«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 МОБИЛОГРАФИЯ  МАМАНДЫҚ ПА, ӘЛДЕ…

Атақты Базар жырау: «Әр заманның өзіне лайық сөзі болады», – депті. Бүгінгі заманның «сөзі» – цифрлық технология. Техника қарыштап дамыған сайын түрлі салада тың мүмкіндіктер ашылуда, жаңа мамандықтар пайда болуда. Солардың бірі – мобилография біздің күнделікті өмірімізге дендеп енді.

Камерасы бар алғашқы смартфондар пайда болғаннан бері мобилография көптеген адамдар үшін хоббиге айнал­ды. Смартфонды пайдаланудың қарапайымдылығы мен қолжетімділігі барлығына фотограф немесе видеограф болуға, өмірінің маңызды сәттерін таспаға түсіруге және оларды әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы тара­туға мүмкіндік берді. Қазір өзін «мобилограф» санайтын жандар көп. Бір қызығы, олар бұл мамандықты оқымаған, арнайы дипломдары жоқ.

 «Аманат» партиясы облыс­тық филиалының мобилографы Нұрбол Балғабеков бұл салаға 2019 жылдан қызыға бастаған. Ол құны 1 млн. теңгедей тұра­тын смартфон сатып алып, ақы­лы курстан өтіп, мобилография­мен кәсіби түрде айналысуды ұйғарыпты. Бұл таңдау Нұрбол­ға жеке шығармашылығын шыңдап, видеороликтерді сапа­лы және кәсіби деңгейде түсіру­ге мүмкіндік берді. Алғашқы кезде тәжірибе жинақтау үшін тегін түсірілімдер жасаған.

«Qyzyljar» телеарнасында жұмыс істеп жүргенде Уәлиха­нов ауданына қарасты Қулыкөл мен Қаратал ауылдарына ісса­пармен бардым. Сілеті су қой­масының арнасынан асып жат­қанын түсірген видеом жаңа­лықтар эфиріне сәтті шықты. Осылайша менің жаңа салаға деген қызығушылығым артып, өзімді дамыту жолдарын қарас­тыра бастадым», – дейді Нұрбол Айтмұхамбетұлы.Оның айтуын­ша, қазіргі таңда жастар моби­лографияның мүмкіндіктерін тереңнен зерделеуде. Бәсеке­лестік өте жоғары.

Елге белгілі тұлғалардың қай-қайсысының болмасын әлеуметтік желідегі парақшала­рын ашып қарасаңыз, көбінің дерлік жеке мобилографы бары­на куә боласыз. Мобилографтар олардың немен айналысып жат­қанын, қандай жоспарлары ба­рын көпшілікке жеткізіп отыра­тын көмекшіге айналған. Олар­ға төленетін еңбекақы да аз емес.

«Бұрын банктердің бірінде есепші болып жұмыс істегенмін. Жалақымның бәрі ипотека мен несиелерді төлеуге жұмсалатын. Қыран Талапбек есімді белгілі мобилографтың курсына қаты­сып, бұл саланың қыр-сырын үйрендім. Тойға да шығамын, өңірде өтіп жатқан айтулы ша­раларды да видеоға түсіремін. Бұрын бір ай таңнан кешке дейін жүріп 300 мың теңге жала­қы алатынмын. Қазір бір айдағы табысым бір жарым миллионға жуықтайды», – дейді есімін ата­мауын өтінген кейіпкеріміз.

Мобилографтар шоғыры­ның көбеюіне ғаламтордағы қолжетімді курстардың да ықпа­лы зор. Сондай курс ұйымдас­тырушылардың біріне хабарлас­тық. Қысқа мерзімді курс екі апталық екен. Кәсіби маман он­лайн эфир арқылы мобилогра­фияның артықшылықтарын түсіндіреді, сосын смартфон­ның мүмкіндігіне қарай видеоға түсіру, оны монтаждау, шағын бейнероликтер жасау, оптика­лық кескінді тұрақтандыру мүмкіндіктерін үйретеді. Ма­ман бұл еңбегі үшін 100 мың теңге алады. Ал бір айлық курс­тардың бағасы 120 мыңнан бас­талады, оған шеберлік сыныпта­ры, видеолардың сапасын арт­тыру және шығармашылық ой­лаудың көкжиегін кеңейту курс­тары кіреді.

Асаба Тимур Айтқожин мо­билографияны меңгеріп, адал жолмен өз нәпақасын тауып жүргендердің көбейіп келе жат­қанына қуанады. «Мобилограф – заманауи мамандық. Оны меңгеру үшін, ең алдымен, адамда ынта болу керек. Көп адамдар мобилографтарды ви­деографтармен шатастырып жа­тады. Екеуі – екі бөлек әлем. Мобилографтар видеографтар­дың бір айда істейтін жұмыста­рын бір сағат ішінде атқарып беруі мүмкін. Әсіресе, кәсібім өрге домаласа екен деп жүрген бизнесмендер мобилографтар­дың қызметіне жүгінуі тиіс», – дейді Тимур Айтқожин.

Біз пікірлескен БАҚ өкілдері мобилографияны мамандық ретінде санауға болмайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, жоғары немесе арнаулы білім ордаларында бірнеше жыл оқып, қолына диплом алғандар­ды ғана белгілі бір мамандық иесі деп айтуға болады. «Жеңілдің асты, ауырдың үсті­мен жүруді қалап, оңай ақша табудың жолын іздеген жастарға дерек пен дәйекті қажет ет­пейтін мобилография саласына бет түзеу қолайлы. Оларға бо­лып жатқан дүниені телефонға түсіріп, монтаждап, тарату ғана жүктеледі. Адамдармен сөй­лесіп, пікірлерін сұраудың қа­жеті шамалы. Өз басым мұны мамандық деп айта алмаймын. Әлеуметтік желілердің шек­теусіз жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Олар­дың жұмысы тоқтаған күні мо­билографтардың да мүмкіндігі шектеледі», – дейді «Qyzyljar» телеарнасының редакторы Са­мат Есмағи.

Қазақта «заманың тазы бол­са, түлкі боп шал» деген сөз бар. Түлкі – мына құбылмалы, тех­нология қарыштап дамыған за­ман. Айдалада ауа қармап қал­мас үшін жастардың осындай заманауи мамандықтардың құ­лағынан ұстағаны да жөн шы­ғар, бәлкім!

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp