Ғалымжан Мұқанов – менің әкемнің ағасы. Бірақ ол мені бес жасымда бауырына салғандықтан, оны “әке” деп кеттім. Оның өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық деген оймен Жеңіс мерекесі тойланып жатқан күндері майдангер әкем туралы сөз қозғауды жөн көрдім.
Ғалымжан әкем Айыртау ауданындағы Алшынбай ауылында 1912 жылы дүниеге келді. Көкірегі ояу, көзі ашық ол Алматы қаласындағы бүгінгі ҚазҰМУ-дің тарих-экономика факультетін бітіріп, қатардағы мұғалімнен мектеп директорлығына дейін көтерілген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында, яғни 1938 жылы әкем әскер қатарына шақырылады. Елден шалғайға кеткен бұл сапар 1946 жылға дейін созылады. Ол Польша жерінде барлаушы, кейін жас солдаттарға әскери жетекші болып, сол елдің азаттығы үшін үлкен еңбек сіңірген. Ол – Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап қолына қару алған майдангер. Талай рет жарақат алып, госпитальға жатып шықса да, көрер жарығы таусылмаған әкем елге аман оралды.
Әкемнің көңіл күйін дөп бассаң, әңгіменің майын тамызатын еді. Тіпті, қолына қалам алып, шағын мақалалар да жазып, түрлі басылымдарда жарияланғанын да білемін. Сондағы оның бір әңгімесінен ұққаным, ол соғыс жылдарының алғашқы кезеңінде Польша жерінде барлаушы болады. Оны бұл міндетке салмақты мінезі мен үлкен жауапкершілік қасиеті лайық етсе керек. Әкем сондағы өзіне жүктелген тапсырмаларды абыроймен орындап, Жеңіс күнінің жақындауына үлкен үлес қосты деп мақтан ете аламын. Оған оның төсінде жарқыраған ордендері мен медальдары айғақ.
Бірде қарсылас жақтан “тіл” алып келу үшін немістердің жақсы орнығып алып, қожалық етіп жүрген жеріне барады. Сол жолғы операцияның сәтті аяқталғанын ескерген Бас қолбасшылық әкемнің төсіне бірінші дәрежелі Отан соғысы орденін таққан. Бала күнімізде біз оған костюмін кигізіп қойып, кеудесіндегі 16 орден мен медальді жалықпай санайтын едік. Солардың арасында поляк армиясының командованиесі табыс еткен “Ерлік кресі”, “Варшава үшін”, “Одер мен Балтика үшін” медальдары және “Грюнвальд” кресі болатын. Ол Украина жерін неміс басқыншыларынан азат етуге де қатысты. Мұндағы сәтті аяқталған жорықтардан кейін аға лейтенант Ғалымжан Мұқановты қайтадан Тадеуш Костюшко атындағы 1-ші поляк дивизиясына тәрбие жұмыстарын жүргізуге жібереді. Поляктың жас жауынгерлерін соғысқа бастаған қазақ офицері Варшавадан Берлинге дейін жетеді. Ол Рейхстагтың қабырғасына “Мен – қазақстандық Мұқанов” деген сөзді өз қолымен жазып кеткен.
Әкем соғыстан оралғаннан кейін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор еңбек сіңірді. Ол майдангер етігін шешкен соң өзінің ұстаздық қызметін жалғастырды. Одан білім алған шәкірттерінің біразы республиканың белді де белгілі азаматтары болды. Кезінде әкемнің білім саласына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, оған “Халық ағарту ісінің үздігі” белгісі берілген болатын.
Әкем Қазақстанның ауыр металлургия саласына да үлес қосты дей аламын. Өмірінің соңғы жылдарында партияның жолдамасымен Теміртау қаласындағы металлургия комбинатында еңбек етіп, саяси жетекші болып қызмет атқарған.
Гүлжан РАМАЗАНОВА,
Петропавл қалалық
соты мұрағатының меңгерушісі.
Петропавл қаласы.