келер деп, әрдайым қамырымды даярлап, етімді пісіріп, өзімше сақтанып отырамын. Келген адам ас-су ішіп кетпесе, өрескел ұят санаймын. “Қазір заман басқа, арнайы шақырмасаң ешкім де бас сұқпайды, несіне әбігер боласыз”, – деп ақыл үйретушілер көп-ақ маңайымда. Бірақ үйреніп қалған әдет, жайбарақат бәрібір отыра алмайсың. Құдайға шүкір, “Сізге сәлем беруге келдік” деп іздеп келушілер баршылық. Шалдың арқасы ғой, әйтпесе, жұрт Мәриямды не қылсын?!
Алыс бір жаққа жол жүрерде Сәбит мені қасынан қалдырғысы келмейтін. Мына тұрған Мәскеуге де жалғыз бармайтын. Ыдыс-аяғымды, кесе-шәйнегімді сүйреп бірге жүремін. Сәбит қазы-қартаны молырақ салдырып, кездескен жұртты сыйлауға күні бұрын қамданып жүреді. “Біздің келгенімізді естісе, елдің жігіттері келеді ғой”, – деп отыратын. Шынында да, қайдан естіп қоятындарын білмейсің, “ассалаумағалейкүм” деп алдымыздан шығып тұрады.
Кейде мен: “Осы жолы үйде қалайын. Жұрт сөз қылатын шығар, қасынан қалдырмайды екен деп”, – десем де, көнбейтін. “Үйдің тірлігінен қажисың ғой, жүр. Балаларға Арыстан ие болады. Сергіп кайтасың”, – дейтін. Кешкі асымызды ішіп болғаннан кейін күнде кешке екеуміз серуенге шығамыз. Дастарқанды балалар жинайды ғой деп асықтырып алып шығатын. Екі күннің бірінде театрға барушы едік. Жаңа спектакль болса, жұрттың алды болып көреміз. Осы күні сендерді байқап отырсам, театр, концертке бардық дегенді айта қоймайсыңдар. Е-е, замандарың осындай болып тұр ғой, кінә жоқ. Ал Сәбит театр десе ішкен асын жерге қоюшы еді. Мәскеу, Ленинград қалаларында болған сайын театрға бармай кеткен күніміз жоқ. Затымыз әйел болған соң, қызылды-жасылды дүниеге де қызығамыз ғой. Ол кезде жақсы дүниенің бәрі Мәскеу мен Ленинградта. Алматыда іздеген дүниеңді табу оңай емес еді ғой.
Таныстың танысын іздеп әуре болушы ек. Қазір ғой ақшаң болса, қалағаныңның бәрі бар. Ол кезде басқаша болатын. Содан, Мәскеуге келгеннен кейін, дүниенің дүкеніне барғым келеді де тұрады. Өзім ғана емес, қаншама жазушылардың әйелдері тапсырған заттары бар. Солардың бәрін де ренжітпей ала баруым керек. Сәбит болса, алдымен кітап дүкеніне барады. Керек кітабының бәрін балалар мәшинеге тиеп, кітаптарды үйге жеткізеді. Музейдегі 4 мың кітап осылайша жиналған. Бала-шаға, тамыр-таныс талай сұрап келсе де, бір кітапты бермедім. Қашан музейге тапсырғанша, айырылып қалардай, мазам болмады. Осыны оқыған жұрт ойлар: “Не деген қаттылық, балаларынан да аяғаны ма?” – деп. Шынымды айтсам, Сәбиттің қалам-қағазын, кітабын, ол түгіл, жазу жазған бір парағын да жан біткеннен қызғандым. Балалардан ештеме аямайсың ғой, бірақ солар қадірлей ала ма деп қорқасың. Ол заманда жұрттың бәрі орысша оқыды. Заман орысша білгенге жол ашты. Ал Сәбіттің кітапханасындағы небір қазақша қисса, ертегілер, батырлар жыры жылдар бойы тірнектеп жиналған дүниелер еді ғой. Оның Сәбит үшін қаншалықты қымбат болғанын мен ғана білемін. Өйткені, мен өмір бойы Сәбитпен бірге жүріп, сол кітаптарды бірге арқаладым.
Телевизор деген де кейіннен пайда болды ғой. Алғашқы кездері балалармен бірге біз де қызықтап, көріп жүрдік. 

Жүре келе, Сәбитке осы телевизор ұнамауға айналды. Кейде қызықты кино болып, мен де отыра қаламын балалармен бірге. Ондайда әрлі-берлі жүріп келіп: “Мәке, қойшы осы телевизорды. Балалар көре берсін. Жүр, екеуміз кабинетке барайық. Әңгіме со­ғайық”, – деп ақырын иығымнан қозғап алып кетеді. “Мен не әңгіме айтушы едім? Үйде отырып қалған әйелмін (Әдейі шымшып айтамын. Оқытпадың деген өкпем ғой. Қайдағы бір шұбатылған әйелдер өздерінше оқымысты боп жүр ғой. Мені оқытқаныңда бір жерден шығар едім-ау деймін ғой, баяғы). Әңгімені сен айт, далада не қызық болып жатыр екен?” – деймін. Сөйтіп сен айт, мен айт деп отырып қызу әңгімелесіп кеткенімізді байқамай да қаламыз. Жазуын жазған кезде өзімен-өзі ғой, ал былайғы уақыттың бәрінде де ойымыз да, көңіліміз де бір болатын. Оқытпадың дегеннен шығады. Әлгіндегідей өкпемді айтқанымда, Сәбиттің сондағы жауабы әлі күнге дейін құлағымда тұрғандай: “Әй, Мәриям-ай, сен оқымасаң да өмір бойы биікте жүресің, соны есіңе ұста”, – деп еді. Шалымның айтқаны келді, көңілімді ешкім жүдетіп көрген емес…

Сәбит менің әдемі киініп, жайнап жүргенімді қатты ұнататын. Тек көйлектің жаға-жеңінің тым ашық болғанын қаламайтын. Мен бір жаңа көйлек тіктірер кезде: “Мәке, молдау қылып тіктір. Етегі тізеден төмен болсын”, – деп отыратын. Жаңа көйлекті киіп, әрлі-берлі жүрсем: “Түу, жайнап кеттің ғой!” – деп балаша мәз болатын. Бірақ менің қызыл түстіден көйлек кигенімді ұнатпайтын. Бір жолы оған ұнамайтынын білсем де, адуын мінезіме басып, қызыл крепдешиннен көйлек тіктірдім. Қып-қызыл дейтіндей де емес, күрең қызыл. “Қартайып тұрған жоқсың. Біз қатарлының бәрі киеді”, – деп қыздырушылардың да әсері болды. Сонымен, көйлек дайын. Барып алып келдім де, шифоньерге іліп қойдым, арғы жағым біртүрлі қипақтап жүрмін. Бір күні қонаққа баратын болдық. Не де болса киейін деп жаңағы крепдешин көйлекті кидім. Жарасып-ақ тұр. Қымбат мата. Жұрт қызығатындай. Аяқта біз өкше қара туфли. Қап-қара қалың шашты тоқпақтай ғып түйдім. Қырықтың ішіндегі кезім ғой. Қайран, дәурен-ай! Сол кезде ғой өзімізді кәрі санаймыз. Қайдағы! Қазір ойласам, ең бір әдемі кезіміз екен. Содан қызыл көйлекпен Сәбиттің көзіне көрінейін. Алғашында жарқ етіп көрінгеніме таңданғандай боп, іле-шала: “Қылымсыған қатыны – қызылдан көйлек киеді”, – деп Шал ақынның айтқаны бар еді…”, – деп ақырын күңкілдеп, әрі бұрылып кеткендей болды. Қонақта отырған ғұрлы болмадым, маза жоқ. Көп ұзамай ауылдан көп қонақтың бірі боп, менен де кәрілеу бір жеңгеміз келе қалды. Қуанғаным-ай! Құрметтеп қызыл көйлекті сыйладым. Разы боп ол кетті. Содан былай қызыл көйлек кимедім.

Сәбит келіндерін де қатты қадірледі. Біреуіне оғаш сөйлеп, көңілдерін қалдырған емес. Үлкен келініміз Энгелина – Ғабиттің тұңғышы (Ғ. Мүсірепов) Арыстан екеуі көңіл жарастырып қосылды. Он төрт жыл бірге тұрдық. Өзі де момындау, менің адуын мінезімді үндемей жеңеді. Шәй дескен жоқпыз, біздің Баян мен Жаннамыздай болды. Әбден бауыр басып кеткенімізде, келінімізбен жылап айырылыстық. Үйіміз қарама-қарсы. Балконға шықсақ, бір-бірімізді көреміз. Сол қарыс жерге кө­шерде жаман қиналдық. Алғашқы күндері біздің үйден тамақ ішіп жүрдік. Қашан үйреніскенше екі арада сабылып жүрдік те қойдық.

Арыстанның бес баласы да менің бауырымда болды десем, артық айтқаным емес. Алғашқы көрген немереміз – Бақытжан, Нәйлә, Кәмила, Кәрім мен Сәкен – бәрі де бізге үйір болды.

Нәйләмді ерекше атағым келеді. Атасының үлкен үміт артқан немересі. Кішкене күнінен ерекшелеу, пысықтау болды. Оқуға да зерек, атасының шығармаларын шетел тіліне аударып, тілмәш болсыншы деп, француз тілінің мамандығына оқыттық. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып сөйлесе алады, сөзі де, ісі де орнықты. Ата-сының музейін 15 жылдай басқарып, күйеу баламыз – Мұраттың қызмет бабымен қазір Америкада жүр.

Кәмилам, қасымда жүрген қарғам, сенерім осы қыз. Қандай тапсырмам болса да, екі етпей орындап, үкідей ұшып тұрады. Ақкөңіл, ақжүрек. Мінезі Сәбитке тартқан. Мұны берген Құдайға да рақмет деп отырамын.

Орыстан келін алу біздің де маңдайымызға бұйырған. Ортаншы ұлымыз Алтай Ленинградтағы инженерлік оқуды оқыды (Инженерлік-құрылыс институтының әскери-теңіз факультеті – Г.Қ.). Оқуын аяқтаған соң осы Валяны ертіп келді. Үкінің баласындай үлпілдек, үріп ауызға салғандай сүйкімді бір жан екен. Жасырып не керек, Сәбит басында қиналды. “Апыр-ай, Мәриям-ай, біздің де бала орыстан алды-ау”, – деп қиналды. Кейін осы Валя үйге келсе, қасына шақырып алып, арқасынан қағып еркелететін болды. Көңілге күдік ала келген келініміз қазағыңнан артық болмаса, кем болған жоқ. Алтайымды қандай күтеді! Өздері сондай тату. Нұрланы мен Ләйласы да – тәрбиелі балалар.

Ағасынан үлгі алды ма екен, білмеймін, Ботажанымыз да бір күні Люда келінімізді ертіп кіріп келді. Бір кездегі құмырсқа бел келінім – осы күні байсалды бәйбіше. Обалы не керек, бетіме қарсы келіп көрген жері жоқ, мамалапақ тұрады. Осыларға бір риза болғаным – аталарының қазасында дауыс сап зарлағандарын көрсең! Айналайындар, жиналған жұртты жылатты ғой! Зарламай қайтсін, Сәбит те бұларға туған әкелеріндей болды. Арқаларынан кағып, балаша еркелететін. Бұл күнде келіндер де аталарының сол қылығын сағынышпен еске алып отырады.

Қыздарын ерекше көруші еді. Төрт ұлдан кейін туған қыздар тәтті болды. Осыларды күйеуге берген кезімізде: “Жанымдай жақсы көретін балаларым еді, қайтіп басқаға қиып, көзімнен таса қыламын?” – деп көңілі босамасы бар емес пе? Мен: “Баяғыда ғой, мені он алты жасымда ауылды шулатып, әжемнен айырып алып, жер түбі – Қызылордаға алып кете бардың. Құдай-ау, сонда орта жолда тастап кете барсаң, ауылдан шығып көрмеген, бір ауыз орысша білмейтін мен байғұс далада қаңғырып қалам-ау, ә! Ал қазір ғой, жастары келген қыздарыңа жылап отырсың”, – деп сөйлей бастаймын. “Апыр-ай, Мәке қатты екенсің ғой”, – деп тағы бастайды. Осы күні екі қы­зым Баян мен Жанна әкелерін еске алғанда сонысын айтып, жылап-жылап алады. Баяннан Асқар атты немерем бар. Ал кіші қызым Жаннаның өзім өсірген Гауһары мен Есен атты ұлы бар.

Бірге өткізген жарты ғасырға жуық уақыттың ішінде Сәбит екеуміз көңіл қаларлықтай ауыр сөз айтып көрмеппіз. Қас-қабақтан ұғысып, нені болса да түсіністікпен қабылдаушы едік. Таңертең ұйқыдан оянғанымызда бір-біріміздің жүзімізге үңіліп, қалай ұйықтағанымызды сұрасып, бәйек болушы ек. Өз балаларымыздың алдында болсын, былайғы жұрт алдында болсын, бір-біріміздің қадірімізді түсіріп көрген емеспіз. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне қадірлі болуы екеуіне де байланысты ма деп ой­лаймын. Жазушының да жазушысы бар. “Мен ақынмын, жазушымын, маған бәрі жарасады”, – деп жынды суға үйір болып, бала-шағасын ұлардай шулатқандарды да көргенбіз… Менің пешенеме Сәбиттей жазушыға жар болуды жазыпты. Маңдайымның бағы бар, әйтпесе бір әкеден жалғызбын, туған-туыс жоқ. Осы күні Мәриямның не боларын бір Құдайдың өзі біледі. Қыздарым қалжыңдап: “Біздің папамыз болмаса, баяғыда бір сасық байдың баласына тиіп, ауылда қалар едің”, – деп әкелерін аспандатып отырады. Олары рас, кішкене күнімде бір байдың ұлына атастырып қойған екен. Заман өзгеріп, ол байғұс Сәбит әкетіп бара жатқанда тыпыр етуге шамасы келмей қалыпты.

Біздің Сәбиттей адамға жар болу әрі оңай, әрі қиын. Оңай дейтінім, ол табиғатынан өте жұмсақ адам еді. Алақаны қандай жұп-жұмсақ, жып-жылы болса, жаны да сондай нәзік, мейірбан болатын. Еркек болып орынсыз не бала-шағаға, не өзіме зіркілдеп, дауыс көтеріп көрген емес. Жақынын жаттай сыйлау деген осы болар, сірә. Алғаш қосылғаннан бір-бірімізді сыйлай білдік. Өзіңді еркелетіп, арқаңнан қағып отырса, ондай жазушыға қуана-қуана жар боласың. Оңай деуімнің мәнісі осында.

Ал енді қиынына келейік. Тағдыр қосып, ақын-жазушыға жар болған әйелге өз қара басының қамы дегенді ұмыту керек. Егер үй боламын, ұрпақ өсіремін десе. Өйткені, сенің Құдай қосқан қосағың күнделікті қарапайым тіршілікке бейімсіздеу келеді. Оның есіл-дерті өзінің жазуы. Қаламы жүрмей, ойындағысын қағазға түсіре алмай қиналса, жалғыз өзі ғана емес, бала-шағамызбен түгел берекеміз қашып, аяғымыздың ұшынан басып қалушы ек. Өстіп жүрген адамға қайтіп қана “анау жоқ, мынау жоқ” деп тіршіліктің ұсақ-түйегін айтып мазасын аласың. Біздер кең заманда өмір сүрдік. Адамдардың ниеті де кең еді. Жасырақ кезімізде болмаса, таршылықты біле қойған жоқпыз. Жұрттың бәрі ақын, жазушы болсам деп ұмтылатын. Қалам ұстағанның бәрі қадірлі еді. Бойында Құдай берген таланты бар адам жерде қалмайтын. Ал қазір бәрі керісінше болып жатқан тәрізді. Мен білетін біраз жазушының “жазуды доғардық” дегендерін өз құлағыммен естідім. Осыны естігенде: “Құдай-ау, енді не істейсің? Жазудан басқа қолыңнан не келеді?!” – деппін шошынып.

Ақын-жазушы дегендеріңнің былайғы жұрттан бір ерекшелігі – олар өте сезімтал. Байқамайтын­ды байқап, сезбейтінді сезіп қояды. Содан болар, түкке тұрмай­тын нәрсеге ренжіп, болмашыға естері кетіп қуана салады. Күлуі де, жылауы да тез, қиын дегенім осы. Қасындағы күйеуің күніне қы­рық құбылып отырса, сен де соның ыңғайына жығылуың керек. Өйтпесең, үй болуың қиын.

Өзінің отбасында қадірі болмаған еркектің далада да сыйлы болуы қиын шығар. Бірақ Сәбит қа­дірін қолдан жасаған жоқ. Біз үшін Сәбиттің жазуы өміріміздің мәні болды. Сәбит алдымен маған осыны ұқтыра білді. Сәбит арқылы жазушының бәрін жақсы көріп, сыйлай білдім. Алғаш қосылғаннан-ақ: “Мәке, мен алаңсыз болайын. Жазуыма жағдай жаса”, – деп еді. Ол тілегі орындалды, шаруашылыққа мүлде араластырғаным жоқ. Газды қалай жағып, қалай өшіруді де білмей кетті. Алдына дайын ас келеді. Басқаны ойлап бас қатырып көрген жан емес. Мәриям – әрі еркек, әрі әйел. Міне, осылайша 47 жыл өмір сүрдік.

1993 жылы Сәбиттің арамыздан кеткеніне 20 жыл болды. Тірісінде араласқан, дәм-тұзымызды бірге бөліскен ескі көздердің біразын жинадым. Бар жиған-тергенімді дастарқанға салдым. Өзімнің де, олардың да қанша жүрері белгісіз, тірісінде біразының бастарын бір қосайын дедім. Заман болса, мынау, құбылып тұрған. Сонда дастарқан басында марқұм Мұхаметжан Қаратаев, өзі ауырып жүрсе де келген еді, өзіне сөз кезегі келген кезде толқып тұрып былай деді: “Апыр-ай, Мәке, осы жасыма дейін талай жиынды көріп ем. Өмірден қайтқанына бір жыл, екі жыл, бес жыл дегенді естіп ем. Ал бірақ мынадай “арамыздан кеткеніне 20 жыл болды” деп еске алғанды естіген де емен. Шіркін, Сәбең бақытты екен”, – деп көзіне жас алды. Жиналғандардың бәрі де жылады. Себебі, бұлар жастары ұлғайып, күш-қуаты кеміп, қамкөңіл боп жүрген қарттар ғой. Бәрінің де көкейлерінде “Біздің артымыз не болар екен?” деген сауал тұрғаны сөзсіз еді. Мынау деген талай жазушының өзі кеткен соң үйінен май иісі шықпақ түгіл, есігінің қайда екенін де ұмыттық қой.

Жақсы әйел кездессе, жазушы­ның бағы. Жақсы әйел дегеніміз кім? Менің түсінігімде – ол әйел алдымен таза, ұсынақты, берекелі адам болуы керек. Қазақ “Шешесіне қарап, қызын ал” дейді. Әйел адамның анау-мынау те­ріс қылықтарын түзеуге болар, ал салақты түзей алмайсың. Әйелі салақ үйде жылылық та, береке-бірлік те болмайды. Күйеуің жұмыстан келгенде есіктен төрге, төрден есікке дейін үйің ыбырсып жатса, өзіңнің шашың бодаланып, кір-кір халатпен алдынан шықсаң, пісірген тамағың дәм жоқ, тату жоқ ботқа болса, Сәбитті білмеймін, жұмсақ адам ғой, әй, өзім еркек болсам, ондай үйден өзім тұра қашар ем…

Баяғыда бала кезімізде “шіріген бай екен” дегендердің үйіне әжеммен талай еріп барған кезімізде, тіземізді бүгіп, жайғасып отыратын дені дұрыс тулақ көрмей, жиған жүктерінің кір иісі қолқаны ататын сасық байлардың талайын көргенбіз. Қолдағыны ұқсатып, от басын жайнатып ұстау – әйелдің міндеті. Еркек аз болсын, көп болсын тапқанын әйелдің колына әкеліп береді. Ал сол азды жеткізіп, көпті көрсете білу де әйелге байланысты. Том-том кітаптары шыққан, күреп ақша тапқан талайлар болды. Солар бірақ берекелі болмады. Мол дүниені шашпай-төкпей ұстаудың өзі де өнер.

Сәбит қайтқалы 27 жылдан асып барады. Көзі жұмылған соң кітабының шығуы да сиреді. “Сә­биттің қалдырғаны жететін шығар, Мәриямға ақша не керек?” дегендерді де естідім. Ондайларға айтарым: Сәбиттің жиған-тергені түгіл, жиырма жылдың ішінде атақты Арал теңізінің өзі де тартылып кетті ғой. Теңізден көлшік калмағанда, Сәбиттің ақшасы не, тәйірі.

* * *

…Сәбиттің балаға тән мінезде­рі көп еді. Аңқаулығы елде жоқ аңқаулық. Майын тамызып айтқан сөзге жас балаша сенетін. Жап-жас қазақ жігіттерінің Сәбитті қалай қақпандарына түсіргенін айтып берейін…

Сәбиттің 70 жылдық тойын өткізіп, абыр-сабыр басылған кез. Менің жұмысым бітпейді ғой, тағы да сол базарға кеттім. Керек-жарағымды алып, найқалып үйге келсем, әңгімені соғып, Сәбитті мәз-мейрам ғып, бейтаныс екі жігіт отыр. Дастарқан жаюлы. Күрең шайды тартып отыр рақаттанып. Мен Сәбиттей емеспін, бірден елп ете қоймаймын. Жай ғана амандасып өте бердім. “Мәке, келе қалғаның дұрыс болды-ау. Мына жігіттер Зайсаннан. Нәйлә қызым өзіңді күттірмей, міне, дастарқан жасап берді”, – деді Сәбит.

“Е, дұрыс болған… Алыс жердің адамдары…” – деп сөзімнің аяғын жұта сөйледім.

“Бұл жігіттер мына Шамалғанға мал сатуға келіпті. Өзің білетін пә­лен ақсақал, түген ақсақал маған сәлем айтыпты. Бізге арнап бір ту байталды қоса жіберіпті. Тағы бір аңшы қарт бар еді, сол кісі Алтайдың қызыл түлкісінің терілерін таңдап салыпты. Ертең мына жігіттер байталды сол жақта сойып, мүшелеп, бір-ақ алып келмекші… (Мен көз қиығыммен жігіттерге қарап қоямын, жылтырлау ма, қалай…). Қазір бір қиын жағдайға душар болып тұр екен, әкелген малдарының справкасы дұрыс емес деп, 500 сом айып салыпты. Қысылғаннан маған келген ғой. Ертең малдары өткен соң қайтарамыз деп отыр. Мәке, әкеле ғой”, – деп Сәбитім ұшып отыр. Арғы жа­ғым онша ұнатыңқырамаса да, енді не істейсің, амалсыз ақшаны санап, әкеліп бердім. Сәбитке аналардың көзінше не дерсің?

Әлгілер ақша қолдарына тиісімен-ақ, лыпылдап: “Уақытымыз тығыз, милиция малды ұстап отыр. Апай, ыдыс-табағыңызды да­­йындай беріңіз, ертең түске дейін байталды сойып алып келеміз”, – деп сарнап тұр. Жарайды деп біз қала бердік.

Таң атты. Түс болды. Байталдың етіне арналған тегене-табақ дайын. Кеш болды. Тым-тырыс. Сәбит әлі жайбарақат. “Бүгін үлгермеген шығар”, – деп қояды ара-арасында. Бір күн күткен ештеме емес, бір апта күтіп, бір айдан соң күдерін үзді. Ренжігенін білдіргісі келмейді. Мен анда-санда шымшылап, күлкі үшін тиісіп қоямын: “Туу, мына байталдың семізін-ай, шіркін! Түлкі жағалардың құлпыруын! Жақсы болды ғой, қымбат велюрден пальто тіктірейін”, – деп әжуалаймын кеп. Сәбит қысылғаннан: “Антұрғандар, алаяқтар екен ғой”, – дей береді төмен қарап. Міне, осындай қуларды да көрдік. Маған батқаны – жарайды, мені алдасын. Әйелмін ғой. Халықтың аузында жүрген Сәбитті алдауға қалай ғана дәттері барды екен десеңші?!

Сәбиттің тағы бір қылығы есіме түсіп отыр. Осы күнгі музей ашылған үйге 1965 жылы көштік дедім ғой. Жаңа үйге кірген соң бір жақсы жиһаз алайық деп, осы күні музейде тұрған (қонақүйдегі) гарни­турды алдық. Сәбиттің кабинетіне де шетелдік әдемі үстел, кітап жинайтын шкаф алдық. О кездегі дүниелер қандай, шіркін?! Қырық жылдай болды, әлі күнге өңдерін берген жоқ қой!

Бәрін орын-орнына қойып, жи­нап жүрміз. Бір кезде Сәбит бұрыннан тұрған, Алтайдан өзі арнайы сұрап алған, қолдан жасатқан бір ескі этажерка бар еді, соны сүйрелеп апарып, дәл төрге, жазу үстелінің қасына апарып қойып жатыр. Тым ескі екені су жаңа дүниенің қасында көрініп қалды. Алтай әскери қызметте көшіп-қонып жүрді ғой. Тұрақтап бір жерде тұрмаған соң мебель де жинай алмайды. Солдаттардың қолынан шыққан этажерка. Сәбит соған қызығып, әдейі сұрап алған. Балалар, әсіресе, кірпияз қыздар: “Папа, мүлде келіспейді ғой, түрі жаман”, – деп шу ете қалып, жағаларын ұстады. “Қайтер екен”, – деп мен тұрмын. Сәбит болса аспай-сас­пай: “Маған әдемілігі керек емес. Мына этажеркаға үйреніп қалғанмын. Күнделікті қажет кітаптарымды, қағаздарымды қоюға өте ыңғайлы”, – деп бой бермей қойды. Алғашында бәріміз де риза болмай, жұрт көрсе күледі-ау деп менсінбей жүрдік. Сәбиттің қаперіне де кірмейді. ЦК-ның секретары келсе де, сол этажеркасын жатып кеп мақтары даусыз еді. Ол үшін жып-жылтыр, қарасаң жүзің көрінетін гарнитурың­ның түкке де қажеті жоқ еді. Сол этажерка музейде, Сәбит өз қолымен қойған жерде әлі тұр.

Сәбит қайтыс болғаннан кейін бір жыл бойы үйден шықпай қара жамылып отырдым. Барлық шаруаны түзде Арыстан, үйде қасымдағы Нәйлә немерем тындырып отырды. Кісі аяғы саябырсығанмен де, басылған жоқ. Жоқтауым да таусылмады. Іштегі өрт басылар емес. Біреу шын жаны ашып келеді, біреу осы қалай екен дегендей сынай келеді. Сол бір қиын күндерде ылғи қасымнан табылып, көңілімді аулап, жұбаныш болған бір адам бар. Ол – марқұм туған құдам Бутин Мәжікен деген кісі. Ұлы Ерік пен біздің кіші қызымыз Жанна үй болып, отау тіккен еді. Жанна келін боп түскен соң көп ұзамай Мәжікен тамақ өнеркәсібі министрінің орынбасары боп қызметі жоғарылады. “Келіннің аяғынан” деп өздері ырым ғып, Жаннаны жақсы көріп кетті. Құдам керемет пысық адам еді. Бауырмал, үнемі көңілді жүретін. Жай жүрмейді, жұртты күлдіріп, езу жиғызбайды. Сәбит қайтқан алғашқы кезде таңертең бір, кешке бір соғады. Толып жатқан шаруаның бәрі әйтеуір соның арқасында өзінен-өзі тынып жатады.

Ақылшы боп, жаныма сүйеу бол­ғанын қайтып ұмытармын. Сәбиттен кейін, бір жылдан аса өзі де қайтыс болды. Өмірінің соңғы сәтіне дейін мойымай, “Мәке, өмір сүргім келеді”, – деп сөйлеп жатты. Менің қолымды екі алақанының арасына сап, Ерік пен Жаннаға ымдап, бірдеме дегісі келді. Бірақ айта алмады. Сірә, “ренжітпеңдер” деп мені тапсырды-ау деймін.

Сол құдамыздың есімде қалған бір қалжыңын айта кетейінші. 70 жылдық тойды өткізіп, ух деп жүрген кезіміз. Үйде Сәбит екеуміз едік. Түнгі сағат 10-ның кезі. Қыс. Бір кезде телефон шылдырлады. Мен барып алдым. Мәжікен құдамыз: “Мәке, Сәбең екеуіңіз біздікіне келе қалыңыздар. Марғайша екеуміздің бір сюрпризіміз бар. Келмесеңдер болмайды”, – дейді. Телефонмен айта берсеңші, кеш боп кетті десем де, бой бермейді. Даусында бір құпия бар секілді. Бұл не болды екен, не де болса қуаныш тәрізді деп екеуміз такси ұстап жетіп бардық. Барсақ, қазанда ет қайнап, иісі бұрқырап жатыр. Мәжікен көңілді. Спорттық кос­тюмін киіп алып, жайраң-жайраң етеді. Марғайша да маңдайы жіпсіп, жаңа түскендей боп, сызылып жүр. “Иә, кәне әлгі сюрприздеріңіз? Жеті түнде жеттік қой!” – десек саспайды. “Е, асықпаңдар. Қазір айтамыз. Жайғасыңдар”, – деп созылып болмайды. Асүй жаққа барып, Марғайшадан жұқалап сұрап көрсем: “Өзі айтады, асықпа”, – деп маңайлатпайды. Сәбит екеуі әңгімені соғып, мәз-мейрам. Ет келді. Ішетіннің түр-түрін әкелді, дастарқан қайысып тұр. Тамақтың министрінің орынбасары болған соң үйінде не болмайды дейсің. “Ау, зарықтырмай айтсаңшы, әлгі сюрпризіңді”, – деп тықақтап мен қоймаймын. Сөйтсем, Мәжікен: “Сәбе, Мәке! Мына бізде үлкен қуаныш. Марғайша екіқабат”, – дейді. “Кет әрмен, қулығын қара ойлап тапқан”, – деп мән-жайды түсіне қап, рақаттанып күлгеніміз-ай! Сонда Мәжікен: “Өздерің айтыңдаршы, түнгі сағат 11-де ет жейміз десем ғой, ат-тондарыңды ала қашасыңдар. Ал мен мына асты сендермен бірге жегім келеді. Не істеу керек? Сонан соң Марғайшаға айттым: “Сен, қысқасы, екіқабатсың. Сәбеңдерді шақырып алып, соны жуамыз”, – дедім. Бар болғаны сол”, – құдамыз айласын асырып, бізді жеті түнде етке лықылдата тойғызып, үйге әрең дегенде жеттік. Керемет көпшіл еді, марқұм. Жас кетті. Сәбиттен 10 жастай кішілігі бар еді. Күйеу балам Ерік те әкесіне тартқан, еті тірі жігіт болатын. Ол да жастай кетті.

Бір күні “Академияданмын” деп біреу келді. Жүзін төмен салып сөйлейтін, қара бұжырлау ма, қалай? Сәбиттің әлі жылын да бермедік-ау деймін, осы. Әлгі жігіт: “Апай, Сәбеңнің архивінде Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың кітаптары бар деп естідік. Сол дүниелерді маған берсеңіз, қарап шығайын”, – дейді. Ақырдым кеп: “Әй, сендер дүние іздегіш болсаңдар, Сәбиттің тірі кезінде неге іздемедіңдер? Неге өзінен сұрамадың? Мені түк білмейтін, сауатсыз, жаман кемпір деп отырсың ба? Әлде, енді Сәбит жоқ, жиған-тергені кім көрінгеннің қолында кете береді деп пе едіңдер! Жоғал, көзіме көрінбей!” – деп қуып шыққандай болдым. Сәбит мұндай кезде: “Сабыр ет, Мәке!” – деп басып отырушы еді. Артықтау кеткенімді кейін сездім. Күйік көтерген әйелде қайбір са­быр болушы еді. Беті жасырынбай жатып, түртпектей бастағандары жаныма батты.

Осы оқиға маған үлкен ой салды. Ойлай-ойлай ой ұшығына жете алмадым. Қаншама бала-шағамның ортасында отырсам да, елсізде қалғандай болдым. Сәбиттің көз майын тауысып, өмір бойы жазған, жиған дүниесін өзім тірі тұрсам сақтауға тырысармын. Ал мен кетіп қалсам, не болмақ?! Сәбиттің пәпкі-пәпкі қолжазбаларын, төрт мыңдай кітa­бы бар кітапханасын қайтсем шашпай-төкпей, ұстағанның қолын­да, тістегеннің аузында кетірмей сақтап қаламын деп түндер бойы көз ілмей ойландым. Жақын көріп жүрген жазушылардың бір-екеуімен музей ашу жайлы ақыл­дасып ем, “қайтесің соны, үйіңнен айырылма”, – деп ақыл берді. Сәбит­ке өзімнен басқа жанашыр жоқ екенін сездім де, ақыры бір ше­шімге келіп, белді бекем буып, Д.Қонаевтың қабылдауына сұрандым. Көп қиналғаным жоқ. Үлкен кісі өте жылы қабылдады. Музей ашу туралы өтінішімді бірден мақұлдап, бұл мәселе тез шешімін табады деді. Көп ұзамай қаулы да шығып, оған Б.Әшімов қол қойды. Ол кісі Сәбит қайтыс болғанда іссапарда жүріп, жерлеуіне қатыса алмаған екен. Өзі келіп ма­ған көңіл айтқан еді. Сол кезден бастап онымен кездескен сайын жылы жүзбен амандасып жүреміз. Өте бір сыпайы, мәдениетті адам. Осыдан соң-ақ, көңіліме қанат бітіп, өмірге жаңа келгендей боп, жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Музей ашамыз, үйді тапсырамыз дегенімде балаларымның ешқайсысы бір ауыз сөз айтпады. Оларына рақ­мет. Ырың-жырың болмады, әкелерінен қалған дүниеге таласпады, көргенсіздік көрсеткен жоқ. Бәрін менің еркіме беріп қойды.

Сәбиттің бағына Өзбекәлі Жәнібеков деген азамат кез болды. Сол кезде Мәдениет министрінің орынбасары еді. Қашан музей жұ­мысы аяқталып, есігі ашылғанша тыным көрмеді. Түнгі сағат 11-де келіп, күні бойы істеген жұмысымызды тексеріп кетуші еді. Қызметкерлер аяқтарынан тік тұрады. Әкесінің музейін ашып жатқандай жанашыр болды. Бертінде қайтыс болды ғой. Газеттен оқыдым да, есіме алдым. Құдай өзіне көп өмір бермесе-дағы, істеген көп шаруасы ел есінде. Балаларына ғұмыр берсін! Менің аналық тілегім – осы.

Үйімізді тапсырып, киім-кешегім­мен осы күнгі аядай пәтеріме көштім. Кең сарайдай алты бөлмеге үйренген басым, бөлмелері шағын мына үй, шынында да, тауық қорадай көрінді. “Сәбит үшін нені болса да қиып кетуге әзірмін. Мені кім біліп жатыр, ақсақалды бүкіл ел, байтақ Қазақстан біледі. Артында қалған үлкен бір ескерткіш болсын”, – деп көңілімді бекітіп, сол ой жаныма қуат беріп, әлі келе жатырмын.

Музей ашылғалы да 22 жылға таяу. Құдайға шүкір, қазір көңілім орнында, халық музейді біледі. Сәбитті іздеушілер жоқ емес, бар! Қадірін білмей сөйлегендерге де ренжімеймін. Өз пікірін ашық айтатын заман деп жүрсіңдер ғой. Тек аруақты қорламаса болғаны!

Өзім жасым ұлғайса да, ауыртпалығымды ешкімге жүктей қойған жоқпын. Келін-балаға, қыз-күйеуге телміріп көрген емеспін. Өз тізгінім өзімде. Жүрем деген жағыма жүріп кетем. Тек кейде екі аяқ дегенге көніңкіремейді. Нешауа, Мәриям оның да бабын табады… Қалай табатынымды өзің білесің ғой… (Апай рақаттанып күліп алды. Күлкісінің сыры мынада: аяғы қақсап ауырып, жүруі қиындаған кезде бір шетөшке ақ арақты алады да, оған анальгинді қосып, екі тізеге шылқыта жағып, таңып тастайды. “Ал енді қайтер екенсің! Арақ ішкен соң рақаттанып, жүріп кететін шығарсың”, – деп бізді күлдіріп отырады).

Гауһар атты немереммен тұрамын. Титтейінен өзім өсіріп ем. Еңбегімді ақтады… Бәрі де жақсы, бәрі де бар-ау, тек Сәбиттің орны бөлек…

Менің әжем Зейнеп ер тұлғалы, өр мінезді адам еді. Мен сол кісінің бауырында өстім. Қожахмет атты жалғыз ұлынан қалған жалғыз қыз едім. Әкем төрт жасымда соқырішектен қайтыс болыпты. “Жалғыздан қалған жалғызым”, – деп әжем мені 14 жасыма дейін ер балаша киіндіріп, шашымды тақырлап алғызып, шолжаңдап өстім. Бүкіл бір ауылдың еркесі болдым. Туған шешеме салқындау едім. Енесінен қаймығатын шығар, ол да мені тарта қоймайтын. Әкем өлгеннен кейін ауыл болып ақылдасып, ағайын боп келетін бір момындау адамға шешемді қосып, оны біздің үйге кіргізіпті. Малға қарап, суды жайғап, кіріп-шығып жүреді. Әлгі байғұсқа менің істемегенім жоқ көрінеді. Оның кім екенін мен қайдан білейін? Қызметші деп ойлайтын болуым керек. Күнде бізбен бірге тамақ ішеді. Қанша білмеймін дегенмен, шешем екеуінің ыңғайын сезетін шығармын деп ойлаймын осы күні. Әйтпесе, қарадай оған өшікпеймін ғой. Бір күні тағы да дастарқанға жиналдық. Жаңағы да келіп жайғасып жатыр, “Әже, бұл кісі неге біздің үйден ылғи шай ішеді? Неге өз үйіне бармайды? Кет үйіңе!” – деп іргеде ілулі тұрған қамшыны ала сала, тартып-тартып жіберіппін. Сонда әлгі өгей әкеміз ләм демеген екен… Әже­мізді қатты сыйлағаны ғой, әйтпесе қанша дегенмен де, кеудесінде жаны бар адам емес пе?

Әжем ақылды, нағыз бәйбіше адам еді. Небір атқамінер, игі жақсылардың әжемнің алдына келіп: “Бәйбіше, ақылдаса келдік”, – деп отырғандарын талай көрдім. Атамыз ақша санай алмайтын момын адам болыпты. Әжеміз үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелетіп ұстайды екен. Есім кіріп қалған кезде мен әжеме: “Әже, түк білмейтін момын адамға қалай күйеуге шықтың?” – деймін. Сонда ол кісі: “Е-е, қалқам, менен сұрады деймісің. Малын санап беріп, әкемді риза қылған соң алды да”, – дейтін терең күрсініп. Сәбитке 16 жасымда шықтым ғой. Екеуміздің үйлену тарихымызды Сәбит “Өмір мектебінде” тәптіштеп жазды, қай­таламай-ақ қояйын. Сол кезде әлі де балалығым қалмаған ерке қыз едім, шалбарды тастап, қыздың көйлегін кигеніме де аз ғана уақыт болып еді. Ағайындарымыз “жалаңаяқ кедейге қыз бермей­міз” деп күңкілдегенмен, күш – Сәбитте. Қызылотауға шақыртып, сол жерде “ЗАГС”-ке де тіркеп жіберді. Әйтеуір, Сәбит маған бір қағазға қол қойдырып жатты. Ол не қағаз, білмеймін. Басымды төмен салған қалпы, үн жоқ, түн жоқ, Сәбитке еріп жүре бердім. Қызылордаға алып кететінін күні бұрын білгенбіз. Ағайын-туған жылап-еңіреп, мен бір айдауға кетіп бара жатқан адамдай, улап-шулап шығарып салды. Мәриямда үн жоқ, мылқау адам сияқты. Сәбиттің бетіне дұрыстап қараған да жоқпын. Шынымды айтсам, кескінсіздеу көрінді. Бетінде қорасан дағы бар, үстінде қисық жаға солдат көйлек, галифе шалбар. “Тағдырдың жазғаны” деп кетіп бара жатқан жайым бар. Бір ауыз орысша білмеймін, ауылдан аттап шығып көрмегенмін. Үстімде етегі шұбатылған қазақы көйлек.

Ол кезде Қызылордаға Новосі­бір арқылы бір аптадай жүріп барасың. Поезд дегенді де бірінші рет көруім. Есек арба сияқты, кез келген бағанға тоқтап, сарылып тұрып алады. Кинель деген жерде басқа бір поезға ауысып мінетін болдық. Сәбит билеттерді тіркетіп келемін, сен қозғалмай отыр деп кетіп қалды. Ығы-жығы адам. Шабадандарды қасыма қойып, шоқиып отырмын. Келем деген Сәбит кешікті. Әлі жоқ, әлі жоқ. Бір кезде келді-ау. “Қорықтың ба, Мәриям? Билетке белгі соғатын жерде кісі көп екен”, – деп бетіме жалтақтап қарап қояды. Жылы сөзіне ішім жылып қалса да, жауап бермеймін.

Поездың іші толы адам. Осы күнгі жүк таситын вагон қандай, дәл сондай вагонда келеміз, бір жерге келіп ұзақ тұрып қалдық. Сәбит қайнаған су алып келейін деп тағы да бір жерге кетіп қалды. Бір кезде қарасам, поезымыз ақырын жылжып барады. Сәбит жоқ, енді қайттым? Жыларман халге келдім. Бізбен бірге келе жатқан қартаңдау бір татар бар еді. Жол бойы Сәбит екеуімізге көзінің астымен қайта-қайта қарап, жылтың-жылтың еткен біреу еді. Онша ұнатыңқырамай, суықтау қарап келе жатқанмын. Сол: “Байың сені тастап әдейі қалып қалды. Секір, секір!” – дейді. Секірейін десем, поезд қатты жүріп кетті. Жылап жібердім. Сәбит шынымен мені тастап, кетіп қалған екен деп ойладым. Үп-үлкен адамның сөзіне қайтып сенбессің… Бір кезде басымды көтерсем, қолына шәйнегін ұстап Сәбит кеп тұр қасыма. Мен шыдай алмай: “Мына кісі маған: байың әдейі қалып қалды, сені тастап, секір, тез секір деп еді, мен қорқып секіре алмадым” деп айтып салдым. Сәбит жаңағы адамға ренжіп сөйледі. Сақалды басыңызбен неге жаман сөйлейсіз. Ауылдан шықпаған жас адам екенін, жаңа косылғанымызды біліп отырсыз. Ұятыңыз жоқ, нашар адам екенсіз деп әжептәуір сөйледі. Маған қарап: “Секірмегенің дұрыс болған. Мен сені тастап ешқайда да кетпеймін. Кешіксем поездың соңғы вагонына ілігемін”, – деп қасыма келіп, жылы жүзбен жұбата сөйледі. Әлгі кісі қысылыңқырап қалды. Менен өжеттік күтпеген болу керек. Біраздан соң, жүзі шыдамады-ау деймін, келесі вагонға ауысып алды.

Сонымен Қызылордаға да келдік. Сол кездегі астанамыз ғой. Сәбиттің пәтері барақ тәрізді ұзынша үйде екен. Көрші есікте Ғаббас Тоғжанов татар әйелімен тұрады. Балалары жоқ, өздері ғана. Сәбит күні бойы жұмыста. Мен орысша тіл білмеймін. Содан ба, Тоғжановтың әйелімен аралас-құралас боп кете алмадық. Оның үстіне мен тым жаспын, сірә, мені онша менсініңкіремей жүрген болу керек. Тағы бір көршіміз – Абдолла Асылбеков екен. Әйелі, қыздары бар. Сол қыздардың үлкенінің жастары мен шамалас-ау, сірә. Өйткені, мен солармен бірге жүремін. Абдолла марқұм жақсы кісі еді. Түскі үзілісте үйіне келіп, қыздарымен бірге какао ішеді екен. Сонда ол кісі мені де шақырып, какао береді. Менің тым жастығыма жаны ашитын болу керек. Маған мүсіркеп қарап қоятын.

Алғашқы кезде кәдімгідей қиыншылық көрдік. Ауылдан шықпаған, қала тәртібінен бейхабар, оның үстіне 14-ке дейін еркекшора боп еркін өскен даланың қызына ми қайнаған Қызылордадан бір-ақ шығу оңай болған жоқ. Әжемнің дайын тамағын ішіп, шолжаңдап жүрген маған енді әйел боп, тамақ пісіру де қиын шаруа болды. Осыны сезген Сәбит мені әрі жалғызсырамасын деп, әрі көп нәрсенің жайын үйретер деп бір орыстың әйелін тұрғызды. Жаңағы әйел тамақтың түр-түрін пісіреді. Ол кезде ет мол. Тоңазытқыш деген жоқ. Тамақтың бәрін базардан әкелеміз. Күн ыстық. Бір қойың 3 сом тұрады. Сақтайтын жер жоқ, ішек-қарнын тастаймыз амалсыз. Тіл үйрену қиын-ақ болды. Орыс әйелмен аздап түсінісеміз. Ішім пысқан соң, жан-жағыма қарағыштап, көршілердің өзіммен шамалас қыздарымен таныстым. Әлгілер қуыршақ ойнайды. Қызығып кетіп, мен де солармен қосылып, қуыршақты әрі айналдырып, бері айналдырып, киім пішіп, тігіп кешке дейін солармен жүремін. Кешке Сәбит жұмыстан келгенде көреді. Бірақ мұның не деп бір ауыз сөз айтпайды. Қызметші әйел басын шайқап, бұл қашан әйел болады дегендей Сәбитке бірдемелерді айтып жатады. Еркек боп зіркілдеп ол сөйлемеді, әйел боп жылап-сықтап мен жүрмедім. Міне, алақанына салып, әлпештеген деген осы шығар.

Сөйтіп жүргенде, Арыстанға аяғым ауырлады. Мендегі өзгерісті тез байқаған Сәбит тағы да бір күні: “Мәриям, киін, дәрігерге барамыз” – деді. Бұрын барып көрген емен. Ақ халат киген орыс әйел ана жер, мына жерімді шұқылап қараған сайын, ұялып өліп барамын. Біраздан соң екеуі қызу әңгімелесіп, бірдемелерді маған қарап қойып айтып жатты. Мен тұрмын секиіп. Әңгімелерін жобалаймын: дені сау, алаңдамаңыз. Жеміс-жидекті көп жесін деп жатқан тәрізді. Былай шыққан соң, ұрланып Сәбитке қараймын. Жүзі жайдары. Үйге келген соң маған: “Сен қорықпа. Көп ұйықтама, жемісті жей бер” деп ақылын айтумен болды. Босанар мезгілім жақындаған кезде Сәбит демалыс алып, елге жөнелдік. Осы тұңғышымызды дүниеге әкелер кезде өлмей тірі қалдым, әйтеуір. Үш күн, үш түн толғатып, арқанға асылып қу жаным қалды. Дәрігер жоқ. Сәбит анда-мында шапқылап, акушер таба алмады. Он жетіге толар-толмас шағым, оның үстіне бала өте ірі боп туды. Ол кезде баланың салмағын өлшеу дегенді кім білген. Әйтеуір, баланың білегі қарта-қарта болып, білеуленіп тұрғаны көз алдымда. Қызылордадан шығарда Сәбиттің ақылымен баланы орайтын орауыштарды, өзіме керекті ақ жаймаларды ала келгенмін. Бала туысымен Сәбит шуылдап жүрген кемпірлерге қарамай, менің қасыма келіп, жағдайымды сұрап жатыр ғой. Сол кезде біреуі әлсіреп жатқан мені орнымнан ауыстырып, жатқызбақшы болыпты. Киіз үйдің ортасында жатқан ескі тері тулақты сілкіп жіберіп, астыма төсегелі жатыр екен. Сәбит: “Мынаны әкетіңіз. Өзінің жұмсақ көрпесі, ақ жаймасы бар”, – деп қапшықтан заттарды алып, әйелдерге төсек салғызыпты. Менің есім кіресілі-шығасылы. Талай күн ұйықтамаған адам. Талықсып екі күн тұяқ серіппей ұйықтаппын. Кейін ауылдың әйелдері Сәбитті “қатынжандысын-ай” деп әңгіме қып, күліп жүріпті.

Біраз оңалып ес жиған соң, Қызылордаға қайтуға жиналдық. Жаздың кезі. Күн ыстық. Жол өте ұзақ. Бала болса тым кішкене, қырқынан жаңа шыққан. Біздің жүретінімізді естіп, ауылдан әжем келді. Алып келген сәлем-сау­қаты бар, Арыстанға арнаған кіп-кішкене шабадан сияқты бесігі бар. Әлгі бесікті ырым ғып, жасы ұзақ болсын деп, жеті кемпірдің емен таяғынан жасаған. Шебердің қолынан шыққан дүние екен. Баланы бөлеп, ыңғайлылығы сондай, тізеңнің үстіне қойып отыруға болады. Емізген кезде де, бесікті алдыңа қойып, қолыңа ұстай қоясың. Жаялық дегеннің қажеті болмай қалды. Әлгі бесіктің рақатын көрдік. Қызылордаға жеткенше бала қыңқ деген жоқ. Желпілдетіп қайта-қайта аша да бермедік. Жып-жылы, тап-таза бесікте ұйықтады да жатты. Кезінде қадірін білмей, сол бесікті сұраған біреуге бере салдым. Осы күні өкінемін. Қолдан жасалған дүниенің нарқын білмеппіз. Әрі әжемнің көзі, әрі ешкімде жоқ сирек дүние. Бекер сақтамаппын. Қызым, сен де қызығып отырсың ә, музейде тұрар еді деп…

Бірге өмір сүрген 47 жылдың ішінде тек қана оның қамқорлығын, аялы алақанын ғана сездім. Мұндай адамды қайтіп пір тұтпайсың. Осы арада Сәбиттің тағы бір жақсылығы есіме түсіп отыр. Ұмытпай тұрғанда айтып алайын.

Елуінші жылдардың аяғы, әлде алпысыншы жылдардың басы ма екен, анығын ұмыттым. Сәбит үйге қабағы түсіп ренжіп келді. “Әжеміз жатқан зиратты бұзғалы жатыр екен. Орнына автовокзал салынатын көрінеді. (Осы бүгінгі “Саяхат” автовокзалы). Сүйегі шашылып қалатын болды-ау”, – деп күрсінді. Бұл уақиға бізге кәдімгідей уайым болды. Әжем Зейнеп өмірінің төрт-бес жылын бізбен өткеріп, ең соңғы дәмін өз қолымнан татып еді.

1928 жылы кәмпескеге менің туыстарым да ілігіп, Ресейдің Түмен облысына жер аударылған болатын. Біздің жақтың қазақтары ол аймақты “іш жақ” деп сөйлейді. Әжем де солармен бірге кеткен кезде Сәбит өзіне сөз келерін біле тұра сол “іш жаққа” әжемді іздеп бір емес, үш барды. Жер аударылғандарды сол маңдағы совхоздарға жұмысқа орналастырып, жағдайларын жасап, жұрттың алғысын алған Сәбит кейбір басшылардан сөз де естіді. 1932 жылғы ашаршылық кезінде тағы да іздеп барып, осы уақытқа дейін көнбей келген әжемді көндіріп, Мәскеуге алып келді. Ол кезде Сәбит Мәскеудегі Қызыл профессура институтында оқиды. Отбасымызбен жатақханада тұрамыз.

Екеуі бірін-бірі ерекше құрметтеді. Ұл баласының жоқтығы ма, әйтеуір Сәбит десе ішер асын жерге қоятын. Өзінің қызына жақтасудың орнына “мынаны тым еркелетпе, басыңа шығарма” деп Сәбиттің жағына шығып отыратын. 1936 жылы қолымызда қайтыс болды. Арулап мұсылман зиратына қойған ек. Енді сол зиратты бұзғалы жатыр.

Сәбит екі-үш күн бойы тыным көрмей жүгіріп, талай мекеменің есігін қағып, беделін салып жоғарғы жаққа дейін барып, рұқсат қағаз әкелді. Әжемнің сүйегін алып, қайта жерлейтін болдық. Сәбит жүгіріп тағы бір жаққа кетті. Біраздан соң: “Мәке, бар шаруаны тындырдым. Қабірші тауып, сұраған ақшасын беріп, келісіп келдім”, – деп қатты қуанып жетті. Өміріндегі өзімен-өзі боп тындырған шаруасы еді. Әншейінде қозғала қоймайтын Сәбитім жеп-жеңіл боп жүгіріп жүргенін көргенде, көңілім толқып кетті. Керемет риза болдым. Шын жанашырымды және бір мәрте таныдым…

Әжемізді Ташкент көшесіндегі (қазіргі Райымбек даңғылы) зиратқа қайтадан жерледік. “Қолдан келмейтін шаруа” деп қоя салса, мән бермесе, мен не дей аламын. Он жыл бұрын қайтыс болған кемпірдің сүйегін жиыстыруға кімнің жүрегі дауалар дейсің, шашылып қалар еді. Талай адамның қабірі топырақпен араласып кетті ғой…

* * *

Біздің Сәбит тумысынан ақкөңіл, ақпейіл, кең адам еді ғой. Талай адамға жасаған жақсылығы, қолының ашықтығы жайлы небір аңыз-әңгімелер де көп. Біреу өтініш айтып келсе, еш уақытта аяқсыз қалдырған емес. Елдің бір адамын кезіктірсе, танысын-танымасын үйге шақырып, қонақ етіп сыйлап жіберетін. Жасырақ кезімізде тұрмысымыз жүдеу болды, бала-шаға, келімді-кетімді кісі көп, ыдыс та, төсек-орын да жетіспейді. Келген қонаққа жалғыз көрпемізді жауып, өзіміз сырт киімімізді жамылып жата кетуші ек. Көңіліміз қандай кең еді! Келген қонақты қабақ шытпай, тік тұрып қарсы алып, құрақ ұшушы ек. Қазір ғой, шақырмаса бас сұғуға да именесің. Қазаққа қонақ деген сөз құдай деген сөзбен бірдей еді біздер үшін.

Мұхтар Әуезов пен Валентина Николаевнаның үйімізде алғаш қонақ болғаны әлі есімде… ол кезде біз Мәскеудеміз. 1935 жыл. Сәбит Қызыл профессураның соңғы курсында оқып жүр. Арыстан мен Маратым, әжем бар, бәріміз жатақхананың бір бөлмесінде тұрамыз.

Күнделікті тіршілік, Сәбит сабағына кеткен. Көп ұзамай асығып, абдырап жетіп келді. “Мәке, Ленинградтан Мұхтарлар келе жатыр. Алматыға кетіп барады екен. Жолдан тосып алып қонақ қылып жіберейік”, – деді. Абыр-сабыр болып, әбігерге түстік те қалдық. Елден жырақ жүргенде елдің адамын көру және де жай адам емес, Мұ­хаңдай зиялыны көру біз үшін бір мереке болды. Балаларды жуындырып, киімдерін жаңалап, өзіміз де үсті-басымызды дұрыстап, күтіндік те қалдық. Ол заманда қазіргідей дастарқанға салқын тағам, ыстық ас, салат деп басты ауыртып жатпаймыз ғой. Етті мол ғып асамыз, ыстық бауырсақ пен қою шайды береміз, құрт-май, күйің келсе қант, кәмпит қой дастарқанға болды.

Сонымен кешке қарай Сәбит қонақтарын бастап кіріп келді. Мұхтар да, Валентина да жап-жас, көрсең көзің тоймайды. Сәнді киінген, үлкен қаладан оқып, тәлім-тәрбие алғандары көрініп тұр. Қайта-қайта ұрланып қарай бе­рем. Қазақы мінезбен төменшектей беретін мен сияқты емес, Валентина абысыным – кербез. Құшақ жая қарсы алдық. Түннің бір уағына дейін дуылдасып, талай әңгіменің басын шалып, көңілді отырдық. Дем алатын уақыт та таянды. Ол кезде бізде кереует, диван деген жоқ. Төрдің алдына қос қабаттап көрпе жайып, жерге төсек салып бердім. Қадірлі қонақтарым менсінбей жүрер ме екен деп, қысылып та жүрмін. Ертеңіне аттанарда Мұхтар да, Валентина да ризалықтарын білдіріп, көңілді аттанды. “Көңіл сыйса, бәрі сыяды” деген емес пе… Сол аядай бөлмеге қысылмай Мұхтардай қонақ алып келіп, өзіміз соған мәз болып ек. Қайран, көлдей көңіл, шіркін жастық!

Сәбит бала кезінде жетімдіктің зардабын көп тартқан адам ғой. Жас кезінде көрген қорлықтарын әңгімелеген кезде кейде көзіме еріксіз жас та алушы ем. “Өліп қалмағаның қандай жақсы болған” деймін жаным ашып. Өз басынан өткеннің әсері ме, әйтеуір жетім-жесір өтініш айтып келсе, құрақ ұшып жәрдем ететін. Сә­биттің осы мінезін пайдаланбақ­шы болған кейбір алаяқтарды да көргенімізді айтып өттім ғой. Бірде киім ілгіште ілулі тұрған жап-жаңа пальтосын алып кеткен. Сонда ашулану дегенді білмейді. “Құрдастардың қалжыңы шығар” деп саспайды. Қамқорлығын көп көрген адамдар Сәбитті жоқтап әлі күнге дейін келіп жатады. Қарапайымдылығының, жұртты өзіне иіріп алатын мейірбандығының әсері шығар…

Алпысыншы жылдар шамасы ғой деймін… Бір күні таңертең есіктің қоңырауы шылдырлады. Ертелетіп жүрген елден келген жолаушының бірі болар ма деп, есікті ашып жіберіп ем… екі аяғы тізеден жоғары кесілген, домаланған шөркедей бір жігіт, бет әлпеті келісті қазақ: “Сәбит Мұқановтың үйі ме?” – дейді. “Ие, шырағым, жүр, төрлет”, – деп ішке шақырдым. Сол кезде Сәбит те “О, кім, Мәке?” – деп кабинеттен шыға келді. Сәл аңтарылып қалды да: “Мәке, шайыңды қамда. Қонақ келді ғой”, – деп жігітті өз кабинетіне шақырды. Ас үй жаққа барып, шаруамды ыңғайлап келсем, екеуі әңгімелесіп отыр. Жігіт қысылыңқырап сөйлеп отыр екен:

– Аға, университетте оқушы едім. Лекцияға қатынап жүретін қол арбам бар еді. Соны біреулер ұрлап кетіпті. Еңді сабаққа баруым қиындап калды. Басқа амалым қалмаған соң сізге келдім. Үш мың сом қарыз берсеңіз. Мүгедектерге арналған машина алсам ба деп едім. Қарызыңызды көп кешіктірмей қайтарамын, – деді. Сәбит жігіттің әңгімесін мұқият тыңдап отыр. Келісті көркем жігіттің мынадай қорлық күйде отырғанына жаны ашып отырғанын сезіп отыр­мын. Сол арада ойланбастан: “Мәке, мына балаға көмек берейік”, – деп маған қипақтап қарап қойды. Аз ақша емес, жете таныс адам да емес. Ойлануға да болар еді. Бірақ Сәбит қиылып отыр. Бермеуге болмасын сездім де, шифоньерден үш мыңды алып санап бердім. Жігіт дайын шайға да қарамай қуанып, рақметін жаудырып шығып кетті. Ол кеткен соң екеуміз “есіл азамат-ай” деп әңгімелесіп біраз отырдық.

Арада біраз уақыт өтті. Үш мың жайлы ұмытып та кеткенбіз, бір күні үйге әп-әдемі орыс келіншек келіп тұр. Сөмкесінен ақша шығарып: “Күйеуім сіздерден қарызға ақша алған екен. Машина алдық, оқуын да бітірді. Ақшаңызды әкелдім, көп рақмет”, – дейді. Сәбит екеуіміз азар да безер болып ақшаны алмадық. “Қарызға берген жоқпыз, сыйлағанымыз” десек те, әлгі келіншек бой берер емес. Пысық келіншек “алмасаңыздар күйеуім ренжиді” деп безек қағады. Ақыры, Сәбит жол тауып: “Жарайды, бір мыңын алайын. Екі мыңы машиналарың мен дипломына берген көрімдігіміз болсын. Біздің қазақта осындай дәстүр бар. Алмасаң болмайды”, – деді. Сөйтіп, өз ақшамыздан өзіміз әрең “құтылғанбыз”.

Е-е, айта берсем әңгіме шыға береді ғой. Ол заманда Мәскеуге жиі барамыз. Бірде Сәбит жиналысқа кетті. Мен үйде қалдым, бара сала қалай орналасқанын айтып, телефон шалған. Он күндей жүріп оралды. Келе сала: “Мәке, Мәскеуде мен елдің бір жігітін үйлендіріп келдім. Тыңда, қызық болды”, – деп әңгімелей жөнелді. “Әбділдә Ботпаевты білесің ғой, елдің азаматы, Ғабиттің туысы. Сол Мәскеуде оқуда екен. Маған келіп, амандасып, өзінің үйленгелі жүргенін айтты. Қалыңдығы орыс қызы екен. “Жақсы болған, бакытты болыңдар. Той қашан?” деп сұрадым. Әке-шешесі жоқ, жалғызілікті жігіт екенін білемін ғой. “Сәбе, тойдың қажеті жоқ қой деймін. Аздаған отырыс жасап, неке қағазын аламыз, – дейді. Сол жерде мен: “Әбділдә, шырағым, біздің қазақта “Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмас” деген мақал бар. Қайдағы бір жетім қазақ, кедей студент демесін. Қыздың әке-шешесін, туған-туысқанын, жора-жолдастарыңды осы “Мәскеу” мейманханасының ресторанына алып кел. Жақсылап сыйлап жіберейік, шығынын өзім төлеймін”, – дедім. Әбділдә азар да безер болды. Оған боламын ба?! Ресторанға жақсылап заказ бердім. Сөйтіп, бір топ орыс құда-құдағиларымның ортасында ресторанда той жасап, шалқып қайттым. Сол мейманханада Тайыр да жүр екен. Оның болғаны да жақсы болды. Тойды дүрілдетіп өткіздік. Мың сом ақша төледім, ақша қолдың кірі емес пе… Мәке, сен ренжіме, жетім жігіт қой. Қалыңдығының алдында маңдайы жаркырап жүрсін…”, – деп Сәбитім сөздің майын тамызып сөйлеп кеп бергенде, райымнан қайтып-ақ қалғаным. “Осы саған-ақ кездеседі де жүреді екен”, — деп біраз бұрқылдасам да, соңынан: “е, жарайды, дұрыс болған екен. Әке-шешесінің аруағы риза болар” – деп басылдық.

…Жарықтық біздің Сәбит өте қарапайым еді ғой. Аты шыққан жазушы, Мұқанов десе танымайтын ел жоқ. Небір жайшылықта сызданған министрлеріңнің өзі Сәбитті көргенде қоғадай иіліп сәлем беретін. Обалы не керек, халқы төбесіне көтеріп құрметтеді, қадірлеуіндей-ақ қадірледі. Осындай құрметтің адамы болған соң, меніңше, өзін аздап пандау ұстап, сырбаздау болса деймін. Жоқ, Сәбит еш өзгермеді. Үлкенмен де, кішімен де, жаспен де, кәрімен де жалпылдап, жұғысып жатады. Кейде жас баладай аңқау. Аңқаулығы сондай, Мәскеудің көшесіне үйде киетін пижамасымен шығып кете жаздағаны бар еді. Мен кез кеп қап, абырой болды, әйтпегенде солай кете бермекші…

“Өмір мектебі” Мәскеуден орысша шығатын болып, соның жұмысымен екеуміз тағы бардық. Мейманханадамыз. Ертеңгі шайын ішіп болып, Сәбит қағаздарына шұқшиып отырды. Мен түске дейін дүкен аралап келе қояйын деп, оған ескертіп, көшеге шығып кеттім. Почтаға бір қағаздарды апарып сала ғой деген Сәбиттің де тапсырмасын орындап, қайтып кеп, лифтімен өз қабатымызға көтерілейін деп тұрсам, көрші лифтіден Сәбитім шығып келеді, үстінде пижамасы. “Мәке, келіп қалдың ба? Баспадан звондады. Шақырып жатыр, мен тез барып келе қояйын”, – дейді. “Әй, Сәбит! Үстіңе қарашы. Осы қалпыңмен кете бермекшімісің?!” – дедім. “Ойбай, байқамаппын ғой. Ұят бола жаздағанын қарашы”, – деп шалым менімен бірге қайта көтеріліп, бөлмемізге келдік. Мұнтаздай ғып киіндіріп, таксиге салып, қоя бердім. Бала сияқты еді дегенім осы. Жазуға, жұмысына қатты беріліп, өзге ештемені кейде аңдамай қалатын кезі жиі болушы еді.

Менің Сәбитке бір ренжіген жерім бар еді. Қызық болсын, соны айтып берейін… бірді айтьш, бірге кетсем, ренжіме. Қанша дегенмен естелік айту, өткеннің бәрін еске түсіру де оңай шаруа емес екен. Ойыма келе қалғанда айтып қалмасам, ұмытып қалармын деп қорқып отырамын.

Елге жиі барамыз ғой. Сәбит елге асығып тұрушы еді. Көбінесе жаз кезінде аралаймыз. Бірде қыс ішінде жол түсті. Елуінші жылдардың ортасы болар. Шәкен қайнымның үйіне түстік. Сәбит келіпті деп жан-жақтан кісілер қаптап келе бастады. Қай жаққа жол жүрмейін, мен ыдыс-аяғымды, ақ дастарқанымды, майлықсулығымды ала жүремін. Ауылдағы абысын-ажынға салмақ түсірмеймін, әрі тазалық жағын да қатты қадағалаймын. Шынымды айтсам, елдегі келін-кепшіктің ұстаған қазан-ошақтарына риза болмай отырушы ем. Қолдары тие бермей ме, әлде мән бермей ме, әйтеуір тазалыққа жоқ еді. Мен қонақ болып отырушы ма едім, білекті сыбанып, етті өзім жайғастырып, ақ дастарқанымды жайып, үстелдің дұрыс жасалуын қадағалап, зыр жүгіремін. Амандасуға келген кісілердің бірі Сәбитке жата жабысып, қонаққа шақырды. “Әйелім сырқат, дегенмен де үйіме келіп, дәм тат” деп болмай қойды. Мен бармай-ақ қояйық, әйелі ауру адамды несіне әуре қыламыз десем де, Сәбит көнбеді. Шын ықыласымен шақырып отыр, барамыз деді.

Солтүстікте кәшәуә шана деген болады, соған қос атты жегіп, Шәкен үшеуміз шығып кеттік. Қар қалың, күн суық. Үлкен тұлыпқа оранып, Сәбит екеуміз қатар отырмыз. Шәкен түрегеп ат айдап келеді. Баратын жеріміз ауылдан төрт шақырымдай, келдік. Үй иесі жалпылдап қарсы алды, ішке кірдік. Тұрмысы тым жүдеу, еңсені басар қаракөлеңке бөлменің бір бұрышында биік төсек тұр. Үстінде күрк-күрк жөтеліп бір әйел отыр. Төрге көрпелер төсеп, қонақ күткен сыңай танылады. Келіп, әйелге амандасып, төрге жайғастық. Үй иесі қауқылдап-ақ жүр. Сәбит те көңілді, бір жамбастап жатып алып, әңгімені соға бастады. Өзінің білмейтіні жоқ. Үй иесінің өзіне де беймәлім бір деректерді айттып, үрім-бұтағын түгендеп берді. Ет келді. Көмектесіп жүрген бір-екі жастау әйелдер бар. Сүлгі-орамалдары қоңырқай, ыдыс-аяқтары да ластау көрінді. Өзі келгісі келмеген адамға осының бәрі ұнамай отыр ғой. Әңгімеге онша араласпай, оқшаулау отырмын. Тезірек шай келіп, аттансақ екен деп мен отырмын. Шайды да ішіп болдық. Әлгі үй иесі Сәбитке: “қон да қон!” деп тағы жабыспасы бар емес пе?! “Қайтамыз” деп мен тызбалақтадым. Сәбитім менің ызама тиіп: “Көңілден артық ештеңе жоқ, қонсақ қонамыз” деп сасар емес. “Желпінейік, төсек дайындасын” деп бәрі сыртқа шығуға бет алды. Сәбит маған ымдап: “қабағыңды жаз” деп белгі беріп қояды. Амал не, қонуға тура келді. Төргі үйге жерге төсек салып қойыпты. Көрпеқап, ақжайма деген атымен жоқ, төсек-орын да қоңырқайлау, онша таза дүниелер емес сияқты боп көрінді маған. Сәбит шешініп, рақаттанып аяғын созып, аппақ көйлек дамбалымен жата кетті. Бұрышта бір орындық тұрған. Әлгі төсекке ақы берсең де жатпаймын деп жоламай қойдым. Ұзын шашымды тоқпақтай ғып түйіп, басымды орамалмен жақсылап орап алдым. Өзіммен ала жүрген халатымды сөмкемнен шығарып, әлгі орындықтың үстіне төсеп, таң атқанша ұйықтамай, қақайып отырдым да қойдым.

Қызықтың көкесі ертеңінде болды. Шайдан соң әлгі үйден аттанып кеттік. Былай шыға бере Сәбит үсті-басын тырмалай бастады. Дуылдатып әкетіп барады дейді. Шәкен екеуміз біресе ұрсамыз, біресе мазақтап күлеміз. Сәбитке күлу қайда, үсті-басымен әлек. “Бар, тағы да қон, әкеңнің төсегінде жатқандай рақаттандың ғой” деп, Шәкен екеуміз жол бойы табалаумен болдық.

Үйге келе сала қазанға суды ысытып жіберіп, балаша отырғызып қойып, шомылдырайын кеп, көйлек-дамбалды сыпырып алып, отқа өртедік. Жаңағы қонған үйіміздің төсек-орны толы қандала екен. Сәбиттің бүкіл киімін сығалап қарап, отқа қақтап, әй, тәуір-ақ әбігерге түстік. Сәбитте үн жоқ, кінәлі баладай отыр. “Көңілін қалдырғым келмей, кетіп қалғанды ұят көріп ем. Бір күнге өлмеспін деп ойлап ем”, – дейді.

1933 жылы Мәскеуден Сәбиттің жазғы демалысы кезінде елге келдік. Аштық кезі ғой, елдің тұрмысы ауыр. Біз аштықты көрмедік, Сәбиттің ИКП-дан алатын 60 сом стипендиясы әжептәуір. Сәбит келді деп жапырылып келіп, хал-жағдай сұрасатын ағайын-туыс сиреп қалған екен, үйлерінде қара судан басқа ештеңе жоқ, өздері әрең жан сақтап отыр. Сәбитке бір шәугім шай да бере алмай, ұялғандарынан көріне алмай жүргендерін біліп отырмыз. Шәкен қайнағам осыны түсіндіріп, Сәбитке: “Сен ауылды қыдырма, қысылып қалады. Баяғы заман жоқ” деп жатты. Сәбит: “Мен тамақ іздемеймін ғой. Барьп жағдайларын біліп, әңгімелесемін” деп бой бермей ауыл аралап кетті. Жақын ағайынның біреуінің үйіне кіріп барса, әйелі сасып қап, отта тұрған қара қазанның бетін жаба салыпты. Сәбит өзінше көңілдендірмек боп: “Жеңеше, қазанда не бар еді? Маған тамақ емес, әңгіме керек, ал қазанда не де болса, тәуір бірдеме бар, иісі жақсы екен” деп күліпті. Сонда, жеңгесі жылап жіберіп: “Сәбит-ай, сенен аяр неміз бар. Ағаң тіске басар ештеңе қалмаған соң, екі күн жүріп, әрең дегенде бір саршұнақ соғып алып еді, ет болса, ұялам ба? Жұрт көрмесін деп қысылып, жауып жатқаным ғой” депті байғұс. Сонда Сәбит: “Ештеңе етпейді, саршұнақтың еті өте дәмді болады” деп жеңгесін көңілдендіріп, ағасымен әңгімені соғып, саршұнақтың етін жеп, сорпасын ішіп, қызара бөртіп келіп тұр. Әй, Сәбит-ай! Құлағыңды біраз шулаттым-ау! Қырық жылғының есіме түскенін қарашы… Біздің Сәбитке киім алу да оңай шаруа емес болатын. Денесі мол адамға дәл келетін киім сирек. Сондықтан киім біткеннің бәрін арнайы тігіншіге тіктіретінбіз.

Жап-жаңа кәстөм-шалбарымен ауылда шалдардың қасына жантая кетіп, әңгімені соға беретін. Киімге осынша салақ адамның қағаз-қаламына деген ұқыптылығына қайран қаласың. Жылдары жазылып, нөмірленіп, тайға таңба басқандай… Хат танымайды деген менің өзім, қарап отырып, басымды шайқаймын. Шашау шыққан бір қағазы жоқ. “Пәлен қағазым жоқ. Мәке, көрдің бе?” деп сұрамағанын енді аңғарып отырмын.

Атақ-дәрежем бар-ау, “үлкен” адаммын деп шірену Сәбиттің табиғатында жоқ дүние еді. Сәбиттердің жазушы екенін халық айтпай-ақ танушы еді. Осы күні “мен пәлен деген жазушымын, түген кітабым бар” деп өздері сарнап тұрса да, танып жатқан халық жоқ. Жазғаны адамның жүрегіне жетпеген соң, кімнің есінде тұрсын…

Сондайларға қайран қалып отырамын… Осы күнгі жазушыларға сыпайылық жетіспей ме деп ойлаймын. Кішік болу ойларынан шыққандай…

* * *

Білмейтін жұрт Мәриямды өмір бойы қолын жылы суға малып, рақат өмір сүрді деп ойлайды. Рақат өмір өзінен-өзі келе қоймайды, соған жету үшін қаншама тер төгесің. Алты бала таптым, олардың бәрін жеткізу оңай шаруа емес. Әсіресе, кішкене күндерінде тұрмыс ауыр, қонақтан үй босамайды, Сәбиттің тапқан табысын тамақтан асырмаймыз. Балалардың, Сәбит екеуміздің кір-қоңымызды жуудың өзі бір сүргін шаруа еді. Кір жуатын машина атымен жоқ. Кір жуу үшін аптаның бір күнін арнау керек. Жуып, қайнатып, крахмалдау деген үлкен жұмыс. Салақ қатындар ғой, шайқай сап, жая салатын.

Қырқыншы жылдардың соңы болар. Сәбит жұмысым бар деп ертемен бір жаққа кетті. Мен болсам пешті жағып, суды қазанға қайнатып, кір жууға кірістім. Ақ тер, көк тер боп, жуып жаттым. Үйдің іші будан көрінбейді. Сөйтіп жатқанымда есік қағып біреу келді. Үсті-басым су-су, алжапқышқа қолымды сүрте сала есік аштым. Қарасам бір жас жігіт. “Сәбит Мұқанов керек еді” дейді. Мен: “Ол кісі үйде жоқ”, — дедім. “Ендеше, әйелін шақырыңыз” деп ішке қарай мойнын созып тұр. “Әйелі де жоқ, екеуі тауға демалуға кеткен” дедім міз бақпай. Менің түріме қарап қызметші әйел деп түсінгенін сезе қойдым. Сәбит Мұқановтай жазушының әйелі алқам-салқам боп, білегін сыбанып қара жұмыс істейді деп ойлап тұрған жоқ. Оның түсінігінше атақты жазушының әйелі үлбіреп, үзілейін деп тұрған біреу. Жігіт сыпайы қоштасып кетіп қалды.

Кешке Сәбит келді. Әсірелеп тұрып айтып бердім. Осылай да осылай. Тұрмыстың ауырлығы сондай, ұсқынымыз да қалмапты. Жасымызға жетпей қартаятын шығармыз. Сенің қалам ұстаған қолың аппақ, жұп-жұмсақ, біз болсақ, сіздің қасыңызға жүруге де жарамай қалармыз деп өкпе-назымды араластырып, соқтым кеп. Сәбит тыңдап отырды. Күлді де қойды.

Арада бірнеше күн өтті. Жаңағы әңгімені мен ұмытып та кеттім, нәтижесі болар деп ойлағаным да жоқ. Сөйтсем, Сәбит үйге бір орыс әйелін ертіп келіпті. “Мәриям, өзіңе көмекші болады. Шынында да, саған оңай емес. Айтқаның жақсы болды”, — деп қарап тұр. Алғашында біртүрлі ыңғайсыз сияқты болып, артынан үйреніп кеттім. Үй шаруасына, ыдыс-аяқ жууға көмектесіп, жақсы-ақ болды. Шаршаған, қажыған әйелдің далаға бетімен лағып кеткен сөзі деп қарамай, ойланып, мән беріп жүргенін көрмеймісің. Жанашырлығын әрдайым сезінуші ем.

Елуінші жылдарға дейін пәтердің де қиыншылығын көрдік. Орнығып, бір жерде отырмай, үнемі көшіп-қонумен болыппыз. О заманда дүние жию деген де жоқ. Уайымың – тамағың мен киім-кешегің. Аш болдық деп өтірік айта алмаймын. Сәбиттің айлығы да, жазған дүниесіне алатын гонорары да жеткілікті. Көзің тойса, көңілің де тоятындай.

Арыстан жасқа толар-толмаста, 1928 жылдың жазында Сәбит бізді елге алып барды. Осы жылы Сәбит еліне есте қаларлықтай жақсылық жасады. Жоғарғы жаққа, үкімет орындарына арызданып жүріп, елін, бүкіл ауылын тайлы-тұяғымен Жаманшұбардан бұрынғы ата-бабасының атақонысына көшіруге рұқсат алды. Бұл – қазіргі Жамбыл ауданы, Сәбит ауылының жері. Ертеректе әлгі ауып келген келімсек орыстар сүттей ұйып отырған елдің сулы-нулы жерлерін тартып алып, Жаманшұбарға қуып тастаған екен.

Жаманшұбар — аты айтып тұрғандай, жері ақ тандақ, суы жоқ, қу тақыр дала. Ел сол кезде жүдеп-жадап кеткен дейді. Ауылдың азаматтары жиылып, қарулы жігіттер 40 шақты құдық қазса да, көл-көсір су шықпапты. Осылайша, өмір өте берген, қариялар “қайран туған жер” деп о дүниеге көше берген. Атадан балаға арман боп қала берген. Сәбит болса – елдің бетке ұстар азаматы, оқығаны. Елдің күйзелісі оның да жанын ауыртып жүрген. Ақыры реті келген кезде жүгіріп жүріп, жоғарғыларға дәлелдеп, дегеніне жетіп, елді арман болған атақонысқа көшірді. Көшіруін көшіргенмен, талай қиыншылыққа да ұшырады. Үй жоқ, жұрттың бәрі жанталасып баспана салуға кірісті. Күз болса келіп қалды. Апыр-ай, сол жылы орыстардың талай қиянатын көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Көшіп келген жұртқа маза бермей, шетке шыққан малы болса иемденіп кетіп, оны іздеуге шыққан қазақ жігіттерін ұрып-соғып, істемегендері жоқ. Жақсы жерге қоныстанды деп қызғанып жатыр. Ата-бабасының жері деу ешбіреуінің ойында жоқ.

Сәбит елді орнықтырысымен, мені баламен Шәкен інісінің үйіне қалдырып, Ленинградқа, Әдебиет институтына оқуға кетті. Қарсы болмадым. Жас баламен жалғыз қалу маған да оңай емес. Бірақ оқусыз болмайтынын да түсіндім.

…Шәкен қайным да бала-шағасымен жабылып, үй салуға кірісті. Алдымен шошала салып сонда отырдық. Үйдің іші-сыртын сылауға әк жоқ, еденге төсейтін тақтай да жоқ. Жерге сабанды қалың етіп төсеп, бәріміз аласа бір бөлмелі үйде қыстап шықтық. Шәкеннің де балалары шетінен қызылқарын жас. Солтүстіктің қысы қандай ұзақ, алты ай созылып жатып алады. Көктемінің өзі қыстан жаман, халықтың “ұзын сары” деп ат қоюы бекер емес. Қыстайғы азығың таусылып, “жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында” ел қатты күйзеледі. Сол жылы көрген қиыншылығымыз әлі есімнен кетпейді. Қатты жүдеп шықтық. Баланы қалай ауыртып алмағаныма қайран қаламын. Біздің осындай халімізді білген Сәбит не де болса тәуекел деп, жазға қарай Ленинградтан 20 сомға пәтер жалдап, бізді көшіріп алды.

Көшуін көштік-ау, бірақ жағдай да төмендеп кетті. Сәбитке обал болды. Аз ғана стипендиясын пәтерге береміз, тамағымыз тақұл-тұқұл. Екінші баламызға аяғым ауырлады. Көмектесер ешкім жоқ.

Бір жылдай таршылық көріп, ақыры, болмаған соң, елге қайттық. Сәбит оқуды тастады. Жалғастыру қиынға соқты. Сөйтіп, 1929 жылы Қызылжарға көшіп келдік.

Сәбит “Бостандық туы” газетіне жұмысқа кірді. Дүниеге екінші ұлымыз Марат келді. Әжептәуір үй болып, орнығып, ес жия бастап ек, бір жылға толар-толмаста тағы да көші-қон басталды. Сәбит Алматыға комаңдировкаға кетіп еді, “Еңбекші қазаққа” қызметке шақырып, енді солай қарай көшетін болдық. Бұл 30-жылдың көктемі еді. Пәлендей дүние-мүлкіміз жоқ, көшу бізге қиынға түспеді. Екі баламызды алып, киім-кешек, төсек-орнымызды арқалап, Алматыға да келдік. Дайын тұрған үй жоқ, алдымен Абдолла Асылбековтың үйіне түстік. Абдолла алыс бір жаққа командировкаға кеткен екен. Ол үйде бір айдай отырдық. Бір күні Сәкен Сейфуллиннің үйіне көшетін болдық. Ол кісі де Бурабайға жүреді екен. Үйінде Гүлбарам жеңгеміз ғана. Сәкен ағалармен 1926 жылдан таныспыз. Ол кезде Қызылордадамыз. Мен түскен кезде Сәкен аға бойдақ болатын. Бірақ жұрт “Сәкеннің қалыңдығы бар екен. Совпарттағы қарындас” деген өлеңін сол қызға арнапты. Жақында үйленеді екен” деп гуілдеп жүрді. Бір күні Сәбит жұмысынан: “Мәриям киін, Сәкен ағаның үйіне барамыз, елден қалыңдығы келіпті. Үйленетін болыпты” деп қуанып келді. “Сәкен ағаның таңдағаны қандай екен? Керемет біреу шығар” деп көруге ынтығып келе жатырмын. Жолда Сәбит “Сәкен аға қалыңдығын өзі қарсы алмай, вокзалға басқа біреулерді жіберіпті. Болашақ жеңгемізді үйінде күтіп алыпты” деп маған айтып келе жатты. Мен ішімнен: “Дұрыс қой. Үп-үлкен басымен әйелдің алдынан шықпайды ғой” деп келем. Бәрі әжемнің тәрбиесі ғой. Өзім әлі Сәбиттің бетіне дұрыстап қарамаймын, басымды төмен салып, үн жоқ, түн жоқ жүре беремін.

…Бізді есіктің алдында Сәкен аға қарсы алды. Ішке кірдік, жас келіншегі – Гүлбарам бар екен. Ірі денелі, аққұба, тоқпақтай екі бұрымы тізесіне түседі. Киім киісі қала үлгісінде. Жүріс-тұрысы еркін. Жаңа түскен адам құсап, сызылып отырған жоқ. Жүзі ашық, батыл-батыл сөйлеп, еркектердің әңгімесіне араласып, саңқылдап отырады екен. Шынымды айтсам, осының бәрі маған ерсілеу көрінді. Менің тәрбием қазақы ауылдың тәрбиесі. Әжем құлағыма күйып тастағаны сондай, күйеуімнің атын да атамаймын. Ал, мына келіншек болса, Сәкен ағаға еркін сөйлеп, ара-арасында “Сәкен бүйт, Сәкен сүйт” деп отырады екен. Қайран қап мен отырмын. Тамақ ішіп, қызу әңгімелесіп, кеш қайттық. Арақ деген ол кезде атымен жоқ, қымыз ішеміз.

Үйге келе жатырмыз, Сәбит тым көңілді. Мені қолтықтап алды. Бұлай жүру де маған ерсі сияқты. Қашқалақтап келемін. Сәбит маған: “Әй, Мәриям-ай, әлі ұяласың. Көрдің ғой, Гүлбарам жеңгеңді. Қандай батыл. Оқығандығының да әсері шығар. Сен де айтарыңды ашық, батыл айтуға үйрен. Ынжық болма, заман өзгерді ғой. Менің атымды атауға да қысылма…” деп жол бойы мені қайраттандырып, балаша үйретіп келе жатты. Мәриям қырықтан кейін қайраттанып, ешкімге дес бермесін ол кезде Сәбең біле қойған жоқ. (Осылай деп апай жымиып күліп қойды).

Сол Гүлбарам жеңгемізбен 30-жылы қайта кездесіп, үйіне пәтерге тұрғалы келеміз. Келдік. Жеңгеміз өте жақсы қарсы алды. Үйінің бір бөлмесін босатып берді. Сөйтсек, ол бөлмеде Карина атты үй қызметшісі жатады екен. Бізді жақтырмай ол жүр тыжырынып. Басымызда үй жоқ, екі баламен қысылып-қымтырылып біреудің босағасында жүргенде, Сәбитті іздеп елден Игібай Әлібаев келді. Біз төрт жан, Игібай, Карина – бәріміз бір бөлмеде жатамыз. Кеш түсісімен Карина қыдыруға кетеді. Түннің бір уағында ұйықтап жатқан біздің аяғымызды мыжи, аттап өтіп, өз орнына барады. Бізді әдейі естісін дегендей “ит қазақлар” деп күңкілдеп жатады. Амал жоқ, шыдайсың. Елең қылмай жүре береміз. Сол кездегі пейіл не деген керемет десеңші! Қораға аласа үстелді жайып жіберіп, мәз боп күлісіп, тамақ ішіп отырамыз. Сенікі, менікі деген жоқ, қазан ортақ, пейіл кең.

Бір күні зарықтырған пәтерге де қолымыз жетті. Осы күнгі Фурманов көшесі ол кезде Лепсі көшесі деп аталады. Соның жоғарғы жағында наубайхана бар екен. Бізге берген үй сол наубайхананың қорасының ішінде. Ескі, ескі де болса, өзіңдікі деп қуандық. Ес қалған жок. Наубайханада істейтіндердің бәрі орыс әйелдері. Қазақ көрсе карадай қоқиып, шаңқылдап маңайларына жолатпайтын. Ойлап отырсам, бұлардың жуасығандары кейін екен ғой, 30-жылдары қазағыңды адам ғұрлы санамайтын. Ауланың түбіндегі дәретханаға балалар менсіз бара алмайтын. Аналар құбыжық көргендей ежірейіп, ұрсып жібереді.

Бір күні пешті жағып, үй жылыған соң, балалардың өздерін қалдырып, бір шаруалармен далаға шығып кеттім. Көп айналмай қайта келсем, үйдің іші көк ала түтін. Балалар көздері бақырайып отыр. Жүгіріп аулаға шықсам, мұржаны біреулер бекітіп кетіпті. Артынан білдік, әдейі қастықпен істеген. Мұны істеп жүрген әлгі наубайхананың әйелдері. Бізден өстіп құтылмақшы болған ғой. Балалардың көрер жарығы шығар, әйтеуір аман қалдық.

 

Бұл жерге де енді-енді үйренісе бастағанымызда, Сәбит тағы да оқу іздеп, Мәскеуге, Қызыл профессура институтына жүретін болды. Алдымен өзі барып орналасып, қысқа таман бізді көшіріп алды. Пущинская көшесі, 7-үйдегі жатақханадан бір бөлме алдық. Бір этажда жеті көрші тұрдық. Жетеуі жеті ұлттың өкілі. Ың-шыңсыз, тату-тәтті тұрдық. Мен бұрынғыдай емес, ысылып, азды-көпті өмірді көріп дегендей адам боп қалған кезім. Маған жұмыс жоқ. Орысшам өте шалағай. Арыстан мен Марат бар. Бөлмеде алғашында екі кереует бар еді. Кейіннен тағы да екі кереует қойдық. Елден Мұстафаның әйелі Сілеусін кеп қыстай жатты. Әке-шешесінен жастай айырылған Сәбит бала кезінде әкесінің інісі Мұстафаның қолында болады. Сілеусін апамыз Сәбитке тумаса да туғандай болған екен. Мейірімді, жұмсақ адам. Сәбит осы Сілеусін апасын қатты қадірлейтін. Туған шешесіндей көруші еді. Сол апамыз бір кереуетке жатады. Сәбит екеуміз қойнымызға бір-бір баладан қысып, екі кереуетке жатамыз. Сөйтіп жүргенімізде, елден бізді іздеп, Нұртаза деген бай ағайынның Нәзира деген кызы келді. Оқуға түсемін деп келіпті. Сәбиттің қолынан бәрі келеді, оқуға түсіреді деп ойлап тұр ғой. Оқуға өте алмаған ол, елге қайту ұят деп қыстай бізбен тұрды. Ол қыз үшін төртінші кереует қоюға тура келді. Өстіп бір қора боп отырғанымызда Алматыдан Гүлбарам жеңгеміз стенографистканың окуына келдім деп және келді. Жатақханаға шық, пәтер жалда деп айтуға аузымыз бармайды. Сонымен не керек, жеті жан боп аядай бір бөлмеде тұрып жаттық.

Сол қыста Сәбитке обал-ақ болды. Жұмыс істеп, түртпектеп бірдеме жазайын десе, үй толы кісі. Бұрышта кіп-кішкене, төртбұрышты, ұзын сирақ үстел тұрады. Сәбит біздің бәріміздің төсекке жатып, ұйықтауымызды күтіп, сенделіп жүреді де қояды. Біз жатқан соң, бетімізге жарық түспесін деп, төбедегі асулы шамды газетпен қымтап, орамалмен жауып, жұмыс істеуге отырады. Жастықтың, денсаулықтың арқасы-ау, сонда күніне 3-4 сағат қана ұйықтап, ертемен сабаққа кетіп жүрді.

Сәбиттің 60 сом стипендиясы тақұл-тұқұл, тамағымызға әрең жететін болды. Арыстан мен Маратты ауланың ішіндегі балабақшаға жібереміз, сонда қолдарына ұстатып жіберетін бір печенье, пірәндік болмайды. Тағы да жүдей бастадық. Бұл жолы оқуды қайтсе де тастамау керек екенін түсіндік. Не істеу керек? Басыма бір ой келді. Не де болса бағымды сынап көрейін дедім. Сәбитке ештеме айтпайын деп шештім.

Біз тұрған жатақхананың астыңғы қабатында тігін шеберханасы орналасқан. Алғаш көшіп келгенде көзім түскен. Өңкей бір әйелдер ызыңдатып аяқ машинамен іс тігіп отыратын. Іс тігуге икемім бар еді. Бастығына барып жолығып, жұмыс сұрап көрейін деп ойладым. Келдім, бастығы ер адам екен, ұлты – армян. Жаман орысшаммен жұмыс іздеп жүргенімді түсіндірдім. Машинаны көрсетіп, іс тіге алатынымды, студенттің әйелі екенімді, екі балам бар екенін ыммен түсіндірдім. Әлгі бас-аяғыма қарап біраз тұрды да, басын изеп келісімін берді. Алғашында жеңіл-желпі жұмыстар беріп, байқап көрді де, қолымнан іс келетінін көрген соң, машинаға отырғызып, ертеден қара кешке дейін ызыңдатып іс тігетін көп әйелдердің қатарына мен де қосылып кете бардым.

Алғашқы айлығымды алып, қуанышым қойныма сыймаған кез әлі есімде. 40 сом аванс алдым. Менің де бір кәдеге жарағанымды көрсін деп Сәбитті қуантқым келді. Жатақхананың қарсы алдында “Савой” рестораны бар еді. Қызыл-жасыл жарқылдаған шамдарына кешкілікте қызыға қарайтынмын. Қолыма ақша тиген соң, Сәбитті сол ресторанға қонаққа шақырдым. “Менің алғашқы еңбегімді жуайық” дедім. Әрі тойынып тамақ та ішейікші деген ойым ғой. Сәбит қуанып кетті. Ресторанға бардық. Төбесіне дейін жалтылдаған айна, жып-жылтыр еден. Өңкей бір сылқым қыз-жігіттер. Екеумізде ресторанға кіретіндей де түр жоқ қой. Сәбиттің үстінде қисық жағалы (сол кезгі сән) қоңырқай көйлек. Менің де көйлегім жұпыны, жұқа шыт көйлек. Жуамын да, киемін. Басқа ауыстыратын жоқ. Киімді уайым қылып жүрген біз жоқ. Рақаттанып тамақ ішіп, көңілді отырдық. Сәбитке бір жүз грамм шарап алдық, ананы-мынаны айтып күлісіп, екеуміз жақсы демалдық. Сөйтіп, менің аз ғана айлығым сәл де болса жеңілдік әкеліп, адам қатарына қосылып қалдық.

Сол Мәскеуде жүргеңде Жанна атты қыз бала келді өмірге. Үшінші бала. Бір жастан екі ай өткен шағында, қыстың көзі қырауда елде қалған туыстарымызды іздеп, ауылға бардық. Сол жолы балаға қатты суық тиіп, ауырып қайтты. Әкесі қызын өте жақсы көретін еді, бала күйіп-жанып қызуланған кезде, Сәбит иығынан түсірген жоқ. Дәрігерлер асқынып кеткен, еш көмек ете алмаймыз деді. Ақыры сол бала Сәбиттің иығында жүріп үзілді. Сізге өтірік, маған шын, сол сәбиді зиратқа апару үшін арба жалдауға 40 сом ақша таба алмадық. Әрі-бері жүгірдік, ешкімнен шықпады. Жерлес студенттердің ешқайсысында ақша жоқ, ала ғой дейтін ағайын-туыс та жоқ. Ойласа келе, баланы көрпеге орап, Сәбит екеуміз трамвайға отырдық. Қасымызға бір-екі мұсылман жерлес студенттер ілесті. Трамвай татар зиратына таянған тұста түсіп қалдық. Кәдімгі тірі балаша, көрпеге ораған қалпы көтеріп, зиратқа жаяу жеттік…

Қазір айтуға жеңіл, ал сол жолы қатты күйзелдік. Сәбит екеуміз де жыладық. Әйтеуір, алдағы күнге деген сенім бар, көкіректе – арман. Қандай ауыр кезең болса да, мақсат – тек Сәбиттің оқуы. Қолымызға диплом тисе, алдымыз қызылды-жасылды дүние секілді. Бәрі де болып, бар қызыққа кенелетіндей көрдік. Кейін, шынында да солай болды ғой.

Сол бір томпиған кішкене Жаннамыз есімізде жүрсінші деп 1945 жылы туған қызымызға атын қойдық.

1934 жылы Сәбиттің оқуы аяқталайын деп қалған кезде Алтай атты баламыз өмірге келді. Бір қайғыны бір қуанышқа жеңдіріп, адам тіршілік етіп жүре береді екен. Қызы қайтыс болғанда қатты жылаған Сәбит үшінші ұлы туғаңда есі кетіп қуанды. О заманда бала шектеу деген жоқ, құдайға күпірлік деп қорқушы едік. Құдай өзі беріп, өзі алады екен ғой. Амал не! Маратым мен Ботажаным, Бақытжаным – бәрін де алақанға сап әлпештедік; солардың артында қалу маған оңай емес. Кеудеңнен шыбын жаның шықпаған соң, тіршілік ете бересің. Қалғандары аман болса екен деп, тілеуін тілегеннен басқа қолдан не келеді!

* * *

Сәбиттің оқуы 1935 жылдың күзінде аяқталып, Мәскеуден Алматыға оралдық. Келісімен Сәбитті Жазушылар одағының төрағасы етіп сайлап, жұмысқа қызу кірісіп кетті. Күнде жиналыс, күнде жиын, әйтеуір жұмыс көп. “Бүгін пәленнің шығармасын талдаймыз, ертең түгеннің шығармасын оқимыз” деп, қауырт жұмыстан бас ала алмай жүруші еді. Кешке үйге кеп, тамақтан соң, тағы үстелге отырады. Бір бітпейтін жазу. “Мәриям, тыңдашы” деп бала-шағамен, ыдыс-аяқпен малтығып жүрген мені әкеп отырғызып қояды. “Қолым тимейді” десең ренжіп қалады, амал жоқ, бар шаруаны тастап, әлгі жазғанын тыңдайсың. Өзіңше пікір айтқан боласың, әйтеуір көңілін қалдырмай, жігерлендіріп, рух беруге тырысасың.

Осы бір жылдары Сәкен, Ілияс, Бейімбет ағалармен қатты араластық. Талай рет қолымнан дәм татты. Әсіресе, Сәкен ағамен жақын болдық. Сыйлас болдық. Сол кезде қырыққа да толмаған кездері. Әйтсе де, жүріс-тұрыстары, сөйлеген сөздері, өзін-өзі ұстаулары үлкен, ақсақалды адамдарша әсер ететін. Адам баласында мұндай сұлу кісіні өз басым көрмедім. Сәкен ағаны айтып отырмын. Жаспыз ғой, сонда сол кісіге дұрыстап қарауға да ұяламын. Ұрланып қана қараймын. Қайнағам ғой, әрі өз ортасында патшадай боп отырады. Жиын-тойда жиі кездесіп жүреміз. Құрдастар өзара қалжыңдасып, бір-бірімен қатты ойнайды. Сәкен аға ондайда маған қарап: “Мәриям, қалқам, сен шыға тұршы. Мен бір айызым қанып қалжың айтайын. Әйтпесе, мыналардан жеңіліп қалатын түрім бар”, – дейтін. Мені періштедей көруші еді, тұрпайы сөз естіртуге де қимайтын. Қайран, асыл ағалар!..

Бейімбет аға да көз алдымда. Оншалықты күтім тілемейтін, салдыр-салақтау адам еді. Жазу үшін күй талғамайды екен. Төр алдындағы киіздің үстіне етпетінен жата қалып, тұқыл қарындашымен шұқшиып жазып жатқанын талай рет көрдім. Сәбит “Бейімбет әңгімеге шебер” деп отыратын. Әйелі Гүлжамал қазақылау адам еді. Біздер, келіншектер, анаған-мынаған еліктеп, киім-кешегімізді жаңалап, қала сәніне ұмтылып жүргенімізде, ол кісі үстінен ұзын етек, қазақы көйлегін, басынан жаулығын тастамай өтті.

Сөйтіп жүргенде, 1937 жылдың лаңы басталды. Сәкен, Бейімбет ағалар ұсталып кетті. Қара түнек күндер жалғаса берді. Жұрттың бәрі ішінен тынып, келесі кезек кімдікі деп, күтумен жүргендей… Сәкен ағаны әкеткен соң, жағалай тінту басталды. Кімде не бар, қандай құжат бар дей ме-ау, әйтеуір, маңайыңның бәрі шпион сияқты. Жан баласына сенуден қалдық. Біздің үйде Сәкен аға мен Сәбиттің бастарына шляпа киіп түскен әдемі суреті бар еді. 1928 жылы Қызылордада, бір партия жиналысынан кейін түсіпті. Екеуі де жап-жас көрсе көз тоятындай. Сол суретті ешкімге байқатпай алдым да, ауызғы үйде ілулі тұратын айнаның артына қыстыра салдым. Ойым – біреу-міреу кеп тінте қалса, көзден таса болсын, айнаны ешкім сындыра қоймас. Өзімше сақтық жасағаным ғой. Әйтеуір, тінту болған жоқ. Уақыт өте берді. Сөбиттің басына да зобалаң туды. Сәкенмен жақын болдың, қандай жұмыстар жүргіздіңдер деп түртпектей бастады. Сәбитті қалай қинағандарына қазір арнайы тоқталамын. Әлгі суреттің тағдырын айтайын деп отырмын.

Жылдар өтті. Сәкен аға ақталды. Ескі айна баяғыда дачаға кетіп қалған. Бір күні әлгі сурет есіме түсті. Сол үшін әдейі дачаға бардым да, айнаның сыртқы тақтайын босатып ем, әлгі сурет шыға келді. Көзіме оттай басылды. Көңілім босап кетті. Енді тезірек Сәбитті қуантқым кеп, үйге қарай құстай ұштым. Келсем, Сәбит кабинетінде жұмыс істеп отыр екен. Арт жағынан үндемей келдім де, алдына жаңағы суретті қоя қойдым. Сәбит сасып қап артына қарады да: “Мәриям, бұл қайдан шықты?” деді. Мен бар жағдайды айтып бердім. Сәбит көңілі толқып: “Әй, айналайын-ай, мынау бір керемет болды ғой” деп қатты қуанды. Сол сурет музейде тұр.

1937 жылдың зұлматынан біз де шет қалғанымыз жоқ. Жиырма жасынан партияға кіріп, сол партияның ыстығына күйіп, суығына тоңса да, Сәбитке де жала жабылып, біраз қиындық көрдік. Қаншама ұйқысыз түндер мен уайым-қайғыға толы күндерді бастан кешірдік. Менің сол кезде түскен бір суретім бар. Осы күні өзім қарап отырып шошынамын. Қу сүйек, тірі аруақ сияқтымын. Сәбит екеуіміздің басымызға күн туып жүрген кез ғой.

… Әлі есімде… 1937 жыл. Қазанның бесі… Сәбитті партия жиналысына шақырып әкеткен. Сағат кешкі алтыда басталады деп еді. Қараңғылық түсті, түн болды. Сәбит жоқ. Балалар аяқтарының ұшынан басып, әлдебір қорқынышты күтумен болдық. Түнгі сағат төрт шамасында есік қағылды. Ашсам… Сәбит! Аппақ қудай, өң жоқ, түс жоқ. Қалшиып тұрған маған қарап: “Жүрегіме басқан жалғыз билетімнен айырылдым. Мен біттім, Мәриям!” – деді.

Бюроға Орталық Комитеттің мәдениет бөлімінің бастығы Ғабит Мүсірепов пен Ілияс Қабылов қатысты. Жақын деп жүрген адамдарымның қылығы жаныма қатты батты, жалғыздығымды анық сезіндім. Билеттен айырылып, құр сүлдерімді сүйретіп, далаға әрең шықтым. Дала тастай қараңғы екен. Бір кезде артымнан Бейімбет пен Қалмақан Әбдіров жүгіре шығып: “Әй, Сәбит-ай, өзге-өзге, саған обал болды-ау!” – деп екеуі ере жүрді. Шамы әлдеқашан сөнген тас қараңғы көшемен үшеуміз келе жаттық. Бір кезде арт жағымыздан қара түнекті қақ жарып, шамы көзді қарықтыра, бір машина жыланша жорғалап, жылжып келе жатты. “Бейімбет, Қалмақан! Мынау зәуде болса мені әкетуге келе жатқан болар. Бала-шағаммен қоштастырмайын дегені ме?! Сендер әрірек барыңдар, кесірім тиер. Көңілдеріңе рақмет!” – дедім. Машина жаныма қатарласа бергені сол еді, кенет есігі ашылып: “Бейімбет, әй, Бейімбет, кел бері!” – деген дауыс естілді. Ғабиттің даусы. Менде ешкімнің шаруасы да жоқ. Машина ішінде Қабылов та отыр екен. Бейімбет пен Қалмақанды отырғызып алды да, зу етіп жанымнан өте шықты. “Бір атым насыбайдан қалар көңіл-ай”, иесіз көшеде жер болып қала бердім. Үйге жетпестей көріп едім, келдім-ау, әйтеуір, жеттім-ау, сендерге”, – деп Сәбит әңгімесін аяқтап, жылап отырған менің иығымнан құшақтады. Жылаудан басқа менің қолымнан қылар амалым жоқ. Сол түннен бастап “әне әкетеді, міне әкетеді”, деп үреймен таңды атырып, кешті батырумен болдық. Көрші-қолаң, жора-жолдас іргелерін аулақ сала бастады. Кейбіреулері тіпті сәлемдесуге де жарамайтын болды. Сәбит билеттен айырылған күні жұмыстан да қуылған. Күн көріс қиындады. Төрт бала бар. Ботажан сол жылдың көктемінде туған, 5-6 айлық қана. Сәбитті апта сайын шақыртып, күніне бірнеше сағат ұстап жауап алады. Үйдегі жас баламды тастап, “өлмес” деп мен де жүрем маңайды торуылдап. Ұстап әкете қалса, білмей сорлап қалам ба деп ойлаймын. Сәбит далаға шыққан кезде, алдынан тосып мен тұрамын. Екеуміз үйге келеміз. “Әлгі сорлы бала не болды екен?!” – дейді Сәбит. Келсек, бала тып-тыныш жатады уілдеп, жыламайды. Келе тырсылдаған емшегімді беремін. Тойып еміп алып, ұйқыға кетеді. Бірнеше ай бойы осылай жүрдік қой. Сонда бала шырылдап бір жылаған емес. Сәбит айтады: “Мәриям, осы балаға үміт артамын. Жыламағанын жақсы ырымға балаймын” дейді. Олай дейтіні, осы 1937 жылдың басында Қарағандыдан Абдолла Асылбеков үй-ішімен көшіп кеп, дайын үй жоқ болған соң, біздікінде тұрды. Жаңа туған ұлы бар екен. Ол кезде Абдолла “халық жауы” боп, ұсталып кетеді деп кім ойлаған. Сонда әлгі жаңа туған жас бала түн баласына ұйқы бермей, таң атқанша жақ жаппай зарлап шығады. Кейін Абдолла ұсталып кеткен соң ойладық: періште ғой, бір жамандықты сезіп, шырылдады ма екен, байғұс бала! Осыны көрген біз Ботажанның тыныш болғанын, зарлап жыламағанын демеу тұтып, кәдімгідей жұбаныш санадық!

Бір күні Сәбит мені қасына отырғызып алып: “Мәриям, сен енді есіңді жи. Арқа сүйер ағайын-туыс жоқ. Балаларға ие бол. Қандай қиын күндер болмасын, осыларды сақта. Мені ұзатпай әкететін шығар, киім-кешегімді әзірлеп қой. Аяқ астынан келіп қалса, есің кетер. Қайратыңа мін, сенер адамымыз жоқ қой”, – деді. Сонымен күндер өте берді. Сәбитті апта сайын шақыртып, жауап алады. Әңгімелесу дейді өздері. Алдымен бір қартаң орыс әйел қабылдаушы еді. Бағымызға қарай, бір иманжүзді адам екен. Сәбитпен жылы сөйлесіп, түсіністікпен қабылдайтын. “Сол жылдары Мұқанов та түрмеде жатыпты” деген қауесет шығып жүрген көрінеді қазір. Ол – өтірік сөз. Сөбит бір жылға жуық жұмыссыз сенделді. Жиі-жиі шақыртып жауап алатын. Бірақ түрмеге жабылған жоқ.

Сол жылы балаларға ауыр тиді. Тәтті-дәмдіні көздері де көрмейтін болды. Бірде Сәбитті тағы да бір жаққа шақыртып, ертемен кетіп қалған. Түске таман келіп тұр. Қолында – үш алма. Қып-қызыл, көздің жауын алардай. Қайдан алдың десем: шақыртқан жері бір алма бақтың жанында екен. Үйге қайтарда сол баққа кіріп, балалар сағынды ғой деп үшеуін жұлып алдым. Балаларға берші, жесін дейді. Ол кезде Алматының базары алмадан қайысып тұрады. Оны алуға бізде ақша жоқ. “Құдай-ай, қандай күйге ұшырадық?” – деп қамықтым. Балалар болса мәз.

Иә, қарағым, айта берсем, тіпті, көп екен-ау. Осындай қиын-қыстау күннің өзінде де Сәбиттің қасы мен қабағына қарап, әрдайым жанынан табылуға тырыстым. Бірге қайғырып, бірге жыладым. Сол жылдары басына іс түскен күйеулерінен ажырап, тіпті балаларының аты-жөнін өзгертіп жаздырған әйелдерді де білемін. Жағдайымыз күннен-күнге ауырлай берді. Қатты қысылған кезде үйдегі тәуір деген заттарды сатпақшы болдым. Үйде үлкен жақсы кілем, Сәбиттің алтын сағаты болды. Осы екеуін комиссиялық дүкенге арзан бағамен өткізбекші болдым. Амал жоқ, ұялсаң да баруға тура келді. Жұрттың бәрі таниды. Біреу табалап, біреу күліп қарайтынын білсем де, лажсыздан сондай әрекетке баруға бел байладым. Сәбит жайымды аңғарды білем: “Мәке, бұл заттарды әзірге қозғамай-ақ қойшы. Пальто тіктіреміз деп жүрген жақсы маталарың бар еді ғой, алдымен соларды апар. Елеусіздеу ғой”, — деп кеңес берді. Маталарды орап, сөмкеге салып алып, дүкенге келдім. Дүкенші маталарымды әрі қарап, бері қарап, тісіне басып көріп, саудаласқанша жаным қысылып бітті. Таныс біреулер көріп қоя ма деп қипақтадым. Сол бір қиын кезеңде дүкенге өтіп кете жаздаған алтын сағат қазір музейде, Сәбиттің жазу үстелінде жатыр.

Сәбиттен жауап ала бастағанда елден келіп жатқан бір алыстау ағайынның әйелдері бар еді. Асықпай қонақтап жатқан. Сәбиттің басына әлгіндей лаң туа бастағанда, алды-артына қарамай елге қарай зытты. Талай жақын жүрген жолдастарымыз пәлесі жұғады деп Сәбиттен қашатын болды. Тек жалғыз Нүрке ғана қасымыздан табылды. Айналайын-ай, ештемеден қорықпай: “Сендермен бірге боламын, не көрсек те бірге көреміз!” – деп отырып алды. Нүрке Сүлейменов Сәбиттің Дәмеш деген апасынан қалған жалғыз жиені еді. Солтүстіктің қазақтары бірге туған үлкен қызды апасы дейді. Осы жақта әпке, әпше деп жатады ғой. Дәмеш апамыз ол жылдары қайтыс болған. Нүрке сол жылы жазда оқуға келіп, түсе алмай, Сәбит баспаханаға жұмысқа тұрғызған. Нүркеден басқа да оқуға келген бір-екі бала, алыс туыстар бар еді. Сәбит билеттен айырылып келген күннің ертеңіне-ақ жандарынан қорқып, елге тайып тұрды. Тек Нүрке ғана қасымызда қалды.

… Күндер өте берді. Жоқтан бар жасап дегендей, сорпа-суан пісіріп, ас үйде жүр едім. Нүрке жұмыстан келді. Қолында газетке орап алған бірдемесі бар. Ас үйге кірді. Газеттің орауын жазып: “Мәриям, мен бүгін алғашқы айлығымды алдым. Бөлке нан, бір шөлмек арақ әкелдім. Шұжық алдым. Сәбит жүдеп жүр ғой, кішкене көңіл көтерейік. Дастарқан жайып жіберші”, – деді. Мен жылдам әлгілерді турап, үстелді дайындап жібердім. Сәбит түпкі үйде жатыр еді. Дастарқанға шақырдым. Келіп, жасаулы тамаққа көзі түсіп: “Мынау не, арақ қайдан келген?” – деді. “Мына Нүрке алғашқы айлығын алыпты, сен ауыз тисін деп әкеліпті”, – дедім. Сәбит сәл үнсіз тұрып қалды да: “Әй, айналайын-ай…” – деді. Даусында қуаныштан гөрі қамығу басым еді.

Сол Нүрке 1941 жылы соғысқа біздің үйден аттанды. Жылап-еңіреп шығарып салдық. Хабарсыз кетті, марқұм. Тар жерде жолдас болған қарағым еді. Бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда. Үйде жап-жас күнінде түскен суреті бар. Сәбит бір сары конвертке салып сақтапты. Сыртына “Нүрке” деп жазып қойыпты.

Осы арада Елеусізді де айта кетейінші. Сәбитті іздеп Алматыға елден келген жетім бала еді. Әкесі алыс ағайын боп келетін. Алматыдағы жалғыз қазақ мектебінде оқыды. Дәл 10-класты бітірген жылы соғыс басталды. Біздің Арыстан мен Марат үшеуі жұбын жазбаушы еді. Сабақтан шығысымен үйге келіп, өз баламыздай еркін жүріп, еркін тұратын. 1941 жылы Сәбит Арыстан мен Маратты май айында сабақтан ертерек босатып алып, Мәскеу маңындағы бір пионер лагеріне жібермекші болды. Киім-кешектерін дайындап, әбігер боп жатсақ, балалар айтады: “Мама, Елеуіш те (Елеусізді олар солай атаушы еді) бізбен бірге барсыншы. Ол экзамендерін ерте тапсырып, Москваны көргісі келеді. Сіздерге айтуға ұялып жүр, барсыншы”, – деп қоймай қойды. Содан мен Елеусіздің мектебіне барып, сынақтарын ерте тапсыртатын болып, келісіп келдім. Елеусізге де Москваға билет алып, жолға дайындала бастадық. Балалардың қуанышында шек жоқ. Бәрі де ойдағыдай, бәрі де жақсы еді.

 

Балаларды Сәбит Москваға алып барып, орналастырып келді. Арада 10 күн өткен жоқ, соғыс бұрқ ете қалды. Есіміз шықты. Сәбит Москвадағы таныстарға звондап, балаларды, әйтеуір, бірдеме қылып қайтардық. Жұрттың бәрі үрейлі, көздерінде қорқыныш.

Елеусізді, 18-ге енді толған жап-жас баланы, соғысқа алатын болды. Өзі жетім, ауылдың баласы, артынан іздеушісі де жоқ. Сәбит екеуміз қатты қиналдық. Жанымыз ашыды. Соғысқа әкетпес бұрын бір айдай Алматының түбінде әскер ойнатып, жаттығу жасады. Кешкі бестің кезінде жаттығудан оралады. Өңкей өрімдей жастар шаң-шаң боп, саппен келе жатады. Темір қақпаның алдында ата-аналары күтіп тұрады. Қолдарында тамақтары, су-суандары бар. Сәбит мені де күнде жібереді. “Байғұс бала, ешкімі жоқ. Көп ұзамай оттың ішіне кіреді. Тірі қайта ма, жоқ па, бір құдайға ғана аян… Мәке, көңілі жүдемесін. Күнде алдынан шығып тұршы”, – деп мүсіркеп қоймайды. Ыстық тамағым суып қалмасын деп, орап-шымқап мен тұрамын. Сонда алыстан мені көріп, ақсиып күліп келе жатады. Әскери басшылар бұларды қашан жөнелтетінін айтпай дымымызды құртады. Бір күні осы түнде әкетеді екен деген сыбыс шықты. Ата-аналар ұлардай шулап, есік күзеттік. Бір күн өтті, түн өтті. Әкететін сыңай байқалмайды. Әбден шаршап, енді ертеңге дейін тұра тұрар деп, түнгі үш кезінде тарағанымызда, тура бір сағаттан кейін, таңғы төртте балаларды тиеп, жөнеп беріпті. Ертеңіне келгенімізде орындарын сипап, аңырап қала бердік.

Сол кеткеннен Елеусізіміз мол кетті. Бір-екі рет хат келді. Сосын тоқтады. Осы бір екі бала – Нүрке мен Елеусіз, шіркін-ай, мөп-мөлдір, тап-таза балалар еді… Қай қуыста, тастың астында қалды екен десеңші?.. Соғыс аяқталып, жұрт мәз-мейрам боп жүрген кездерде елеңдеп біз де отырдық. Келіп қалар ма екен, жарқ етіп… Бір күні іс тігіп отырдым да, есіме осы екі бала түсе кетті. Ішім удай ашып, ызыңдаған мәшиненің даусына қосылып, аңырап жоқтау айттым. “Қарақтарым-ай, қайда екенсіндер?! Көрер жарықтарың неге сонша қысқа болды?..” – деп дауыс сап отырсам, арт жағымнан Сәбит үнсіз таяп келіп, тыңдап тұрыпты. Сағынышымды айтып, көзімнен жас моншақтап жылап отырдым. Тықырлағанға қарасам, Сәбит. Екеуміз де ләм деген жоқпыз. Аузымыздан сөз шықса, жарамыз тырналардай, үнсіз қалдық. Бірақ оның да көкірегі удай ашып тұрғаны сөзсіз еді. Екеуін есіме алсам, қазір де кәрі көзден жас домалай жөнеледі, қарағым…

* * *

1938 жылдан бастап Сәбит қайтадан жұмысқа кіріп, қорқыныш сейілгендей болды. Сол жылдары жиналыс деген көбейіп кетті. Ерте кетеді, кеш келеді. Түйілген қабағынан ығып, дүниеде не болып жатқанын тәптіштеп сұрауға да батпайсың. Жұрт аузын ашуға қорқады, Мәскеуден келген бетте Мәриям Хакімжановамен танысқанмын. Өте зиялы, жұмсақ адам екен. Жас та болса, білері көп деп Сәбит жақсы көруші еді. Күні кешеге дейін туыстай боп араластық. Сәбит қайтыс болғанда дауыс сап жоқтау айтқаны әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Сәбит екеуінің сыйластығы ерекше. Оның себебі әріде жатыр. 37-нің лаңы Мәриямды да шет қалдырмады. Тұрмысқа шыққан соң, көп ұзамай күйеуі “халық жауы” атанып ұсталып кетеді. Мәриямның қолында күйеуінің алғашқы қайтыс болған әйелінен туған екі кішкене бала қала береді. Бейшара балалар шешеден өлідей, әкеден тірідей айырылады. Мәриямның адамгершілігіне танитын жұрттың бәрі тәнті. Өзінен тумаса да, туғандай мәпелеп, сол балаларды жеткізді. “Халық жауының” әйелі деп Мәриямға да талай сүргінді көрсетті. Жұмыс бермей, күнкөрісі қиындап, жора-жолдасының бәрі маңынан безіп кеткен тұста, Сәбит қолынан келген көмегін аяған жоқ. Арабша газет-журналдар шығаратын баспаға жұмысқа тұрғызды. Күйеуі ұсталғаннан кейін кең үйлерінен қуып шығып, тап-тар ескі үйге кірді. Ортада темір пеш. Кәрәсін шам. Қыстың іші. Үй жылытар отын да жоқ. Екі баланы екі қолтығына қысып, жүрегінің жылуымен жылытып Мәриям отырады. Әлгіні көрген кезде, аяныштан адамның жүрегі қысылады. Сәбит екеуміз қараңғылықтың түсуін күтеміз. Жұрт аяғы басылып, қараңғылық көз байлаған кезде қол шанаға сексеуілді тиеп алып, Мәриямға келеміз. Жұртқа көрсетпей кәрәсін тасимыз. Біреу-міреу көрсе, “Сәбиттің халық жауының әйеліне көмектесуі тегін емес, өзі де жау” деп шығуы әбден мүмкін еді. Сол бір қиын-қыстау кезеңде басталған достығымыз өмір бойы үзілмеді. Ұл-қызы өсіп ержетті. Азамат болды. Жан күйзелтер ауыртпалыққа, қаншама көрген қиындығына қарамастан, екі баланы жетілдіріп, адам қатарына қосып, бір-бір үй етті. Туған балаларым емес деп, сонда интернатқа өткізіп жіберсе, ешкім де сөкпес еді. Ішінен шыққан балаларын да өткізіп жіберіп, өмір бойы пәлесі кетпейді деп ұсталып кеткен күйеуінің атынан шығарып алғандарды да білемін. Олардың қасында Мәриямдікі нағыз ерлік еді. Сәбит сол үшін де жақсы көрді. Өзінің ниетіне берген шығар – балалары да тәрбиелі, көргенді. Ұлы Атымтай да – мынау деген азамат. Мәриям немере-шөбере сүйіп, өзі ел сыйлайтын ақын боп тіршілік кешті. Екеуміз апалы-сіңлілідей болдық. Жасы менен әжептәуір үлкендеу. Ылғи: “Мәке, құдайдан бір ғана тілегім бар. Мені сенің алдыңда алса екен. Сенен кейін қалмасам екен”, – дейтін. Ол да орындалды. Ауырып қайтты. Қолымнан топырақ салдым. Дүниеде қатарыңның сирегені қиын екен. Мәриямнан айырылғанда көңіл құрғыр жүдеп қалды. Сәкен ағаның әйелі Гүлбарам абысыным кеткенде бір қиналып ем. Сонда бір қатты құлазып ем. Бейшара, ауырып жатып, соңғы сәтінде: “Мәриямға сәлемімді жеткізіңдер. Мені Сәбиттің қасына қоюға рұқсатын берсін. Сәкеннің сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Бала да жоқ, бай да жоқ. Сәбит Сәкеннің кәрі жолдасы ғой”, – депті. Гүлбарамның қайтқанын естіртуге келіп отырған адам оның осы өтінішін де жеткізді. Мен: “Әрине, рұқсат. Бөтен емес, жақын жеңгесі емес пе?! Әрі Сәкендей жақсының көзі”, – деп бірден келістім. Сәбитке барған сайын, Гүлбарамның да тасын сипай өтемін…

Марқұм, ер пішіндес, адуындау адам еді. Сәбит қайтқанда жоқтауымды үзбей, зарлана бердім ғой. Сонда осы абысыным: “Әй, Мәриям! Сен неге қоймайсың?! Армансыз қатынсың сен! Сағынсаң, барып топырағын иіскейсің, басына барып мауқыңды басасың. Ау, мына біздің не жанымыз жүр?! Тым болмаса бір уыс топырағы болса деп армандаумен келеміз. Қай жерде, қай тастың қуысында қалғанын да біле алмай, сорлап жүрміз емес пе!” – деп ұрсып тастады. Осыдан соң тоқтағандай боп, есімді жиып, бір жұтым су іштім.

Тірісінде ренжітіп, не бетіне қарсы келіп көрген емен. “Күлеке, Күлеке” деп кішіреюмен өттім. Кейде орынсыз өктемдік көрсетсе де, жып-жылмағай ғып, тігісін жатқызып жіберуші ем. Сәбит айтатын: “Сәкендей жақсының көзі ғой”, – деп.

Осы Төлебаев көшесіндегі, қазіргі музей орналасқан үйдеміз. Қыстың кезі болатын. Үйде жайбарақат отыр ем. Сырттан айғай салған бір дауыс естілді. Шықсам – Гүлбарам. Маған айтады: “Мына есігіңнің алды көк мұз ғой, неге тазалап қоймайсың? Сәкеннің әйелі басын жарып, көшеде өліпті деген атаққа қалдырайын деп пе ең?!”… Кәдімгідей ашулы. Мен күліп: “Күлеке-ау, келе жатқаныңызды телефонмен айта салсаңыз, жолыңызға кілем төсей салар ем ғой”, – деп келіп, құшақтай амандастым. Лезде жадырап, күліп сала берді. Мәриям да, Гүлбарам да сырлас, әзілің де, ашуың да жарасатын жақын жандар еді.

* * *

Сәбит қайтқаннан кейінгі алғашқы жылдары Союзда (Жазушылар одағы) қандай кеш болмасын, жиылыс болмасын арнайы шақыру жіберіп, жиі шақыратын. Баруын барсам да, Сәбиттің үңірейген орнын көріп, көңілім бұзылып қайтамын. Тек Сәбит қана емес-ау, президиумда қаздай тізіліп отыратын өңкей жақсы мен жайсаңдарды, нарқасқаларды іздеймін. Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит… Өздері де бір шекелері торсықтай, көрсең көз тоятын азаматтар еді. Арада қаншама жылдар өтсе де көмескіленбейтін, тот баспайтын асыл азаматтар екен ғой!

Қарашаңырақ, Жазушылар одағы, кезінде киелі ордадай еді. Өзім үшін әлі күнге дейін солай. Сәбиттердің кезінде сәл-пәл ауыздарына жынды су тигендердің өздері ішке кіруге бата алмай, айналсоқтап жүретін… Талай бастық келді, кетті. Солардың ішінде менің есімде жақсы қалғаны – марқұм Жұбан Молдағалиев еді. Жазушылардың жесірлеріне ерекше құрметпен қарайтын. Жиын, бірдеме бола қалса, қалдырмаушы еді. Осы күнгі Нұрлан Оразалин балам сол Жұбанды еске түсіреді. Үлкендерге құрметі бар, аруақ сыйлайтын адам.

Жазушы біткеннің бәрімен де араластық қой. Қазір аузыма түспей отырғандары болса, құдай кешірсін. Қанша дегенмен, естелік айту, өткеннің бәрін қазбалау да оңай емес екен…

 

Ғабит пен Ғабиденнің тірі жүргендері де көңілге демеу еді. Сәбиттің етене жақын жүрген достары деп қарайтынмын. Оның үстіне Ғабитпен құдамыз. Қайтарынан бір жыл бұрын ғой деймін, 31 желтоқсан күні кешкі сағат 6-ның кезінде Төлебаев көшесіндегі орындықта отырғанын көрдім. Жұрттың бәрі Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып, абыр-сабыр боп жатады. Мен де дүкеннен бірдеме керек болып, сыртқа шығып ем. Жақын кеп, амандасып: “Ие, не ғып отырсың? Ғазиза қайда?” – дедім. “Ғазиза кешірек келетін шығар, әйелдер дачада жиналып, сонда отыр”, – деді. 

“Бізге жүр, Ғазиза кешіксе, жалғыз отырма”, – дедім. Рақметін айтып, үйде болатынын айтты. Ғабит Сәбиттей емес, салқынқандылау, сырбаздау адам ғой. Адамды ішіне онша жіберіңкіремей, сырт жүретін. Сәбит екеуі бір елдің адамы, бірге өсіп, біте қайнаса да, екеуі екі мінезді еді. Сонау 24 жылдан бері қарай екеуі бірге жүріпті, өмірдің асу-белдерінен де бірге асыпты. Екеуінің әдебиет турасындағы айтыс-тартысын жете түсіне алмаспын, жалпы қарапайым адам ретінде де екеуі бір-біріне ұқсамайтын. Ғабит отбасына көп көңіл бөлмейтін сал-серінің өмірін кешті. Қара жер хабар айтпасын, семьялық өмірдің бақыты бұйырмаған адам болды. Өзі қайтыс болып, артында қалған мұрасы талан-таражға ұшырап, әлдекімдердің қолында кеткенін естігенде, жаным ашыды. Өсек өрттей қаулап, “ойбой, Ғабиттің пәлен сом ақшасы қалыпты; оған аналар пәлен алыпты, түген алыпты” деп естігенде, “өзіңдікі өзіңе бұйырмады-ау!” деп қынжылдым. Әсіресе, Ғабиттің бейітінің басын бекіту кезінде көп әңгіме жүрді ғой, әйтеуір, жақсы етіп салған екен.

Марқұм, Хұсни тірі болса, жоғарыдағыдай әңгімелердің бірі де болмас па еді, қайтер еді… Газет-журналдарды үзбей қарап отырамын. Солардың бірде-біреуінен алғашқы қыздай қосылған қосағы – Хұсни туралы еш нәрсе көрмедім. Кейінгі әйелдері Рая мен Ғазиза туралы дерек келтіреді, ал Хұсни марқұм өмірде болмағандай…

… Хұсни бір аяулы жан еді. Биязы, жібектей есілген, жуас адам еді. Ғабиттің қандай қылығы болса да, үнсіз төзді. Күйеуін балаша мәпелей күтті, бір ауыз қатты, қайыра сөз айтпады. Тамақты қандай дәмді пісіруші еді, ұстаған дүниесі қандай!.. Жүрген жүрісі білінбейтін, зиянсыз, көнбіс адам болатын.

Екеуміз сырлас болдық. Біз Сәбит екеуміз Мәскеуде жүргенде Ғабит пен Хұснидан хат жиі келетін. Достық қарым-қатынасымызды балалар одан әрі бекітіп, құда болдық. Немерелер келді өмірге. Солардың қызық-қуанышында бірге жүрдік. Сәбит қызғаншақ еді. Немерелерін қызғанып, Ғабиттердің үйіне бір-екі күн қонсын десең, соған келіспей, қабағы түйіліп қалатын. Мен айтатынмын: “Сәбит-ау, Хұснидан ұят қой. Ол болса, бар дәмдісін пісіріп, сенің балаларыңды жаны қалмай күтеді, шыда бірер күнге”, – десем көнбейтін. Трамвайға отырып, алып келеміз деп мені қоса ала шығады. Хұсни сонда күліп: “Бәсе, Сәбит неғып шыдап отыр екен десем, жеткен екенсіңдер ғой. Жарайды, келіңдер, дастарқан дайын”, – дейтін. Ренжу дегенді білмеуші еді… Өмірімде мұндай момын адамды көрмедім. Ғабит не айтса да – заң, түн келе ме, күн келе ме – бір ауыз сөз айтпайтын. Бар дәмдісін аузына тосып, үсті-басын мұнтаздай ғып күтті. Шалбарды үтіктеген кезде су емес, хош иісті әтір құйып үтіктегенді сол Хұснидан көрдім.

1949 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтетін болды. Жазушы біткеннің әзірлігі өз алдына, әйелдер де қалыспай, жарыса киім тіктіріп, дайындалып жатырмыз. Күніне бірнеше рет телефонмен хабарласып, қалай дайындалып жатқанымызды айтысып, дуылдасып қоямыз. Хұснидан сыбыс жоқ. Бұған не болды деп, хабарлассам – Хұсниым жайбарақат. “Е, сен неге тым-тырыссың? Декадаға бармаймысың?” десем, “Ғабит ештеме деген жоқ қой”, – дейді. Мен: “Сөзді қой. Барамыз. Жұрттың бәрі дайындалып жатыр. Өзі қайда?” – дедім. “Тауда демалып жатыр”. “Жүр, өзіне барып айтамыз”, – деп Хұсниды еркіне қоймай ертіп алып, тауға тарттық.

Ғабит күліп қарсы алды. “Дауылдатып не қылып жүрсің?” – дейді маған. “Сенің жағдайыңды білейін деп келдім. Әйел біткен Мәскеуге барамыз деп дайындалып жатырмыз. Жалғыз сенің бәйбішең жайбарақат, немене, бармай ма?” – дедім. “Өзі білсін”, – дейді. Мен ыза болып кеттім. Өктемдігіме басып: “Өзі білгенің не? Әйда, давай, ақша бер. Киім тіктіреміз. Болды, болды, сараңданба. Жұрттан кем қаламыз ба? Бірге барамыз, сөз бітті”, – деп Ғабиттің бар ақшасын қағып алып, екеуміз кері қайттық. Жол бойы: “Ынжықсың, неге соның аузына қарап отырасың?” – деп ұрсып келем. Ақырын жымиып күліп қояды сонда. Міне, сондай жан еді, жарықтық. Мен болсам, ол кезде алты баланың анасымын, жасым қырыққа енді келеді. Оның үстіне Сәбит әбден еркелетіп жіберген, бар билік өз қолымда, жалын атып тұрған кезім. Кей-кейде Ғабит маған қалжыңдап: “Сені маған жолықтырмаған құдайға рақмет!” – дейді. “Е-е, маған жолықсаң, бұрап-бұрап жөнге салар ем сені”, – деп құшырланып қоямын. Рақаттанып күліп алатын. Сәбиттің кәрі жолдасы емес пе, өзін көргенде Сәбитті көргендей болушы ем. Ескіден қалған көз ғой, кездескенде бір-біріміздің қолымызды алып, тәптіштеп хал-жағдай сұрасатынбыз. “Мәриям, сен мықтысың” деп қолпаштаушы еді. Қызылды-жасылды дүние өтті, кетті.

Сәбит қайтқаннан кейін, Ғабит пен Ғабиденнің жұрт жиылған бір жерде Сәбиттің ақшасын қалай ұрлағандарын айтып, күлдіргендері бар еді. Үшеуі бір-бірімен қатты қалжыңдасатын. Сол қылықтары өздеріне жарасып тұрушы еді. Осы арада айта кетейін.

Сәбит Жазушылар одағының бастығы. Айлық алатын күні одақтың маңына жазушы-ақын біткен тегіс жиналады екен. Кәссір қыз Сәбиттің ақшасын кабинетіне алып кеп, қағазға қол қойдырып жатыпты. Сол кезде бұлардың үстіне Ғабит пен Ғабиден кеп, жайғасып диванға отырады. Сәбит пәшкі-пәшкі ақшаны газетке орап, үстелінің тартпасына сала салыпты. Жайғасып отырған екеуіне бұрылып, әңгімелесе жөнелген көрінеді. Хатшы қыз есіктен қарап, Сәбитті бухгалтерияға шақырып жатқанын айтыпты. Ол шығып кетеді. Бұл екеуі қала береді. Ғабит: “Сәбиттің ақшасы көп көрінеді. Байқадың ба, санаған жоқ. Аздап, білдірмей алайық”, – деп тартпаны ашып, газеттің орауын жазып, будыраған ақшадан бір-бір пәшкіден қалталарына сүңгітіп жіберіп, жып етіп, түк көрмегендей орындарына отыра қалады. Үшеуі қатты ойнайтын. Сәбит қайтып келіп, ойында ештеме жоқ, әңгімені соғып, біраз отырады. Бұлар: “Ал, жарайды, біз қайтайық”, – деп сырбазданып шығып кетеді. Былай шыққан соң, Ғабиден Ғабитке: “Әй, Ғабит, сенің алған пәшкең қалыңдау сияқты, сен маған жұқасын бердің”, – деп қиғылық салыпты. Сонда Ғабит: “Атаңның аузын бәлен қылайын, немене, сен айлығынды алып тұрсың ба? Бұл қай сасқаның”, – деп жатып кеп ұрсыпты. Осы уақиғаны Ғабит айтып, жұрттың шегін қатырып, күлдірмесі бар емес пе. Сол арада мен де: “Айтқандарың жақсы болды. Сәбиттің ақшасын енді мына жесіріне қайтарыңдар”, – деп жабысып жатырмын. Ғабит: “Ол қай заманғы ақша. Мәке, мен жай мойныма қарыз болмасын деп айтып жатырмын. Сен де қызықсың”, – деп жолатпай қойды. Осы күні қалжыңдасар адамымыз да қалмады. Е, дәурен-ай, десеңші… Айтпақшы, Ғабиттің тағы бір қылығы есіме келе қалғанын қарашы…

Ертеректе, 50-ші жылдардың іші болар. Олай дейтінім, қазіргі Арыстандар тұратын үйге 1956 жылы көштік. Ал оған дейін Артилерийскийде отырдық. Қыстың бас кезінде Сәбит екеуміз тағы да елге кеттік. Содан әрі Мәскеу бармақшымыз. Кетер алдында соғымды сойып, етін терісіне орап, үлкен верандамыз болушы еді, соның бір бұрышына жиып, тастап кеттік. Ол кезде Алматының қысы қатты. Әлгі орап кеткен етіміз тас боп қатып жатады. Мұздатқыш деген жоқ. Жол жүрер алдында бала-шаға, көрші-қолаң, осы Ғабиттер бар, бәрі дуылдасып, соғымның етінен дәм татып, тарасқан. Содан біздер кете бардық. Елге барып, Шәкен қайнымның үйінде үш-төрт күндей болып, Мәскеуге тарттық. Біз кетісімен Шәкен қайнымның адресіне біздің атымызға телеграмма келеді. Ғабит салыпты. “Все, что было на веранде – украли!” деген сөз тұр дейді. Шәкенге әңгіме қып, соғым сойғанымызды, верандаға орап, тығып кеткенімізді айтқанбыз. Сол жерде Шәкен уайым жеп, қыстық тамақтарынан айырылып қалды-ау деп қиналыпты. Бізге Мәскеуге хабарласайын десе адресімізді білмейді. Сонымен жіпсіз байланып отырады. Бірнеше күн Мәскеуде болып, Алматыға оралсақ, Ғабит мұртынан күледі. “Телеграмма алдыңдар ма?” – дейді. “Қайдағы телеграмма?” дейміз біз. Мән-жайды ұққан соң, ал күлейік кеп… ерінбей-жалықпай телеграмма салып жүргенін көрмеймісің. Біздер осылайша қалжыңдасушы едік…

Обалы не керек, Ғабит мені сыйлайтын. Қанша өктем сөйлесем де, бетімді қайтарып көрген емес. Сәл келіспей қалғандай жағдай болса, өзі кешірім сұрайтын. “Мәриям, мен сені ренжіттім ғой, кешір”, – деуші еді.

Ғабит 80 жасқа толған тойын өткізер алдында мені шақыртты. Той “Алматы” ресторанында өтетін болған екен. Барған соң Ғабит маған: “Мәриям, дастарқанның жайын өзің барып көрші, ұятқа қап жүрмейік, бәрі мол болсын”, – деп тапсырды. Ресторанға барып, бәрін жайғастырып, еттерді сұрыптап, қысқасы, басынан аяғына дейін өзім қарап жүрдім. Той өткен соң, Ғабит телефонмен хабарласып: “Мәриям, саған рақмет. Бәрі жақсы болды, үйге келіп дәм іш. Бірге отырайық”, – деп өзі шақырды. Көңілі түссе көл, көңілі түспесе шөл боп отырушы еді, жарықтық!

Сәбиттің достары көп еді, алайда мен үшін Ғабит пен Ғабиденнің орны ерекше-тін. Бірге жүріп, біте қайнаған кәрі жолдастарымыз ғой.

 

Ғабиденді алғаш көргенімде қайратты шашын “ежик” етіп қырықтырған, кең иықты, жап-жас сары жігіт болатын. Бұл 1926 жыл. Сәбит екеуміз Қызылордаға келгенімізде алдымыздан шыққан тілектес достарымыздың бірі – Ғабиден болатын.

 

Келіншегі Зейнелмен де осы жолы таныстық. Ә дегеннен шүйіркелесіп, ескі таныстырша араласып кеттік. Ол заманда “руың кім, кай атаның баласысың” деп ешкім де сұрамайтын. Екі казақ бірін-бірі көрсе, құшақ жая амандасып, бірін-бірі бауыр тартып тұрушы еді.

Ғабиден кейін Қарағанды, одан Новосібір жаққа кетуге мәжбүр болды. “Әкесі қажы болған” деген желеумен біраз қысымды басынан кешірді ғой. Кейін заман тыншып, саябырсыған кезде Сәбит Ғабиденді Алматыға шақыртып, жұмысқа орнығуына көмек етті. Келген бетте дайын үй жоқ, алдымен біздікіне түсті. Жаздық үлкен верандамыз бар еді, олар балашағасымен сонда орналасты. Алты айдай бірге тұрдық. Сол көшіп келген жазда Зейнел екі тізеден баса алмай, қатты ауырды, жап-жас адам. Сібірдің суығы өткен болу керек. Сәбиттің ақылы бойынша есік алдына бір мәшине құм төгілді. Сәбит пен Ғабиден жұмысқа кетісімен Зейнелді басын ғана қылқитып, құмға көміп тастаймын. Басына күн өтпесін деп, қалқалап қоямын. Күн керемет ыстық! Жалаңбас жүре алмаушы ек. Біраздан соң Зейнелді ыстық құмнан шығарып, орап-шымқап үйге алып келемін. Дәу самаурын екі иінінен дем алып, дайын тұрады. Қаймақ қатқан күрең шайды армансыз сораптаймыз кеп. Зейнел ағыл-тегіл терлейді-ай… Сол ыстық құмнан сауығып, жазылып кетті, Кәдімгідей шипа болды. Осы күні өзіне айтсам, “қалай ұмытпағансың” деп таңғалады.

Марқұм Ғабиден менімен қатты қалжыңдасатын. Сәбитпен аралары жақын, жастары шамалас, құрдаспыз деп жүретін. Менімен алысып-жұлысып, айтысып-тартысып жатқанда Сәбит маған “қой” деуді білмейтін. Жаман еркектерше қызғаныш білдірмеуші еді. Сол Ғабиден менімен ойнаймын деп бас бармағын шығарып алғаны бар. Соны айтып берейін.

Қыс іші, елуге толмаған кезіміз-ау деймін. Ғабит, Ғабиден, Тайыр бәріміз бір үйде қонақта болдық. Дуылдасып, өте кеш тарадық. Бәріміз көңілдіміз. Сыртқа шыға келсек – жер дүние аппақ! Қар жауып тұр! Трамвайлар әлдеқашан тоқтаған. Айнала мүлгіген тыныштық. Буымыз бұрқырап біздер келеміз. Тобықтан келер мамық қарды басуға қимайсың. Бір кезде Ғабиден: “Оу, жігіттер, не тұрыс? Мына көбік қарға келіншектерді бір-бір матырып алайық. Күлкілері жақсы екен. Кәне, көрелік!” – демесі бар емес пе. Сол-ақ екен, алыса-жұлыса кеттік. Қайратты-ақ ем. Сорың құрғыр, бір кезде маған Ғабиден тап бола кетті емес пе. Қалай екенін өзім де байқамай қалдым, әйтеуір, қолыма басбармағы іліне кетті. Шап беріп ұстай алдым да, оңдырмай бұрап кеп жібердім. Ғабиден баж ете қалды. Қара күшке салып жіберсем керек, басбармағы шығып кетіпті. Ер емес пе, ауырғанын білдірмей күле береді. “Ендігәрі жоламайсың, бәлем!” – деп қоямын. Сәбит: “Мәриям, сенің қолың қатты. Байқамадың ба?..” деп қысылып қалды.

Сол басбармақ бүгілмей, шор боп бітті. Кездескен сайын Ғабиден күліп, жұртқа көрсетіп: “Мынау Мәриямның ескерткіші. Байқаңдар, бұл пәленің қолы қатты” – деп қалжыңдап отыратын.

Зейнелмен жиі хабарласып тұрамыз. Жиын-тойда бас қосып, әңгімеміз таусылмайды. Бала-шағамыз да туыстай боп араласып, өмір бойы бірге келе жатырмыз.

Сәбит 15 жыл Жазушылар одағын басқарды ғой. Жұмыстағы кеңсесі өз алдына, кешқұрым үйіміздің есігі де бір жабылмаушы еді. Әсіресе, ақын біткен Сәбитке өте-мөте үйір болды. Шашубай, Кенен, Иса, Нартай, қойшы әйтеуір, мен ақынмын дегеннің бәрін шулатып алып кеп тұратын. Қолымнан дәм татпағаны кемде-кем.

Жамбыл атамыз да Алматыға келсе, алдымен біздің үйге түсетін. Сәбитті еркелетіп “Балуан-Шолағым” дейтін еді.

Бертін келе, Жамбыл атамыз қартайды, денсаулығы да сыр бере бастады. Көзі көруден, құлағы естуден қалды. Бірақ, қөңілі сергек, көкірегі ояу, ширақ адам болатын. Ол кісіге арнайы бекітіліп берілген Қ.Барлыбаев деген дәрігері болды. Жамбыл ауырып қалыпты деген хабар келсе болды, Сәбит Барлыбаевты ертіп алып, Ұзынағаш қайдасың деп жөнеледі.

Соғыстың алдында “Жамбыл сырқат көрінеді, ауруханаға салмаса болмас” деген хабар жетті. Сәбит дереу ЦК-ға барып бекітілген кара ЗИМ-ді алып, Барлыбаевты отырғызып алып, Жәкең ауылына тартты. Алматыға алып келіп, ауруханаға салды. Күн сайын халін біліп Сәбит, Ғабит, Ғабидендер барып тұрды. Біраз уақыт өткен соң, Жәкең тәуірленіп, ауылына қайтатын болды. Тағы да сол Сәбит, қасына Ғабиденді, нөкерлерін алып, Жәкеңді ауылына алып жөнелді. Бұл не деген ерке шал деп мен жүремін.

Ұзынағашқа барар жолдағы қызықты оқиғаны кейін Сәбит маған әңгімелеп берді. Естіген жұрттың бәрі ішек-сілелері қатып, күліп жүрді. “Күлсең кәріге күл” деген сөз бұрыннан бар ғой. Шынында да, кәрі кісі баладай аңғал болады екен. Қазір өзіміз бастан кешіп жүрміз. Сәбиттің сол әңгімесін айтайын деп отырмын.

Алматыдан шыға Жәкең Сәбитке: “Әй, Балуан-Шолақ, менің ұлым Алғадай осы Алматының түбінде әскер ойнап жатыр. Жақында хабар келіп еді. Күннің шыжыған ыстығында, тапа-тал түсте пәлен шақырым жерге қуалап, өкпелері өшкенше жүгіретін көрінеді. Қазір мені сол әскер ойнап жатқан жерге апарыңдар. Кәмәндірін шақырып алып, сөйлесейін. Балаларға обал ғой”, – дейді. Сәбиттер бір-біріне қарап не істерін білмей дал болады. Қырсық шалдың мінезі мәлім. Дегенін істеткізбей қоймайды. Бір кезде Сәбит Ғабиденге сыбырлап: “Әй, Ғабиден, сенің түрің орыстан аумай-ды, сап-сарысың. Көзі нашар көретін Жәкең түгіл, алғаш көргенде менің өзім сені орыс екен деп қалғанмын. Былай істейік. Жәкең командирмен сөйлеспей кетпеймін деп отыр. Сен командир боласың. Қазір біз Алғадайдың командирін қайдан табамыз? Тапқан күннің өзінде не дейміз? Әскер тәртібін Жәкең түсінбесе де, біз түсінеміз ғой. Шын командирге күлкі болғанша, егер ұрлығымыз ашыла қалса, Жәкеңнен бір ұрыс естірміз”, – депті. Осыған уәделесіп, әскери мекеменің тұсынан өте бере, мәшинелерін тоқтатыпты. Сәбит Жәкеңе: “Тәте, сіз отыра беріңіз. Күн ыстық. Орамалыңызды сулап берейін, төбеңізге басыңыз. Мына Ғабиден барып Алғадайдың командирін шақырып келеді”, – депті. Ғабиден мәшинеден түсіп, ары қарай кетіп қалады. Шамалыдан соң, аяғын салмақпен басып, шашын қоқырайта тарап, Ғабиден келе жатыпты. Бұларға онша жақындаңқырамай, әрірек тұрып: “Здравствуйте, товарищ Жамбыл Жабаев” деп әскерше саңқылдап сәлем беріпті. Жәкең көзін сығырайтып, тесіле карап. “Балуан-Шолақ, аударып жеткіз мынаған. Ана өрімдей балаларды мынау күннің ыстығында, тапа-тал түсте ойнатпасын. Өлтіреді ғой, бұл қылықтарымен. Айт, кеш түскен соң, ыстық қайтқанда ойнатсын. Жамбыл Жабаев бұйырады деп айт”, – деп шегелепті. Сәбит күлкі қысса да, сыр бермей, аударып беріпті. Сонда “Ғабиден командир”: “Есть, товарищ Ж.Жабаев. Отныне они будут заниматься только вечером”, – деп екі өкшесін сарт еткізіпті. Сонымен, Жәкең де риза, бұлар да риза, “уф” деп ауылға қарай бет алыпты.

Жәкеңе талай рет күліп ем. Қазір өз басыма келді. Бірде: “Әттең, екі тізем ауырып тұрады. Әйтпесе, ана тұрған атқа қарғып мінер ем”, – дейді. Сонда жасы тоқсаннан асып кеткен кез. Мен: “шалдың дәмесін қара, атқа оты-ру – ойында” деп күліп ем. Осы күні еске алып, күліп қоям. Менің де екі тізем болмаса, басқа қиналар жағдайым жоқ; жүгіріп-ақ кеткім келеді; әттең, аяқ дейсің де отырасың…

Жасы келген Жәкең де құбылмалы кісі болған екен. Өлең сұрай барған жұртты көңілі түссе қабылдап, түспесе теріс қарап жатып алады екен. Жаздың бір күнінде Сәбиттер екі- үш кісі боп, Жәкең үйінің алдына барып түсе қалыпты. Алдарынан баласы Тезекбай мен келіні Күлән жүгіріп шығып, бәйек болып қарсы алады. Жәкеңнің қабағы онша болмаса керек. Келініне: “Әй, Күлән, тезірек шайыңды қамда. Қымыз жоқ шығар, бұлар жұмыс адамдары, уақыттары жоқ. Қайтатын болар” деп елден бұрын сөйлеп жатыр дейді. Тезекбай болса, бұларға қарап күліп, “шалды тыңдамаңдар” дегендей ым қағып, көзін қысыпты. Келесі бір үйде қой сойылып, иісі бұрқыраған бір мес қымыз тұрғанын Тезекбай Сәбиттерге сыбырлап айтып кетеді. Күләннің асығыс шайын ішіп, бұлар Жәкеңмен қоштасыпты. Есік алдына гүрілдетіп мәшинені әкеп қойыпты. Алматыға аттанып кететін адамдарша жақсылап қоштасып, қол бұлғасып кете барыпты. Үйді айнала бере, манағы қойы сойылып, қазаны қайнап жатқан үйге түсіп, таң атқанша той-думанмен мәре-сәре болып, ертеңіне бір-ақ аттаныпты. Міне, күлсең кәріге күл деген осы емес пе. Ақындығын, талантын жазатын, баға беретін адамдар көп болар. Мен атамыздың қарапайым адам ретіндегі бейнесін еске түсірдім, тілге тиек еттім.

Жамбыл атамыздан бастап Кенен, Шашубай, Нұрмолда, Иса, т.б. ақындарды көзіміз көрді, жырларын тамсана тыңдадық. Әне, нағыз ақындар солар еді. Ақындар жиыла қалған жерде біздің бағатынымыз – Шашекең еді. Нағыз әртіс болатын. Қасын жоғары көтерсе — тақиясы кейін сырғып, төмен түсірсе – тақиясы бері сырғып жүз кұбылып отыратын. Шашекең отырғанда күлкіден ауыз жаппаймыз. Табиғат сыйлаған дарын! Жұрт аузында Шашекеңнің неше түрлі кылығы жайлы әңгімелер көп болатын. Есімде қалғанын айта кетейін.

Шашекеңнің жасырақ кезі болса керек. Ауылынан Алматыға қарай келмекші боп, үлкен жолдың бойына шығыпты.

Автобус өтіп кеткен болу керек. Әрлі-берлі жүріп жатқан мәшинелерге қол көтерсе, ешқайсысы тоқтамапты. Әрі тұрады, бері тұрады. Ешкім алмайды. Бір кезде ыза болған ол анадайдан көрінген жеңіл мәшиненің алдынан шығып, тас жолдың ортасына екі аяғын жоғары көтеріп, төбесімен жер тіреп тұра қалыпты. Бұны көрген мәшине тоқтап, Шашекеңді отырғызып алған екен. Өзім ойлаймын: Алматыға жеткенше мәшиненің иесі күлкіге қарқ болып, риза боп жеткен шығар.

Ақындардың ішінде біздер Кенекеңмен, Кенен Әзірбаевпен жақын араластық. Жарықтық, қыздай сызылған сыпайы адам еді. Өте мәдениетті, аузы таза адам болатын. Даусы құлаққа жағымды, қоңыр даусымен таң атқанша ән айтудан жалықпайтын. Мен өзім қатты айғайлап айтатын әндерден гөрі, Кенекеңнің сазды, майда әндерін ұнатушы ем. Тойларда қолына домбыра ұстап әншілер шыға қалса, Кенен атамыздың әндерін айтпас па екен деп, дәмеленіп отырамын.

Елуінші жылдардың іші. Сәбит – одақта бастық. “Кенекең ауру, төсек тартып жатып қалыпты” деген хабар алдық. Олар Отарда тұратын. Хабар жетісімен Сәбит мені мәшинеге отырғызып алып, сәлем-сауқатымызды қоржынға салып, жөнелдік. Халдері шынында да нашар екен. Өзі де, әйелі де ауру. Іздеп келгенімізге риза боп, қуанып қалды. “Ата мекенім – Қордай. Сол жерден қоныс тебуіме көмек ет”, – деді Сәбитке.

“Мына түрлерімен қайтіп тастап кетеміз. Мәке, алып кетейік. Алдымен емдету керек. Қордайға үй салу жұмысына өзім жүгіремін”, – деді Сәбит.

Әйелі мен Кенекеңді Алматыға алып келіп, Министрлер Кеңесінің ауруханасына орналастырдық. Сәбит дәрігерлермен де өзі сөйлесіп, қатты қадағалап, тапсырып жүрді. Біраз уақыт жатып емделіп, сауығып шықты. Күн сайын барып хал-жағдайларын біліп тұрдық. Емін алып болғаннан кейін, Сәбит таудағы санаторийге екі жолдама тауып, өзі барып орналастырып келді.

Кенекеңнің өтініші бойынша Қордайдан үй салдыруға Сәбит көп көмек етті. Үй біткен соң, ұлан-асыр той жасалып, ақын атамыз бала-шағасымен жаңа үйге кірді.

Сәбиттің 60 жылдық тойына келген барлық қонақтарды атамыз өз үйіне шақырып, үлкен мереке ұйымдастырды.

Алпысыншы жылдардың аяғында, менің Шұғайып деген туысым, немере ағам қайтыс болды. Баяғыда, 1926 жылы, Сәбит мені алып, Қызылордаға бет түзегенде, сол ағам ауылда болмай қап, қапы қалыпты. Кеш естіген ол соңымыздан қуа шығып, жете алмай қалған екен. Оқыған, көзі ашық азаматтың бірі болатын. Кейін Сәбитпен жақын танысып, дос боп кеткен адам. Сол ағамыздың жылы берілер мезгілде Сәбит екеуміз қасымызға Кенен атамызды қосып алып, бір айдай елді, Қызылжар өңірін араладық. Ел бірінен соң бірі құлақтанып, Кенекеңді қолдан-қолға тигізбеді. Солтүстіктің қазақтары Кенен атамыздың өнеріне армансыз сусындады. Жас жігітше қуанып, ерекше шабытпен таңдытаңға ұрып, өнер көрсетті. Әне, ақынға деген шынайы құрмет, елдің шексіз махаббаты сондай еді.

Телевизордан ақындар айтысы болады десе, елеңдеп отырамын. Әйтсе де, шіркін-ай, біз көрген жез таңдай, күміс көмей баяғының ақындарына қайдан жетсін! Нағыз қиыннан қиыстырар таланттар тым сирек-ау. Иса, Шашекеңдерді біресе күліп, біресе жылап отырып тыңдаушы ек.

* * *

Қызым, естелік айтамын деп, біраз аруақтың құлағын шулаттық-ау деймін. Иә, Смағұл Сәдуақасовтың жерлеуіне қатысқанымыз рас. Ол кезде Сәбит ИКП-да оқиды. Бала-шағамызбен Мәскеуде жүрген кезіміз. Шамасы, не 1932, әлде 1933 жыл. Бір күні Сәбит үйге асығыс келіп: “Мәриям, жинал. Смағұл Сәдуақасов қайтыс болыпты. Бүгін жерлеуге апарады екен”, – деп екеуміз үйден шықтық. Қыстың күні болатын. Мәскеудің шет жағын толық білмеймін ғой. Трамвайға отырып, одан біраз жаяу жүріп, бір үлкен кірпіш үйдің жанына тоқтадық. Әлгі үй ерекшелеу көрінді маған. “Крематорий деген осы”, – деді Сәбит. Жүрегім зырқ ете түсті. Өлген адамды өртеп жібереді екен дегенді естігенмін. “Марқұмды неге елге апармады екен?” – деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды.

Біраз күтіп тұрып қалдық. Маңайда көп ешкім көрінбейді. Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітгі сол арбаға салыпты. Арыстай боп сұлап жатыр екен. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап: “Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – баласы” деп түсіндіріп тұр. Арба ақырын жүріп келіп, есіктің көзіне тоқтады. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Мен шегіншектеп, кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай боп көрінді маған. Тәкаппар, суық жүзді.

Бір кезде мәйітті табытымен көтеріп, ішке кіргізуге ыңғайланды. Әйелі – Лиза қаралы киімде. Табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. Қазақ ғұрпымен дауыс салмағаны маған ерсілеу көрінді. Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді. Бөкейханов та, әйелі мен баласы да есіктің алдында қалып қалды. Сол кезде Сәбит тез-тез басып, үйді айналып кетті. “Бұл қайда кетті?” – деп мен аң-таңмын. Біраздан соң келіп, көргенін айтты. Мәйіттің қалай жанғанын, табытпен жылжытып әкеле жатып, жалынға берер сәтте мәйіттің ажырап кететінін көргенін айтты. Ажыраған мәйітті тігінен көтеріп, қып-қызыл отқа сүңгітіп жіберетін көрінеді. Тірлік-ай, десеңші, жамбасы жерге тиген де бір медет екен ғой деп Сәбит екеуміз үйге қайттық. Бар көрген – білгеніміз осы.

* * *

1956 жылы Сәбит Қытайға баратын болды. Үнемі менімен бірге жүріп, үйреніп қалған адам, біраз “қалай болар екенмін” деп толқып жүрді. Ақыры, Мәскеуден баратын жазушылар бар, топ болып жүріп кетті. Ол кезде Қытайға бару оңай шаруа емес. Сәбитті бір қауым ел боп шығарып салдық. Үш айдай уақыт аралады. Қасымда Сәбиттің жоқ болғаны маған да оңай емес, қабағым түсіп, ешкімге ашылмай үйде жүр ем. Бір кезде телефон шылдырлады. Барып трубканы алсам, Сәбиттің даусы. “Мәке, Мәке, сенбісің?!” – деп айғайлайды. “Ие, менмін”. “Өй, айналайын!” – деді, дәл осылай. Мен жылап жібердім. Ол мені жұбатып, өзінің Үрімшіден сөйлесіп тұрғанын, пәлен күні шекарада болатынын, сол күні менің келуім керектігін айтып, сөйлеп жатты. Қуаныштан жылап тұрғанымды, сағынғанымды мен де айтып жатырмын. Сонымен, трубканы салып қойдым. Сәбитпен сөйлескен соң, күш-қуатыма, қайратыма мініп, бір түрлі айбаттанып кеттім. Сол кезде Арыстан кіріп келді. Екі баланың әкесі, білдей бір заводтың бастығының бірі болса да, мен үшін бала ғой. Әкесімен жаңа ғана сөйлескенімді айта қоймай, қитығып тұрмын. “Мама, мама, мен естіп қалдым, папаммен сөйлестің бе?” – деді. Дұрыстап жауап бермей, қырындау қарап тұр ем: “Мама, саған не болды?” – деп сұрады. Мен: “Әкелерің кеткелі үш ай. Сол уақыттан бері сендерден бір жылы сөз естімеп ем. Жаңа ғана шалым сөйлесіп, “айналайын, сол!” деді. Сендер ғой, шешелерің қандай күйде жүр, бір мезгіл назар да аудармайсыңдар, деп арқаланып сөйлеп тастадым. Арыстан күлді де, арқамнан қағып қойды.

Айтқан күнінде қасыма тұңғыш немерем – Бахытжанды алып, Арыстан, Тұрсын деген шопырымыз бар, бәріміз Үрімші жақтағы шекараға жөнелдік. Біраз қазақ жазушылары шығарып салады деп Сәбит ескерткен. Елдің дәмін татсын деп мол қып қазы-қарта, ет, бауырсақ пісіріп алдым. Ішімдік те бар. Сөмкені толтырып алып, мәшинемен жөнелдік. Шекараға да келдік. Шошайып кішілеу бір үй тұр екен. Қасында күзетшілері. Келіп сөйлесіп, жағдайымызды айттық. Олар да біледі екен ішке кіргізді. Үстел бар екен, соған әкелген тамағымызды жайып, етті турап, қазыны жарқыратып жасап, жайнатып жібердім. Күзетте тұрғандарды да жарылқап тастадық.

Бір кезде темір тордың ар жағынан келе жатқан мәшинелер көрінді. Келіп тоқтады. Үпір-жүпір боп түсіп жатты. Сәбит келеді. Жан-жағында адам. Жақындап кеп тұрды. Қытайы бар, ұйғыры, қазағы бар, өздері бір топ. Біз бер жақтамыз. Бір үлкен бастыққа барып, Сәбит сөйлесіп жатты. Шығарып сала келгендерді нұсқап, дәм ауыз тиіп кетсін деп жатқанын естіп тұрмыз. Үлкен бастық рұқсатын берді. Содан әлгі Үрімшінің қазақтары үстелге жайғасып, дәм ішіп, байғұстар, жылап отырды. “Қайран туған жер!” – деп қабырғалары қайысқанын көзім көрді. Солардың ішінен есімде Зия Сәмәди мен Бұқара Тышқанбаев қалыпты. Кетерде бәрі құшақтасып, жылап қоштасты. Туған жердің топырағын орамалға түйіп, темір тордың ар жағында қол бұлғап қала берді…

Кейінірек солардың біразы елге оралды ғой. Сәбит: пәлен келіпті, түген келіпті, – деп қуанып отыратын.

 

Қытайдан келісімен Сәбит үйде отырмайтын болды. Кездесуден – кездесу; және біздің Сәбит әңгіменің майын тамызып айтады ғой. Жиылған жұрт қыран-топан күліп жатады. Әр кездесудегі әңгімесі әртүрлі, әрленіп, өңделіп отырады. Қағазға жазып, күні бұрын дайындалған емес. Осы сапардан оралысымен “Алыптың адымдарын” жазуға кірісті. Жұрт кезінде қолдан-қолға тигізбей оқыды. Орысша да басылды. Сәбит қызыға кіріскен дүниесін жылдам бітіретін. Уақытпен санаспай, жұмыс істейтін. Шабыттана кірісіп, тез бітірген кітабы осы Қытай туралы еңбегі болды.

 

Ал, енді қиналған дүниесі – “Аққан жұлдыз”. Сонау Ленинградта жүргенде архивтен шықпаушы еді. Шоқанға қатысты деген дүниенің бәрін қопарды. Қытайға да сол “Аққан жұлдыз” үшін барды. Шоқан жүрді деген жерлердің бәріне де баруға тырысты. Мәскеуде де талай жыл архивте отырды. Сәбиттің Шоқан туралы жүргізген зерттеулері жайлы жазған қалың күнделігі бар. Латын әрпімен, кей жері араб әрпімен толтырылған. Бұл күнделікті Сәбит 1934 жылы бастапты. Жақында музейге тапсырдым. Өзім кетіп қалсам, бір жерде шашылып қалар деген ой ғой. Көпке дейін қимай жүрдім…

“Аққан жұлдызды” аяқтай алмасын сезді. 60-қа дейін бітіруім керек еді деп өкініп отыратын. Жасы ұлғайып, оның үстіне жүрегі де сыр бере бастады. Өмірдегі жалғыз өкініші боп кете барды…

* * *

Сәбиттің 60 жылдық тойы өтті. Есте қаларлықтай болды. Маусым айында Сәбит екеуміз “круиз” сапарымен саяхатқа шығатын болдық. Өмірдің қызығы деген осы шығар. Дүниежүзін де аралайық деп шештік. Он сағаттан астам самолетпен ұшып, Владивостокқа жеттік. Осы арадан “Калинин” теплоходымен Жапония жағалауларына бет алмақшымыз. Самолеттен түсіп, теплоходқа жайғасайық деп бет алғанымыз сол еді. “Сабит Муканов, из Казахстана” деп бір әйел зыр жүгіріп шақырып жүр. “Құдай-ау, Владивостокта бізді білетін кім бар?” деп аң-таң біз тұрмыз. Әлгі әйел бізге жақындап, амандасып: “Мен Гүлбарам Сейфуллинаның сіңлісімін, атым – Зина” дейді. Сөйтсек, ол Гүлбарамның жалғыз ағасынан қалған үш қыздың бірі екен. Владивостокта тұрады екен, күйеуі суда жүзеді, моряк дей ме, немене. Біз Алматыдан Владивостокқа бет алғанда Гүлбарам телефон шалып, айтқан ғой. Алдынан шығып амандас, көріп қал, атаңды деген. Жаңағы жерде Сәбит тәптіштеп хал-жағдайын сұрап, ол бізді үйіне шақырып, біз рақметімізді айтып, сонымен кемеге де келіп жайғастық.

Әу баста Сәбит екеумізге жеке каюта берілетін болған. Біз ауыр шабаданымызды көтеріп жеткенше жеке орнымызды біреулер иемденіп қойыпты. Солармен айтысқанша, бұйырғанына барармыз деп екеумізге айтқан төрт кісілік каютаға келсек, Юрий Беляев деген орыс жазушысы жас келіншегімен отыр. Сәбит екеуі бір-бірін таниды. Амандаса кетті. Жасы ұлғайып қалған адам. Ал келіншегі жап-жас. Әй, бір 25-30 жас айырмашылығы бар-ау деп ойладым. Анау біреумен сөйлесе қалса да, күйеуі қызғанып, екеуі ұрсысады да жатады.

Біз жайғасып, киім ауыстырып дегендей, біраз желпініп алдық. Сыртқа, палубаға шығып тұрдық. Көк теңіздің келбетін, табиғаттың сұлулығын тілмен жеткізу қиын! Өзімізді жұмақтың ішінде жүргендей сезіндік. Қайта айналып келсек, әлгі Беляевым отыр. Түріне қарап шошып кеттім. Тыр жалаңаш шешініп тастап, жалғыз тыртиған тар плавкимен отыр. Күн керемет ыстық. Сәбиттің үстінде арнайы осы сапарға арнап тіктірген жұқа пижамасы бар. Сыпайы ғана, әрі терлемейді, матасы жұп-жұқа. Ал мынау олай емес, осы жерде жалғыз өзі ғана отырғандай. Тіпті, айылын жияр емес. Көрер көзге ерсі. Не істерімді білмей, қарадай өзім қысылып барамын. Сәбит ақырын ғана шығып кетті. Менің бір нәрсеге дайындалып отырғанымды сезді. Сол сәтті пайдаланып, мен: “Товарищ Беляев! Вы не простой человек. Вы – писатель. Все понимаете. Вам не стыдно, перед женщиной сидеть в таком виде. Я простая женщина, даже я понимаю, что так не красиво. Для женщины Востока это очень оскорбительно” деп қатты ызбарланып бетіне айтып тастадым. Қайдан шықса, онан шықсын деп түсімді суытып, тура қарадым. Орысшам да шалағай. Бірақ ойымды жақсы жеткіздім. Сол сәтте өзі қысылып қалды да: “Я извиняюсь, простите меня. Вы пока выйдите, я переоденусь” деді. Сыртқа шығып, Сәбитке айттым. Дұрыс дегендей, басын изеді. Біраздан соң, Беляевым да сыртқа шықты. Жаңағыдай емес, тізесіне түсетін шорты киіп алыпты. Бұнысы да жетісіп тұрған жоқ, дегенмен де, алдындағысынан тәуір. Кейін Сәбитке мені нұсқап: “Какая у тебя жена!” деп басын шайқайтын көрінеді.

Каютаның ішіндегі жуынатын жерде жалғыз айна ілулі тұр. Айнаның алды тола жаңағы жас келіншектің сауыттары. Бетіне, қолына, мойнына жағатын түрлі-түрлі крем. Неше түрлі себінетін иіссу, құдай сақтасын, магазиннің витринасы сияқты. Таңертең тамаққа барар алдында жуынып, енді шашымды тарайын деп кірсем, бір босамайды. Сыланып жаңағы келіншек тұрады. Амал жоқ, қол айнамды үстелдін үстіне сүйеп, шашымды тарап, жып-жинақы етіп түйе қоямын. Сонда жаңағы маған, қалай әдемі прическа жасайсыз деп сұрап қоймайды. Өзі сайтан сияқты, сұлу келіншек. Менен бетіңізге қандай крем жағасыз деп сұрайды. Крем жағудың не екенін білмеймін десем, таңғалады.

Көп ұзамай теңіздің қара дауылы басталып, күн-түн демей соқсын-ай кеп. Бәріміз қаңбақша домаладық. Біраздан соң барлық жолаушылар бір-бір креслоға таңылдық. Сәбит алғашында отырғысы келмей, мені айналшақтап жүріп алды. Біраздан соң өзі де домалай бастаған соң, еріксіз таңылды.

Дауыл тынып, жұрт естерін жия бастады. Мен жиырма килограмға жүдеппін. Тал шыбықтай болдым да қалдым. Үйден киіп шыққан киіміміз бөтен біреудің киімі құсап, бәрін жаңалауға тура келді.

Сол жылы кеме үстінде Сәбиттің 60-қа толғанын тойладық. Су үстіндегі той қандай болады екен, оны да көрелік деп, арнайы дайындықпен шыққан болатынмын. Үйден мол қылып дәм алып шыққанбыз. Бүкіл кеме экипажын, үш жүз елудей сапарластарымызды дастарханға шақырдық. Кеменің ресторанын жалдадық. Ол бір керемет той болды. Сәбитке үкіметіміздің жоғары наградасының берілуі туралы хабарды да сол кеме үстінде, радиодан естідік. Сол-ақ екен, құттықтаушылар келе бастады. Радио арқылы берілетін телеграммалар да үйіліп қалды. Капитанымыз жайдары, жайсаң жігіт еді. “Радиоканалымызды Сәбит Мұқанов басып алды, бізге жол жоқ”, – деп жұртты күлдіріп қояды. Тағы да мол дастархан жайып, той жасадық.

Үнді, Египет, Түркі елдерін аралап, қырық жеті күн дегенде Одессаға келіп түстік. Сол сапардан Сәбит әсерлі оралды. Қойын кітапшаларының бірінен соң, бірін толтырды. Қаншама қимас жақын достар тапты. Ұзақ уақыт олармен хат жазысып, хабарласып тұрды. Сол сапардан алып келген әртүрлі буклеттер, суреттер, естелік қолтаңбалар — бәрі де музейде сақтаулы. Музейге келушілер Қытай сапарынан келген сувенир сыйлықтарды, Үнді елінің ескерткіші – түрлі теңіз тастарын, т.б. әдемі заттарды қызыға тамашалайды.

* * *

Сәбит мінезінің жұмсақтығы мен қарапайымдылығына қарамастан, кей-кейде бет-жүзің бар демей, тіліп түсетін де кезі бар еді. Бір оқиға есімде қалыпты. Оны ұмыта алмайтын себебім, сол жолы Сәбит аса қатты күйзеліп, қажып қалды. Мұншама көңілі түсіп, қиналғанын кейінгі кезде сирек көруші едім. Оқиға былай болды. Елуінші жылдардан бастап, қазақ мектептерінің жаппай жабылуы науқандық сипат ала бастады. Ана мектеп жабылыпты, мына мектеп жабылыпты дегенді екі күннің бірінде еститін болдық. Бар баламыз орысша оқып, орысша сөйлейтін болды. Қазақша оқығанның қадірі болмай қалды. Сәбит осыған іштей күйзелумен болды. Бірақ осыны партия саясаты емес, қолында билігі бар шолақ белсенділердің ісі деп сенетін.

1969 жылы КазПИ-де (қазіргі АЛМУ) Щербаков деген біреу педагогика саласынан кандидаттық диссертация қорғапты. Ол білім беру министрінің орынбасары, қолында үлкен билігі бар адам көрінеді. Сәбит ол кезде жетпіске келіп қалған, жүріс-тұрысы ауырлау. Көп жиындарға қанша шақырса да, бара бермейтін. Щербаковтың авторефераты қолына кездейсоқ түскен еді. Сәбит оқып шығып, қатты ашуланды. “Мыналар қазақтардың тамырына балта шабайын дегені ме?! Қазақ мектептерін жабу керек, олардың болашағы жоқ дегенді айтқысы келеді. Жоқ, мен қорғауға қатысайын. Ғылыми Советтің мүшесі емеспін, дегенмен де өз ойымды барып айтамын. Мынаған жол бермеу керек!” – дегені әлі есімде. “Шақырусыз барып, жексұрын болып нең бар? Сенен басқалары жоқ па? Неге солар сөйлемейді? Сен ғана отқа түсесің де жүресің”, – деп мен де сөйледім, тыңдамады. Қорғау болатын күні қағаз-қаламын сайлап, айтар сөзін қағазға түсіріп, үлкен дайындықпен кетті. Есіктен шығар алдында тағы да райынан қайтар ма деп: “Жасың 70-ке келді. Енді қалған ғұмырыңда ешкіммен алыспай-ақ тыныш өмір сүрмеймісің? Өзіңе тағы бір жау тілеп алғалы жүрсің ғой”, – дегеніме де қарамай, шығып кетті.

Бірақ ақсақалым осы жолы қатты жеңіліс тауып, үйге шаршап оралды. “Қазақ мектептерінің жабылуы – үлкен қателік” деп қанша шырылдағанмен де, диссертация қорғалып, асыра мақталып, бекіп кетіпті. Мына төменде келтірілген үзінділер – сол жолы сөйлеген сөзінен келтіріліп отыр. Баяндама орысша. Қолжазбасы музейде сақтаулы.

 

“… Патша өкіметі тұсында ашылған алғашқы орыс мектептері отар (С.М.) халықтар үшін миссионерлік мектептер еді. Бұдан 200 жыл бұрын тіпті орыстың реакцияшыл тарихшысы, князь М.И.Щербаковтың өзі… кірме (?) халықтар үшін ашылған миссионерлік мектептер осы халықтарды құлдандырудың бірден-бір жауыз тәсілі деп жазды.

100 жылдан соң осындай пікірді сібірлік бурят ағартушысы Доржи Бонзаров және басқалар айтып кеткен. Патшалық Россияның мектептеріндегі миссионерлік бағыт XIX ғасырдың аяғына дейін жалғасып келді, кейін ол “орыстандырумен” алмасты. Диссертанттың жер-көкке сыйғызбай мақтап отырған “орыс-қырғыз” немесе “түземдік” мектептері – осы соңғы айрықша реакциялық ағымның жемісі…”.

“… Диссертант өз еңбегінің өн бойында қазақ мектептеріне тіл тигізіп, оның жүздеген педагогтар отрядын, партия, комсомол және басқа ұйымдарын, ақыр аяғында оның миллиондаған оқушыларын, осы мектептерде оқып, білім алып, өміріміздің барлық саласында еңбек етіп жатқан шәкірттерін жоққа шығармақшы… Осы маңызды мәселені назарынан тыс қалдыра отырып, диссертант саяси қателікке ұрынған…”.

“Диссертанттың пікірінше, нақтылы интернационалдык тәрбиені қазақ балалары тек қана аралас мектептерден ғана ала алмақшы. Оның пікірінше, “Кез келген көпұлтты мемлекет жағдайында барлық ұлттарға түсінікті болатын бір тілдің қажеттігі сөзсіз туындайды” дейді. Диссертант мұнысымен не айтқысы келеді?..”

“Әлде, тек қана отаршылдардың тілдерінде ғана сөйлеп, жазу керек пе?.. Қазақ мектептерін тарату туралы диссертант ашық айтпағанмен де, бүкіл диссертацияның ішкі мәні осындай…”.

“…Ұлттық мектеп – кез келген халықтың, ұлттың мәдениетінің қайнар көзі. Мектеп – тілдің, әдебиет пен баспасөздің, өнердің көптеген түрлерінің, тіпті, ақыр аяғында ұлттың ұлт боп сақталуының негізі…”.

“… Жастардың интернационалдық тәрбиесі деген касиетті ұғым желеу болған күннің өзінде де мен ұлттық қазақ мектептерінің жабылуына үзілді-кесілді қарсымын…”.

“… Менің партиялық ар-ожданым мұндай идеялық тұрғыдағы қателіктерге төзбейді. Сондықтан да мен өзімнің ой-пікірім мен қарсылығымды ашық айтуым керек”.

Міне, осындай түйдек-түйдек ойларын ашық айтып, үйге қажып оралды. Ауыр ойға батып, ұзақ уакыт үнсіз отырғаны көз алдымда… Қазір заман өзгеріп, қазақ мектептері қайтадан ашыла бастады ғой. Жұрттың бәрі балаларын қазақша оқыта бастады. Қуанып отырамын. Сәбиттің сол жолғы еңбегі текке кетпегендей көрінеді. Өз балаларымыз орысша оқыды дедім ғой. Үлкеніміз Арыстан да орыс мектебінде оқыды. Содан Мәскеуге барып, оқуға түсті. Сонда Сәбит баласына: “Арыстан сен орыстың арасына барма, қазақшаны мүлдем ұмытып қаласың. Сондықтан сен хатты бізге тек қазақша жаз. Қателерің болса, бола берсін. Ойыңды казақша жеткіз, қысылма. Үйреніп кетесің”, – деп қатты тапсырды. Содан Арыстан келсін-келмесін хатты бұрқыратып қазақша жазатын болды. Алғашында сөйлемдеріне мәз боп күліп отыратынбыз. Сәбит қателерін көрсетіп, жауап жазып жібереді. Сөйте-сөйте, ақыр аяғында Арыстанымыз қазақша хатқа жүйрік болып алды. Кейіннен тек қазақша сөйлейтін болды.

* * *

Сәбит қолына қалам ұстамаса отыра алмайтын. Бір күн әлдене шаруалары көбейіп, қағазға қарай алмай, жазу үстеліне отыра алмай қалса, қабағы түсіп, ренжіп жүріп алатын. Бір күн уақытымның текке кеткені-ай, еш нәрсе жаза алмадым деп күйінетін. Ал жұмысқа қызу кірісіп, қаламы жүріп отырған шағында қасына баруға тайсалатынбыз. Сыртынан анда-санда қарап қойып, тамағын қайта-қайта ысытып, қашан өзі орнынан қозғалмайынша, дыбыс бермеуші едік. Жазуын доғарып, кабинетінен шыққан кезде жүзінде шаршаудан гөрі қуаныш басым, көзінде ұшқын ойнап, күліп шығатын кездері аз еместін. Ондайда біз де жадырап қоя беретінбіз. Ал кейде көңіл күйі болмай, өзіне-өзі разы болмай қалған кезінде балаларға дейін аяқтарын ұшынан басып, сыбырлай сөйлесуші едік. Былайынша салақтау көрінетін адам қағазы мен қаламына келгенде ұқыпты-ақ еді. Үстелінің үстіндегі бір парақ қағаз орнынан қозғалып кетсе, бәлеге қалатынбыз.

Осы күні сендер хат жазуды ұмыттыңдар ғой. Телефонмен сөйлесе қоясыңдар. О заманда хат дегенің төпеп келіп жатады. Сәбит тіпті оқып үлгермеуші еді. Әсіресе, ел ішінен хат жиі келеді. Көбінесе көмек сұрап жазады. Баласының жазушылыққа талабы бар екенін айтып, оқуға түсіруді сұраушылар тіпті көп еді. Мен осы күні ойлаймын: жұрттың бәрі сол заманда ақын, жазушы болсам деп армандайтын. Жазушымен кездесуге халық ынтығып тұрушы еді. Енді кеп осы заманда неге бұлардың қадірі түсіп барады? Сәбиттер анадайдан келе жатқанда жұрттың бәрі танып, қоғадай жапырылып сәлем беріп, қолын ұстап қалуға тырысып жататын. Танымайтын біреулерден келген хаттарды ерінбей, жалықпай оқып, жауап жазып отыратын. Бір хатты былай тастай салмайтын. Жинай беріпті. Бізде осындай мол дүниенің бар екенін біліп, бірде Орталық архивтің қызметкерлері келді. Хаттарды мәшинеге тиеп әкетті. Өздері әбден ретке келтірген соң, Сәбитті шақырды. Барса жаңағы хаттар 141 том папкі болыпты. Жылдарға бөліп, реттепті.

Хаттардың көпшілігінде Сәбиттен көмек сұрап жазатынын айттым ғой. Осы Қазақстанды былай қойып, басқа республикалардан да келіп жататын.Үлкен бастықтарға сөзін жеткізе алмағандар Сәбитке шағынады. Ал ол болса қарапайым халықтың қамы дегенде жанып кететін. Үлкен басын кішірейтіп, біреудің тапсырғанын толық орындамайынша байыз таппайтын. Әсіресе, жетім-жесір шағым айтып келсе, аяқ асты етіп көрмеген екен. Осы арада мен өзіңе Алтынсары атты балаға жасаған қамқорлығын айтайын деп отырмын. Бәрі хаттан шығып жатыр ғой.

1961 жылы елге жолымыз түсіп, Суаткөл ауылына тоқтадық. Сәбит келіпті дегенді естіп, жұрт тұс-тұстан ағылып келе бастады. Жай келмей, жергілікті басшыларға деген өкпе-арыздарын да айтып жатыр. Сәбит бәрін де жалықпай тыңдап, ақыл-кеңесін беріп, өзі де қойын кітапшасына бірдемелерді түрткілеп жазып отырады. Алты жасар зағип баласын ертіп, Мұржықов Қабден деген келіп амандасты. Екі көзі бірдей соқыр кіп-кішкене сүйкімді баланы көргенде Сәбит көп ойланып жатпастан Алматыға алып кетеміз деп бірден шешті. Ауылдық жерде ол бала білім ала алмайды, қор болып қалады деп ішінен шыққан баладай, жүрегі ауыра отырып, ақыл-кеңесін берді. Мектеп жасына толысымен бізге алып кел деп үйдің адресін берді. Көп ұзамай-ақ, күзде Қабден әйелімен екеуі баланы алып, бізге келді. Сәбит зағиптар қоғамына барып, жағдайды түсіндіріп, бала солардың арнайы мектебіне қабылданды. Қамқоршысы, өкіл әкесі боламын деп, толып жатқан бір қағаздарға қолын қойды. Барлық жауапкершілігін өз мойнымызға алып, Сәбит екеуіміз баланы алып қалдық. Қоштасарда анасының зарлағанын көрсең… төбе құйқаң шымырлайды-ау…

“Шырағың болса, құлыным,

Қиянда бұлай қалар ма ең.

Кұлыны өлген құландай,

Құлазып елге барар ма ем!

Кеудеңнің көзін кеңітсін,

Жанарлылармен тең етсін!”

Біз де жыладық. Қайтіп шыдап тұрарсың… Тумысынан кемтар қылып қойған соң не істерсің тағдырға!..

Сол бала титтейінен өз балаларыммен бірге өсті. Әсіресе, Ботажанмен көп шүйіркелесетін. Жеті сайын барып, жағдайын біліп, кейде қасындағы жолдас балаларымен бірге үйге алып кеп, мереке жасаушы едім. Әттең, екі көзі демесең, мынау деген азамат болды. Оныншы классты бітірген соң Сәбит университетке түсуіне көмектесті. Бала оқуға түсті деп әкесінен сүйінші сұрап жазған хаты музейде сақтаулы. Мына бір хатты папкілерін ақтарып отырып тауып алдым:

Құрметті Қабден!

Сенің хатыңды бұрнағы күні алдым да, кеше Алматыдағы зағип балалардың мектебіне барып қайттым. Алтынсарыны көрдім. Ол соқтауылдай жігіт болып қалыпты. Биыл онжылдықты бітіреді…

Қазіргі жігіт болған Алтынсарыны көргенде менің есіме сенің оны сегіз жасында Алматыға алып келгенің түседі. Шешектен көзін шел қаптап көрмей қалған баланы біз Алматыдағы көз институтына, оның профессоры – Рощинге көрсеттік. Олар қарай келе көрудің үмітсіздігін айтты. Сонда балаңның да, сенің де жылап жібергендерің күні бүгінге дейін менің көз алдымда. Одан үйге келе шешесі – Әсия да қосылып жылады. Мен баланы аяғандықтан және болашағын ойлағандықтан соқыр балалардың мектебіне тастап кетуді ұсындым. Сендер тіл алдыңдар, оған міне он жыл өтті. Балаң орта мектепті бітіргелі отыр. Содан кейін қандай жоғары мектепке түсіруді де ойланудамын. Өзінің юрист боларлық талабы бар көрінеді. Ақылдаса көрерміз. Қалайда жоғары білім алдыру қажет. Меніңше, тек көзі көрмеуі ғана болмаса, басқа кемшілігі жоқ сияқты. Оқуға ұқыпты, зерек. Бұдан былай да өркені өсе беруіне, дені сау болуына, алыстағы ауылда жатқан әке-шешесі – сіздердің де аман-сау болуларыңа тілектеспін!

Сәлеммен, Сәбит Мұқанов.

9-март, 1971 жыл.

Сол Алтынсары баламыз Сәбит қайтыс болғаннан кейін КазГУ-дін юрфагін бітіріп, қолына дипломын алды. Осы кезде ел жақта кызмет істеп жүр. Үйленген, балалы-шағалы.

 

Қалдық деген де бір баламыз болды. Осы күні Қазақ циркінің бастығы деп естідім. Өте сирек хабарласады. Өмір болған соң осы да. Тірлік, жұмыс деп шапқылап жүретін шығар. Жағдайымды білмейді деп ренжімеймін.

Әйтеуір, жүрегінің түбінде Сәбиттің жақсылығы жатқан болар маздап… Осы балаға Сәбиттің спортқа құмар, өнерлі бала болайын деп тұр, жетімнен көмегімді аяғаным болмас деп жүгіргені есімде. Төмендегі хатты оқып көрші:

Құрметті Ғаббас туыс!

Сіздің 15-мартта жазған хатыңызды алдым. Сіз сұрастырған Хамит Бегеновтың баласы – Қалдық біздің үйге көп қатынасып жүретін бала. Ол қазір спорт институтын аяқтауға жақын. Өзі ірі денелі, сал, тәртіпті, ақылды бала боп өсіп келеді. Қазір Қазақстанда қазақ тілінде цирк ұйымдасып жатыр. Бұл бала осы өнерді қуатын сияқты. Қазір орталық қалалардың біреуіне өнерін өркендетуге кетуге даярланып жүр.

Оның шешесі Бәтел мен әкесі Хамитті (Бошан) алғаш қосып, тойларын біздің үйде жасаған болатын. Мынау Қалдық әкесі өлгеннен кейін он бес күнде туғаны мәлім. Шешесі туған шағында өлген. Содан “Балуан” колхозындағы бір кемпір-шал асырап алып өсірген. Бала сол колхоздағы қазақша онжылдық мектепті бітірген, содан Алматыда оқып жүр. Біздің үйдің баласы сияқты. Оның әке-шешесі жақсы кісілер еді ғой. Бұл да соларға тартып, жақсы бала болатын сияқты. Егер хат жазғыларың келсе, оның адресі: Алма-Ата 2, ул. Красина, 78. Эстрадноцирковая студия, Бегенов Қалдық.

Сіздің хатыңызды алғаннан кейін, өзін тауып алып, хат жаз дегенмін. Оны орындаған болар.

Бошанның Бәт деген апасы барын құлағым шалған еді, бірақ кімге қосылғанын білмейтін едім. Ол кісіге сәлем айтарсың.

Туысқандық сәлеммен Сәбит Мұқанов.

31.03.1969 жыл.

Мұндай хаттар архивте баршылық, өздерің кітап қылып шығарамыз деп жүрсіңдер ғой шығарыңдар. Халық оқысын. Кімдер келмеді дейсің Сәбиттің алдына. Солардың ешқайсысының өкпесі жоқ шығар…

… 70-тен асқан соң жазуды да сиретер деп ойладым. Ақылымды да айтқан болдым. Жүрек те сыр бере бастады. Көңілін басқа жаққа аударайын деп, жиі-жиі демалуға кеңес бердік. Балалар да құптап, “енді өзіңізді күтіңіз” деп жатты. 1972 жылы екеуміз Мәскеудің іргесіндегі Малеевкаға демалуға бардық. Денесі ауырлап, шаршап жүрді. Үйден шығарда шабаданға қалам-қағаз салдырмадым. “Жетеді, демал. Еш нәрсе ойламай, алаңсыз жүр”, – дедім. Малеевкадағы алғашқы екі-үш күн қонақтармен, жаңа таныстармен, ажың-гүжің әңгімемен өтті. Байқаймын, Сәбит тықырши бастағандай. Қалам ұстағысы, үстелге отырғысы келіп жүр. Байқамаған, сезбеген боп мен де жүрмін. Менің ренжитінімді біліп, айтуға бата алмай жүр. Бір күні түн ішінде кенеттен оянып кеттім. Көзімді ақырын ашып, қасымдағы Сәбиттің орнына қарасам – төсек бос. Бұл қайда жүр деп жан-жағыма қарадым. Сөйтсем, түнгі шамды үстелдің үстіне қойған, үлкен қара шәлі болатын, соны бүркеніп (шамның жарығы көрінбесін деп) жазып отыр. Шәлінің шетінен қолы жорғалап, көрініп отыр. Күлкім келсе де, көрмеген боп, ұйықтаған кісіше жата бердім. Ертеңіне: “Сәбит, осы түнде бір жарық көрдім ғой, терезенің түбіне біреу машинасының жарығын өшірмей қойған ба?” – дедім қасақана. “Білмеймін, Мәке, мен ештеңе сезбестен қатты ұйықтаппын”, – дейді. Кейін шынын айтып, балаша күледі. “Мәке, қолым қышып, жазғым келіп, аңсарым ауды. Сол түні төрт-бес төрттағандар туды. Сен көріп қап, қаламымды алып қояды екен деп қорықтым”, – дейді. Сонда ойладым: е-е, жазушыға жазбау деген бір қиямет екен ғой, жарайды, еркі білсін дедім де қойдым.

Менің ұрсатынымды біліп, кейбір жиналыста сөйлегенін де жасыратын болды. Шегелеп жіберемін ғой: “Енді жастар айтсын. Сен тыныш отыр. Жасың үлкен. Жағаласып қайтесің” деп ақылымды айтып, өзімше мықтадым деп отырамын ғой. Ұзамай бір жерде: “Кешегі жиында Сәбең жақсы сөйледі. Қатты айтты-ау, ә!” деп біреу соғып отырады. Е-е, бәсе, неғып тымпиып, үндемей жүр десем, айтарын айтып жүрген екен ғой. Бәсе, сөйлемесе Сәбит бола ма деп мен де амалым құрып қоямын.

Біздің кезімізде карта ойнау деген бір пәле болды. Осы күнгі жазушылар ойнай ма екен, білмедім. Ғабит, Ғабидендер күні-түні ойнауға жалықпайтын. Ал біздің Сәбит сол ойынды үйрене алмай кетті. Достары қанша үгіттесе де, елікпеді. Оның бар ермегі – маңайына адам жинап әңгіме айту. Шежіре, ескі әңгіме десе, жанып кетеді. Өмірімнің соңына таман “Қазақ қауымын” жазуының сыры да осында болар. Жас балалардың өз тілін ұмытып, сөйлей алмайтынынан шошынып отыратын, бара-бара не болар екенбіз деп сөйлеп отырғанына талай куә болдым.

Сәбит қайтқаннан кейін, Ғабит Арыстанмен (күйеу баласы ғой) бір оңаша қалған сәтінде: “Арыстан, Сәбитпен бірге қазақтың талай тарихы, шежіресі кетті. Біздің арамызда халқымыздың дәстүрін, әдет-ғұрпын Сәбиттей терең білетін адам енді жоқ. Менің өзім кейде: “Сәбит, мен мына жерден бір сөз оқыдым. Осының мәні не?” десем, ол табанда жауабын айтып, түсіндіріп, мені талай тәнті ғып еді деп сырын ашыпты.

Құдай-ау, арабша толтырылған, сарғайған, әбден жұлымы шыққан дәптерлерді сақтап, орап-шымқап отыратын. Тіпті, кейбіреулерін оқу мүмкін емес. Жазулары өте ескі. Қазір арабша оқитын адам да қалмаған шығар… Сол дәптерлердің көбін жұрт өздері әкеп тапсыратын. Біразын академияның қолжазба қабылдайтын жеріне өткізгені есімде. Жұрт жоғалып кеткен дүниелерін де Сәбитке айтып, сол арқылы іздейтін. Мен айтушы ем: “Сәбит-ау, ерінбей-жалықпай жұрттың тапсырмасын орындайсың да жүресің. Академияның қызметкерлеріне айтсаң, өздері-ақ іздеп, таппай ма?!”… Бір хатты жауапсыз қалдырмайды… Ерте кезде Мәшһүр-Жүсіптен хат келді деп әбігер болғанын білем. Мен ол кезде тым жаспын, ол кісінің кім екенін кайдан білейін. Мәшекеңнің тапсырмасын орындау керек деп, жан-жаққа сұрау салып жүргенін ұмытпаппын (Осы арада мен апайға Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің Сәбеңе 1931 жазған хаты бар екенін есіне салдым. Оқып бердім. Рұқсат етсеңіз, хатты толығымен келтірейік деп ем, өзің біл деп келісімін берді. Төменде ақын атамыздың сол хатын тұтас беріп отырмыз. Г.Қ.).

“Гүл қадірін кім білер,

бұлбұл білер,

Қанбар қадірін Ғали мен

Ділділ білер.

Сөз қадірін сөйлеген ауыз

білер,

Шала-шарпы құлақтар

дүмбіл білер”.

Теміртайды өлең қылып сөйлеген Сәбит Мұқанов сен болсаң, бізге атаң кім, бабаң кім, “жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты” ма, болмаса түптеп тартып қозғап жүрген бір сілем бар ма? Сөзіңді таныдық, өзіңді таныт.

Ақында Ақмолда мен айт

Ыбырайды,

Сөздерін көкей кесті жұртқа

жайды.

Өзгесін бас ауыртпай

жауып-ақ қой,

Бай болмаған, бай болса

бұлғар сайды.

Бұл Мәшһүрдің сөйлегеніне қырық-елу жыл болған. Өлеңдерінің ішінде айтылған сөздер:

Зар боп қалар кейбір күн бай

бір пұлға,

Үнемі қонып тұрмайды

дүние қолға.

Бақ пенен тақ, патшалы тиіп

қалар,

Ескерусіз есікте жүрген

құлға.

Бір сөзінде:

Байлар-ау жиған малың

жанның қасы,

Садақа беріп, жүрсің, атаң

басы.

Байлардың қолындағы

жиған мүлкі,

Кем-кетік кедейлердің

сыбағасы.

Міне бір сөзі:

Қозғайды бейнетқорды

көтерме жын,

Өзгем өтірік болса да бұл

сөзім шын.

Өмірім қысқа болсын деп

ойласам,

Қазаққа қамқорлық қып

атыңа мін.

Бұл Мәшһүрдің өлеңін жаттап айтып жүрушілердің бәрі де өліп қалды.

Бұрынғы заманның ақындарының айтысқан өлеңі бар. Күдері қожа мен Ұлбике қыздың айтысқаны жүз ауыз өлең.

Ұлы жүз Үйсіннен шыққан Ұмсын қыз бен Заман қожаның айтысқаны елу ауыз өлең.

Қарақалпақтан шыққан Жәнкіл ақын мен Ұлбике қыздың айтысқаны он ауыз өлең.

Қаракесектен шыққан ақын Тоғжан қыз бен Сүйіндіктен шыққан Сақау ақынның айтысқаны жетпіс тоғыз ауыз өлең.

Қаракесек Қамбар Жанақ ақынмен Найман ақындары Сабырбай, Түбек айтысқаны отыз жеті ауыз өлең.

Атбасар уезіне қараған Бағаналы Балталы Найманда Опан деген ақын қыз бен Алтайдан шыққан бір ақын жігіт айтысқан отыз жеті ауыз өлең.

Керей Тұрдыбек ақыны болып жүрген Орымбай ақын мен Қаракесек ақыны боп жүрген Шортанбай қожаның айтысқаны жиырма бес ауыз өлең.

Мұса Секербай ақыны болып жүрген Күлік Жалшыбай ақынмен Найман Түбек ақын айтысқаны отыз жеті ауыз өлең.

Қаракесек ақыны мен Балта ақынмен соқыр Шөженің айтысқаны жиырма бір ауыз өлең.

Қүлік Көтеш ақын мен Күнікей қыз айтысқан екі ауыз өлең.

Бұл Мәшһүрде өзі жазған бір шежіре кітап бар, әдебиет тарихы болуға толық лайық, үлкендігі табақ қағазға жазылған, ауырлығы қадақ жарым. Соны поштаға салып және сыртына наложенный платеж деп, өздерінің адресін жазып жіберсеңдер, дереу жетеді. Және менің жазуымды танып оқыр кісі болса.

Бұл Мәшһүр Юсұф сөзін бастырамын деп Торайғыров алып кетіп, аяқсыз шашылып әр жерде қалған. Одан сұратып Тәшкенге алып барып бастырамын деп Уәлихан Омаров алып кетіп о да аяқсыз қалдырған.

Қызылорда баспаханада басында он екі азаматтың бірімін деп Зыяш Алдабергенов алып кетіп, о да аяқсыз қалдырған. Мәскеуде тұрамын деп Әлкей Марғұланов поштамен алдырып, о да аяқсыз қалдырған. Сонан соң бұл аузы күйгендей боп сөзін қолдан шығармайтын болған.

Осы күнде өзі жетпіс екі жаста отыр. Үш жүзден шыққан ақындардың, көрнекті хан, үлгілі билердің, батырлардың тарихы, әңгімесі өзінде түгел.

Мен сөз үйренетін кісі емеспін. Уәлихан Омаров пен Зыяш Алдабергеновтен Мәшһүр Юсұф сөзін қайда жібердіңдер, бары болса маған жіберіңдер, жоғы болса оны айтыңдар деп, екеуінің опасыздығынан бір жауап алып берсең.

Копиясы дұрыс: (ССПК)

Р.5. Бұл хатқа Мәшһүр Юсұф қол қоймаған және қай уақытта жазылғанын көрсетпеген. Хаттың оныкі екендігі біріншіден, сыртқы адресінен, екіншіден, почеркінен танылды. Хат 1931 жылы апрель айында алынды.

С.Мұқанов.

5/У—1952 ж.

Міне, қызым, жинап жүргеннің пайдасын көріп жатырсындар. Оп-оңай тауып алдым деймісің! Әрине, Сәбит бәрін тайға таңба басқандай тізіп кетсе, неге таппасқа! Ұқыптылығыңнан айналайын, шалым!

Гүлнәр, осы Сәбиттің үйдегі архивін сұраған талай адам болды. Әлі уақыты келмегендей, тартыншақтай бердім. Қасымда жиырма жылдан астам жүрген сенің өзіңе, міне, енді ғана шетін көрсетіп отырмын. Сонда оның жасырып-жабатын ештемесі де жоқ. Әркім бір ұстап, қадірін кетірмесе екен деген ой ғана.

Ал Орталық архивке тапсырған 142 папкі хатының көшірмелері түгел осы үйдегі архивте. Сәбиттің қалдырып кеткен азығы әлі талай адамға жетеді.

* * *

Сәбиттің қонақжайлылық қасиеті оның достарының көп болуына мұрындық болды. Еліміздің қай бұрышына бармайық, құшағын жайып достары алдынан шығатын. “Осы сенің танымайтын адамың жоқ екен” деп кейде мен өзім де таңғалушы едім. Мәскеу барсақ құшағын жайып Фадеев, Соболев, Серебряков, Анов шығатын. Өзбек жазушысы Ғафур Ғұламмен достығы ерекше еді. Екеуінің жазысқан хаттары, Сәбиттің Ғафур туралы айтқан ой-пікірлері музейде сақтаулы. Жан досының қазасы Сәбитке қатты батты. Көзінен жасы моншақтап жылағаны көз алдымда. Ташкенттен келгеннен кейін, көпке дейін жүрегін ұстап, уһілеп, көп қайғырды. “Ғафурдай дос қайда маған!” деп күрсінумен болды. Бір-біріне түн ішінде телефон соғып, “қызу айтысатын” кездерін аңсап, сағынушы еді.

Осы арада мен Сәбиттің папкісін ақтарып отырып, өзім тауып алған мына бір сөзін келтіре кетсек деп отырмын. Досының басында тұрып сөйлеген сөзі ме екен, анығын айта алмай отырмын. Артықтық етпес. Бұрын оқымағандар болса, сауабын алармыз, қызым. Өзім осы бір-екі парақ қағазды қайта-қайта оқып, көзіме жас аламын еріксіз.

Қош, бауырым!

“Ғафур Гулям қайтыс болды!” – деген хабар маған төбемнен жайдың оғы ұрғаннан кем тиген жоқ. Оған себеп – 35 жылдай үздіксіз дос, қаламдас жолдастығымнан басқа күні кеше ғана бірнеше күн дастарқандас болуым.

Мен онымен Москвадағы Внуково аэропортында кездестім. Ол да Казанға Ғабдолла Тоқайдың 80 жасқа толуы юбилейіне ұшқалы тұр екен.

Казандағы достар бізді бір үйге орналастырды. Үш-төрт күн дәмдес болғанда оның аузынан Ташкентте соңғы айларда болып жатқан табиғат тентектігі түспеді. Сонда айтатыны үнемі – оптимизм.

– Табиғат адамды жеңуге тиісті емес, – дейді ол әрқашан. Адам табиғатты жеңуге тиіс. Сілкініс Ташкентті бүлдіргенімен біз бұрынғыдан да көркем Ташкент жасаймыз.

Сонымен бірге Ғафур үнемі көтеріңкі жағдайда жүрді. Біз жатқан үйде радио жоқ екен. Қасындағы үйде бар. Ғафур соған тынымсыз барып, соңғы хабарларды тыңдайды да жүреді.

Ол осы сапарында әйелі Мухарамма мен бірнеше немересін Одесса қаласының қасындағы демалыс үйіне орналастырып келген екен. Жарын, балаларын, немерелерін шексіз жақсы көретін ол әрбір кеште Одессаға емес, Ташкентке телефон соғып, не халдер болып жатқанын біліп отырды. 27 июнь күні станциядағылар: “телефон жолы үш күнге жабық” – депті. Мен қасында едім. Телефон трубкасын орнына қоя берген Ғафурдың қоңыр кескіні көгілдір тартып, креслоға шалқая берді. Мен “Ойбай, не болды!” – деп құшақтай алдым, ыдыстағы салқын суды бетіне бүріктік. Сонда ғана көзін ашқан Ғафур – “дәрігер шақырайық” дегенге басын шайқады.

Аздан кейін есін жиып:

– Мен енді кемемен Еділ бойлап, Астраханьға дейін серуендеймін деген ойдан қайттым. Москваға тура ұшам, – деді.

– Ташкенттің – деді ол демін соза алып, – байланыс үзілген үш күндегі халін Москвадан тез білуім керек.

Ол күнгі кеш Ғафур үшін де, біз үшін де өте ауыр болды. Оның мазасыз халін көре тұрып, біз ұйықтай алмай, түн ортасы ауғанға дейін қасында болдық та, одан кейін “Барыңдар, ұйықтаңдар, мен де ұйықтаймын” деген соң, біз бөлмемізге кеттік те, кезекпен қараңғы коридорда күзетіп жүрдік.

Ол түні Ғафур көз шырымын алған жоқ, аз уақыт көзін жұмып қалғыған болады да, тез уһілеп күрсіне бастайды…

Таңертең Ғафур бір кесе айраннан басқа ештеңе ішпеді.

Түскі самолетке бізді татардың жазушылары шығарып салды. Мен Уфаға ұшпақпын, Ғафур Москваға ұшпақ. Онда кескін-кейіп жоқ… Аттанар алдында:

– Сәбит, сен бері келші! – деді Ғафур маған.

Екеуміз оңашаланып ағаштың көлеңкесіне бардық.

– Ал, достым, – деді ол көзіне жас алып, – Ташкенттің халі менің былай да әлсіз жүрегімді езіңкіреп тұр. Қаншалыққа шыдарымды білмеймін. Егерде…

– Ойбай, ар жағын айтпа! – дедім мен.

– Оны тағдырға тапсырдық, – дей салды Ғафур.

Қоштасқан секундта ол ұзақ сүйісті де, солқылдап жылап алды… Міне, енді сүйікті Ғафурдың тәні дүниеде жоқ!

Совет Одағының ең ірі ақынының, ғалымдарының, қоғам қайраткерлерінің бірі, сүйікті досым Ғафур Гулям туралы айтылатын сөздер көп, оларға осы сәтте уақыт та жоқ, хал де жоқ!

Қош, бауырым, Ғафур!

Топырағың торқа болсын!

11 июль, 1966 жыл.

Сәбит Мұқанов.

Міне, осы бір хаттан Сәбиттің мейірімді жүрегін, досына деген адал ниетін көремін. Екеуінің басы қосылса, айналасындағы жұрт күлкіден ауыз жаппайтын. Анық мерзімін ұмыттым, бір жылы біздің бүкіл жазушылар Өзбекстанға кетті. Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі деймісің… Болса болар. Сәбит – делегацияның бастығы. Қасында – Ғабит. Ғафур бастаған өзбек ағайындар құшақ жая қарсы алған екен. Күнде жиын, күнде кездесу. Күнде той. Екі-үш күн өткен соң, Сәбит Ғафурға: “Дастарқандарыңызға, пейілдеріңізге ризамыз. Өрік пен жаңғаққа, қауын-қарбызға, шөп-шаламның неше түріне қарық болдық. Біздің қазақ – етсіз жүре алмайтын халық. Орта құрсақ болып тұрғанымыз. Ет беру ойларыңа келмей жүр-ау” деп досын қағытыпты. Кешқұрым уақыт болса керек. Жаңағыдай деп Сәбит қонақүйге барып, демалуға жатып қалыпты. Ертемен біреу дүрсілдетіп есік қағып тұр дейді. Таң атпай бұ қайсы, тағы не боп қалды деп ұшып тұрып, есік ашса, Ғафур тұрған көрінеді. “Сәбе, киініп сыртқа шығыңыз. Сіздің керегіңіз боп тұр” депті.

Есік алдына шықса, біздің бар жазушылар тұр екен. “Таң атпай бір жаққа барамыз ба, бұл не жиын?” депті Сәбит. Сонда Ғабит: “Бірдеңені бүлдірген сен емеспісің? Ғафур досың зыр жүгіріп жүр ғой” дейді. Сол кезде Ғафур келіп, бұларды бастап алып жүріпті. Біраз жер жүрген соң анадай жерде тұрған бір сарайға келіп тоқтапты. Ғафур жұртқа қарап: “Ал, Сәбе, батаңды бер. Қазақ туыстарымызға арнаған бір биеміз бар еді”, — деп сарайдың есігін шалқасынан ашып жіберіпті. Көздері шарадай, екі иінінен дем алып, қарны жер сызған бір көк бие тұр екен. Семіздіктен арқа жоны жылт-жылт етеді дейді. Ғабит Сәбитті түртіп: “Бүлдірген деген осы. Мынау аппақ майды қайтып жейміз? Алдымыздан қайтып, масқара болатын болды-ау” депті: Сәбит оған: “Саспа. Бәрінің де ретін келтіремін” деп, әлгі жерде жақсылап тұрып батасын беріпті. Анандай жерде жалаңдаған үш-төрт қазақ жігіті дайын тұр екен. Биені союға ала жөнеліпті. Ғафур мұртынан күліп: “Кешке қонақасыға келіңіздер. Қазақтардың ет жегенін көрелік” деп, Сәбитке қарап күліп қойыпты. Кешке үлкен бір бақтың ішіне дастарқан жайылыпты.

Қонақасыға көп адамдар шақырылған екен. Қазқатар қойылған үстелдердің арғы шетіне көз жетпейді. Бір кезде дастарқанға ет толы үлкен-үлкен астаулар келе бастапты. Бие тым семіз болған екен, аппақ қардай май дейді. Ғабит Сәбитке тағы да тисіп: “Ет, ет деп қоймап ең. Мынаны қайтып жейміз? Өзбектер күлкі қылатын болды” деп сыбырлап қоймай қойыпты. Сәбит болса аспай-саспай етті турап, алдындағы астауды үйеме табақ етіпті. Ішінде қара еті әр жерден бір көрінетін астауға қол созуға ешкімнің жүрегі дауаламай отырған көрінеді. Жұрт біраз шұқылап, жеген болып отырыпты. Бір кезде Сәбит орнынан тұрып, сөз алып: “Ал, ағайындар! Көңілдеріңе көп рақмет. Біздін қазақта тамаша бір дәстүр бар. Оның аты – асату. Сыйлағандарыңыз рас болса, осы отырған жұрттың бірі қалмай, менің қолымнан асату алады”, – депті. Шетте тұрған үш-төрт жігітке тапсырма беріп, мына халықтың бірі қалмай менің алдымнан өтетін болсын депті. Сәбит екі білегін түріп алып, шетінен асата бастапты. Ер-әйел, жас-кәрі демей, бәріне қос уысын толтырып алып, аппақ майды лып еткізіп ауыздарына сүңгітіп жіберетін көрінеді. Алдарындағы астаудың майы таусылып, жан-жақтағы табақтардың бар майы Сәбиттің алдына жиылыпты. Жұрт қыран-топан, мәз болып жатыр. Кейбіреулері, әсіресе, жас әйелдер беттерін басып, шырпыр болып қашады дейді. Оған Сәбит көнуші ме еді. Сөз тауып, қалайда асатады ғой. Ең соңында Сәбиттің алдында қос уыс май қалған екен. Тағы да орнынан тұрып: “Ал, халайық, бәрің де менің қолымнан асату алдыңдар. Енді мына қалғанын өзім асаймын” деп бір қара еті жоқ, өңкей аппақ майды қылқ еткізіп жұта салыпты. Сол кезде Еафур досы күліп, басын шайқап: “Пай-пай, мына қазақтарға дауа жоқ екен. Қасқыр сияқты екенсіңдер” депті, Сәбитке қарап.

Осы әңгімесін Сәбит майын тамызып айтып, жұрттың шек-сілесін қатыратын. Алғаш естігенде мен де көзімнен жас аққанша күлдім. Аталарыңның осы бір тапқырлығын сендер де айта жүрсін деп отырғаным ғой, Гүлнәр.

Атақты ақын-жазушылар: Берді Кербабаевты, Сайфи Құдашты, Алы Токомбаев пен Қуанычбек Маликовты, Түгелбай Сыдықбековты қадір тұтты, қатты сыйлас болды. Бұлардың достығындай достық қазіргі өмірде бар ма, жоқ па, білмеймін…

Соғыс жылдарында Алексей Толстой, Самуил Маршак сияқты орыс жазушыларымен танысып, ғұмыр бойы араластық. Соғыс жүріп жатқан кезде күллі Мәскеу мен Ленинградтың бетке ұстар қаймақтары осы біздің Алматыда тұрды. 1942 жылы, күзде солардың бәрін үйге қонаққа шақырдық. Мұхаң бар, мықты деген жазушылардың ешқайсысы шет қалған жоқ. Қой алып, арнап сойдық. Қойдың басын қазақ рәсімімен А.Толстойдың алдына тарттық. Әйелі Наталья Ильинична мен екеуі кеш бойы таңданумен болды. Қонақты құдайдай күтетін қазақ дәстүріне шын жүректен ризашылықтарын білдірді. Менің қос бұрым, тізеден келетін ұзын қара шашыма таңғалып, қолдарымен ұстап көріп, “жасанды емес пе?” деп сұрады. Қастарына отырғызып, шашымды мойныма орап түскен суретіміз бар еді, кейіннен соны жоғалтып алдым. Осы кеште ескерткіш болсын деп, өзінің “Хождение по мукам” атты кітабына қолтаңбасын қалдырып, сыйға тартты. Сол кітап музейде сақтаулы. Келушілердің көбі сол кітапқа үңіледі деп отырсың өзің. М.Шолоховтың да қолтаңбасы бар кітабы есімде. Ол жазушыны да көзім көрді.

Иван Шухов, Алексей Брагин, Дмитрий Снегин, т.б. орыс жазушыларымен де тонның ішкі бауындай араластық. “Өмір мектебін” Алексей аударды ғой. Сәбит екеуі кейбір тұстарда айтысып та қалатын. Сәбиттің қазақшасының сөлін Алексей жеткізе алмай жатса керек. Соған Сәбит көңілі толмай, жанұшырып, жеткізуге тырысып, түсіндіріп жатушы еді.

Иван Шуховпен бір елденбіз жақсы адам еді. Үйінде талай қонақта болдық. Пресновка деген станицада өзінің үйі бар. Сәбиттің 80-жылдығында да, 90-жылдығында да елге барғанымызда сол Пресновкаға арнайы бардым. Үйі қазір музейге айналған. Бір кезде өзіміз барып, талай дәм ішкен ақ дастарқаны, салқын самалмен тыныстап, демалып отыратын верандасы да сол қалпында.

Күні бүгінге дейін газет-журналдарды жібермей қарап отырамын. Ойым – Сәбит туралы не бар екен, не жөнінде сияқты ғой. Әсіресе, мына 100-жылдық келе жатқаннан бері газет келмей қалса, іздеп отыратын болдым. Жақында “Жас Алаш” газетіне Дмитрий Снегиннің берген сұхбатын оқыдым. Ескіден қалған көз ғой. Кездесе қалса, қолымды сүйіп, бәйек болады. Газетке суретімен шыққан екен. Әй, Митя, өзің әлі қарап тұрсың ғой деп қалжыңдап, сөйлеп қоям. Газетті сақтап қойдым. Өзім қайта-қайта оқығым келе береді…

Мен жазушылардың ішінде Мұхтар Әуезовпен, Ғабитпен, Сәбитпен жақын араластым. Сәбит ол кезде Жазушылар одағының төрағасы, мен – жауапты хатшымын. Ал, ана Ұлылар – президиум мүшелері. Олар өздері маған тең сөйлейтін: “Митя”, “Митя” деп. Мен де оларды, әлде балалығым, әлде шалалығым – арамызда 10-12 жас айырма болса да – “Ғабит”, “Сәбит”, “Мұхтар” деп атай беретінмін.

Біз семьямызбен аралас-құралас болдық. Біресе Мұхтардың үйінде – Валентина Николаевнаның; біресе Сәбиттің үйінде – ақылды да аяулы Мәриямның; біресе Ғабиттің үйінде – бармағы бал Хұснидің; біресе менің үйімде – Александра Яковлевнамның дастарқанында бас қосып, қонақ болатынбыз.

Мәселен мен:

Мұхтар, Сәбит, Ғабит, сіздерді менің Александра Яковлевнам кешкі сағат 6-ға, бесбармаққа шақырады, – деймін ғой. Олар:

Рақмет!

Тура, кешкі 6-ға бес минут қалғанда Мұхтар келеді – Валентина Николаевнасымен, 6-дан бес минуттай өткенде Ғабит – Хұснимен. Бесбармақ дайын. Жарты сағат өтеді, қырық минут өтеді… Сәбит пен Мәриям жоқ! Әрең дегенде, шулатып, думандатып, елді көшіргендей Сәбиттер келеді. Ой, кешіріңдер, кешігіп қалдық, т.б.

Бәріміз дастарқан басына отырғаннан кейін Мұхтар:

Сәбит! Сен 40 минут кешігемін деп, достарыңның ортасындағы ұлы 40 минут уақытыңды мәңгілікке жоғалтқаныңды білесің бе?! – дейтін”.

Шынында да, қонаққа кешігіп жүретініміз рас. Енді шығайын деп жатсаң, біреу келеді. Оған шай бермей қалай, құр ауыз қайтарасың. Бала-шаға бар. Кетеріңде олардың да тамағын даярлайсың. Өйткені, басымыз қосылса, жуық арада тарай қоймаймыз. Митя соны ұмытпаған екен.

* * *

Музейге келген сайын Мәліктің, Мәлік Ғабдулиннің үйінің жанынан өтем. Өткен сайын терезесіне қарамай өте алмаймын. Бөтен пердеге көзім түседі… Қайран, Мәлік! Қандай едің… Орден-медальдарыңды тағынып, мейрам кезінде сыртқа шыққаныңда жұрт көзін ала алмай қалушы еді…

1930 яки 31 жыл болу керек. Көкшетаудан онжылдықты бітіріп, Алматыға келген бетте Сәбитті іздеп үйге келді. Ол кезде біз Лепсинская (қазіргі Фурманов) көшесінде тұрамыз. Арыстан мен Марат бар. Қолында дәптері бар, кішкене ғана қара бала. Сөзі пысық. Сәбитке жазғандарын көрсетіп, оқуға түсуіне көмек беруін сұрап тықылдап тұр. Сол күннен бастап, өз баламыздай болды. Сәбит КазПИ-ге оқуға түсуіне көмектесті. Біздің үйдің үшінші баласындай еді. Соғысқа да бізден аттанды. Сәбит майданға командировкаға барғанда да, Мәлікті іздеп барды. 1943 жылы екеуі бірге түскен суреті бар.

1965 жылы біз осы күнгі музей тұрған үйге көшкенімізде, олар да көрші үйге қоныстанды. Үйіміздің арасында үй жоқ. Күнде Мәлік жұмысқа кетерде бізге соқпай кетпейді. “Қарттарым, амансыңдар ма?” деп кіріп келеді. Кешке жұмыстан қайтқанда және соғады. Сәбит Мәлік дегенде ішер асын жерге қоюшы еді.

Мәліктің қазасы Сәбитке қатты батты. Көп жылады. Жүрегі де сол кезде қозғалды. Ұзамай өзі де кете барды.

Сәбитті жоқтап, басымнан қара орамалымды тастамай, жыл өткенше отырдым. Кісі аяғы басылмай, келіп жатты. Анда-санда балалардан Мәліктің үйіндегі келінді – Нәзияны сұрап қоям. “Нашар, үйінің шамын да жақпай, төсектен тұрмайтын көрінеді. Мәлік өлді, мен де өлем деп, әбден жүнжіп кеткен екен” деген сөздер құлағыма жетіп жатты. Бір күні, өзім жетісіп отырмасам да, ана байғұсқа барайын, ақылымды айтайын деп шықтым. Бір аттам жер ғой. Келесі үй. Келсем, үйдің перделерін де ашпаған. Мәліктің жұмыс кабинетіндегі диванда жатыр. Маған енді өмір керек емес дейді, ұрыстым. “Керек болғанда енді керек. Мәлік үшін өмір сүруің керек. Оның атын сен шығармасаң, сен қаузамасаң, кім жанашыр болады. Мәлікті жақсы көргенің рас болса, қайраттан”, деп қанша ақылымды айтсам да, болатын түрі жоқ. Әбден қайғыға бой алдырып алған. Көп жүрген жоқ, сол уайымнан ауруға ұшырап, ақыры қайтты.

Қазір Мәліктің үйін шетелдіктер сатып алған дей ме, әйтеуір перде бөтен. Кітапханасы қандай еді! Үйі жайнап тұрушы еді. Дайын музей екен ғой, қазір ойлап отырсам. Ана бір жылдары Көкшетауда Мәліктің музейі ашылады екен, соған жақын бір келіні Алматыға келіп, подвалда жатқан Мәліктің кітаптарын жиып алыпты деп естідім. Е-е, қайран азамат! Қандай ең! Осы күні аты да сирек естіледі…

Сәбитке жас ақын-жазушылар да үйір болатын. Мына жігіттің таланты бар, болашағы зор деп қамқор боп отыратын. Сол кездегі жап-жас Тұрсынбек Кәкішев Сәкен туралы кітап жазып, ол дүниесі Сәбитке қатты ұнап, содан бастап аралас-құралас боп кеттік. Мәлік Ғабдуллин туралы да осындай кітап жазайық деп жоспарлап жүргенде, Сәбит кете барды ғой.

Тұрсынбек Сәбит кеткен соң да өзінің жанашырлығын таныту­мен келеді. Сәбит туралы қаламынан шыққан мақалаларының, кітаптарының бәрін де оқыдым. Өзінің таппайтын дүниесі жоқ. Небір фактілерді тауып алғанын қарашы деп сөйлеп отырамын. Әсіресе, мына Сәбиттің тойы қарсаңында көп дүние жазды.

Осы арада бір жағдайды айта кеткім келеді. Тұрсынбекпен көп жыл отасқан аяулы келінім Күбірә осыдан алты жылдай бұрын қайтыс болғанда, ойладым: “Апыр-ай, Тұрсынбекке қиын болды-ау. Жай адам да емес, қолынан қаламы түспеген, жазатын жанға жағдай, күтім керек. Балалары бар ғой, бірақ олардың өз тіршілігі өзіне. Қанша дегенмен қасындағы қосағындай бола ма. Бұл енді қайтер екен?! Үйленбесе қиын ғой…” деп бір ойлап қойдым. Сонымен күндер өте берді. 1994 жылы екеуіміз Ақмолаға Сәкеннің тойына бардық. Бірге жүріп, бірге қайттық. Самолетпен келіп, аэропортқа түсе қалғанымызда, менің балаларым машинамен келіп, күтіп тұр екен. Отырып алып, қалаға бет түзедік. Алдымен Тұрсынбекті жеткізіп салайық деп, солай қарай бұрылдық. Үйінің жанына келіп, тоқтай қалдық. Талай келіп жүрген үйім ғой. Машинаның ішінде отырып, басымды жоғары көтеріп, үшінші қабаттағы терезесіне қарадым. Қап-қараңғы екен. Осы арада бір ағаттық жібергенімді сезе қойдым. Үйінде ешкім күтіп отырмағанын білген­де, алдымен бізге апарып, шайымызды ішіп, көрген-баққанымызды қайыра тәптіштеп, сонан соң әкеліп салуымыз керек еді. Енді әдейі шақырсаң да бармайды, ыңғайсыз. Сонымен, біз кете бардық. Жол бойы Тұрсынбекті ойлаумен болдым. “Алыстан келгеніңде алдыңнан есігіңді ашып, шайыңды қайнатып отыратын адамның болмауы қандай қиын. Тас қараңғы үйге кірді-ау, мына бала…” деп, әлгі көрініс көз алдымнан кетпей қойды. Содан біраз уақыт өткен соң, қайным үйленетін ойы бар екенін айтқанда, қуанып кеттім. Дұрыс болған, жалғыз өзіңе қиын болады деп бірден құптадым. Осы күнгі Кү­ләш келінімді көрген жерден ұнаттым. Жас та болса, көргені көп, жөн-жосықты білетін адам екен. Азамат сыйлай алатын, үлкенмен де, кішімен де сыйласа білетін жан. Менің өзім оның әжесіндей болсам да, әңгімеміз жараса кетті. Балаларым кей-кейде: “Мама, егер сіз алдымен кетсеңіз біздің папамыз да үйленер ме еді?” – деп сұрайды. Мен: “Е, үйленбегенде ше… Сендер оның тамағын аш қылмассыңдар, бірақ қайсың оның қасында ертеден қара кешке дейін отырасыңдар. Қаншама баласы болса да, оның бабын тек қасындағы әйелі ғана таба алады” десем, бәрі безілдеп қоя береді. “Қойшы, мама, қайдағыны айтпашы” деп шулайды. Тағдыр басқа салса, бәріне де көнесің. Қай кезде де, адам тіршілікті, жарық дүниені ойлау керек.

 

* * *

Сәбит екеумізде бірге туған туыс болған жоқ. Мен бір әкеден жалғызбын. Кейінгі әкемізден Жақсылық атты інім бар. Елде тұрады. Шұғайып деген немере ағаммен, оның балаларымен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Ағам Сәбит барда қайтты. Келісті, айбынды адам еді. Бір-бірімізді өте жақсы көрдік.

Сәбит болса, он қыздан кейінгі жалғыз ұл. Біз үйленіп, үй болған кезімізде сол апаларының біреуі де болған жоқ. Жастайынан шетіней берген екен.

Сәбиттің немере інісі Шәкен – Мұстафаның баласы. Мұқан мен Мұстафа бір туысады. Сәбит әке-шешеден бірдей айырылған соң, осы Мұстафаның қолында тәрбиеленеді. Мұстафаның әйелі – Сілеусін жақсы адам болған екен. Мейірімді, туған анасындай Сәбитке қамқор болыпты. Сол бір жақсылығы ма екен, Сәбит Шәкен інісінің алдында өзін өмір бойы қарыздар санап өтті. Екеуі бала жастан бірге ойнап, бірге өскен. Орынбор рабфагында бірге оқыған. Оқуды аяқтаған соң, әке-шешесіне қарайлап, Шәкен ауылда қалады да, Сәбит жаңа өмірге қым-қуыт араласып кете барады. Оқу іздеп Мәскеу, Ленинград барды. Өмір өте берді. Алдына белгілі мақсат қойған Сәбит жазушы атанып, атағы бүкіл қазаққа мәлім болды. Шәкен болса, қарапайым тірлік кешіп, ауылда жүріп жатты. Сәбит одан ешнәрсесін аяған жоқ. Жүздеп, мыңдап ақша жіберіп жатты. Бар баласын оқуға енгізіп, жақсы қызметке ие болуларына мүмкіндік жасады. “Жалғыз туысы ғой, басқа кімі бар” деп, пендешілікпен бір ауыз сөз айтып көрмеппін. Өз балаларымыз да жетіліп, шетінен үйленіп, балалы-шағалы боп жаттық. Еркін тұрып, еркін тұрмыс кештік. Біреулердей тықпыштап ақша жинамадық. Ақша тұрмыс үшін керек нәрсе ғой, Сәбиттің көз майын салбыратып тапқаны, өзінен ешнәрсе аямау керек деп тірлік еттік. Шүкір, бәріне де жетіп жатты. Әйтсе де, судың да сұрауы бар демекші, бертін келе, Сәбиттің 70-ке тақаған шағында, Шәкен қайныма ренжитін болдым. Өйткені, Шәкен қайнымда тартыну жоқ, жазған хаты ылғи да бір көңілсіз. Ақша керек, ақша жетпейді… Осындай сарын. Сонда ақша жоқ емес, бар. Шүкір, жаман тұрған жоқ. Елдің алды болмаса, соңы емес. Балалары да шаруақор, пысық. Берекесіз емес. Бірақ, сол үйреніп қалғандық. Сәбиттен алу керек. Ол үшін Сәбит – түпсіз құдық. Сәбит – міндетті. Хат келген күннің ертеңіне Сәбит почтаға кетеді. Ақша жіберген квитанциясын жазу үстелінің үстіндегі шынының астына қыстырып қояды. Алғашында айтып отырушы еді. Кейіннен жаңағыдай тәсіл тапты. Тіпті, қайтарынан аз-ақ уақыт бұрын 1000 сом жіберіпті. Ол кезде үлкен ақша ғой. Мынау деген қызметкеріңнің өзі 120-150 сом айлық алатын кез емес пе? Сәбит квитанциясын күлсалғыштың ішіне тастай салыпты. Мен оны кейін көрдім. Сәбит қайтқаннан кейін, біраз есімді жиған соң, жан-жағыма қарап, Сәбиттің қалам-қағаздарын, жазу үстелінің үстіндегі уак нәрселерді қолыммен ұстап, өзім жылап отырмын, жиыстырып отырдым. Сөйтіп отырып, мына бір хатты тауып алдым. Қарасам, Шәкенге жазған жауап хаты. Мә­шіңкеге басылған. Екінші данасы. Қағазға ұқыпты әдетімен, өзіне бір данасын алып қалып, папкісіне салып қойыпты. Оқыдым да, онан сайын егілдім: “Шіркін, Сәбит-ай, жүрегің не деген жұмсақ еді? Өмір бойы өзіңді қарыздар санап, кінәлі сезініп… не болды соншама?! Тым болмаса, бірге туған туысың да емес қой?.. Неге сонша жалтаңдадың?” деп, ал кеп жыла. Сәбиттен айырылғаныма әлі де сенбей, ішім күйіп жүрген кез ғой, армансыз шерімді ақтардым оңашада.

Төмеңде Сәбиттің Шәкен қайныма жазған бірнеше хаттарын келтіріп отырмын. Сөзім өтірік болмасын.

Шәкен!

Соңғы хатың маған бірталай уайым алып келді. Ермектің мертіккені, биылғы сабақтан қалғаны қиын болған екен. Жазылып кетсе, оқасы жоқ. Сабаққа үлгереді ғой әлі. Операция керек болса Қызылжарда жасатқан жөн. Онда мамандар көп қой. Жағдайыңа қарай көр.

Менің саған “ал” тілім болмайды. Қашан да шынымды ғана айтам. Қаражат жайы да солай. Бірден мол жіберуге мүмкіндігім аздығын хабарладым. Қазір де жиналып-терілу үстіндемін. Бір соғымдық пұл тауып жіберсем деймін. Оның сәті ноябрьге дейін түсетін сияқты. Ноябрь басында Қызылжардың орыс театры “Сәкенді” көрсетпек, мені де шақырмақ. Шақырса хабарланам. Мүмкін спектакльді бірге көрерміз. Ауа райы дұрыс болса, бірер күнге ауылға да соғармын. Тез арада оңала қоймайтын ауыл болды ғой ол. Амал нешік. Облыс және аудан басшыларына сан рет айттым. Көзіңе “жарайды” деген болады да, ұмытады немесе ескермейді.

Алматыдан барған қазақтар­ды күте алмауың ештеңе етпес. Қайсысын қабылдай беруге шамаң келеді. Аруақ шақырып барғанға: бар болса тамағыңды, жоқ болса қабағыңды бере саларсың.

Ермек жайын хабарларсың. Қатты уайымдама, саулығыңа әсері тиер. Бұрынғы бір хатымда айтқандай, сенің сау, тірі болуыңды қатты тілейтін адаммын. Бұнымда ешбір дипломатия жоқ, туысқандық көңіл ғана бар.

Үй ішіңе, балаларға сәлем.

Бауырың Сәбит.

5 сентябрь, 1972 жыл. Алматы.

 

Шәкен!

Соңғы қуанышты хатыңды ал­дым. Ермектің операциясыз жазылатыны өте жақсы болған. Енді, қашан айығып болғанша бақылау керек. Оқуды бір жылға доғарса да болады. Оны көрерсіңдер.

Бірер күн болды, телеграмма алдым – Сауыттың Әшкары қайтыс болған. Менімен бірге туған қыздардан қалған ұл еді, біраз уайымдап қалдым. Жасы 73-те болатын. Ұл баланы ол кешігіп көрген. Мен жаназасына бара алмадым. Самолетке дәрігер рұқсат етпеді, поезбен кешігетін болдым. Сондықтан ығын-шығынына ұстар деп азын-аулақ қаражат жібердім.

Саған да, Кпитандағы книжкаңа 500 сом аудардым. Ойым одан артықта еді, Әшкардың жабдығы қосарланды. Әзірге осыны қанағат қыла тұр. Тіршілік, саулық болса, тағы да қарап жатпаспыз.

Қызылжардың шақырар-шақырмасы әлі белгісіз.

Ағалық көңілден – Сәбит.

23/Х-1972 ж.

 

Алматы.

Сүйікті Шәкен!

Соңғы, 28 февральда жазған хатың мені біраз ойландырып, жүдетіп тастады. Әсіресе, соңғы “мүмкін ендігі келгенде менсіз ке­лерсің” деген сөзің. Аса бір ауыр сырқаттанған кісі болмаса, өмір­ден күдер үзбейді ғой, шырағым. Қай күні өлерін ешкім де білмейді. Қашан кеудеден жан шыққанша – үміт дүниесі. Сондықтан қазақ: “түстік өмірің болса – кештік мал жи” деп, тіршілік қамын жасай беретін.

Сен, мысалы, өткен өміріңді жа­ман жасаған жоқсың. “не жейін, не киейін” деген сұрау ешуақыт сенің басыңа кірген емес. Әлі де ондай халге жеткен жоқсың. Жұмыстарың көп болғаны рас. Өйт­песе, өмір бола ма? Жалпы алғанда, бір жігіт сендей-ақ тұ­рады. Сондықтан торыға қала­тын халде емессің. Бала-шағаң­ның әрі жасырақ, әрі барырақ екені рас. Олар да әзірге тарық­қан жоқ. Және “тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемейді” дегендей, олардың несібесі өзімен. Хам­за мен Ғаббас бірдей өліп, бір семьядан жап-жас саған қарап қалғанда да Мұстафаның үйі түтін түтетіп отырған. Мұраттың балалары да солай жетіліп кетеді. Өйту үшін сенің тірі бола тұруың қажет. Бұл жайды бұ­рын­ғы хаттарымда да жазғам. Менің зор тілегімнің бірі – сенің тірші­лігің. Ұсақ балалар ержетіп, ер­тең солардың асырарына қа­рық болмасыңды қайдан білесің? Сон­дықтан таусыла сөйлеудің қажеті жоқ.

Маған келгенде, менің семья­ңа да, саған да қолдан келген көмекті аяған кезім жоқ. Енді қар­тайған, іскерлігім азайған, саулы­ғым кеміген жайымды жазсам, оған ренжіген қалпыңды бай­қатыпсың. Несіне ренжисің? Бұл – табиғат заңы. Дегенмен, бұрын­ғыдай көл-көсір қараспағанмен, “жең ұшынан беруді тоқтат­паспын” дегенді де жазғам. Сол сөзім – әлі де сөз.

Туған ауылдың үйлері азайып, тұрмысы, шаруасы өркендей ал­май келе жатуына екеуміз де қын­жыламыз. Ол да заңды. Бірақ, тү­зесіп жіберуге сен де, мен де, қар­тайдық. Басқарушы орын­дардың кейбіріне айтқан бола­мыз. Одан іс шықпаса, амал қан­ша? Әлі де айтып тырбанып көрерміз. Күшті бөлім жасалса — жасалар, жа­салмаса – “Түлкі­ойнаққа” қосыла кетерсіңдер, оны да уақытында көрерсіңдер. Оған да қайғыра қалудың қажеті жоқ.

Сен маған кейде сол ауылға сені мен тұсап қойғандай ғып жа­засың. “Сәбит ауылы” дегенге ал­данғаның рас та. Бірақ оған то­қырауыңа одан басқа себептер де аз емес қой. Енді отырғың келер-келмесін өзің шеш. Менің­ше, қартайған шақта ажыраудың қажеті жоқ. Өлгенде де көмілетін жер керек қой.

Ермек пен Райханның Қызыл­жарда оқуына жағдай жасал­ғанда, сәті түспей қалды. Әлі де ол ниеттен қайтпаған жөн. Ал­дағы күзде оларды солай орна­ластыру керек. Болмаса, Ермекті Алматыда оқытайық. Оған тағы қоңқылдаймын дейсің. Өзіңе тиім­дісін істе. Өзің қалай ұй­ғарсаң, мен көмектесуге әзірмін.

Қысқасы, сен сарыуайымға тү­суді қой. Қалған азғана өміріңді жігермен өткізуге тырыс.

Бізде аманшылық. Марат інің ба­уырынан ауырып, емделіп жа­тыр. Ол кандидаттық дипломын алған. Өліп қала ма деген қаупім бар. Тентектігіне қарамай, ең жақсы көретін және ерек туған балам еді, қабырғам қайысады. Жазылса деген тілек үстінде отырған жайым бар.

Өзгелері аман өсіп жатыр. Бү­гін 14 март күні тауға дема­лысқа кеткелі жатыр едім, кенет жүрегім қысып, дәрігер жібермей қойды… Кешікпей кетермін. Мен де ой­ланғыш, қайғырғыш болып кет­тім. “Мың күнгі ұшпақтан бір күнгі тіршілік”, енді өндірерім аз бол­ғанмен, тірі бола тұрғым келеді. Оны тағдыр білер. Қашан көзім жұмылғанша сені жақсы көруден, хал жеткенше жәрдемдесуден тынбаспын.

Қош бол, айналайын, жүдей көр­ме. Әлі де қатар жасап, өмір қызығын бір көруге тілектеспін!

Сәбит.

14/111-1973 ж.

Р.С. Мектеп жайынан кейін ха­барласармыз, қазір жазар халім жоқ, толқып кеттім.

Бұл – Сәбиттің Шәкен бауы­рына жазған ең соңғы хаты. Тұп-тура бір айдан кейін, 18-сәуір күні Сәбит кенеттен, жүрек дертінен қайтыс болды.

* * *

Сәбиттің жақсылығы болар, өзі кеткеннен соң да, жанашыр жан­дар әрдайым қасымнан та­былды. Музей ашамыз деп әбігер болып жүрген күндерде көктен іздегенім жерден табылып, Хакім Бекішев деген ескі достарымыз­дың бірі келе қалды. Сәбит сонау 1924 жылы Орынбор рабфагінде оқып жүргенде, жазғы демалы­сында елге келіп, оқуға жетім балалар жинаған ғой. Сол жетім балалардың ішінде осы Хакім де бар екен. “Жас өспей ме” дейді ғой атамыз қазақ. Сол жетім бала оқып, адам болып, майданға қа­ты­сып, әртүрлі әскери қызметгерде жүрді. Сәбитпен өмір бойы аралас-құралас болып, туға­ны­мыздан кем болмады. Запастағы подполковник, кеудесі орден мен медальға толы жайсаң азамат еді. Осыдан он жыл бұрын ауырып қайтыс болды.

Хакеңнің бүкіл өмір жолы Сә­биттің көз алдында болды. Соғыс кезінде, 1943 жылы “Правда” газетінің тілшісі ретінде майдан шебін аралап жүріп, Мәлік Ғаб­дуллин мен осы Хакімге кездеседі. Хакең аузынан тастамай айтып отыратын: “Армия шта­бының жанына келіп, аттан түсе бергенде біреу: “қарағым, Хакім!” – деді. Жалт қарасам, Сәбең. Көзімнен ыстық жастың қалай ыршып кеткенін байқамай да қалдым. Әкем іздеп келгендей кө­рінді” деп әңгімелеуден жалық­паушы еді.

1953 жылы Хакім келіншегі Камал, қайын атасы Нұрғали ақсақал бар, Сәбитке арнайы сәлем беруге келіпті. Соғыс аяқталғалы кездеспеген ек, қат­ты қуандық. Нұрғали ақсақалмен Сәбит бұрыннан таныс болатын. Келінді де танимыз. Хакім алғаш үйленгенде үлбіреген жас келінді бізге алып келіп, таныстырған. Ақ қағаздай, басында аппақ береті бар, екі беті алмадай жас сұлуды келіндеріңіз деп таныстырғанда, Сәбит екеуміз ақ жол тілеп, бата бергенбіз.

Осы жолы арнайы іздеп кел­ген­деріне риза болып, бары­мыз­ша күттік. Соғыстан аман-есен келгенінің өзі олжа, бірнеше күн бойы думан құрдық. Оның үстіне Хакімді Талдықорған облысы, Қапал ауданына әскери комисса­риаттың бастығы қылып таға­йындаған екен. Олар қайтуға жиналған кезде Сәбит мені оңаша­лап шығарып алып: “Мәке, маған бір ой келіп тұр. Нұрғали ақсақал үлкен басымен үйімізге арнайы келіп отыр. Хакім болса туған інімдей. Соғыстан тірі оралуының өзі – үлкен олжа. Елде отырсақ, ат мінгізер ек. Мен бір ерлік жасап, көк машинаны сыйлағым келіп отыр”, деп ақылдасты. “Де­нің сау болса, әлі талай “Победа” мінерміз. Болсын, сыйлайық” дедім.

Қайтуға жиналған күні таңер­тең шай үстінде Сәбит майын та­мызып сөйлеп, іздеп келгенде­ріне рақмет айта отырып: “Ас­тым­дағы атым – көк “Победа”. Қа­зақ құрметті қонағына астындағы атын сыйлайтынын білесіздер. Осы машинамды сіздерге сыйла­ғалы отырмын”, – деді. Қонақта­рымыз азар да безер болды. “Сізді жаяу қалдырғанымыз бол­мас” десті. Біздің Сәбит көндір­мей қоя ма?! Қисынын тауып сөйлеп кеп бергенде, тілінен бал тамызады. Үлкен баламыз – Арыстан екеуміз Ілеге дейін шы­ғарып салдық. Қоштасарда көк машинаны бір сипап, “бізге жаман болған жоқсың, бұларға да құт әкелгей!” деп оң сапар тіледік.

Кейіннен бұлар да Алматыға көшіп келді. Екі үйіміздің бірі болып араласып тұрдық. Музей­ге жанашыр басшы іздеп отырға­нымда осы Хакім кез болды. Ха­кеңнің сол жылдары жинаған дү­ниесін әлі күнге дейін пайда­ланып келесіңдер. Бір шеге қақса да, Сәбең үшін деп отырушы еді.

* * *

Қызым, екеуміздің кітап жаза­мыз деген ниетіміздің арқасында талай жақсы азаматтарды еске алып, бір жасап қалдым-ау. Көр­ген-баққанымды түгелдей жіпке тізейін, біреу- міреу ұмыт қал­масын деп те ойлап қоямын. Ке­шегі өткен Әбділдә, Қалижан, Ғали, Сырбай, Хамит, Қаб­дікәрім, Ғафу бәрі де Сәбиттің інісіндей еді. Олардың өзара достығы бүгінде артында қалған жақын-жуығы жалғастырып, күні бүгінге дейін бір шәугім шайы­мызды бөліп ішіп дегендей келе жатырмыз. Күлжамал Сыр­бай­ды, Бәтес Қабдікәрімді, Жәмиға әкесі Ғалиды, Зайда Қалижанды, мен Сәбитті айтып, Бәкиза да қалыспай, басымыз қосыла қалса болды, әңгімемізді тауыса алмаймыз. Бас қосуға сылтау іздеп, көргенше асығамыз. Құр­бы­ларыма рақмет, мені көрсе бол­ды, құшақтап, сүйіп, шын кө­ңіл­дерін білдіріп жатады. Іште­ріндегі үлкені – мен. Кейде ша­қырған жерлерге бармай-ақ қоя­йын, жасым үлкен, барлық жерге жүре беруге сендердей жас емеспін ғой десем де, құрбы­ларым қоярда қоймай, тіпті үйге өздері келіп, алып кетеді. “Мәке, сізсіз қызық емес” дейді.

* * *

 

… Сенің сұрап отырғаның, әлгі Балуан-Шолақтың Ғалиясының суреті ғой. Ол сурет Сәбитке 1960 жылдардың ішінде почтамен кел­ген. Үлкен конвертке салынған суретке мен онша мән бермей кете беріп ем, Сәбит мені қайыра шақырып алды. “Мәке, мына су­ретке қарашы. Кім деп ойлай­сың?” – деді. Көз салсам, жаулық салған бір кемпір мен шал, “ие, бұлар кімдер?” деп таңырқадым. “Бұл – Ғалия. Кәдімгі Балуан-Шолақтың “Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен” дейтін Ғалиясы­ның нақ өзі”, – деді. “Ойбай-ау, мына кемпірден мен сұлу шығар­мын. Жұрттың аузын­да жүрген әнге қарағанда, адам­заттың пе­рісі ме десем, қара­пайым ғана әйел ғой?!” – дедім. Сонда Сә­бит маған қарап оты­рып: “Әй, Мә­ке… Әркімнің өз сұ­луы бар емес пе… Мен сені жүз Ғалияға айырбастар ма екем!” – деді.

1989 жылы Көкшетаудағы “Бо­та­көз” демалыс үйінде демал­дым. Орта жастағы бір әйелме­н таны­сып, тамаққа бірге барып жүр­дік. Әңгімеден әңгіме шығып, Сә­бит­тің “Балуан-Шолақ” рома­ны жа­йын­да сөз қозғалды. Сол жерде әлгі келіншек: “Менің әкем – Жи­рем­бек деген кісі. Бала күні­нен Ға­лияның бауырында өскен. Ғалия – бала таппаған кісі. Әкем­ді асырап алып, туған баласын­дай өсірген. Та­лай әңгімелерін тыңдап ем, апам жайындағы” – деді. “Ие, шы­ра­ғым, әңгіме сенде екен ғой. Әкең қазір бар ма?” – деп сұра­дым. “Жоқ, 1972 жылы дү­ние сал­ды”, – деді Баян. Сәбеңе келген суреттің бір данасы оларда да бар екен. “Нақ сол кісінің өзі” деді. Баянның ме­кен­жайын, көрген-біл­генін қа­ғазға жазып, алып келдім.

* * *

…Әртіс біткенмен де тонның ішкі бауындай араластық. Сәбит сонау 1926 жылы Қызылордада алғаш театр ашылғанда-ақ Кү­ләш, Қанабек, Шара, Елубай, Сер­ке, т.б. қоян-қолтық арала­сып, жиі қатысатынбыз. Күләштің ән сал­ға­ны-ай, шіркін! Бұлбұл десең бұл­бұл! Шара мен Құр­ман­бектің ой­на­ғандары қандай! Екеуі қандай жарасушы еді! Олар сах­наға шы­ға келгенде әсерленбей, жай оты­ру мүмкін емес еді. 1936 жылғы ал­ғашқы декадаға (Моск­вадағы Қа­зақ әдебиеті мен мәде­ниетінің он­күндігі. Г.Қ.) біздің әртістер мен күл­лі жазушы кетті. Олар Мос­ква­дан өте табысты оралып, тойдан-той, әй, бір шыр­қадық-ау!

“Мөлдір махаббат”, “Сәкен Сей­фул­лин”, “Қашқар қызы”, “Шо­қан Уә­­лиханов” спектакльдері қойыл­ған кезде, Сәбит ертеден қара кеш­ке дейін солармен бірге жүре­тін. Репетицияға да қаты­сып, әр­тіс­т­ердің ойнағандарына риза боп оты­­рушы еді. Театрда жаңа бір дү­ние қойыла қалса, алдымен біз ба­рып көретінбіз. Ойын біткен соң, “Сә­бит ағаның үйіне барып, шай іше­міз” деп бәрі жиылып-төгі­ліп біз­ге ке­леді. Түн­нің бір уағына де­йін оты­рамыз; ән де бізде, күй де бізде, би де бізде. Қайран, жас­тық шақ, өт­тің дәурен демеске ама­лың жоқ..!

Шоқанның ролін ойнаған Нұр­мұхан Жантөрин – өте бір талант­ты адам еді. Шоқанша киініп, шы­ға келгенде, тіпті өзі ме деп қала­сың. Өте жақсы ойнайтын. Кім бі­леді, алда-жалда Сәбиттің осы спек­таклі қайта қойыла қал­са, Шо­қанды қандай адам ой­нар екен? Нұрмұханның ойнағанын көрген жандар ұмыта қойған жоқ шығар.

Өзіміздің елде, Қызылжар жақ­та да, Сәбиттің дүниелері жиі қо­йы­латын. Өзі кеткен соң да, бі­раз уа­қыт қойылып жүрді. Бірте-бірте сиреді. Жастардың талап-талға­мы да өзгерген шығар деп жұба­тып қоям өзімді. Бірақ Сәбит жаз­ған дүниелердің өлмейтініне сене­мін. Күндердің күнінде іздеу­шілер­дің та­былары сөзсіз. Бұлай деп кү­шейіп отырғанымның себе­бін өзің біле­сің. Мына 100 жыл­дық той қар­са­ңында Қызыл­жар­да Сә­бит­тің атын­дағы облыстық қазақ саз­ды-драма театры ашы­лып жа­тыр. Сол театрға осы Ал­ма­тыдан оқып бі­тір­ген, қолдың саласын­дай, небір әде­мі қыз-жігіттер қыз­метке кетті. Өрім­дей жас әртіс­тер­ге қа­рап тұ­рып, бая­ғы 1926 жы­лы ал­ғаш театр ашыл­ғандағы кө­рініс көз ал­ды­ма келді. Олар осы­лардай еді… Жас еді бәрі… Мен бұларға сәт са­пар ті­леп, Сәбиттің театры да өмір­­шең болсын, қазақ халқына адал қыз­мет ете берің­дер деп бата бердім.

* * *

1965 жылы Қызылордаға Ас­қар Тоқмағамбетовтың алпыс жыл­­­­дық тойына бардық. Думан біт­кен соң, Шымкент облысының бір­неше ау­дандарын араладық. Сә­бит жүр­ген жерінің бәрінде де: “жас та­лант­­тар бар ма, оларды ел іші­­нен та­­буы­мыз керек” деп сұ­рас­ты­ру­мен бол­ды. Ел ішіндегі кә­рі-құр­­таң, шал-кемпірлерді жиып алып, әңгіме­ле­су­ден бір жа­лық­пай­ды-ау! Осы жо­лы “Халық мұ­ра­сы” зерт­теу еңбе­гіне мол мате­риал алып қайтты. Көп­теген қы­зық әңгі­ме естіп, бір ба­йып қай­тып еді. Әсі­ресе, Созақ ау­да­нын­да бол­ған ке­зіміз есімізде қалды. Оның себебі бар. Сәбит­тің әнге, күй­ге әуестігін білетін басшы­лар: “Сәбе­ңе күй тар­тып бе­ретін кісі ке­рек”, – деп күй­шілер із­детіпті. Сол жолғы үлкен ол­жа­мыз – әрі күй­ші, әрі компо­зи­тор Төлеген Момбе­ков­ты жолықтыр­дық. Тө­ле­ген­нің күй тарту мәнері­не риза болып, шын талантты тап­қа­нын бі­ліп, қат­ты қуанған. Қолма-қол оның күй­ле­рін таспаға жазды­рып алып, Ал­матыға алып келді. Ке­лі­сімен Ах­мет Жұбанов­қа ха­бар­­ла­сып, өзі­нің үлкен олжа тап­қа­н­ын айтып мақ­танды. Кейін, көп ұза­май-ақ Тө­легенді Алма­тыға алдырды.

Сәбиттің қамқорлығын осы күн­гі Әбдіжәміл Нұрпейісов те, Са­фуан Шәймерденов те көрген. Өз­дері де жүрген жерлерінде айтып жүреді. Мен де еске сала кетейін, артық болмас.

Әбдіжәміл соғыстан оралған соң, Алматыға келеді. Жазушы­лар одағына келіп, Сәбиттің қа­былдауын күтіп отырыпты. Одақ­тың жұмысы көп емес пе, бірі кіріп, бірі шығып жатқан жұрт. Есік бір ашылған сәтте, Сәбит шинель ки­ген бір жас жігітті аңдап қа­лыпты. Алыстан келген адам еке­ні көрініп тұр ғой. Сәбит ішке ша­қырып алып, жөн сұрайды. Таны­сып, жай-жапсарын айта бастап­ты. Жаз­ған дүниелері бар екен, со­ла­рын оқып бергісі келеді.

Түскі тамақ кезінде үйге Сәбит оны қасына ерте келді. Майдан­нан келген шинельді жігіт тым сы­пайы, момындау көрінді. Қолына дәптерін қысып ұстап алыпты. Сәбиттің көңілі құлап отырғанын байқап отырмын. Әңгімелері жа­расып-ақ отыр.

Кешке Сәбитім тағы да әлгі жі­гіт­пен келіп тұр. “Мәке, мына ба­ла­ның жататын жері жоқ екен. Вок­залда түнеп жүрген көрінеді. Жақ­сы дүние жазып жүр екен. Та­ланты бар, үйде тұрсын” деп бә­рін өзі ке­сіп-пішіп, сөйлеп отыр. Қар­сы сөз деген бізде жоқ. Басы ар­тық төсек болмаған соң, үлкен, кісі бойындай сандық бар еді, соның үстіне жақ­сы­лап төсек салып бердім. “Ақ жай­ма дегенді алғаш Сәбең үйінен көрдім” деп осы күнге дейін өзі де айтып, қоймайтын көрінеді. “Кур­ляндия” атты романын біздің үйде жатып жазды. Сәбит оның жазған­дарын мұқият тыңдап, риза боп отыра­тын. Өзімізде алты бала, Әбді­жәміл жетінші бала болды.

Оқу іздеп елден келген Са­фуан Шәймерденов те алғаш біз­дің үй­де жатты. Қабылдау аяқта­лып, жұрт­тың бәрі сабақта жүр­генде ке­шігіп келді. Сәбит уни­вер­ситеттің рек­то­рына бір жапы­рақ қағаз жа­зып беріп, баланың өзін жіберген. Сөз айтпастан, оқуға қабылдап­ты. Жа­зуға икемі бар жас көрсе, наза­ры­нан қағыс қалдырмайтын. Үне­мі қа­дағалап, әкесіндей қам­қор болып жүретін.

Үйде бір қызметші орыс әйелі бар еді. Сырттан келіп, біз жоқта біреулер келді ме десем, жаңа ғана ұзын балаңыз бен қысқа ба­лаңыз келіп тамақ ішіп кетті дейді. Олары – Әбдіжәміл мен Сафуан.

Тағы бір қызық оқиға есіме тү­сіп отырғаны. Ұмытпасам, Сә­бит­тің алпысқа келе қоймаған кезі. Одақ­та бастық. Ертемен тұ­рып се­руен­дейтін әдеті болушы еді. Сыртқа шы­ғып кеткен. Мен ертеңгі шайы­ның қамымен жүріп, дайын болған сәтте терезеден сыртқа қа­ра­сам, Сә­бит біреумен әңгіме­ле­сіп отыр. Те­сіліңкіреп қарасам, киім киі­сі ерек­­шелеу бі­реу. Сөйт­се, те­мір­жолшының киі­мі. Бас киі­мін қо­лына сығым­дай ұстап, Сә­битке қы­зу әңгіме айтып отыр. “Мы­нау­сы кім? Әй, Сәбит-ай, таң атпай, та­уып алуын” деп сөйлеп қойдым. Бір кезде қара­сам, әлгі шал­ды ер­тіп кі­ріп келеді. “Мәке, ақсақал алыстан, со­нау Ре­сейдің Са­ратов деген қа­ла­сынан келіпті. Баласын Алматы­ға алып келген екен, инс­ти­тутқа өте ал­май жат­қан көріне­ді. Көмек бе­ре­йін”, – деп шалды шай­ға шақы­р­­ды. Әлгі жерде таны­сып, мән-жа­­йына қа­нықтық. “Аш­тық жылда­ры ба­ла-шағаммен кө­шіп Ре­­сей кет­тім, Са­ратов маңы­нан қо­ныс теуіп, темір жолға жұ­мыс­қа кір­дік. Сөйтіп, бала-шағам­ды аман-есен сақтап қал­дым. Қан­ша деген­мен, туған жер­ді аңсайды екенсің. Өз тағды­рым осындай болды, тым болма­са мына кенжем елін тапсын деп Ал­матыға алып келіп ем. Тәп-тәуір оқи­тын сияқты еді. Антұрған, бір ем­тиханнан “үш” алып қалып­ты. Енді конкурстан өте алмай­мын деп отыр. Құдай он­дап, Сә­бит қа­ра­ғым, өзіңді жолық­тыр­дым. Жо­лым болатын шығар., Әуе­лі құдай, со­сын өзің, шыра­ғым. Институт­тың бас­шы­лары сіз­дің сө­зіңізді жер­де қал­дыр­мас” деп шал ты­қыл­дап отыр. Адам­ның іші-бауырын ері­тіп, Сәбит түгіл, менің өзім шал­дың ба­ласы оқуға кірсе екен деп уайым жей бастадым. Сол арада Сәбит де­реу Тау-кен инсти­ту­тының қа­был­­дау комис­сия­сына хабарлас­ты. Бастығы – өзіміздің Евней Буке­тов екен. “Ой­бай, Сә­бе, конкурс қат­ты. Тексе­ріс көп. Қол­дан кел­мейді. Ертерек неге айтпа­ды­ңыз?” деп шы­рыл­дап жатыр бай­ғұс. Сәбит те бой бе­рер емес. “Оу, бұл шал тегін емес. Өмір бойы те­мір жолда іс­те­ген қазақ көріп пе ең. Адасқан қаз­дай баласын алып, елім деп еңіреп келіп отыр, бұны алма­ғанда кімді аласың!” – деп қысып жатыр. Әрі сөйлеп, бе­рі сөйлеп ақыры Сәбит: “Жарай­ды, түсін­дім. Мен Мәскеу­мен ха­бар­ла­сайын. Рұқсатты ми­нистр­дің өзінен алайын” деп труб­каны ор­нына қой­ды. Қысқасы, не ке­­рек, Мәс­кеуге де хабарласты. Ми­­нистр­мен сөй­лесті, келісімін ал­ды. Мәскеуден Евнейлерге те­ле­грамма келіп, қарт­тың баласы оқу­ға қа­был­дан­ды. Осы күні ой­лай­мын: сол адам­дар Сәбитті ес­ке алар ма екен… Әй, ұмытпа­ған шы­ғар…” “Аш­тықта жеген құй­қа­ның дә­мі ауыз­дан кетпес” деген емес пе, Сә­бит­тің шапа­ғаты ес­терінде шығар…

* * *

1970 жылы Сәбиттің 70 жыл­дық тойын өткіздік. Отыз күн ойын, қырық күн тойың деген осын­дай-ақ болар. Халықтың санында есеп болмады. Жиған-тергеніміздің бәрін шаштық. Ағыл-тегіл бол­дық. Елден келген туыс-туғанның бәрін ертерек шақырып алып, үс­теріне арнайы киім тіккіздік. Бәрін де жұнт­тай ғып киіндіріп, сақал-мұрт­­тарын жылтыратып, бір жа­сап қалды. Тойға сонау 1931 жы­лы Ле­нин­градта жалдаған пәтері­міздің иесі – Елена Лукьяновна да келді. Бишара, әбден қартайған екен. Қазақтың тойын көрмеген адам, бәріне де аузын ашып, көзін жұ­му­мен болды. Шапанымызды жауып, сәлем-сауқатымызды ар­қа­латып, поезға шығарып сал­дық. Керемет риза боп кетті.

Жетпіске келген де бар, кел­ме­ген де бар. Қайран шалым, дү­ние­ден өтерін білгендей, көп ұза­ма­сын сезгендей, ерекше көңіл күй­мен, жас жігітше жайраң қағып жү­ріп еді. “Мәке, аянбалық” деп өзі де күліп, жұртты да күлдіре сөй­леп, тым көңілді жүрді. Сол жолы Сәбиттің тойы бүкіл елдің, халық­тың тойы болып еді.

Сәбитті тез кете қояды деп кім ой­­­лаған. Анда-санда жүрегінің сыр беріп қоятыны болмаса, бы­лайын­ша ширақ, күтімі бар, сап-сау адам.

 

Тек дәрігерлер алыс жолға шы­ғуға рұқсат бермеді. Осылар-ақ төндіреді де жүреді деп ренжиміз ғой оларға. Алысқа болмайды де­ген соң, таудағы “Алатау” санато­рийіне жолдама алдық. Өзім ба­рып орналастырдым. Екі кісілік бөлме. Көршісі Дихан Әбілев екен. Уақыты бітіп, қайтқалы отыр екен. Сәбитті көріп, қуанып: “Сәбеңмен тағы бір мерзім бірге болайын” деп уақытын ұзартып алды.

Мен де қарсы болмай: “Қа­сын­да үлкен кісі болғаны жақсы болды ғой. Арақ ішетін жын-сай­тандар бол­са, мазасы кетер еді” деп көңі­лім орнығып, үйге қайттым. Күнде бір мезгіл барып, тамағын, қымы­зын жеткізіп тұрамын. Барған са­йын бетіне қараймын. Бұрынғы­дай емес, сүлесоқ. Жайраңдап оты­ратын Сәбитім жоқ. Бір жерің ауы­ра ма десем, басын шайқайды. Жасы келді ғой, қартайған деген осы шығар деп ойлай бастадым…

Үйге де келдік. Тынығып кел­ген адамның кейпі емес. Күрсіне бе­реді. Ештеңеге зауқы жоқ. Дә­рігерлер тап басып ештеңе айта алмады. Сонымен, он күндей уа­қыт өтті. Жүрек тұсын уқалай бер­ген соң, дәрігерлерді шақырттық. Олар келгенше диванда қисайып жатты. Қасында шоқиып мен отыр­мын. Тіпті, әкетіп бара жат­қан ауруы да жоқ сияқты. Сау деу­ге тағы келмейді, әрі-сәрі бір күй­де отырдық. Бір кезде қолымнан сипалап отырып: “Мен өліп қал­сам, сен кіммен тұрар екенсің, Мә­ке?” – демесі бар емес пе. Бетіне жалт қарап: “Қайдағыны неге ай­тасың?..” деп жылап қоя бердім. Сасып қалып: “Әншейін, ойыма келген соң айта салып ем, кешір, кешір!” – деп тағы бәйек болды. Сөй­тіп отырғанда дәрігерлер кел­ді. Әрі тыңдап, бері тыңдап: “Біз сізді алып кетеміз. Зембіл алып келіңдер” деп біреулеріне бұйрық бере бастады. Сәбит зембілге жат­қысы келмеді. Аналар да бой берер емес. Сәбит бәрібір көнбей қойды. Тіпті болмаған соң, дәрі­гер­лер: “Сіз ұялсаңыз, біз кешке ке­лейік. Қараңғы түскен кезде еш­кім көрмейді” деп көндірді. Біз де аң-таңбыз. Тұруға болмайтынын қатты ескертіп, олар кете берді. Жүрегіме қауіп әлі де кіре қойған жоқ. Өйткені, Сәбит сап-сау. Жа­мандыққа қалай қиясың…

Кеш түсіп, көз байланысымен дә­рігерлер жетіп келді. Зембілге салып, үйден алып шықты. Шал­қасынан жатқызып, алып кетіп бара жатқанда жүрегім бір шым етті… алғаш рет сезік алдым.

Ауруханада көп жатқан жоқ. Бір жұ­маға жетті ме, жетпеді ме, түс ке­зінде телефон шалып, Сә­бит на­шар деген хабар алдым. Кө­ңілім әлі де болса сенбей, қауіпке бой алдырмадым.

Жаман ырымды бастамайын деп, өзімді-өзім сендіруге тырыс­тым. Таңертең ғана сөйлеп, сап-сау жатқан адамға не боп қалды деп жол бойы ойлаумен болдым. “Мәке, апрель айының партвзно­сы төленген жоқ еді, соны ұмыт­па” деп қайта-қайта тапсырған бо­латын. Сәбиттен шығысымен бір­ден одаққа келіп, онысын төле­дім. Баспаға хабарласып, шыға­йын деп жатқан он алты томдық­тың жағдайын да білдім. Бар жа­ңалығымды айтып, кешке бара­мын ғой деп отырғанда жаңағы­дай хабар алдым. Үйден шыққан­да батылдау шықсам да, ауруха­наға жете бере әлім құрып, екі аяқ басуға келмей қалды. Бойым­ды қорқыныш әбден билеп алға­нын енді сездім. Құдайыма қайта-қайта сыйынып, ішке ендім. Па­ла­таға кіріп келгенімде, көзіме түк көрінбеді. Ылғи бір аппақ дүние. Сөйтсем, Сәбитті ақ халатты бір топ дәрігерлер қоршап алыпты. Зембілге салып та қойған екен. Сұ­лық жатыр. Екі көзімен есікке қа­рап жатыр екен. Менің келгенімді көрді. Қозғала берген зембілмен бірге қатарласа беріп ем, маған қолын созып: “Мәке, қалып қал­ма…” деді. Реанимацияға қалай кір­генімді, мені біреулердің бөге­мекші болғанын, оларға жұлқына бой бермегенімді тап сол сәтте сезбедім. Сәбиттің бас жағында есім кіресілі-шығасылы күйде тұр­дым. Дәрігерлер жанталасып жат­ты. Менің оларда шаруам жоқ, екі көзім Сәбитте. Бір кезде жанары жұмық, сұлқ жатқан адам, көзін кең ашып маған қарады да, үзіліп жүре берді. Ойбайды салып мен қалдым. Бар көрген-білгенім сол болды. Сол бір көзқарасы әлі күнге есімнен кетпейді. Маған бір нәр­се айтқысы келді-ау деп ой­лай­мын. Ойына не келді екен, ай­та алмай кетті-ау, шіркін!

Жерлеуіне келген халықтың са­нында есеп болмады. Лек-лек боп ағылды да жатты. Қадірін бү­кіл халық білгізді. Өзім де арман­сыз зарладым кеп. Сәбитсіз тір­шілік тоқтап қалғандай, жер бетін қара түнек басқандай, енді қай­тып жа­рық сәуле көрместей тү­ңіліп ем. Қу тіршілік-ай, десеңші… Кеудең­нен қашан жаның шық­қан­ша жүре бересің, итшілеп…

Басыма іс түскен сол бір қиын ке­зеңде Дінмұхамед Қонаевқа риза болдым. Өзі бас болып, үкі­мет басшылары барлық құрамы­мен келді. Көңіл айтып, Сәбитті ақ­­тық сапарға шығарып салды. Жер­леуі, жетісі, қырқы, жылы сияқ­­ты рәсімдердің бәріне де үл­кен көмек берді. Үкімет үйінің ас­паздары мен қызметкерлері аяқ­тарынан тік тұрып, қызмет етті. Дас­­тарқанға ке­ректі тағамдар, су­сын-сулар жә­шік-жәшігімен келіп жатты. Менің зарлағаннан басқа тірлігім бол­мады. Кіші қызым Жан­наның аяғы ауыр еді. Екі бүк­тетіліп, ішіндегі сегіз айлық бала­сына қауіп төніп, ауруханаға әкет­ті. Келіндер де зарлап, ата­ла­рын жоқтап жатты.

Сәбиттің басына қойылатын ес­­керткіші бір жылдың ішінде да­йын болды. Тұрған үйіміздің қа­быр­ға­сына мемориалды тақта да қойыл­ды. Сәбиттің атына көше де бе­ріл­ді. Осы жұмыстардың бә­рі еш қиын­­дықсыз жүзеге асып жат­ты. Жақ­сының жақсылығын қай­тып ұмы­тарсың… Осыдан он­шақ­ты жыл бұрын Димекеңнің бәй­бішесі қайтыс болды. Кезінде ара­лас-құ­-ралас жүрген адамдар ек. Кісі аяғы басылған соң, Ди­ме­кеңе көңіл ай­туға бардым. Мені көріп, “Мәке-ай, өзіңіз келдіңіз-ау!” деп, қатты риза болды. Қо­лымды қайта-қайта қы­сып, Зуһ­раны еске алып, біраз отыр­дық. Жасаулы дастарқанға ша­қырып, дәм татып қайттым. Кел­геніме ри­за боп, жадырап қалды.

Сәбит қайтқанда жинақ касса­мызда алты мың сом ақша қа­лып­ты. Осыған біреу сеніп, біреу сен­беді. Құдамыз Мәжікен қасы­на Арыстанды ертіп алып, барып анықтағанда, сенер-сенбесін біл­мепті. Біздер кейбіреулер сияқты тірнектеп жинап, уыстап ұстама­дық қой. Шығын шықпай, кіріс кір­мес деген қағидамен жүрген кісі­лерміз біз. Еркін жүріп, еркін тұр­дық. Алты баламыз болды. Егер олар өз айлықтарымен ғана күн көрсе, Сәбит екеуміз шынында да миллионер болып, осы күні Мә­риям­ның мұртын балта шаппас еді. Жоқ, олай болмады. Балала­рымыз да, немерелеріміз де Сә­бит барда еш таршылық, жетіс­пеу­шілік сезінген жоқ. Үлкеніміз Арыстанның бес баласын да өзім өсірдім десем, өтірік емес. Галя келінім бала қызғанатын кісі емес, өзі қыздай боп қолымда он тоғыз жыл жүрді. Ұлдарды үй­лендіріп, қыздарды күйеуге беріп, бәрін де Сәбит өз қолымен атқа­рып кетті. Тек тұңғыш немереміз, Сәбиттің жа­нындай жақсы көре­тін Бақыт­жа­нын өзім үйлендірдім. Бала­лар­дың балалығы қала ма, Сәбиттің жылы өтпей жатып үй­ле­немін деп қоймаған соң, амал­сыз келістім, бірақ тойды Арыс­танның үйіне жа­саттым. Әкесі – Арыстан, оғаш емес. Ал Сәбиттің кеткеніне жыл тол­май жатып, қа­ралы үйіне той жа­­сау деген өте ұят нәрсе ғой. Осы­­ны айтып отыр­ған себебім, кей жастар, жастар дейміз-ау, қы­рыққа келіп қалған қырқылжын­дар­дың өзі осы бір қазағымыздың қағидасын біле бермейді. Өлікті қастерлеу, артын күту дегенді біл­ген дұрыс қой. Әсіресе, қала жас­тары қа­зақы әдет-ғұрыпты бара-ба­ра мүлде ұмыта ма деп қор­қамын.

… Қызым, естелік айтуды біраз үзіп алдық. Бәріне өзің куәсің, тұла бойы тұңғышым, Сәбиттің ор­нын­дағы Арыстаным ұзақ уа­қыт бойы ауырды ғой. Әкесінің мы­на жүз жыл­дық тойы қарса­ңында ол да көз жұмды. Қолдың саласын­дай үш ұлымның артын­да қалам деп ой­лаппын ба… Тағ­дырдың жа­зуы­на не шара… Арыс­таным тура әке­сінің жасын­да, 73-інде кетті. Әке­сі көз жұмған – 18-сәуірде жам­басы жерге тиді. Сәбиттің баласы деп, кел­меген адам жоқ. Рақмет, хал­қыма! Сә­битті жұртым сағы­нады екен!

Қазір дүние, заман өзгерді ғой. Әсіресе, 90-жылдардың басында астан-кестен болдық. Ауыз өзі­міз­дікі деп сөйлеушілер көбейді. Өт­кен­нің бәрін жоққа шығарғысы ке­летіндер де бар. Заман қалай құ­былса да, менің анық білерім: нен­дей жүк арқаламасын, нендей әре­кет етпесін – Сәбит халқына, Ота­нына адал қызмет етті. Ха­лық­тың мүд­десін ойлады. Туған халқына – “Өгізіңмін өрге сүйрер” деп өзі айт­қандай – тек қана жақсылық тіледі. Тынымсыз ең­бек етті. Сондықтан да мен үшін Сәбиттің жолы – ақ, адал жол. Басқасын білмеймін.

Қайтыс болар жылы қағазға көп шұқшиды. Ренжіп, қағаз-қа­лам алдырмауға тырыссам да, оным­нан түк шықпады. Әлсін-әлсін столына отырумен болды. “Өмір жетсе, жоспарым көп” дейтін.

Жасың жетті ғой, аз еңбек ет­кен жоқсың, енді тынығатын кезің келді емес пе? – дегенімде, бетіме ұзақ қарап отырып:

Көп шаруам орындалмай қа­ла ма деп қорқамын. Мен кеткен соң халық іздемей ме, Сәбит не тындырып кетті демей ме? – деді.

“Аққан жұлдызды” қоя тұрып, “Қа­зақ қауымына” шұғыл кірісті. Шо­қанды бәрібір бітіре алмасын сезіп, қазақ халқының әдет-ғұрпы туралы еңбекті жазып кеткісі келгені анық. Өзі кеткен соң ол кітап қысқарып, жұп-жұқа боп, аты да өзгеріп шықты ғой. Бас­пада отырғандар қазақ деген аты­нан қорыққан болу керек, “Халық мұрасы” деп атапты.

Сәбиттің 80-жылдығы, 90-жыл­дығы да ойдағыдай боп өтті.

Президентіміз Нұрсұлтан ба­лам арнайы құттықтау жолдап, оны бір топ үкімет адамдары әке­ліп, салтанатты түрде табыс етті. Керемет риза болдым.

Енді, мына 100-жылдық тойын ЮНЕСКО деңгейіне дейін көтеріп жа­тыр. Сәбиттің Алматыда ес­керт­кіші қойылып, үлкен сарайда салтанатты жиылыс болмақшы. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қажымұрат Нағманов балам да аянбай жатқан көрінеді. “Кім келсе де, қанша келсе де қарсы алам” депті деп жұрт гуілдеп жүр. Елі­нің ықыласы ерекше. “Тас түс­кен жеріне ауыр” дегендей, на­мысты қолдан бергілері келмей жат­қанын сезіп отырмын. Сәбит ме­ні осының бәрін көрсін деп әдейі тастап кеткен бе деп ойлап қоям. Өйткені, шалым менің қа­мым­ды алдымен ойлап жүруші еді.

Баяғыда Туманянның 100-жыл­дығына Сәбит мені алып ба­рып, сонда оның кіп-кішкене, қуыр­шақ­тай киіндіріп, отырғызып қой­ған кем­піріне қарап, таңғалған­мын. Әл­гі кемпірдің басына шіл­терден ора­мал салып, бала сияқ­ты отыр­ғы­зьш қойыпты. Сөйлеп жатқан, шуыл­дап жатқан жұртта шаруасы жоқ, отыр. Сол кезде оның жасы да сол жүзге жақындап қалған шы­ғар-ау. Қасында отыр­ған қызда­рының өзі кәрі болатын.

Мен де Сәбиттің елдегі тойына қа­тысып, барып қайтпақшымын. Бі­рақ, құдайға шүкір, ешкімге сал­мақ салмаймын, аяқ өзімдікі. Тек сүйеніш үшін таяқ ұстауға тура ке­ле­ді. Сәбиттің әдемі емен таяғына сүйеніп, әуелі Құдай, сонан соң Сә­бит қуат беріп, Мәриям 100-жылдық тойды тойлап қайтса, арман жоқ!

Туған халқымыз тұрғанда Сә­бит­тің аты ешқашан ұмытылмай­тынына сенемін!

 

Мәриям МҰҚАНОВА.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp