Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: “Ассамблеяның мерейтойы 6 ақпанда алғашқы ең үлкен іс-шарадан бастау алады”, – деп атап өтті.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған бағдарламаға Қазақ хандығының 550 жылдығына, Конституциямыздың 20 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты арнайы іс-шаралар кірмек. “Арнайы Ассамблея жылының туы көтеріледі. Үлкен шаралар басталып, жылдың аяғына дейін жүргізіледі. Ассамблея жылына байланысты Елбасының қатысуымен Ассамблеяның арнайы сессиясы өтеді. Тамызда Конституция күніне арналған іс-шаралар жүзеге асырылады. Соғысқа қатысқан аталарымызды, аналарымызды, олардың ерлігі мен еңбегін дәріптеу қолға алынады. 1 желтоқсан күні Тұңғыш Президенттің күніне арналатын Қазақстан халқы форумымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын қорытындылаймыз. Әрбір бағыт нақты жобалармен атап өтіледі”, – деді Ералы Тоғжанов. Оның сөзіне қарағанда, биылғы жыл той тойлаумен емес, қоғамдық келісімнің мән-маңызын ұғындырып, оны нығайта түсумен ерекшеленетін болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы орынбасарының айтуынша, бұл жыл – той тойлайтын жыл емес, ой ойлайтын жыл. Ойластыратын, өткенімізді терең зерттеп, бүгінгі күнімізді қайтадан зерделеп қарап, болашақты анықтайтын жыл. “Ассамблеяның жылы дегеніміз, ең алдымен, бірліктің жылы, татулықтың жылы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бас болып орнатқан қоғамдық келісімнің жылы. Қазақстан халқы Ассамблеясының моделін біз Біріккен Ұлттар Ұйымында 2008 жылы таныстырған болатынбыз. 2010 жылы Еуропаның 56 елі кіретін ЕҚЫҰ ұйымына да Астанада болған Саммитте көрсеттік. Сондықтан биылғы тойдың басты мәні де, мақсаты да бірлікті нығайтуға бағытталады”, – деді Ералы Тоғжанов.
“ҚазАқпарат”.