Бұл жолы Ақжар ауданына жолымыз түсті. Мақсат – облыс орталығынан шалғайда жатқан ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысу. Ондағы ағайынды не толғандыратынын білгіміз келеді. Жолдың жайы ушығып тұрғаны бірден аңғарылады. Жергілікті жерде тұрғындардың мүддесін қорғайтын бірден-бір адам – ауылдық округ әкімі екені белгілі. Талшық ауылдық округін басқарып отырған Ғалия Нұрпейісовамен кездесіп, қарамағындағы елді мекендердің ахуалы жайлы аз-кем сөйлестік.
– Ғалия Мұратқызы, белсенді адамсыз ба?
– Иә, белсенді адаммын. Бала күнімнен топтың алдында жүрдім.
– Әкім болғанға дейін қайда қызмет еттіңіз?
– «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясында еңбек еттім. Еңбек жолымды 2007 жылы халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып бастадым. 2016 жылдан 2024 жылға дейін халыққа қызмет көрсету орталығында бөлім меңгерушісі болдым. Сол жылы жұмыстан шығып, Талшық ауылдық округі әкімі қызметіне өз кандидатурамды ұсынып, сайлауға қатыстым.
– Халық сайлаған әкімсіз ғой, демек?
– Иә, халықтың басым дауысын жинадым.
– Халыққа қандай уәде бердіңіз?
– Ауылдық округті таза ауызсумен қамтуға, ауылішілік жолдарды жөндеуге, көшелерді жарықтандыруға, мал шаруашылығын дамытуға, шағын және орта бизнеске жағдай жасауға уәде бердім. Сонымен қатар спорт, балалардың ойын алаңдарын салуға қосымша қаржы тарту жоспарымды айттым.
– Талшық ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Талшық ауылдық округінің құрамында төрт ауыл бар. Олар – Талшық, Казанское, Үлгілі және Тұғыржап. Округтегі тұрғындар саны – 4228 адам. Оның ішінде 3633 адам округ орталығында тұрып жатса, Казанское ауылында – 333, Үлгіліде – 226, Тұғыржапта – 26 адам. Үлгіліде шаруа қожалығы бар, орта мектеп жұмыс істеп тұр. Тұрғындар негізінен мектепте, шаруашылықта жұмыс істейді. Қазіргі таңда орта мектепте 47 оқушы білім алып жатыр. Казанское ауылында 64 үй бар. Онда орта мектеп жұмыс істеп тұр, 54 оқушы білім алады. Бұл ауылда да агроқұрылымдар бар.
– Тұғыржапта 1999 жылғы санақта жергілікті тұрғындар саны 287 адам деп көрсетілген екен. Бүгінде халық саны санаулы қалыпты. Ауылды жабу мәселесі көтерілген жоқ па?
– Ауылды жабу мәселесі көтерілді. Себебі онда тек мал шаруашылығымен айналысатын, егін өсіретін шаруалар ғана тұрып жатыр.
– Тұрғындар кәсіп ашуға, өз ісін бастауға құлшыныс таныта ма? Осы күнге дейін қандай бағдарламалар бойынша кәсіптерін ашты?
– Талшық ауылдық округінде кәсіпкерлердің басым көпшілігі саудамен айналысады. Көптеген кәсіпкерлер өз ісін жеке қаражаттары есебінен ашады немесе екінші деңгейлі банктерден несие алады. 2024 жылы бір кәсіпкер «Даму» қорының кепілдігімен «Әлем» сауда үйінің ғимаратын сатып алды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдау шараларын алған кәсіпкерлер де бар. 2024 жылы округ бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан 8 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Негізінен мал шаруашылығы, қызмет көрсету саласы бойынша қаржыландырылды.
– Округ тұрғындарын не толғандырады?
– Жалпы ауыл тұрғындарын толғандыратын үш мәселе бар ғой. Ол – жолдың сапасы, ауызсу және жарықтандыру. Біздің округте су бар. Тұрғындар көбіне жолдың сапасы мен жарықтандыру мәселесін көтереді.
– Уәлиханов, Ақжар аудандарында жол сапасы сын көтермейді. Сізге қарасты ауылдардың жолдары жөнделіп жатыр ма?
– Иә, бізде ең басты мәселе – жол. Қазір мердігерлер Талшықтың ауылішілік жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар биыл республикалық трассадан Үлгілі ауылына дейінгі 3 шақырым жолға жөндеу жұмысы жүргізілмек.
– Округ аумағында жұмыссыздықпен қалай күресіп жатырсыздар?
– Талшық ауылдық округінде жұмыссыздықтың алдын алу және азайту бағытында нақты шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, жұмыссыз ретінде тіркелгендер уақытша қоғамдық жұмыстарға тартылуда. Бұл – тұрғындарды еңбекке бейімдеудің және әлеуметтік қолдаудың тиімді жолдарының бірі. Қоғамдық жұмыстағылар ауылды көркейту, абаттандыру және тазалыққа белсене араласады. Сонымен қатар кейбір азаматтар тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Біз үшін әрбір тұрғынның еңбекке араласуы маңызды, сондықтан да халықты жұмыспен қамту – округ әкімдігінің басты міндеттерінің бірі.
– Ауылдарда қандай әлеуметтік нысандар бар?
– Талшық ауылы барлық қажетті әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етілген. Ауылда мектеп, балабақша, аурухана, Мәдениет үйі, спорт зал, кітапхана, пошта бөлімшесі және әкімдік ғимараты бар. Сонымен қатар сауда орындары да жұмыс істейді.
– Агроқұрылымдар ауылдың әлеуметтік ахуалын көтеруге көмектесе ме?
– Біз агроқұрылымдармен тығыз байланыстамыз. Көмек сұрасақ, қолымызды қайтарған емес.
– Ауылдардың ең негізгі мәселесі – халық санының азаюы. Бұл үрдіс сіздерді де айналып өтпеген сияқты ғой.
– Иә, жастар жағы тұрақтамайды.
– Округ тұрғындарының орташа жасы қанша?
– 30 жастан жоғары.
– Ауылда қандай кадрлар тапшы?
– Бүгінгі күні Талшық ауылдық округінде медицина және жергілікті мемлекеттік басқару салаларында мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешу мақсатында жас мамандарды тарту, әлеуметтік қолдау көрсету және көтермеақы төлеу сияқты шаралар қарастырылған. Округ әкімдігі тиісті органдармен бірлесіп, кадр тапшылығын жою бағытында жұмыстар жүргізуде.
– Сіздің әкім болып сайланғаныңызға көп бола қойған жоқ. Президенттің тапсырмасына сәйкес қазір өзіңіз сияқты әкімдік қызметте тәжірибесі аз мамандарға арнап «Әкімдер мектебі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сіз оқуға бардыңыз ба?
– Мен ендігі жылы «Әкімдер мектебі» аясында білім алмақпын. Жалпы Президенттің бұл тапсырмасы біз сияқты тәжірибесі жоқ мамандарға аса қажет. Себебі мен әкімдік қызметке мүлде басқа саладан келдім. Бұл қызметтің мен білмейтін қырлары бар. «Білерім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» дегендей, оқып-үйренгеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
– Әкім болған қиын ба?
– Аптасына 7 күн, 24 сағат бойы тұрғындармен байланыста болу керек екен. Мен Талшық ауылының тумасымын. Осы жерде өсіп-жетілдім. Туған жерді дамыту үшін барымды саламын деген мақсатым бар.
– Бала күніңіздегі Талшық пен қазір өзіңіз басқарып отырған Талшықтың қандай айырмашылығы бар?
– Талшық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Балаларымыз сол жерге барып жаттығып, бос уақыттарын тиімді өткізеді, саламатты өмір салтын ұстанады. Біздің бала күнімізде мұндай кешен болған жоқ. Ауылдың барлық көшелері жарықтандырылған. Менің бала күнімде Талшықта көшелерді жарықтандыру жағы қиындау еді.
– Округ тұрғындарымен қарым-қатынасыңыз қандай?
– Мен кабинетте отыратын әкім емеспін. Күні бойы жұмысшылармен бірге далада жүремін. Кабинетке тек құжаттарға қол қою үшін ғана келемін. Іздеген адам мені жұмыс басынан тауып алады.
– Ауылдарды дамыту үшін қандай жұмыс атқарып жатырсыздар?
– Қазір абаттандыру жұмысына көп көңіл бөлеміз. Оның үстіне Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үш айлық сенбілік жүріп жатыр. Көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
– Сенбілік өткізу – қоғамдық шара. Тұрғындардың белсенділігі қандай?
– Тұрғындардың белсенділігі жоғары. Алдын ала хабарландыру береміз. Барлығы ұйымшылдық танытып, ауыл-аймақтарды тазартуға, абаттандыруға өз үлестерін қосып жатыр. Жалпы округ тұрғындары ауылдардың тыныс-тіршілігіне бейжай қарамайды. Елді мекендерге қатысты мәселелерді шешерде тұрғындардың жиналысын өткізіп, ұсыныс-пікірлерін білеміз. Сонымен қатар біз ақылдасып отыратын жергілікті қауымдастық бар. Олармен алдағы жоспарымызды талқылаймыз. Тұрғындар не істеп жатқанымыздан хабардар.
– Тұғыржап ауылының атауы ерекше екен. Бұл ауылдың тарихын, атауының мәнін баяндап берсеңіз.
– Бұл қазақ батыры Қошқарбаймен жекпе-жекке шығып, сол жерде қаза тапқан қалмақ батыры Тұғыржаптың есімімен байланысты.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».