“Қарты бардың қазынасы бар” деп білетін халқымыз ежелден қазыналы қартын қадірлеп, қасиет тұтқан. Осы жақсы үрдіс кең өріс алған біздің Айыртау ауданында ардагерлер ерекше құрметтеледі. Оны оларға жасалып отырған түрлі қамқорлық шараларынан аңғаруға болады. Ол, әсіресе, күн сайын жақындап келе жатқан Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында жүйелі түрде жүргізіліп, аудан ардагерлерін тегіс қамтып отыр. Айталық, бұл бағытта мерекелі жылдың қарсаңында атқарылған шаралы істер өте көп. Жыл бойы атаулы күндерде аудандық ардагерлер кеңесі Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, көпбалалы аналарға, 100 жастан асқан қарияларға, Социалистік Еңбек Ерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге ұдайы азық-түлік қоржындары мен сыйлықтар таратылуына ықпал етіп отырды.
Ардагерлер кеңесі ауданда ұйымдастырылатын барлық іс-шаралардан қалыс қалмауға тырысады. Наурыз мейрамы, Жеңіс мерекесі мен Қарттар күнінде біздің ардагерлеріміз ерекше белсенділік танытады. Сондай-ақ, өздеріне көрсетілер сый-құрметтерден кенде болмайды. Мысалы, былтырғы Наурыз мейрамында аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жеке кәсіпкерлер Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге және жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік қоржындарын беріп, мерекелік дастарқаннан дәм татырды. Ал өткен жылғы Жеңіс мерекесінде аудан әкімі Ағзам Тастеміров Саумалкөл ауылында тұратын соғыс ардагерлері Владимир Зуевтің, Константин Кубрактың, Қойшы Бейсембаевтың және Казанка ауылдық округінің ардагерлері Ескендір Кәрімов пен Николай Лыткиндердің отбасыларында болып, оларға сый-сияпат жасады. Сол сияқты, өткен жылғы Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында аудан ардагерлеріне ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен аудан кәсіпкерлері 5 миллион теңгеге жаппай дастарқан жайып, 1,8 миллион теңгеге азық-түлік қоржындарын үлестірді және 2,1 миллион теңге мөлшерінде ақшалай сыйлық тапсырды. Жеке кәсіпкер Қуанбек Исин Ұлы Отан соғысының ардагері Ескендір Кәрімовтің үйін жөндеуге қажетті құрылыс материалдарына 50 мың теңгенің көмегін берсе, ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 2193 ардагердің үй шаруашылығын мал азығымен қамтамасыз етті.
Биылғы мерекелі жылдың шаралары, әрине, өткен жылдағыдан әлдеқайда ауқымдырақ болары сөзсіз. Оны қазірдің өзінде кең көлемде жүріп жатыр деуге болады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бүкіл еліміздегі сияқты біздің ауданымызда да соғыс ардагерлеріне Елбасының сый-сияпаттары табысталды. Оларға ел Президентінің Ұлы Отан соғысының ардагерлерін жалпыұлттық қолдау акциясының аясындағы атаулы құттықтаулары жеткізілді. Мемлекет басшысының осы құттықтаулары мен сыйлықтарын және мерекелік азық-түлік жиынтығы бар қоржындарды әрбір соғыс ардагеріне қолма-қол тапсыру үшін “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының төрағасы Ағзам Тастеміровпен бірге Константин Кубрак, Александр Белоног, Владимир Зуев, Қойшы Бейсембаев, Николай Скворцов, Александр Греков, Николай Ивановский, Николай Лыткин және Ескендір Кәрімов сияқты майдангерлердің отбасыларында болдық. Ардагерлеріміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өздеріне көңіл бөліп, қолдау әрі қамқорлық көрсетіп отырғанына ризашылық білдірді.
Сондай-ақ, биылғы жылы бүкіл ТМД елдерінде Ардагерлер жылы мерекеленеді. Бұл – қарттарға деген құрмет еселеп арта түседі деген сөз. Мерекелі жылдың мерейі мол болары сөзсіз. Оның, әрине, біздің ардагерлер ұйымына да зор жауапкершілік жүктейтіні анық. Алдағы айшықты күндерге қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Аудан орталығында ардагерлер хоры жұмыс істейді, оған зейнет жасындағы 20 адам қатысады. Өнерпаз ұжымды белсенді ардагерлеріміздің бірі – Елизавета Шведова өзі ұйымдастырып, оған жетекшілік етеді.
Кеңестің көзге түсер істері ондағы ардагерлердің белсенділігіне байланысты. Бұл ретте зейнет жасында болса да, қайнаған өмір ортасында өздерінің жарқын істерімен көрініп жүрген Зинаида Волошина, Махмуд Байшев, Раиса Аширова, Айтмағамбет Дауылбаев, Виолетта Андриевская және Сапар Мұқатаев сияқты қолынан да, тілінен де іс келетін ардагерлерді атауға болады. Сол сияқты аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері Анатолий Мигаль, Ида Смирнова, Валентина Шатохина мен Валентина Кузнецова да зор белсенділік танытуда. Мысалы, Валентина Кузнецова “Валя әжейдің ертегілері” кітабын жазып, оны “Северный Казахстан” баспаханасында басып шығарды. Әжейдің ертегілер кітабы ауданның 22 кітапханасына, мектептеріне және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға арналған мектеп-интернатына таратылды.
Бір сөзбен айтқанда, біздің ардагерлер әрқашан да қатарда, олар туған өлкенің, өз еліміздің дамуы үшін қолдан келгендерін жасайды. Ардагерлердің бірлескен күшімен бұдан әрі де бірлігімізді бекітіп, бір-бірімізге адамгершілік қолдау көрсетіп, халықтар достығын нығайтуға барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.
Армия ӘБІЛҚАЙЫРОВ,
Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің
төрағасы.
