«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАР ТАПСЫРЫЛДЫ

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов ел Президентінің Жарлығымен “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл” бірыңғай мерекелік медалімен марапатталған Петропавл қаласының бір топ соғыс ардагерлерімен және тыл еңбеккерлерімен кездесті.

Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңындағы кездесуге көтеріңкі көңіл күймен келген ардагерлер алдында сөз сөйлеген облыс әкімі:

– Еліміз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты атап өтуге дайындық үстінде. Ұлы Отан соғысындағы аға ұрпақтың өшпес ерлігі тарихта мәңгі сақталады. Бүгін, біз, Сіздерге, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, асқан ерліктеріңіз, қаһармандықтарыңыз бен жан аямас қайсарлықтарыңыз үшін құрмет көрсете отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медальдарды тапсырғалы отырмыз, – деді.

Кезек-кезегімен зал төріне шақырылған 27 ардагердің әрқайсысына мерекелік медальдарды өңір басшысы өз қолынан тапсырды. Мерекелік медаль алғандардың қатарында соғыс ардагерлері Сергей Пресняков, Анатолий Гершунов, Степан Башкиров, Владимир Дядык, тыл еңбеккерлері Әлімжан Мәжитов, Ескендір Нұрымов, Жақсылық Ысқақов, Татьяна Алешина және тағы басқалары болды. Марапатталғандар атынан сөз алған Жақсылық Ысқақов пен Александр Селищев облыс басшылығының өздерінің ел басына қатер төнген кезде Отан үшін қан төккен, тылда аянбай еңбек еткен ерлік істері мен еңбектерін бағалап, құрмет көрсетіп отырғанына алғыс айтты. Облыс еңбеккерлеріне мерекелі жылда мол астық тіледі.

Кездесудің соңында Ерік Хамзаұлы ардагерлерге Ұлы Жеңіс күнін амандықпен қарсы алып, халқымызбен бірге мерекелеуге тілектестігін білдірді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp