Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі жылдағы дәстүрге сай облыс орталығында карантинге орай кең көлемде атап өтілмесе де, филармония әншілері Петропавл қаласының тұрғындарына арнап ән-жырдан шашу шашты. Өнерпаздар облыс орталығындағы К.Сүтішев, Интернационал, М.Жұмабаев және Абай көшелерінде орналасқан көпқабатты үйлердің балконында эстрадалық әндерді шырқап, карантин жағдайында қоғамдық орындарда жүріп-тұруы шектелген тұрғындардың көңіл күйін көтерді.
Облыстық филармония әншілерімен қатар бұл акцияға қалалық Мәдениет үйінің және халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары да қатысты. Нұрсұлу Ахметжанова, Мұхит Ахметов, Еркебұлан Қарыпов сынды сахна саңлақтарының сөз орындауында Әнұранымыз шырқалған кезде жұртшылық өнерпаздарға зор қошеметін білдірді. Бұдан соң патриоттық тақырыптағы туындыларға кезек берілді. Филармонияның беткеұстар әншілері Аслан Төкен, Ілияс Қадырбай мен Мұрат Бекжанов “Отан – Ана”, “Қазақстан” және “Бозжорға” әндерімен тыңдармандарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал “Бабалар рухы” және “Атамекен” әндері әуелеген кезде көрші аулалардың барлық тұрғындары әншілерге қосылып, маңайды ән-жырға бөледі.
Облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетованың айтуынша, Қызылжар өнерпаздары карантин жағдайына қарамастан, 1 мамыр мерекесін жан-жақты атап өтуге тырысқан. Олар демалыс күндері жергілікті “Qyzyljar” арнасында концерт беріп, әлеуметтік желілер арқылы да тыңдармандарға түрлі шығармашылық кештер ұйымдастырған.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.