«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕШІТІ, ҚАЖЫСЫ БАР АУЫЛ

Уақыт талабына ешкім де, ештеңе де кереғар тұра алмайды: көбінің аты да, заты да өзгеріп жатыр. Қазіргі Шал ақын, бұрынғы Сергеев ауданындағы Ленин ауылы қазір сонда партия ұйымын басқарған Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраевтың есімімен аталады.

Бұл ауылдың осыдан жарты ғасыр бұрынғы тіршілік-тынысы менің де есімде: ақындары мен жазушылары алшаңдап басқан оның мектебі әдебиеттің бесігін тербетіп тұрғандай еді. Одан кейін бүкіл ауыл өнер алаңына айналғандай болды: кезінде біздің “Ленин туы” газетінде еңбек еткен Жылгелді Мұқанов құрған халық театры еліміз тәуелсіздік алғанға дейін дүркіреген атағынан айрылған жоқ.

Міне, осылай әдебиет әлеміне жол сілтеген, мәдениет мәуесінің дәмін татырған бұл ауыл қазір де жұртта қалғандай жым-жырт жатқан жоқ: күніне бес рет азан айтылғанында естіген адам қалт тоқтай қалады. Тұрғындары көп болғанына қарамастан, ұйымшылдығы жарасқан олардың имандылығына қалай разы болмассың: он екі бөлмелі үйді сатып алып, оны мешітке айналдырған солар.

Бұл мешітке Бадана би есімінің берілуінде де гәп бар екен: бидің қазіргі ұрпақтарының бірі – Қайрат Қадыралин құрылтайшы болып, қапысыз қаржыландырып келеді. 2008 жылдың жазында ашылған мешіт содан бері күндіз жабылып көрген емес. Келімді-кетімді кісілердің төбе көрсетіп тұратындығын жұма күні көрдім: намазға он шақты адам келді. Жаңа жылдан кейінгі сақылдаған сары аязда іздері сықыр-сықыр еткен олар мұнда қонаққа келгендей жайланды: сыңғырлап тұрған тап-тұйнақтай мешіт оның үстіне ұядай жып-жылы.

Бұл мешіттің өзі қалай жылы әрі жарық және кіршіксіз таза болса, оның молдасы да өзіне әбден лайық екен. Ол ескі оқуы терең болған әке жолын мұншама кеңейтемін деп ойлаған да жоқ еді. “Тартпай қоймас негізге” деген рас екен ғой: тәуелсіздік шұғыласы дінімізді де нұрландырғанда ол Алланың ақ жолына түсті. Әуелі тілін кәлимаға келтіріп, бес парызын бір-бірлеп орындауға кірісті. 2001 жылы қажылыққа да барып келген оның иманды адам екендігі ақиқат.

Ол деп отырғанымыз – Қайролла қажы Қасымов. Осы мешіт ашылған күннен бастап молдалық құрып, михрабқа қарап, бес уақыт намаз оқытудан жаңылмай келе жатқан Қайрекең қағазға да тәптеш-ақ екен: жеті жарым жылдан бері мешітте не тындырылғаны жіпке тізілгендей жазулы тұр. Мәселен, былтыр 4 отбасыға 24 мың теңгенің көмегі көрсетіліпті. Қадір түнін өткізуге келген балалар тәттіге тойыпты.

Мені қатты қуандырған бір жайт – ауыл балаларының жазғы каникулда мешітке келіп, сауат ашу курсына қатысуы. Айтпақшы, екінші рет елең етуге де тура келді: биыл бұл ауылдың 12 тұрғыны – “Иман” журналына, 20 адам “Ислам және өркениет” газетіне жазылыпты. Діни басылымдарды оқитын осынша оқырмандардың бір ауылдан табылғанына таңданбай гөр?!

Мешіті бар, қажысы бар ауылға құт қонсын деген тілегім бар.

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Қайролла қажы.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp