Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының 130-шы маусымының ашылуы Алматы облысы делегациясының өңірімізге ресми сапарымен тұспа-тұс келді. Мерейтойлық қойылымды екі облыстың басшылары Ерік Сұлтанов пен Амандық Баталов та тамашалады.
“Виват, театр!” деп аталған кеш барысында жиналған қауымға әр түрлі жанрдағы спектакльдерден үзінділер ұсынылды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік шараға барлық ұжым мүшелері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. “Мертвые души” қойылымынан үзінді көрсеткен “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Ирина Пашкина мен Роман Лахтин өздеріне берілген рөлді шебер сомдап, көпшіліктің көңілінен шықты. Өнерсүйер қауым “Тринадцатая звезда” спектакліндегі кейіпкерлермен де жүздесіп, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Ирина Полещук пен Татьяна Терлецкая-Швальбенің өнеріне тәнті болды. “Я Вам нужен, господа” спектаклінен қойылған үзінді өте жоғары деңгейде орындалды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Надежда Косыгина өзі ойнаған кейіпкердің әр іс-қимылын, мінез-құлқын көрерменге жеткізе білумен қатар, “Казахстан, страна моя родная” әнін шабыттана шырқап, жиылғандарды бір серпілтіп тастады.
Көптің көңілінен шыққан мерекелік шара соңында өңір басшысы Ерік Сұлтанов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан ұжым мүшелеріне ықылас гүлі тарту етілді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.