«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРЕЙЛІ МАМАНДЫҚ ИЕСІ

Мейірбике – мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың дертінен айығуына көп үлес қосатын жан. Кейде оларды дәрігердің айтқанын ғана орындаушы дейтіндер де бар. Алайда дәрігер тағайындаған емнің шипасы дәл осы мейірбикенің ем-домды уақтылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты екенін естен шығармайық. Дәрігер мен мейірбикенің әрқайсының өз алдына бөлек міндеті, жауапкершілігі болғанымен, түптеп келгенде, арбаның алдыңғы қос дөңгелегі сияқты, екеуі бірігіп бір бағытта жұмыс істейді. Осы бір мерейлі мамандықты игеруді жаны қалаған жандардың бірі – көпсалалы облыстық аурухананың бас мейірбикесі Балжан Меңдібаева.

1977 жылы Шал ақын ауданында дүние есігін ашқан кейіпкеріміз 1994-1997 жылдар аралығында облыс орталығындағы мединицалық колледжде мейірбике мамандығы бойынша білім алады. Қолына дипломын ала салысымен еңбек жолын Аққайың аудандық ауруханасынан бастаса да, көп кешікпей облыстық ауруханаға ауысады. Содан бері табан аудармай 28 жылға жуық қызмет етіп, өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып жүр. Осы уақыт ішінде білімін жетілдіріп, Орынбор медицина университетін де тамамдады.

– Мейірбике алдымен сабырлы болуы керек. Сабырлы адам ағаттық жібермейді. Алдына келген науқасқа жылы шыраймен қарап, ыстық ықылас таныта алмайтындарға денсаулық сақтау саласында жұмыс істеу қиын. Себебі жылы сөздің өзі – ем. Мейірбике отадан шыққан адамның денсаулығын жіті қадағалап, аяғынан нық тұрғанынша қолынан келгенін жасайды. Ал ота алдында үрейге бой алдырған науқастарды жігерлендіріп, бұл өмірге керек екенін айтып, болашағына сенім ұялатамыз. Ауруы жанына батқан кезде ойына келгенді айта салатын науқастың сөзін дұрыс көргендей кейіп таныту да – маңызды, – дейді Балжан Талапкерқызы.

Балжан Меңдібаеваның ұзақ жылғы адал еңбегі, облыстың сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі бағаланып, әр жылдары облыс әкімінің Алғыс хатымен және Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал алған сертификаттары оның үнемі біліктілігін арттырып, ізденіс үстінде жүретінін айғақтай түседі. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысатын ол көп жылдық тәжірибесімен бөлісу үшін жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беретінін де жасырмады.

«Екі бала тәрбиелеген анамын. Ұлым ауыл шаруашылығын, қызым туризм саласын таңдады. Екеуінің таңдауына құрметпен қараймын. Адам қай салада қызмет етсе де, алдына қойған арман-мақсатына адал болып, өзіне жүктелген жауапкершілікке ыждағатпен қараса биіктерден көрінеді. Мамандыққа емес, маман болуға ұмтылғандар міндетті түрде із қалдырады», – дейді Балжан Меңдібаева.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp