Қазақстан жас мемлекет болса да, айбынды әскері бар, шекарасы бекем ел екені баршамызға аян. Халқының тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген жігіттерді тәрбиелеуге де аса мән беріліп отыр. Бұған мұндағы жоғары әскери оқу орындарының көптігі дәлел бола алады.
Қазақстанда шетелдік азаматтардың да оқуға түсе алатынын естіген уақытта бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырыстым. Нәтижесінде осыдан 4 жыл бұрын менің таңдауым Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтына түсті. Сонау 1997 жылы аталмыш жоғары оқу орнына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әскери туды табыстаған уақытта айтқан сөзі ойыма жиі оралады. Оның “Солтүстіктің сарышұнақ аязында дайындалған курсанттар нағыз әскери тәжірибе алып, елдің офицерлер қатарын толықтырмақ” деген сөзі көптеген жасқа ерекше жігер сыйлағаны анық. Міне, қазіргі уақытта жоғары оқу орнының үздік курсанттарының бірімін, жуық арада оқуымды тамамдаймын.
Әскери болу – менің бала күнгі арманым. Отбасымдағы барлық ер-азаматтар қолдарына қару алып, отаным – Тәжікстанды қорғаған. Әкем Юсуфхон Запарханов 1986-1989 жылдары Ауғанстанда өткен шиеленістерге қатысты, Кеңес одағының мүддесі үшін қызмет атқарды. Кейін де қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге атсалысып, ішкі істер органдарында жұмыс істеді. Сондықтан мен де әулетімнің дәстүрін жалғап, еліме қалтқысыз еңбек ету үшін әскери маман атану мақсатын көздедім.
Қазақстан Тәжікстанмен достық қарым-қатынасты жыл сайын нығайтып келеді. Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтында Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген курсанттар оқып жүр. Біз осында білім алуға келгенімізге еш өкінбейміз. Өйткені бүгіндері Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатыр. Сондықтан іргелі елде әскери мамандықты игеріп, институттан нағыз офицер болып шығатынымызға сенімдімін.
Искандар ЮСУФХОНЗОДА,
Ұлттық ұлан әскери институтының курсанты.