Метрология – өлшемдер, оның дәлдігін қамтамасыз етудің жолдары мен тәсілдері туралы ғылым.
2000 жылы метрологияны дамыту және жетілдіру, ел экономикасының әлемдік экономика жүйесіне интеграциялануы үшін халықаралық нормалар мен нарықтық экономикаға лайықты “Өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету туралы” Заң қабылданды. Біз өкілетті орган ретінде метрология мен өлшем бірлігі талаптарының сақталуын қадағалауға, жұрттың қауіпсіз өмірі үшін метрологияның қажетті екенін түсіндіруге міндеттіміз. Метрология әр адам үшін маңызды. Тіпті, бала туылған кезде оның салмағын, бойын өлшеп, ай сайын қадалап отыратын мекеме белгілі бір стандарттарға сүйенеді. Немесе кез келген сауда-саттық, коммуналдық қызмет көрсету жүйесі, көлік пен байланыс, медицина, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты сақтау, ғарыш пен әлемдегі мұхиттарды игеру сияқты барлық тіршілік түйткілдері белгілі бір өлшемге, яғни метрологияға негізделеді.
Ғылым мен өндіріс өлшемсіз бола алмайды. Әлемде қас қағым сәтте миллиондаған өлшемдік іс-әрекеттер жүргізіледі. Мәселен, шығарылатын өнімнің сапасы мен техникалық деңгейінің қалыптасуы, көліктердің қауіпсіз және апатсыз қозғалысы, медициналық және экологиялық сараптама – осының барлығы метрологиялық пайымдаманың нәтижесінен алынады.
Метрологияның маңыздылығын бір сөзбен бағалау мүмкін емес. Оның нормалары мен ережелері заңдар деңгейінде бекітіледі. Тіршіліктің барлық саласына араласа отырып, бүгінгі заманның метрологиясы ғылым мен техниканың дамуына әсерін тигізеді, адамдар мен шаруашылық қызметі субъектілерінің арақатынасын анықтайды, өлшем бірлігі мен мемлекетаралық ынтымақтастық саласында мемлекеттік реттеу принципін қалыптастырады. Метрологияны мемлекеттің өркениеттілік деңгейінің көрсеткіші десек, асыра сілтегендік емес.
Айтылған тұжырымның дәлдігі үшін метрологияның медицинаға қатысын қарап көрелік. Мәселен, техникалық ақауы бар медициналық құрал-жабдық неге әкеліп соқтыруы мүмкін? Медициналық қызметтің мәні мен маңызы туралы артық сөздің қажеті жоқ. Бірақ адамзат тіршілігінде метрология мен медицина бір-бірімен тығыз байланысты. Заңдарға және нормативтік құжаттарға сәйкес медициналық құрал-жабдықтар метрологиялық бақылаудан ұдайы өткізіліп отырылуға тиіс. Кез келген құрылғы табиғи және моральдық жағынан тозады. Ал тозығы жеткен құрал-жабдықтардың адамзат денсаулығына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сапасыз медицинаның әсерінен қиындық көріп жүрген тұтынушылармен өзіміз де талай жолықтық. Бұл мәселенің бір жағы. Ақауы бар құрал-жабдық мамандардың да өміріне қауіп төндіреді, сондай-ақ, жауапты дәрігердің дұрыс сараптама жасауына кедергі келтіреді. Заң бойынша дәрігер ақауы бар құрал-жабдықтың зертханалық сараптамасымен аурудың диагнозын шығаруға құқығы жоқ. Алайда, соңғы жылдары жүргізілген тексерістер бұл олқылықтардың жиі орын алатынын аңғартты. Жүздеген құрал-жабдықтар тексерістен өткізілмей қолданылып жүр. Әсіресе, шетелдік заманауи құрылғылар. Олардың көбі Қазақстанда қолдану үшін тексеріліп, тіркеуден өткізілмеген.
Метрология барлық заңнамаларға араласады. Оның өлшемдері еңбек қауіпсіздігі мен көлік қатынасы және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауа райы көрсеткіштерін анықтауда, қоршаған ортаның жағдайын бақылауда, ұлттық және халықаралық спорт рекордтарын тіркеуде, энергия ресурстарын өндіру, өңдеу, тасу, сақтау және тұтыну кезінде, Қарулы Күштер мен әскери техника өндірісінде, ғылыми зерттеулерде қолданылады. Ал азық-түлік қауіпсіздігі үшін тағам өндірісінде белгіленген өлшем бірліктерінің болуы маңызды. Өнім өндіруді жоспарлау және жобалау, өндіру, тексеру, орау және сақтау, сату, қайта өңдеу мен жою үдерістерінің барлығында белгіленген өлшем бірліктері қолданылады. Тіпті, адам өзінің күнбе-күнгі өмірінде де метрологиялық өлшемдерге сүйенеді. Өйткені, қызмет көрсетушілер мен сатушылар тарапынан көзбояушылық болып тұратынын жақсы білеміз. Мәселен, біз тұтынушы ретінде энергия қуаты және оның қалыпты жеткізілуін, су және оның температурасын, газ және оның сапасын, сатып алынған тауардың салмағы мен санын өлшеуге құқылымыз. Сол сияқты, көлік жүргізушілер жанармаймен жабдықтау және техникалық қызмет көрсету орталықтарында, асфальт жолдарды жаңадан салған кезде немесе жөндегенде адами факторлардың теріс әрекеттерін байқаймыз. Осының барлығы метрология саласының маңыздылығын және ондағы өлшем бірліктерінің қажеттігін айғақтайды. Сондай-ақ, тұтынушылар өз құқығын қорғау үшін қызмет көрсететіндер немесе тауар сататындар тарапынан сапасыздықты байқаса, онда олар тікелей департаментке хабарласып, мәселені бірге шешулеріне мүмкіндік бар. Байланыс телефоны: 8 (7152) 52-14-51.
Вадим МАРШАКОВ,
техникалық реттеу және метрология комитеті
облыстық департаментінің мемлекеттік инспекторы.