«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕШІТ ЖАМАҒАТЫ ДА ЖҰМЫЛДЫ

Биыл Қызылжар өңірінің, әсіресе, күнгейіндегі аудандарының талай тұсы теңіз тәрізді:

қалың жауған қардың суы тас жолдарға тіреліп тұр. Лап қойған мұздай суға алдымен Тайынша ауданы тап болған еді: Донецкое ауылы түгелдей суда қалды, одан кейін – Келлеровка ауылы…

Венеция сияқты суда қалған Донецкое ауылын теледидардан көргенде аузымызға сөз түспей қалып еді. Келлеровка да аз бейнет көрмепті: 48 үйді су басқан, тағы осыншама үйдің аулалары суға толып кеткен. Қырдан жөңкілген қардың суына қарсы тұру үшін он күннен бері ұйқы-күлкі көрмеген құтқарушылар тереңдігі төрт метрдей тасқынды тоқтатыпты.

Мұндайда дүние-мүлкі жарамсыз болып қалған тұрғындарға қол ұшын берушілердің болғаны қандай ғанибет! Мәселен, “Қызылжар” орталық мешіті Келлеровкаға көпшіліктің көмек көрсетуін ұйымдастырды. Нәтижесінде қырғыз диаспорасы – бірнеше қап киім-кешек, тәжік диаспорасы – сексен жұптан астам аяқкиім, түрік диаспорасы – 400 килограмм ұн, үш-төрт жәшік печенье, ал “Қызылжар” орталық мешіті 14 кілем берді.

Жалпы құны бір миллион теңгеден астам осы тауарларды “Қызылжар” орталық мешітінің өкілдері Келлеровка ауылдық әкімінің аппаратына өз қолдарымен табыс етті. Онда сөз алған орталық мешіттің наиб имамы Қасымхан Исаев мешіт жамағаты жинап берген бұйымдарды тапсырып тұрып, тұрғындарды сабырға шақырды.

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp