
Карантин салдарынан 8 мыңға жуық солтүстікқазақстандық жеке басын куәландыратын құжаттарды дер кезінде ресімдей алмады. Олардың 1700-ден астамы – 16 жасқа толған облыс тұрғындары, яғни өздерінің алғашқы жеке куәліктерін алушылар. Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасындағылар атап өткеніндей, оларға ешқандай әкімшілік шаралар қолданылмайды. Бүгіннен бастап олар халыққа қызмет көрсету орталығында құжат ресімдей алады. «Төтенше жағдай кезінде жарамдылық мерзімі өткен куәліктер 11 мамырдан бастап 60 күн бойы жарамды деп танылады. Мерзімі өткен құжаттарды 10 шілдеге дейін ауыстыру қажет», – деді көші-қон қызметінің басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов.
13 мамырдан көші-қон қызметі орталығы мен аумақтық бөліністері бұрынғы режімде жұмыс істей бастады. Алайда белгілі бір мемлекеттік қызметтерді әр түрлі уақытта алу кестесі жасалды. Қазақстан азаматтығын қабылдау, шығу және қалпына келтіру мәселелері бойынша түске дейін, ал тұрақты тұруға рұқсат алуға түстен кейін жүгінуге болады. Мұндай кесте бір мезгінде келушілердің санын азайтуға мүмкіндік береді.
Төтенше жағдай кезеңінде елден уақтылы кете алмаған шетелдіктерге қандай да бір шаралар қолданылмайды. Солтүстік Қазақстан облысында карантин уақытында 1500-ге жуық шетелдік қалған. «Олар 10 шілдеге дейін қосымша құжаттарды ресімдемей-ақ Қазақстан аумағынан тыс жерге шыға алады. Ал Қазақстанда қалуды жоспарлағандар уақытша тұруға арналған рұқсат ресімдеуі керек. Еңбек иммигранттарына елімізден тыс жерге шықпастан патент алу үшін жүгінуіне болады», – дейді көші-қон қызметі басқармасындағылар.
Төтенше жағдай режімі тоқтатылғаннан кейінгі алғашқы екі күнде облыстық көші-қон қызметіне 120 астам азамат жүгінген. Соның ішінде 87 шетелдік уақытша тұруға арналған рұқсат ресімдеді.