«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МОГИКАННЫҢ СОҢҒЫ ТҰЯҒЫ

Ұлы Жеңісті жақындатып, толарсақтан қан кешіп, өзі де ауыр жараланып, әйтеуір, туған жерге аман келген жерлестеріміздің бірі – Сапар Дүйсенов ақсақал. Алланың құдіретімен ол бүгінгі күнге де аман жетіп, тәуелсіз елдегі отандастарымен бірге Ұлы Жеңістің 70 жылдығын да қарсы алып отыр.

Сапар Дүйсенов Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тумасы екенін көптеген жерлестеріміз жақсы біледі. Әкесі Дүйсен кезінде медресе бітірген, білікті адам болған. Қуғын-сүргін жылдарында ол да елден амалсыз жылыстап, біраз жылдар Тайганы сүзіп келген. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, Сапар ағаның атасы да, бабасы да дін жолын қатты ұстаған жандар екен. Туған атасы Жұныс та молда болған, ал оның әкесі Жұма – қажылық парызын да өтеп қайтқан жан. Діннің адамның мейірімді, жан дүниесінің таза, жүрегінің нұрлы болуына ықпалы зор ғой. Осындай ізгілікті жолда жалғасқан тәрбиенің, тектің нышаны Сапар ағаның бойынан да көрініп тұрады. Ол кісі – адамға елжіреп, жүрегінің нұрын төгіп, жылы қарайтын жан. Оның үстіне қазір мүлде қалып бара жатқан қазақтың ақылды қарияларына ғана тән “қарағым-шырағымдап” жанашырлықпен сөйлеуді де тек осы ағадан көресің. Соның есесіне Сапар ағаны білетін жандардың бәрі де оны қатты сыйлап, құрмет тұтады. Сондықтан оны тек майдангерлігі үшін ғана емес, қазақтың қара қасиеті – “ақсақалшылдықтың” да соңғы тұяғы ма деп сыйлаймыз.  

Сапар ағамызды соғысқа 16 жасында алған. Оның сырын осы жолдардың авторы жақсы біледі. Өйткені, ол кісі туралы “Ғибратты ғұмыр” атты кітап жазу барысында бұл оқиғамен жақсылап танысқанбыз.

1935 жылғы “Похозяйственная книга” атты ауылдық кеңестің кітабында Сапар ағаның туған жылы 1926 деп көрсетілген екен, ал кейінгі кітапта ол 1924-ке түзетіліпті. Соғысқа жіберетіндердің саны толмаған соң жергілікті өкімет осылай, бойы қалқыңқы, артында сұраушысы аз балаларды жастарын түзетіп, майданға жібере берген ғой. Сапар аға да соның бірі. Әкесі әскери комиссариатқа барып, баланың жасы әлі 16-да ғана екенін ұқтыра алмаған, орнынан тұрған әскери комиссар: “Бойы менен де ұзын, осындайлар соғыспағанда кім барады майданға”, – деп ақсақалдың шырылдағанын құлаққа да ілмепті.

Сөйтіп, әлі күнге ауылдан шығып көрмеген 16 жасар бала көзі жаутаңдап қан майданға аттанып кете барады. Осы жерде Сапар ағаның анасы Жәмәли туралы да бір ауыз сөз айта кетудің реті келіп тұр.

Бұрын Бескөл ауданында Үшкөл деген әп-әдемі ауыл болған еді. “Оңтайландыру” дегенді сылтау қылып қазақ ауылдарын жою саясатының құрбаны болып кеткен көп ауылдың бірі сол. Осы ауылдың төңірегінде кезінде Бәшім Байбөріұлы деген мықты адам тұрған. Ол – өз уақытында келімсектердің арынын басып, олардың жердің құнарлысын ғана алмақ болған арам пиғылдарына қарулы қарсылық көрсеткен батыр адамдарымыздың бірі (Бір кезде ол кісі туралы да зерттеулер болар деген үміттемін). Сапар ағаның шешесі Жәмәли – осы кісінің қызы. Жәмәлидің үш інісінің бірі – Досмұхамбет. Ол Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтың әкесі. Ал екі сіңлісінің бірі Зайра – атақты ғалым, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының (АЗВИ) ректоры болған Зейнолла Қожабековтің шешесі. Көріп отырғанымыздай тектілік тұрғысынан келгенде Сапар ағаның әке жағымен қатар, шеше жағы да осал болмаған…

1942 жылы майданға Сапармен бірге тағы да екі арысын шығарып салып, ауыл азан-қазан, у-шу, жылап-сықтаумен қоштасып жатқанда Жәмәли анасы ғана көзіне жас алмай, “Жоқ!” деп ақырыпты, “Мен жыламаймын, сен де жылама! Сен өлмейсің, аман келесің!” – деп ол баласын қатты қысып құшақтап, артына қарамай айналып жүре берген екен. Басында аппақ кимешек, одан төмен түскен аппақ шәршісі жер сызған анамның сол бейнесі әлі күнге көз алдымда тұрады деп отырады Сапар аға…

Ананың айтқанына періште “әумин” деген болуы керек, арада 2 жылдай өткенде Сапар аға ауыр жараланса да үйіне өз аяғымен аман келеді. Жақыннан жарылған жау снаряды оның сол қолының үш саусағын жұлып, бұғанасын сындырып кеткен екен…

Соғыс жылдарында сотта еңбек еткен Сапар аға кейін талпынып оқып, университетті де бітіріп, қазіргі Шал ақын, сосын Мамлют аудандарында прокурор болып, 1974 жылы облыс прокурорының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Осы қызметте 13 жыл істеген соң 1987 жылы зейнет демалысына шыққан. Бірнеше облысқа прокурор қылып жіберуге ұсыныс жасаса да, Сапар аға туған жерін – Қызылжарын қимапты. Осында Бәну анамыз екеуі екі ұл, бір қыз өсіріп, олардан бірнеше немере-жиен сүйді. Сыйлас достары мен жолдастарының, іні-қарындастарының, ағайын-туысының құрметіне бөленіп, ақылды аға, абыройлы ата болып отырды. Бәну апа екеуінің отбасындағы үйлесімділік, жарастық та көрген жанның көзін тартатын еді. Әттең, апамыз 2003 жылы өмірден ерте өтіп, ағамызды жалғыз тастап кетті. 2011 жылдан бері ағамыз Астанадағы баласының, ал 2012 жылдан Алматыдағы дәрігер балаларының қарауына көшіп, “ақ басты Алатаудың аппақ шыңдарының” бірі болып отыр. Бірақ жан жүрегі, ақ тілегі туған елде екені анық. Теледидардан Солтүстікте болып жатқан жақсы жаңалықтарды бірінші болып естіп, Астанадағы бізге қуана хабарласып жатады. Жерлестері де құрметті ағаларын ұмытпай, естеріне алып жүретін шығар. Сондықтан да оның бақуаттылығын білдіріп, Сапар ағаны Ұлы Жеңіс күнімен тағы бір құттықтап, осы мақаланы жазып отырмыз.

Жақсыбай САМРАТ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp