Өңірімізге Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов келіп, Ақан сері атындағы облыстық филармонияда «Өнер адамы» атты концерт бергенін бұған дейін жазғанбыз. Кинода да, театрда да қазақ хандарының рөлін көп сомдаған, танымал өнер иесін теріскей халқы ерекше құрметтеп, патша көңілмен күтіп алды. Қызылжарлық көрерменге әсерлі күй сыйлаған кештен соң өнер майталманымен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті.
– Тұңғышбай аға, өнерде жүргеніңізге елу бес жылдай болыпты. Абылай хан, Әбілхайыр, Қайыр хан, Жәнібек хан, Махамбет, Құнанбай сияқты қазақ тарихында ерекше орны бар тұлғалардың образын сомдадыңыз. Хандардың рөлін ойнау қаншалықты қиын?
– Өмірде болған, ұлттың жадында, тарихта қалған тұлғалардың образын сомдау бақыты бұйырғанына Аллаға шүкір деймін. Бұл есімдерді кезінде атауға болмады. Сондықтан тарихтан ысырылып, санадан өшіріле бастады. Әйтеуір темір қақпа ашылған кезде сахнаға алып шығу бақыты маған бұйырды. Жауапкершілікті сезініп, өзіме таудай талап қойып, жүктелген міндетті орындауға барымды салдым. Себебі өнер адамы өткенге мән бермесе, онда оның өнерпаздығының құны бір тиын.
Сондықтан тарихи тұлғалардың образын сомдауға білек сыбана кірістім. Көп іздендім, тыңдадым, естігенімді ойыма тоқыдым, сараптадым. Тарихта алыптарымыз жайлы екіұдай әңгіме айтылады. Мысалы, Қайыр хан туралы пікірлер қоғамды екіге бөлді. Ата-бабаң туралы ауыр сөз айтылғанда жаның қан жылайды. Сондықтан өсек-аяңға мән бермей, жақсы-жаман пікірлерді естігенде үндемей, сүзгіден өткізе білсең, өз ойың, пікірің де қалыптасады. Себебі өнер жолы жан-жақтылықты талап етеді.
– Өнерге деген құштарлық әдетте бала кезде байқалады. Неліктен сіз осы жолды таңдадыңыз?
– Әкем – теміржолшы, атам – Жаманқұл қойшы болды. Мен – шалдың баласымын. Өзімді бек пен бағланның ұрпағымын деп есептемеймін. Оның үстіне қазақ – ұяң ұлт. Өнерге қорқа-қорқа қадам бастым. Олай дейтінім, өнерге баруға батылым жетпей, гидромелиорациялық құрылыс институтына оқуға түсіп, екі жыл оқыдым. Сөйтіп жүргенде Асқар Тоқпанов ағамыз кездесіп, бойымдағы ынжықтықты жеңуіме көмектесті. Өнер – жауапты сала, ал сахнаның қасиеті бар. Сондықтан киелі өнерге дайындықсыз баруға болмайды. Дайындық дегенім – түр-тұлға, қиғаш қас, бұйра шаш, сақал қою емес, бойыңда ұлтқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Тарихқа деген махаббатым ел алдына шығуыма септігін тигізді.
– «Тамаша» ойын-сауық отауында өнер көрсеткеніңізді білеміз. Бүгінде Мейірман, Тоқсын, Уайс ағаларымыздың орны ойсырап тұрғаны байқалады. Қазақ сатирасы мектебі туралы сөз еткенде жетістігіміз қайсы, кемшілігіміз неде деп ойлайсыз?
– «Тамаша» ойын-сауық отауы – танымал болудағы алғашқы баспалдағым. Ол кезде театрда қызмет ететінмін. «Тамашаның» талаптарына үңілсек, театр мен киноға кереғар, әсіреқызылдыққа әуес эстрадалық жанрды негіз қылды. Құдайберген Сұлтанбаев марқұм екеуіміздің сахнаға әзіл-қалжыңмен шығуымыз да қызық. Кеңес дәуірінен 1 сәуір – әзілкештер күні деп аталып, ел арасында «1 апреля никому не верь» деген тәмсіл болатын. Сол күні әзіл-сықақ кешін жасайық деген Құдайберген екеуімізге Райымбек Сейтметов ағамыз «Сендер мынаны оқыңдаршы», – деп балық туралы әзілді сахнаға шығаруға қолқа салды. Бойымыз да, ойымыз да, дауысымыз да үйлескен болар, көрермен жылы қабылдады.
«Тамашада» бір жылдан астам уақыт өнер көрсеттім. Себебі эстрада мен кино және театр жанрының бір-біріне кереғар екенін түсіндім. «Не бүк бол, не шік бол» деген аталы сөзге тоқтап, бір жолға түсуіме тура келді. Әжептәуір ақша мен жеңіл әзілді қимасам да, ештеңеге қарамай кеткеніме қуанамын.
– Шығармашылықпен қатар ұстаздықты да қатар алып жүрсіз. Өнер жолын таңдаған жастардың беталысы қандай?
– Өнерде жүргеннен кейін осы саланы жан-жақты зерттеп, зерделедім. Ізденіс үстінде жүріп, актердің сахнадағы шеберлігіне назар аудара бастадым. Алғашында әуесқойлық деңгейде, кейін ғылыми тұрғыда назар аудардым. Мен қазақ әртістерінің ішінде жалғыз, әрі алғашқы болып өнертану ғылымының кандидаты атандым. Ұстаздық жолға атақ алу үшін емес, әртістік өнердің қыр-сыры неде, оның ғылыми негізі қай жақта, теориялық негіздері қай жерде деген сияқты ізденістен түстім. Актер болу сөзді жаттап алып, грим жасап, сақал-мұртты жабыстыра салып,сахнаға шығу деп жеңіл қарайтындар әлі де бар. Актерлік шеберліктің маңызын тереңнен ұқтыру үшін диссертация қорғадым.
– Бір сұхбатыңызда: «Киноға түсетін сәннен өттім» депсіз. Өнер де жасқа қарай ма?
– Киноға түсу – атақты болудың жолы емес. Әрі көзге түсіп, көрініп қалуға барын салатын адамдардың қатарынан емеспін. Өмір, тағдыр туралы толғаныстарымды, өнер жайлы ойларымды кино, театр, эстрада арқылы да айтамын. Қазіргі режиссерлерге ақша берсең киноға түсіре береді. Сондықтан жастар жағы кино арқылы танымал болуға тырысады. Олардың ойында тұлғалық қасиетті дамытайын, шығармашылықтың шыңына шығайын деген ой жоқ. Тек танымалдыққа деген құмарлық бар. Ал менің киноға түсудегі мақсатым – жанымды жегідей жеп жүрген ойымды кейіпкерім арқылы жеткізу.
– «Феникс» көркем фильмін түсірер кезде басыңыз дауға қалғаны баршаға аян. Сол жайында өз аузыңыздан естісек.
– Пәлеқорлық – етек жайған дерт. Әрине, қиянат жасайды, кедергілер қояды, жаныңды ауыртады. Оған мән бермейтіндей темір емеспіз. Тірі жан болған соң мұндай сәттерде қиналасың, күйзелеске ұшырайсың.
«Феникс» фильмі алғашқы продюсерлік жұмысым еді. Байқоңырдың бұрынғы атауы – Жеркіндік. Жеркіндіктен ұшатын ракеталардың бағасы басқа ғарыш айлақтарымен салыстырғанда он бір есе арзан тұрады. Сол жайында мәліметтерді тауып алып, ғылыми-фантастикалық және көркем фильм түсіруге ниеттендім. Үкіметтен ақша сұрағаным да, тиісті қаржы бөлінгені де рас. Бірақ сол кездегі мәдениет және спорт министрімен ұрсысып қалып, ақшаны бермей қойды. Ол аздай «қаржы жымқырды» деп жала жапты. Ректор болған кезінде қыздардың мықынынан ұстап, иттік жасағанына қарсы шығып, азаматтық позициямды білдіргенмін. Сол қылығыма бола өш алмақ болып, мені құрту үшін барлық амалды жасады. Алайда құрған торына өзі түсті. Осы даудың кесірінен жазып жатқан бесінші кітапты аяқтай алмадым. Тергеу барысында маған қарсы айғақ іздеген тергеушілер компьютерімдегі деректерімді, жазбаларымды жойып жіберді. Кейін қайта жазуыма тура келді. Кітап дайын. «Мұң» деген атпен оқырманға жол тартады. Қазір демеуші іздеп жатырмын.
– Қызылжардағы Сәбең театрында да шәкірттеріңіз істейді екен. Оларға қандай кеңес бересіз?
– Қазақстандағы жетпіске тарта театрдың барлығымен таныспын. Кез келген өнер ордасында түрлі деңгейдегі әртістер болады. Сәбең театры жаңадан құрылғандықтан сүйегі енді қатайып жатыр. Тәп-тәуір спектакльдері бар. Жалпы облыста театрдың болғаны – облыс қана емес, мемлекеттің абыройы. Сондықтан үнемі қолдап отыру керек. Сонда оларға қанат бітіп, шабыттары еселене түседі. Бұл театрды жақсы көремін. Талай белестерді бағындыратынына сенімдімін.
– Солтүстік Қазақстан облысының екі-үш ауданын аралап, концерт қойдыңыз. Ауылдардың құрып жатқанына күрсінгеніңізді де жеткіздіңіз. Ауылды сақтап қала аламыз ба?
– Өңірге келгелі біраз жігіттермен әңгімелестім. Қаншама ауыл тарап, картадан жойылып кетіпті. Барлығы – қазақ ауылдары. Ғабит ағамыздың атын алған ауданға барсам, орыс ауылдары сол қалпында, қазақ ауылдары тып-типыл жоқ.
Құлдыраған ауылды қайта көтеруге болатынын іспен дәлелдеген Біржан Шаймерденовпен таныстым. Он шақты үйі ғана қалған ауылын көркейтіп, балабақша, мектеп, үлкен қонақүй, Мәдениет үйін, спорт сарайын салып, көшелеріне асфальт төсеп, елден кеткендерді кері қайтарған. Қазір сексеннен астам түтін түтетіп отырғанын естігенде көзіме жас келді. «Сен – бүгінгі күннің батырысың. Баяғыда ата-бабамыз қолына найза алып, қарсы шапқан қалмақтарды қуған батыр болса, сен бытырап кеткен елді қайтарған батырсың», – деп арқасынан қақтым.
– Әртіс, ұстаз Тұңғышбай Жаманқұлов қазір концерт қойып жүр. Өзіңізді әншімін деп есептейсіз бе?
– Мен эстрада әншісі емеспін. Бірақ ән айтқанды ұнатамын. Өзіме тән, жаныма жақын әндерім бар. Көбіне мұңды, өмір жайлы ән айтуға тырысамын. Өз көрерменім бар. Сахнаға жиі шыға бермеймін. Шықсам да, халықпен сағынысып шығамын. Басты мақсатым – қарашамен дидарласу.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».