Қой жылына өкпеміз жоқ. Қиындықтарынан гөрі биік асу-белестерімен көбірек есте қалды. Шүкіршілік, еліміз бойынша ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз баршылық. Енді, міне, Мешін жылының арайлы таңы атып, қарышты қадамдарға жетуді белгілеп отырмыз. Елбасы жаңажылдық құттықтауында Тәуелсіздігімізді баянды ету, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту жолындағы қазақстандықтардың өлшеусіз еңбегін атап өтіп, алда өкпегі көп бұралаң жолдардың күтіп тұрғанын, бірақ бұл өткелден де қиналмай шығатынымызға сендірді.
“Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар”, – деген еді Президентіміз “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында. Ондағы мақсат – қазақ ұлты мен жүзден аса этнос мекендейтін ортақ Отанымызды әлемдегі ең мықты дамыған отыз елдің қатарына қосу, Қазақстанды “Мәңгілік Ел” ету. Жаңа жаһандық сын-қатерлерге қарсы Мемлекет басшысы белгілеп берген біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоя отырып, барша жұрт болып еселі еңбек ететін болсақ, тұғырымыздың биіктей түсері анық.
Ұрыс кірген үйден ырыс қашатыны белгілі. Оның талайын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарып жүргенде кезіктірдік. 1990 жылдардың басында жетпіс жылдан астам уақыт дәуірлеген Кеңес Одағының мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарының іргесі сөгіліп, қабырғаларының темір құрсаулары күйреп, жан-жақты бытырап кетуінің себебі, “тоқырау” деп айдар тағылған күйзеліске ұшырау, “қайта құру” бағдарламасының жүзеге аспауы әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің сыр беруінен еді. Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзі мемлекеттерінің барлығы дерлік ертеден бейімделген еркін экономикалық шаруашылық жүйесіне ауысу, тоталитарлық басқарумен, бұйрықпен шеше алмаған өзекті мәселелерді либералды саясат жолымен шешу жолдарын терең ұғынып, тәуелсіздік даму бағыттарын тынымсыз іздестірумен болды. Еңсесі түскен халықтың санасын серпілту, рухын көтеру, болашаққа сенімін бекіту, хал-ахуалдың жақсаратынына сендіру, жасампаз істерге бастау ұзаққа созылған сын уақыты болса да, елдігімізді шыңдайтын өліара тұстан аман-есен өттік. Ендігі міндет ортақ шаңырағымыздың игілігі үшін “Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін” қағидасын берік ұстана отырып, жинақтаған тәжірибелерімізді, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақ бойына сіңіру болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден аса денсаулық нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошақтары бой көтеріпті. Елбасының тапсырмасына сәйкес алдағы бақуатты тұрмысымызға кепіл болатын әлеуметтік міндеттемелердің барлығы да сақталып отыр.
Ендігі мәселе – әркімнің жеке басының іскерлігінде, жауапкершілігінде, басшылардың қарамағындағы қызметкерлерді ортақ мақсатқа жұмылдыра білуінде, халықтың сенімін ақтай білуінде. “Үкімет бар, асырайды” деген психологиядан арылып, еліміздің алдында тұрған тарихи жауапкершілікті терең түсіну арқылы биік талап үдесінен шыға білсек, Мешін жылы да мерейлі белестерге толы болары анық.
Құдайберген ҚАЛИЕВ,
“Құрмет” орденінің иегері, облыстың құрметті азаматы.