«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МОЛОКОМАТТА” — САПАЛЫ СҮТ

Айыртау ауданындағы “Прекрасное” шаруа қожалығының басшысы Бақыт Құсайынов Саумалкөл ауылындағы “Астана” дүкеніне сиыр сүтін сататын “Молокомат” қондырғысын орнатты.

– “Молокоматтың” сыйымдылығы 100 литр. Ол күн сайын таңертеңгілік пастерленген сүтпен толтырылады. Өнім толық сатылмай қалған жағдайда келесі күнге қалдырылмай, жаңа сауылған сүтпен алмастырылады. Ыдыс арнайы жүйемен тазаланып, буланады.

Бір литр сүттің құны – 150 теңге. Қондырғының бетінде арнайы басқару түймелері бар. Ақша қабылдағышқа қағаз ақша және тиындарды салып, есеп айырысуға болады. Сондай-ақ, ол қалдық ақшаны да қайтарады. “Молокоматтың” қызметін қолдану тәртібі арнайы нұсқаулықта рет-ретімен жазылған.

Кәсіпкер бұл қондырғыны Ресейдің Томск қаласындағы “Монета” зауытында тапсырыспен жасатқан. Төрт “молокоматқа” 8,5 миллион теңге жұмсаған кәсіпкер қондырғының алғашқысын пайдаланушылар игілігіне берді. Екіншісін Саумалкөл ауылының тағы бір сауда нүктесіне қоюды көздеп отыр. Қалған екеуін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимское ауылына орнатпақшы. Барлық саланың кез келген қызметі автоматтандырылып жатқан уақытта мұндай қондырғының болғаны уақыт үнемдеумен қатар, сапалы тауарға қиындықсыз қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Бақыт Құсайынов өз кәсібін 2013 жылы бастаған. Кәсіпкердің шаруа қожалығында 230 ірі қара малы бар. Оның 145-і – сауын сиыр. Шаруа қожалығы 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. 2015 жылы қожалық толықтай автоматтандырылған сиыр сауу жүйесіне көшкен болатын.

Мақпал ӘЛМАҒАНБЕТОВА.

Суретті түсірген автор.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp