Жуырда редакциямызға Жамбыл ауданында тұратын белсенді авторымыз Тілеген Жетеев ағамыздан хат келді. Ол Пресновка ауылының бір көшесінің атауы “Дружба көшесі” екендігін айтып, өзінің мұндай атаумен келіспейтіндігін білдірген екен. “Ойды ой қозғайды” дегендей, мен де отыра қалып, өзім тұратын Петропавл қаласының көшелерін ойша шолып шықтым. Сөйтсем, біздің қаламыз да мұндай жартылай қазақша, жартылай орысша атаудан ада емес екен. “Мир көшесі” – соның айғағы.
Тәубе: бүгінде орталық көшеміз қазақша “Қазақстан Конституциясы көшесі”, орысша “Улица Конституции Казахстана” деп аталады екен. Өткен ғасырдың соңында “Қазақ тілі” қоғамының белсенділері: “Петропавлдағы Ленин көшесін Достық көшесі деп өзгертейік, ал “Лад” қоғамының көшбасшылары “Вознесение” даңғылы” деп қайтадан атайық”, – деп екі түрлі ұсыныс білдіргенде сол кездегі облысымыздың әкімі Даниал Ахметов: “Екі жаққа да енгізген ұсыныстары үшін алғысымды білдіре отырып, өз тарапымнан: “Конституция көшесі” деген атауды ұсынамын. Қарсы болмассыздар, деп ойлаймын”, – деп, бірақ кескен еді. Оған екі жақтың өкілдерінің ешқайсысы ләммим дей алмаған. Кейін өңірдің бірінші басшысы болған Тайыр Мансұров: “Бұл қай елдің Конституциясының көшесі?” деген сауал қоя отырып, қазақша “Қазақстан Конституциясы көшесі”, орысша “Улица Конституции Казахстана” деп өзгерткен. Оған да ешкім: “Бұл қалай?” дей алмаған. Бұдан түйетін қорытынды: көшелердің атауларын екі тілде, сауатты жазуымызға қолданыстағы заңнама бойынша ешқандай кедергі жоқ. Демек, Петропавлдағы Мир көшесін қазақша Бейбітшілік көшесі деп жазуға еш кедергі жоқ. Орысша – “Улица мира” болсын. Бұған есі түзу ешкімнің наразылық білдірмесі анық. Сондай-ақ, Пресновкадағы Дружба көшесін қазақша “Достық көшесі”, орысша “Улица дружбы” деп түзетіп жазсақ, оған да ешкім қарсы болмасы анық. Сондықтан Петропавл қаласы мен Жамбыл ауданының мәслихаттары алдағы уақытта осы мәселеге назар аударып, тиісті шешімдер шығарса, құба-құп.
Бұған қоса айтарымыз: Қызылжар өңірінің елді мекендеріндегі көше атаулары түгіл, кейбір аудандарымыздың атаулары да көңілден шыға қоймайды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Абай ауданы бар. Неге Абай Құнанбаев ауданы емес? Неге біздің облыста Мағжан ауданы жоқ, Мағжан Жұмабаев ауданы бар? Керісінше, Жамбыл Жабаев ауданы жоқ, Жамбыл ауданы бар. Бұған қоса, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның атауы да ойландырмай қоймайды. Неге Ғабит ауданы немесе Ғабит Мүсірепов ауданы емес? Уәлиханов ауданының атауы да елден ерекше: неге Шоқан немесе Шоқан Уәлиханов ауданы емес? Сөйтіп, аудандардың атауларын бір тәртіппен емес, төрт түрлі етіп жазып жүрміз, яғни “Жамбыл ауданы”, “Мағжан Жұмабаев ауданы”, “Ғабит Мүсірепов атындағы аудан”, “Уәлиханов ауданы” деп. Бұл мәселені қазіргі, әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс бітпей, біздің елімізге де салқынын тигізіп тұрған, қаржы тапшы кезде қолға алмасақ та, заман түзеліп, бюджетіміздің кіріс бөлігі асыра орындалып, артық ақша пайда болатын күн туғанда оған қайтып оралып, орашолақ атауларды бір ізге түсіргеніміз жөн.
…Жалпы, өзіміздің көзіміз үйреніп кеткенімен, оңтүстік жақтан сапарлап келіп жүрген ағайындар күлкі ғып кететін мұндай “шалақазақ” атауларды ұлан-ғайыр Ұлы даламыздың шетінде, Сібірден соққан салқын желдің өтінде тұрған біздің Қызылжар өңірінен ғана көре алатын шығармыз…
Кәрібай МҰСЫРМАН,
“Солтүстік Қазақстан”.