«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МОЛСЕРВИСТІҢ” ӨНІМДЕРІ ӨТІМДІ

Қызылжар ауданының орталығындағы Сергей Чепурко басқаратын “Молсервис” ЖШС ширек ғасырға жақын уақыттан бері табиғи сүт өнімдерін өндірумен айналысып келеді.

Аталмыш кәсіпорын 1991 жылы құрылып, сүт өнімдерін ұқсатуға басымдық берген болатын. Заман ағымына орай серіктестік өнім сапасын арттыру, шығаратын тауарлардың түрлерін көбейту мақсатында 1994 жылы француздың “ACTINI INTERNATIONAL” фирмасының құрал-жабдықтарын орнатып, сүт өнімдерін өндіретін цехтың қуаттылығын бір ауысымда 17,2 тоннаға жеткізіпті. Цех меңгерушісі Татьяна Денисованың айтуынша, сүт өнімдерін өндірумен 30 маман айналысады. Тайынша, Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Есіл аудандарының фермерлік шаруашылықтары мен агроқұрылымдарынан, жергілікті тұрғындардан алдын ала жасалған келісім бойынша жеткізілген сүт Елена Хуторная басқаратын зертханаға тапсырылады. Сүт кәсіпорынның арнайы 7 автокөлігімен тасымалданады. Шикізатты қабылдағаннан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі технологиялық процесс жабық ағын күйінде жүргізіледі. Дайын болған сүт асептикалық (микробтан сақтау шаралары) жағдайда өлшеніп, жарықтан қорғайтын үшқабатты қара қабыршықпен оралады, қысқамерзімдік жоғары температуралық өңдеуден өтеді. Соның нәтижесінде бактериялар жойылып, табиғи сүттің дәмдік және нәрлілік қасиеттері сақталып қалады.  

– Біз бүгінгі күні 20 тоннадан астам табиғи сүттен жиырма шақты өнім шығарамыз. Мысалы, біздің залалсыздандырылған сүт француздық “Timmonier” фирмасының “DRY 13 STN” желісінде қапталады. Ұқсатылып шыққан өнімнің құрамында консервант пен қоспа жоқ. Ерекше жоғары температуралық технологиялардың арқасында сүттің барлық пайдалы қасиеттері мен дәрумендері сақталған. Сондықтан біздің сүтіміз тұтынушыларға күш-қуат беріп, денсаулығын нығайтады және көңілкүйді жақсартады. Сонымен бірге зауытымыз қышқыл сүт сусындарын шығаруға да ерекше мән береді. “Йодказеинмен байытылған айран”, “бифилюкс айран”, “биоқатық” аталмыш кәсіпорынның бренді десе де болады. Бәріміз білетін, тұшынып ішетін кәдімгі айран қазақ халқының үздік салт-дәстүрі негізінде әзірленеді. Оны йодказеин ақуызымен байыту арқылы теңдесі жоқ өнім шығаруға қол жеткіздік. Ол ағзада йод алмасуын қамтамасыз етіп, асқазан-ішек ауруларының алдын алуға жағдай жасайды. Содан болар, өніміміз өтімді, – дейді Татьяна Константиновна.

Кәсіпорынның майлылығы 8 пайызды құрайтын тазартылған кілегейі “Қазақстанның үздік тауарлары – 2003” өңірлік байқауында жүлделі орын алған көрінеді. Ондай марапаттар жеткілікті екенін өндіріс орнындағы жетістіктер тақтасынан да байқау қиын емес.

– Дайын өнімнің сапасы шаруашылықтардан әкелінетін шикізатқа тікелей байланысты. Сондықтан іскерлік әріптестікке ерекше мән береміз. Біздің мамандар сүтпен қамтамасыз ететін шаруашылықтарға өз қаражаты есебінен салқындататын қондырғылар орнатып беру сияқты нақты шаралармен көмек көрсетеді. Отандық тауар өндірушілердің байқаулары мен көрмелерінде жеңіп алған алтын медальдарымыз, дипломдарымыз да жеткілікті. Кәсіпорын Қазақстан мен Ресей Федерациясының қалаларында өтетін шараларға жыл сайын белсене қатысады. Өндірген тауарларымыздың қандай дәрежеде екендігін сол көрмелер мен байқаулардың нәтижесіне қарап бағалаймыз, – дейді зертхана меңгерушісі Елена Хуторная.

Сүт цехының күнделікті әзірлейтін өнімдерін Федор Тешко басқаратын өткізу бөлімінің тапсырысы анықтайтын көрінеді.

– Федор Петрович берген тапсырыс бойынша 31 шілде күні 8 тонна залалсыздандырылған сүт, 1 тонна тәтті қатық, 850 килограмм қатық, 60 килограмм “биоқатық”, 650 килограмм “йодпен байытылған айран”, 400 килограмм “бифилюкс айран” және тағы басқа да сүт өнімдерін өндіруге тиіспіз, – дейді цех меңгерушісі.

Дайын өнімдер зауыттағы және облыс орталығындағы Ульянов көшесіндегі серіктестіктің фирмалық дүкендерінде, келісім жасалған сауда орындарында, базарларда сатылады, арнайы жабдықталған көліктермен Көкшетау, Рудный, Қарағанды қалаларына жөнелтіледі. Сөйтіп, залалсыздандырылған, йодпен байытылған, бифидобактериялармен және лактулозамен ұйыған табиғи өнімдер “Molservis” таңбасымен тұтынушыларға жол тартады.

Серіктестік басшыларының айтуына қарағанда, өндіріс орнында 124 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның 30 орындық асханасы бар. Онда тамақтанатындар ас мәзірі бағасының 50 пайызын ғана төлейді. Өндіріс орнындағы медициналық қосынның дәрігері, 3 емдеу кабинетінің медбикелері қызметкерлердің денсаулығына баса назар аударады.

– Өндіріс орнында жасалған үшжақты келісім бойынша бір жыл бойы ауырмай, еңбек еткен қызметкер екі еселенген ақылы демалысқа қоса үш күн ақылы демалыс алады. Бұл – соңғы жылдары қалыптасқан дәстүр. Серіктестікте еңбек ететіндердің мектеп жасындағы балалары қалауына қарай жаз айларында кәсіпорын қаражаты есебінен сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Өндіріс орнының тапқан пайдасына қарай сыйақы беріліп тұрады. Сондықтан бізде кадр тапшылығы деген жоқ. Мол тәжірибесі бар зейнеткерлерімізге де жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырмыз, – деді бізді өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен таныстырған Татьяна Денисова.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp