
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен әкімдікте өткен жиында «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалін тапсыру рәсімі өтті.
Онда Құмар Іргебайұлы өңір жұртшылығын басты мерекелеріміздің бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.
«Ширек ғасыр ішінде Ата Заңымыз жеткен жетістіктеріміздің, толайым табыстарымыздың берік кепіліне айналды. Еліміздің басты тарихи құжаты кемел келешегіміздің қайнар көзі саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осынау атаулы оқиғаға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстан Конституциясы ең үздік әлемдік тәжірибе мен практиканы, сондай-ақ тарихи және ұлттық дәстүрлерді өзіне сіңіре отырып, халық бірлігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігінің берік іргетасы қалануына мінсіз қызмет етіп келе жатқанына айрықша тоқталды. Мұндай баға Негізгі Заңның уақыттың сенімді сынағынан өтіп, жалпыхалықтық дамуда өзінің негізгі қызметін дәлелдей алғанының айқын көрінісі. Қоғамдық татулық, саяси тұрақтылық, демократиялық өміршең қағидалар, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелері Ата Заңымызда айқын көрініс тапқан. Республика жұртшылығы кемел келешегін, бақытты да шат тұрмысын Конституциямен тікелей байланыстырады. Онда әр адамның құқықтары мен жеке бас бостандықтары толық қамтамасыз етілген», деді құттықтау сөзінде облыс әкімі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған кездесуден кейін бір топ жергілікті қоғам қайраткерлеріне Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медальдары салтанатты түрде табыс етілді.
Марапатталғандардың арасында Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев, Иван Чиркалин, Жарасбай Сүлейменов, Ескендір Елеусізов, Геннадий Зенченко, Алтынбек Сапаров, тағы басқа белгілі тұлғалар бар.