26 шілде күні “Suleimen Promotions” ұйымы Беларусияның астанасы – Минск қаласында бокс кешін ұйымдастырады.
Рингке шығатын қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды. Қазақстандық Айдос Ербосынұлы (13-0, 9 КО) нигериялық Нуху Лавальмен жұдырықтасып (27-6, 15 КО) “WBO Global”, “WBC Asia” және “WBA International” тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы белбеулерін қорғайды. Жартылай орта салмақта Нұрсұлтан Жаңабаев (8-0, 5 КО) америкалық Сэнди Мессаудамен (13-6, 1 КО) қолғап түйістіреді. Ал ауыр салмақта Нұрсұлтан Аманжолов (2-0, 1 КО) пен грузиялық боксшы Рамази Гогичашвили (14-31-2, 6 КО) жұдырықтасады.
Бұл кеште екі қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы дебюдтік кездесуін өткізеді. Атап айтқанда, 2019 жылғы Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет жеңіл салмақтағы жекпе-жекте Грузия өкілі Зура Мекерешвилиге (11-23-1, 7 КО) қарсы шығады. Жеңіл салмақта өнер көрсететін Евгений Павлов шаршы алаңда тағы бір грузин Джабба Мемишпен (8-13, 1 KO) кездеседі.