
Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оқушылар арасында ұйымдастырылған “Мен – чемпионмын!” спорт жарысының финалдық ойындары өтті. Аталмыш шараны жанкүйерлермен бірге облыс әкімі Ерік Сұлтанов тамашалады.
Мектеп оқушыларының қысқы демалысында басталған “Мен – чемпионмын!” балалар жарысы өз мәресіне жетіп, жеңімпаз командалар анықталды. Төрткүндік сайыста шаршы топтан суырылып шыққан Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің “Стрела” және Ақжар ауданының “Саламатты ұрпақ” командалары арасындағы ақтық сын бес кезеңнен тұрды.
Балалар арасында белсендi өмiр салтын насихаттайтын жобаның алғашқы екі кезеңінде петропавлдықтар айқын басымдықпен жеңіске жетсе, үшінші сайыста қос команда тең түсті. “Саламатты ұрпақ” командасына алға суырылып шығатын сәт капитандар сайысында туған еді. Бірақ мұнда да №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені құрамасының көшбасшысы Александр Науменко үздік өнер көрсетті.
Ақтық кезеңге нүкте қоятын финалдық эстафета ойыны болды. Ептілік пен жылдамдықты талап еткен сайыста да қалалықтар қарсыласын артта қалдырды.
Жарыс қорытындысында Есіл ауданының намысын қорғаған “Пингвин” үздік үштікті түйіндеді. Күміс жүлдені Ақжар ауданының “Саламатты ұрпақ” командасы еншілесе, бұл сайыста асығы алшысынан түскен №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің “Стрела” командасы жеңімпаз атанды.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов барлық қатысушыларды сәтті ойынмен құттықтап, жобаның жүлдегерлері мен жеңімпаздарын марапаттады. Үздік үш құрамаға “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалуға жолдамалар тарту етті.
Облыстық білім басқармасының спорт, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық өңірлік оқу-әдістемелік орталығы мамандарының айтуларынша, үстіміздегі жылғы “Мен – чемпионмын!” жарысына облыс бойынша 12-14 жастағы 12 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысқан. Бұл өткен жылға қарағанда сайыскерлер саны екі есе өсті деген сөз.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.