«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«МЕНІ ҚҰРТПАҚ БОЛҒАН МИНИСТР ҚҰРҒАН ТОРЫНА ӨЗІ ТҮСТІ»

Өңірімізге Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов келіп, Ақан сері атындағы облыстық филармонияда «Өнер адамы» атты концерт бергенін бұған дейін жазғанбыз. Кинода да, театрда да қазақ хандарының рөлін көп сомдаған, танымал өнер иесін теріскей халқы ерекше құрметтеп, патша көңілмен күтіп алды. Қызылжарлық көрерменге әсерлі күй сыйлаған кештен соң өнер майталма­нымен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті.

– Тұңғышбай аға, өнерде жүргеніңізге елу бес жылдай бо­лыпты. Абылай хан, Әбілхайыр, Қайыр хан, Жәнібек хан, Ма­хамбет, Құнанбай сияқты қазақ тарихында ерекше орны бар тұл­ғалардың образын сомдадыңыз. Хандардың рөлін ойнау қаншалықты қиын?

– Өмірде болған, ұлттың жа­дында, тарихта қалған тұлғалар­дың образын сомдау бақыты бұ­йырғанына Аллаға шүкір деймін. Бұл есімдерді кезінде атауға бол­мады. Сондықтан тарихтан ысы­рылып, санадан өшіріле баста­ды. Әйтеуір темір қақпа ашыл­ған кезде сахнаға алып шығу бақыты маған бұйырды. Жауап­кершілікті сезініп, өзіме таудай талап қойып, жүктелген мін­детті орындауға барымды сал­дым. Себебі өнер адамы өткенге мән бермесе, онда оның өнерпаз­дығының құны бір тиын.

Сондықтан тарихи тұлғалар­дың образын сомдауға білек сы­бана кірістім. Көп іздендім, тыңдадым, естігенімді ойыма тоқыдым, сараптадым. Тарихта алыптарымыз жайлы екіұдай әңгіме айтылады. Мысалы, Қа­йыр хан туралы пікірлер қо­ғамды екіге бөлді. Ата-бабаң ту­ралы ауыр сөз айтылғанда жа­ның қан жылайды. Сондықтан өсек-аяңға мән бермей, жақсы-жаман пікірлерді естігенде үнде­мей, сүзгіден өткізе білсең, өз ойың, пікірің де қалыптасады. Себебі өнер жолы жан-жақты­лықты талап етеді.

– Өнерге деген құштарлық әдетте бала кезде байқалады. Неліктен сіз осы жолды таңдады­ңыз?

– Әкем – теміржолшы, атам – Жаманқұл қойшы болды. Мен – шалдың баласымын. Өзімді бек пен бағланның ұрпа­ғымын деп есептемеймін. Оның үстіне қазақ – ұяң ұлт. Өнерге қорқа-қорқа қадам бастым. Олай дейтінім, өнерге баруға батылым жетпей, гидромелиорациялық құрылыс институты­на оқуға түсіп, екі жыл оқыдым. Сөйтіп жүргенде Асқар Тоқпа­нов ағамыз кездесіп, бойымдағы ынжықтықты жеңуіме көмек­тесті. Өнер – жауапты сала, ал сахнаның қасиеті бар. Сон­дықтан киелі өнерге дайындық­сыз баруға болмайды. Дайын­дық дегенім – түр-тұлға, қиғаш қас, бұйра шаш, сақал қою емес, бойыңда ұлтқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Та­рихқа деген махаббатым ел ал­дына шығуыма септігін тигізді.

– «Тамаша» ойын-сауық отауында өнер көрсеткеніңізді бі­леміз. Бүгінде Мейірман, Тоқ­сын, Уайс ағаларымыздың орны ойсырап тұрғаны байқалады. Қа­зақ сатирасы мектебі туралы сөз еткенде жетістігіміз қайсы, кемшілігіміз неде деп ойлайсыз?

– «Тамаша» ойын-сауық отауы – танымал болудағы ал­ғашқы баспалдағым. Ол кезде театрда қызмет ететінмін. «Тама­шаның» талаптарына үңілсек, театр мен киноға кереғар, әсіре­қызылдыққа әуес эстрадалық жанрды негіз қылды. Құдайбер­ген Сұлтанбаев марқұм екеуіміздің сахнаға әзіл-қалжың­мен шығуымыз да қызық. Кеңес дәуірінен 1 сәуір – әзілкештер күні деп аталып, ел арасында «1 апреля никому не верь» деген тәмсіл болатын. Сол күні әзіл-сы­қақ кешін жасайық деген Құдай­берген екеуімізге Райымбек Сейт­метов ағамыз «Сендер мынаны оқыңдаршы», – деп балық тура­лы әзілді сахнаға шығаруға қолқа салды. Бойымыз да, ойымыз да, дауысымыз да үйлескен болар, көрермен жылы қабылдады.

«Тамашада» бір жылдан астам уақыт өнер көрсеттім. Себебі эстрада мен кино және театр жан­рының бір-біріне кереғар екенін түсіндім. «Не бүк бол, не шік бол» деген аталы сөзге тоқтап, бір жол­ға түсуіме тура келді. Әжептәуір ақша мен жеңіл әзілді қимасам да, ештеңеге қарамай кеткеніме қуа­намын.

– Шығармашылықпен қатар ұстаздықты да қатар алып жүрсіз. Өнер жолын таңдаған жастардың беталысы қандай?

– Өнерде жүргеннен кейін осы саланы жан-жақты зерттеп, зерделедім. Ізденіс үстінде жүріп, актердің сахнадағы ше­берлігіне назар аудара баста­дым. Алғашында әуесқойлық деңгейде, кейін ғылыми тұрғыда назар аудардым. Мен қазақ әртістерінің ішінде жалғыз, әрі алғашқы болып өнертану ғылы­мының кандидаты атандым. Ұс­таздық жолға атақ алу үшін емес, әртістік өнердің қыр-сы­ры неде, оның ғылыми негізі қай жақта, теориялық негіздері қай жерде деген сияқты ізденіс­тен түстім. Актер болу сөзді жаттап алып, грим жасап, сақал-мұртты жабыстыра салып,сах­наға шығу деп жеңіл қарайтын­дар әлі де бар. Актерлік ше­берліктің маңызын тереңнен ұқтыру үшін диссертация қорға­дым.

– Бір сұхбатыңызда: «Киноға түсетін сәннен өттім» депсіз. Өнер де жасқа қарай ма?

– Киноға түсу – атақты болу­дың жолы емес. Әрі көзге түсіп, көрініп қалуға барын салатын адамдардың қатарынан емеспін. Өмір, тағдыр туралы толғаныста­рымды, өнер жайлы ойларымды кино, театр, эстрада арқылы да айтамын. Қазіргі режиссерлерге ақша берсең киноға түсіре береді. Сондықтан жастар жағы кино ар­қылы танымал болуға тырысады. Олардың ойында тұлғалық қа­сиетті дамытайын, шығармашы­лықтың шыңына шығайын деген ой жоқ. Тек танымалдыққа деген құмарлық бар. Ал менің киноға түсудегі мақсатым – жанымды жегідей жеп жүрген ойымды кейіпкерім арқылы жеткізу.

– «Феникс» көркем фильмін түсірер кезде басыңыз дауға қал­ғаны баршаға аян. Сол жайында өз аузыңыздан естісек.

– Пәлеқорлық – етек жай­ған дерт. Әрине, қиянат жасай­ды, кедергілер қояды, жаныңды ауыртады. Оған мән бермейтін­дей темір емеспіз. Тірі жан бол­ған соң мұндай сәттерде қина­ласың, күйзелеске ұшырайсың.

«Феникс» фильмі алғашқы продюсерлік жұмысым еді. Бай­қоңырдың бұрынғы атауы – Жеркіндік. Жеркіндіктен ұша­тын ракеталардың бағасы басқа ғарыш айлақтарымен салыстырғанда он бір есе арзан тұра­ды. Сол жайында мәліметтерді тауып алып, ғылыми-фантасти­калық және көркем фильм түсі­руге ниеттендім. Үкіметтен ақша сұрағаным да, тиісті қар­жы бөлінгені де рас. Бірақ сол кездегі мәдениет және спорт министрімен ұрсысып қалып, ақшаны бермей қойды. Ол аздай «қаржы жымқырды» деп жала жапты. Ректор болған кезінде қыздардың мықынынан ұстап, иттік жасағанына қарсы шығып, азаматтық позициямды білдіргенмін. Сол қылығыма бола өш алмақ болып, мені құрту үшін барлық амалды жасады. Алайда құрған торына өзі түсті. Осы даудың кесірінен жазып жатқан бесінші кітапты аяқтай алма­дым. Тергеу барысында маған қарсы айғақ іздеген тергеушілер компьютерімдегі деректерімді, жазбаларымды жойып жіберді. Кейін қайта жазуыма тура келді. Кітап дайын. «Мұң» де­ген атпен оқырманға жол тарта­ды. Қазір демеуші іздеп жатыр­мын.

– Қызылжардағы Сәбең теат­рында да шәкірттеріңіз істейді екен. Оларға қандай кеңес бе­ресіз?

– Қазақстандағы жетпіске тарта театрдың барлығымен та­ныспын. Кез келген өнер орда­сында түрлі деңгейдегі әртістер болады. Сәбең театры жаңадан құрылғандықтан сүйегі енді қата­йып жатыр. Тәп-тәуір спектакль­дері бар. Жалпы облыста театр­дың болғаны – облыс қана емес, мемлекеттің абыройы. Сондықтан үнемі қолдап отыру керек. Сонда оларға қанат бітіп, шабыт­тары еселене түседі. Бұл театрды жақсы көремін. Талай белестерді бағындыратынына сенімдімін.

– Солтүстік Қазақстан облы­сының екі-үш ауданын аралап, концерт қойдыңыз. Ауылдардың құрып жатқанына күрсінгеніңізді де жеткіздіңіз. Ауылды сақтап қала аламыз ба?

– Өңірге келгелі біраз жігіт­термен әңгімелестім. Қаншама ауыл тарап, картадан жойылып кетіпті. Барлығы – қазақ ауыл­дары. Ғабит ағамыздың атын ал­ған ауданға барсам, орыс ауыл­дары сол қалпында, қазақ ауыл­дары тып-типыл жоқ.

Құлдыраған ауылды қайта көтеруге болатынын іспен дә­лелдеген Біржан Шаймерде­новпен таныстым. Он шақты үйі ғана қалған ауылын көркейтіп, балабақша, мектеп, үлкен қонақүй, Мәдениет үйін, спорт са­райын салып, көшелеріне ас­фальт төсеп, елден кеткендерді кері қайтарған. Қазір сексеннен астам түтін түтетіп отырғанын естігенде көзіме жас келді. «Сен – бүгінгі күннің батырысың. Баяғыда ата-бабамыз қолына найза алып, қарсы шапқан қал­мақтарды қуған батыр болса, сен бытырап кеткен елді қай­тарған батырсың», – деп арқа­сынан қақтым.

– Әртіс, ұстаз Тұңғышбай Жаманқұлов қазір концерт қойып жүр. Өзіңізді әншімін деп есеп­тейсіз бе?

– Мен эстрада әншісі емеспін. Бірақ ән айтқанды ұна­тамын. Өзіме тән, жаныма жа­қын әндерім бар. Көбіне мұңды, өмір жайлы ән айтуға тырыса­мын. Өз көрерменім бар. Сахна­ға жиі шыға бермеймін. Шық­сам да, халықпен сағынысып шығамын. Басты мақсатым – қарашамен дидарласу.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp