Бір ғасырлық тарихы бар “Soltústіk Qazaqstan” газетін қолыма алсам, көз алдыма осы басылымның жанашыры – әкем, ұстаздықты өміріне серік еткен Сәркен Құлмағанбетовтің бейнесі елестейді. Менің әкем С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтаған соң Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек етті.
Барлық өмірін шәкірт тәрбиелеу ісіне арнап, өзінің алпыс алты жылдық ғұмырында шығармашылық қызметті де қатар ала жүріп, қолынан қаламын тастаған жоқ. Республикалық “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Egemen Qazaqstan”) газетіне, “Қазақстан мектебі” журналына мақалалары жиі жарияланатын. Сонымен қатар 1963 жылдан бастап Үкілі Ыбырай өмірін зерттеп, қырық жыл жинаған деректерімен 2004 жылы “Қайран, Гәкку?” кітабын жарыққа шығарды. Әдебиетсүйер қауым оған өзінің лайықты бағасын да берді.
Әкемнің өмірі облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетімен тығыз байланыста болғанын мақтанышпен айта аламын. Ол көбінесе ауылдастарының еңбектегі жетістіктері мен бала тәрбиесі жайлы мақалалар жазатын. Халықты еңбек етуге, патриоттық тәрбиеге шақырды, өзінің ұстаздық жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жинақтаған зерттеу материалдарын жариялап отыратын. Әлі күнге дейін газеттен қиып алған сарғыш тартқан мақалалары үйде сақтаулы тұр.
“Soltústіk Qazaqstan” газетінің алғашқы саны жарыққа шыққанына бір ғасыр толып отыр. Осы жылдар ішінде небір белестен өткен ол – ұлттық дәстүр мен құндылықтарды ұлықтап, қазақы салт-сананы насихаттап келе жатқан сындарлы басылым. Жедел ақпараттар, өткір мақалалар, қоғамның тыныс-тіршілігінен сыр шертер материалдар өз оқырмандарын табуда. Газет абыройы оқырмандарымен өлшенеді. Мерейлі күнге орай “Soltústіk Qazaqstan” газетінің шығармашылық ұжымына тереңнен тербеп, қиядан қағып, мыңдаған оқырмандарыңызбен ойлы мақала, жедел жаңалық, салмақты сараптама, әңгіме-сұхбаттарыңызбен жүздесе беріңіздер деген тілек білдіремін.
Теңдік ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА.
Астана қаласы.