Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып Астанадан теріскей жаққа бет алған “Менің Қазақстаным” үгіт-насихат пойызының тоқтаған алғашқы елді мекені Тайынша стансасы болды. Аудан жұртшылығы 130-ға жуық адамнан құралған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, Парламент Мәжілісінің депутаттарын, белгілі өнер тарландарын, этномәдени бірлестіктердің өкілдерін, түрлі сала қызметкерлерін ән-жырмен қарсы алып, гүл шоқтарын ұсынды. Вокзал басында ұйымдастырылған митингіні аудан әкімі Серік Салтықов ашып, Елбасының тікелей қолдауымен ел өңірлерін аралауға шыққан мұндай сапарлар қазақстандықтар арасындағы ізгі достық пен сыйластықты одан әрі беріктендіре түсетінін атап өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова, “Менің Қазақстаным” пойызының директоры Ғазиз Телебаев, Қазақстан халқы Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов акция бір ғана шарамен шектеліп қалмайтынын, оның аясында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты мерейтойлардың мән-маңызы жан-жақты насихатталып, Елбасы Жолдауы, “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы кеңінен түсіндірілетінін, тұрғындарға медициналық, әлеуметтік, құқықтық, басқа да қызметтер кешенді түрде көрсетілетінін жеткізді.
Салтанатты шарадан кейін ауыл тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылып, соғыс, тыл ардагерлерінің, аз қамтылған жандардың, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайына ерекше көңіл бөлінді. “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының ғимаратында Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Тимошенко қоғамдық қабылдау жүргізіп, өтініш-тілектерін айта келген бір топ азаматты қабылдады. Солардың бірі – Күлпан Арғымбаева жұмыс өтілінің 30 жылдан асатынына қарамастан, ең төменгі зейнетақы алатынына шағымданды. Халық қалаулысы ауыл еңбеккерлеріне қатысты мәселе тиісті орындарда қаралып жатқанын, зейнетақыны пайыздық теңгермешілдік бойынша көтермеу жөнінде ұсыныстар берілгенін айтты. Зәуреш Таңатқанованың: “Отбасында 4 жанбыз. Пәтер кезегінде 12 жылдан бері тұрамыз”, – деуінен баспана жайы қатты толғандыратыны аңғарылды. Юрий Тимошенко оған қолынан келгенше көмектесетінін жеткізді.
Орталық ауруханада адамдар білікті дәрігерлерге тегін қаралу мүмкіндігіне ие болды. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті гастроэнтерология кафедрасының меңгерушісі Елена Белыхтың айтуынша, пойызбен бірге келген тәжірибесі мол 14 медицина маманы 300-дей адамның денсаулығын мұқият тексеруден өткізген. Араларында ауруын осы күнге дейін білмей жүргендер де кездескен. Мәселен, Гүлмира Таранға омыртқа ауруы диагнозы қойылған. Әйелге қалай емделу жолы түсіндіріліп, ақыл-кеңес берілген.
Заңдық және әлеуметтік, бизнесті ұйымдастыру және жүргізу, мемлекеттік қызмет көрсету салаларының мамандары да өз істерін ынталылықпен атқарып, жүзге тарта адам өз сауалдарына нақты жауап алды. Баян Ысқақова халық тұтынатын тауарлар сатумен көптен бері айналысады. Жуырда кәсіпкерлік ісін кеңейту мақсатымен “Даму” қоры арқылы жеңілдікті несие алыпты. Халыққа қызмет көрсету орталығында өткен семинар-тренингке арнайы келіп, өз тәжірибесімен бөлісуді жөн көріпті. “Тұрғын үй жинақ банкі” АҚ-ның басқарушысы Ерұлан Жамаубаевқа да сауал қоюшылар қатары көп болды. Ол жаңадан қолданысқа енген “Аумақтарды дамыту – 2020” бағдарламасының ерекшеліктері мен артықшылықтары жайлы кеңінен түсіндіріп берді.
“Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 игі ісі” акциясы шеңберінде өтіп жатқан қайырымдылық шараға қатысушылар “Надежда” интернат-үйінде болып, қарттарға арнайы сыйлықтар табыс етті.
“Менің елім – Мәңгілік Ел” сурет-кітап көрмесі, “Теңдессіз сыйлық” акциясы, “Ауыл шаруашылығы үшін биотехнологияның үлесі” жобасының тұсаукесері, “Ұлтаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі” лекция-семинарлардың берер тағылымы мол болды.
Құрамында әкелі-балалы Ескендір және Біржан Хасанғалиевтар, Нағима Есқалиева, Толқын Забирова, Татьяна Бурмистрова, Жеңіс Сейдолла секілді Қазақстанның эстрада жұлдыздары мен жезтаңдай әншілері бар өнер майталмандарының “Менің Қазақстаным!” концерті зор сүйіспеншілікпен тыңдалды.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тайынша ауданы.