
Оқиға осыдан жарты ғасыр бұрын болған еді. Баршаға белгілі, 1954 жылдың көктемінен елімізде тың игеру науқаны басталған. Өңірімізде ондаған кеңшарлар пайда болды, тек біздің бұрынғы Октябрь ауданының өзінде алты кеңшар ашылды. Осы кезде жергілікті биліктің орыс және қазақтілді мектептерге деген көзқарасы бірдей бола қойған жоқ. Бюджеттің қаржысы орыстілді мектептерге молынан беріліп, қалғаны қазақтілділерге бөлінетін. Кадрларға келсек, оқу бөлімі ең алдымен орыс тілінде оқытатын мектептерді қамтамасыз ететін, содан соң ғана қазақ мектептеріне жіберілетін.
Аяқ астынан, ешқандай дайындықсыз қазақтілді мектептерді орыс тіліне көшіру – мұның барлығы ұлтымыздың тіліне, діліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне қарсы жасалған қастандық еді. Мысалы, басқа аудандарды айтпай-ақ қояйын, біздің Жалтыр ауылымен көршілес Жарқын, Ынтымақ, Бағанаты, Ақбалшық ауылдарындағы қазақ мектептері бір күнде орыс тілінде сабақ беретін білім ордаларына айналып шыға келді. Оқу құралдары жеткіліксіз, мұғалімдер дайын емес. Осындай жөнсіз “реформадан” кейін қазақ мектептерінің беделі, тіпті, төмендеп кетті. Кейбір ата-аналар балаларын орыс тілінде оқытатын мектепке ауыстырғысы келді, бірақ оларға мектеп басшылары: “Балаңызды екі класс кейін шегереміз, егер соған келіссеңіз, қабылдаймыз, ал келіспесеңіз, бұрынғы қазақ мектебінде оқи берсін”, – деген талап қойды. Негізгі сылтау – қазақ балаларының орысша білмеуі.
Екі класс кейін шегеру деген балаға обал еді. Орыс мектептерінің басшылары қазақтың балалары алғыр келетінін ескермеді, олар екі-үш айдың ішінде өзінің орыстілді замандастарыменен сөйлесіп кететініне, тілді тез үйренетініне сенбеді. Қазақ мектептерінде көп қиыншылық тудырған тағы бір пән – шет тілі. Негізінен ағылшын мен неміс тілдері оқытылды. Ал осы пәндердің мұғалімдері қазақтілді мектептер түгіл, орыс мектептерінде де тапшы болатұғын. Сағаты аз мұғалімдер шет тілін қосымша сабақ ретінде жүргізе беретін. Сол себептен шет тілін жақсы меңгерген оқушылар жоқтың қасы еді. Кейбір мектептерде сегізінші сыныпқа дейін ағылшын тілі оқытылса, жоғары сыныптарда неміс тілін оқуға мәжбүр болатын. Шет тілін оқымаудың қиындығын институтқа түскендер тартатын.
Мен орыс мектебіне ауысамын деп оқуды екі жыл кеш бітіріп, жоғары оқу орнына 1966 жылы түстім. Таңдаған мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Институттың жатақханасында бірнеше жігіт бірге тұрдық. Барлығымыз оқудан басқа ештеңеге көңіл бөлген емеспіз. Сөйтіп, алғашқы семестрге де жеттік. Көбіміз ағылшын тілінен сүріндік. Мұғалімдер үш қазақ жігітін емтиханға кіргізбей, ректордың бұйрығы бойынша институттан шығартты. Олардың барлығы да қазақша оқыған ауылдың балалары еді. Көздері мөлдіреп үйлеріне қайтты.
Ауылдан шыққан, қазақша оқу бітірген жас қыздар мен жігіттер орыс тілін де терең меңгермеген кез еді. Сол себептен орыс тіліне шорқақтау замандастарымыз жиі кездесетін. Оларға орыс тілінде оқылған лекцияларды меңгерудің өзі оңайға түспейтін. Біздің бөлмеде тұратын жігіттердің ішінде ағылшын тілін үйрену, әсіресе, Амангелді Ерғалиевке қиын тиді. Ол орта мектепті қазақша бітірген, одан кейін бір-екі жыл кеңшарда жұмыс істеген, әскер қатарына алынған. Бірақ өзі таңдаған математика пәнін жақсы меңгерген еді. Есептерді шемішкеше шағатын. Басқа пәндерден алған бағаларын көріп, мұғалім оған зачет қойды. Сонымен бірінші курс та бітті.
Келесі күзде оқуға тағы келдік. Физика-математика факультетінде шет тілі әлі бір жыл, ал мен оқыған тарих-филология факультетінде бір жарым жыл оқытылады екен, кейін мемлекеттік емтихан тапсырылады. Бір күні біздің бөлмеге жиылған бір топ қазақ жігіті Алматыға Жоғары және арнаулы орта білім министріне хат жолдауды жөн көрдік. “Біз барлығымыз математиктерміз, бізден дұрыстап министрге хат жазатын кісі табылмас, біз хатты жазуды Ғабиттен сұрайық, қанша дегенмен тарих және филология саласында оқиды, бізден гөрі сөз саптауы дұрысырақ болар”, – деп маған қолқа салды. Барлығы да шет тілінен әбден зәрезап болғандар. Өзім де солардың сыңары едім, сондықтан хат жазудан бас тарта алмадым.
“Құрметті министр Билялов Мұрат Ескіндірұлы!” деп бастап, институтқа жүрегіміздің қалауы бойынша келіп түскенімізді, әрқайсымыздың мақсатымыз бір – мұғалім болу екенін жаздым. “Шет тілін оқуға біздің қарсылығымыз жоқ. Бірақ та біз бітірген қазақ орта мектептерінде аталған пән өз деңгейінде берілмеді, себеп – білімді мұғалімдердің болмауы. Сол себептен біздің шет тілінен алған білімдеріміз “ала-құла”. Қазақша мектеп бітірген біздерге орысша оқудың өзі оңайға түспей тұр. Арамызда қазақ ауылдарынан шыққан студенттер аз емес. Олар орыс тілі мен әдебиетінен сабақтар жүргізілгенін қалайды. Сол себептен, қазақша мектеп бітірген қазақ қыздары мен жігіттеріне шет тілінің орнына орыс тілін үйренетін қосымша сабақтар жүргізілсе деп тілек білдіреміз. Себебі, дәл қазіргі уақытта біздерге орыс тілін тереңірек меңгерген дұрыс қой деп есептейміз. Ал шет тілін біліп, үйренемін дегендерге біз қарсы емеспіз, қолдаймыз”, – дей келе шет тілін білмеудің салдарынан болып оқудан шығып қалған достарымыздың аттарын тіздім.
“Жақсы жазылыпты, артығы да жоқ, кем жері де жоқ, кәнекей бірінші болып қолды өзім-ақ қояйыншы”, – деп Амангелді Ерғалиев қолын қойды. Екінші болып Нұрқан Әубәкіров, үшінші Сүлеймен Шаймерденов қойды. Ертеңіне хатты поштаға апарып, темір жәшікке өзім салдым. Шынын айтсам, мен хаттың министрге жететініне сенбедім.
Бір күні сабақтан келсем достарымның көңілдері көтеріңкі. Мен аң-таңмын. Амангелді маған: “Сүйінші, Ғабит, министрден жауап келді. Министр ректорға студенттердің тілегін орында депті. Ура, біз жеңдік!” – деп қуанышы қойнына сыймай тұр. Маған конвертті ұсынды. Ашып қарасам былай деп жазылған екен: “Направляю Вам письмо группы студентов вверенного Вам института. Прошу незамедлительно рассмотреть и изучить данный вопрос на Совете ректората и решить вопрос положительно. Об исполнении доложить.
Министр высшего и среднеспециального образования Казахской ССР Билялов М.Е.”
Үшінші күні хатқа қол қойған барлық қазақ студенттерін ректорға шақырды. Бойды үрей биледі. Хат жазғанымыз үшін оқудан шығарып жіберсе не істейміз? Төртке он минут қалғанда ректордың қабылдау бөлмесінің алдына жиналдық. Басқаларын білмеймін, мені: “Енді шынымен институтпен қоштасатын шығармын, ректорға айтпай министрге хат жазатын нем бар еді?”– деген ой мазалай берді. Бұрын-соңды ректордың кабинетіне кіріп көрмегенбіз. Түсі суықтау көрінді. “А зачем вы решили сразу министру обратиться написав ему письмо, почему не обратились сперва ко мне в ректорат, почему через голову прыгнули?” – деді. Арамыздағы ересегіміз Амангелді: “Вагинак Арютюнович, вы же в курсе дела, все отчисленные студенты казахи окончили казахскую школу, им очень трудно дается даже русский язык, не говоря об английском или немецком языках. Все указанные фамилии отчислены Вашим приказом за академическую неуспеваемость, за несдачу в основном зачетов по иностранным языкам, их не допускали к экзаменам и так накапливались их долги. И, по данным деканатов Вы их отчислили”, – деді тура бетіне қарап. Ректор басқа ештеңе сұраған жоқ.
Үш-төрт күннен кейін қазақ студенттерінен орта мектепті қай тілде бітіргендері туралы мәліметтерді мұқият түрде жинап, ректоратқа табыс етті. Берілген мәліметтер ректордың кеңесінде жан-жақты талқыланып: “Физика-математика, география, биология, химия, дене шынықтыру және спорт факультеттерінің орта мектепті қазақ тілінде бітірген студенттері шет тілін оқудан босатылды. Шет тілі пәнінің орнына орыс тілі жүргізілсін және шет тілін оқудан босатылған қазақша мектеп бітіргендерден арнайы қосымша топтар құрылып, оларға арнайы оқу бағдарламасы жасалынып, сол бағдарлама бойынша орыс тілінен сабақ жүргізілсін”, – деген шешім шығарылды.
Ал аталған шешім мен оқитын тарих-филология факультетіне жүрмейтіні айтылыпты. Біздерге, болашақ тарихшылар мен филологтарға шет тілін білмеу дұрыс емес деп шешім қабылданған, амал жоқ, біз баяғы бағдарлама бойынша оқи беретін болдық. Мен осыдан кейін ағылшын тілін оқуға толығыменен бет бұрдым. Біздің топқа ағылшын тілін Алевтина Епифанова дейтін мұғалім берді. Екі жарым жылдың ішінде тілді әжептеуір меңгердім. Үшінші курстың қысқы семестрінің аяғында өткен мемлекеттік емтиханда “төрт” деген баға алғаным әлі есімде.
Иә, шынында да, адам баласы ниет қойса, алмайтын қамалы, шықпайтын шыңы, аспайтын асуы болмайды екен. Бұл айдай ақиқат. Біздің хатымыздың арқасында қазақша орта мектепті бітіргендер шет тілін оқудан босатылды. Бұл олардың оқудан шығып қалмай, дипломдарын алуына мүмкіндік бергені анық. Осы оқиғаға да, міне, елу жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде облыс орталығында тұратын ардагер мұғалімдер Сүлеймен Шаймерденов, Нұрқан Әубәкіров, Қапез Сақтанов және тағы басқалары осы іс-әрекеттерімізді, бірге жүрген жолдастарын ықыласпен естеріне алар деп ойлаймын.
Елу жылда ел жаңа. Бүгінгі уақытта жастардың алдында үлкен белестер тұр. Оның барлығы заманның талабынан туындайды. Елбасымыз жариялаған үштұғырлы тіл саясатының орны бөлек. Бүгінгі жастарға шет тілінің керек екендігі айдан анық және ол бастауыш кластардан бастап оқытылуда. Бір қуаныштысы, біздің заманымыздағыдай емес, тіл үйрену үшін барлық жағдай жасалған.
Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,
білім беру саласының ардагері.
Шал ақын ауданы.
СУРЕТТЕ: Петропавл педагогикалық институтының студенттері (1968 жыл).