«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МОЛДОВАЛЫҚТАРҒА КӨМЕК

Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері карантинге байланысты Петропавл қаласында қалуға мәжбүр болған Молдова Республикасының азаматтарына көмек көрсетті.

Қазақстан аумағында уақытша тұруға рұқсат алған молдовалық көп балалы отбасы Павлодар қаласынан Петропавл арқылы Ресей Федерациясына бармақшы болған. Алайда Қазақстан аумағында карантин жариялануына байланысты олар сапарларын жалғастыра алмай, Петропавлда қалуға мәжбүр болды. Құрамында 7 ересек пен 5 бала бар отбасының ақшалай қоры таусылған соң, олар жергілікті жұртшылық өкілдері мен қалалық газеттің редакциясына жүгініп, көмек сұрайды. Отбасының қиын жағдайы туралы хабар полицияға да жетті. Тәртіп сақшылар көп ойланбастан алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері бұған дейін де олармен жолығып, қажетті кеңестерін беріп, байланыс телефондарымен алмасқан еді. Бұл жолы олар гигеналық заттар, памперстар мен азық-түлік әкеліп берді. Мұндай қолдауға шетелдік меймандар ризашылықтарын білдірді.
«Қазақстан халқы өте қонақжай екен. Қолымызда кішкентай балаларымыз бар. Жергілікті тұрғындар алғашқы күннен-ақ қиын сәтте бізге қол ұшын созды. Баспана мәселесін шешіп берді. Біз өте ризамыз!» – дейді Молдова Республикасының 38 жастағы азаматы Артур Шербан.
Төтенше жағдай мен шектеу шаралары енгізілгеннен бастап облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев жеке құрамның алдына тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету міндетін қойды. Осы уақыт ішінде өңір сақшылары жол үстінде қалған ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне, перинаталдық орталықтан нәрестесін шығару үшін шалғай ауылдан келе жатқан солтүстікқазақстандық тұрғынға көмектесті.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp