Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев қызметте жоғары кәсіби шеберлік пен ерлік көрсеткен бірқатар полиция қызметкерлерін марапаттады. Олардың арасында қызмет барысында ерекшеленген солтүстікқазақстандық полицейлер де бар. Олар бейнеселекторлық режімде өткен кеңеске қатысты.
Марапатқа ие болғандардың ішінде облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының инспекторлары, полиция аға лейтенанттары Жігер Балтабай және Евгений Вишневский болды. Олар наурыз айының соңында жолда қалған жолаушыларға көмектескен болатын. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшылығына Күләш Балтабековадан алғыс білдірген хат келіп түскен соң белгілі болды. Хатта баяндалғанындай, өтіп бара жатқан ауыр жүк көлігінің доңғалағына қатқан мұз машинасының алдыңғы әйнегіне тиіп, сындырған. Көлікте қарт адамдар болғандықтан, суықта шынысыз жүру мүмкін болмаған. Оларға көмекке келген полицейлер елді мекенге жеткізіп салып қана қоймай, көлікті жөндеуге де қол ұшын тигізген. Жігер Балтабай мен Евгений Вишневский былтыр сондай-ақ балалар мінген «ГАЗель» машинасынан өрт шыққанда, ауыр зардаптың алдын алып, жерлестерінің алғысына бөленген болатын.
Сондай-ақ, онлайн-кеңеске ерліктерімен ерекшеленген Азат Зейноллов, Қуаныш Сүлейменов, Руслан Ахматов, Ерлан Данкин, Азамат Букуев қатысты. Ерлан Тұрғымбаев барлық қатысушыларға адал қызметтері үшін алғыс білдірді. Іс-шара соңында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев әріптестерін өздерінің қызметтік міндеттерін алдағы уақытта да адал атқаруға шақырып, ризашылығын білдірді.